МӘЗҺАБ – БІРЛІК МЕКТЕБІ
МӘЗҺАБ – БІРЛІК МЕКТЕБІ
03.11.2016 10:07
357
0

Кез келген зайырлы мемлекетте дін жоққа шығарылмайды. Мемлекетіміздің басты заңы – Конституциямызда Қазақстанды мекен еткен азаматтардың сенім бостандығына нұқсан келтірілмейтіні тайға таңба басқандай анық жазылған.

Сондықтан, әрбір адамның таңдауына сəйкес, діни ұстанымдары заңмен қорғалады, алайда, қашаннан өзін мұсылман санайтын қазақ баласының кеңестік дәуірдегі құдайсыздар қоғамынан кейін дінге бет бұрған уақытында кейбір адасушылыққа да бой алдырғаны ащы болғанымен, өмір шындығы.

Біздің тілшіміз аталған тақырыпқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Оразды әңгімеге тартқан еді.

 

– Зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстардың діни сенімі бойынша бөлінуіне жол берілмейтіні белгілі. Халқымыз сонау ықылым замандардың өзінде өзге діндегі адамдарды еш қудаламапты, оған еліміздің әрбір аймағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай айғақтар дәлел бола алады. Мұны тарихи сабақтастықтың үзілмеуі, қазақтың қанында бар толеранттылықтың көрінісі деген жөн шығар?

– Дінді ұстану – қоғамнан бөліну деген сөз емес. Керісінше, иманды адамның қоғамның дамуына үлес қосып, халық арасында ізгілік, адамгершілік, бауырмалдық сынды құндылықтарды насихаттауда белсенділік танытатыны сөзсіз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Еліміздегі бүгінгі мұсылман жамағаты қоғамшыл, көпшіл, мемлекетшіл болуы қажет. Көпшіл адамның қоғамға игілігі тиеді. Өйткені, біз, дін қайраткерлері уағыз-насихаттарымызда жамағатқа зайырлы қоғамның құндылықтарына құрметпен қарап, оны қадірлеу қажеттігін айтамыз.

Жасырып-жабары жоқ, дінге ден қойған кейбір азаматтар мемлекеттік қызмет, қоғамдық, ұжымдық жұмысқа араласа бермейді. Өзін бейне-бір орта ғасырда өмір сүріп жатқандай сезініп, қоғамдағы жалпыға ортақ құндылықтарды ескеруден бойын аулақтайды. Біз осыған назар аударуымыз қажет деп санаймыз.

Иә, біз – зайырлы елміз. Ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі.

– Өкінішке қарай, бұрын ата-ана баласы намазға жығылып, мешітке барса қуанатын болса, қазір қауіптеніп, балам әлдебір ағымның ықпалында кетіп қалған жоқ па екен деп қауіптенеді. Молда атанғандардың өзіне кү­дікпен қарайтындай жағдайға түсіп кетті. Осы ретте халықтың дін қызметкеріне деген сеніміне селкеу түспеуі үшін не жасалуда?

– Қазақ қоғамында ежелден айтылған пәтуалы сөздер діни үкімдерді жүзеге асырушылар – аузы дуалы абыз, би-шешендер мен дін қайраткерлері болғаны белгілі. Құдайға шүкір, бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып, қоғамда имамдардың, діни ғалымдардың рөлі мен ықпалы артып келеді. Қазақ даласында дәстүрлі Исламды уағыздаған кешегі Марал Ишан, Науан Хазірет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміздің жалғасы бүгінгі имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп санаймыз.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған Діни басқарманың құрамында қазір 600-ден аса жоғары білімді, 1000-ға жуық орта білімді азаматтар қызмет етуде. Имамдардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – басты назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс.

Діни басқарма өз қызметкерлерінен, яғни мешіт имамдарынан заман ағымына сай өздерін үнемі дамытып отыруға және діни біліммен қатар зайырлы білім алуды талап етеді. Жуырда ғана 2 жылға созылған сараптамалық аттестаттау нәтижесінде 3 мыңнан астам имамның білім деңгейін анықтадық. Сынақтан сүрінген дін қызметкерлері қайта даярлау курсынан өтетін болды.

2015 жылы Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру.

«ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. Жуырда «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру.

– Нақты жұмыстар қолға алынып жатқаны, әрине, көңіл қуантады. Осы ретте әңгіме ауанын ұлттық құндылықтардың Алла Тағала жолындағы имани, адами бейнемен астасып жатуының негізіне қарай бұрсақ.

– Ұлтпен бірге оның діні де дамып, бірге қалыптасып отырады. Демек, діннен бастау алған адамгершілік құндылықтар сол қоғамда дағдыға немесе дәстүрге айналады. Керісінше, дін келместен бұрын салтпен сабақтасқан әдет-ғұрыптарды шариғат қуаттай түседі, яки құпталған қағида ретінде қабылданады. Біз – кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Ұлтпен қатар өмір сүріп келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамыры терең тарихымыз бар.

Өткен жылы Діни басқарма Орталық Азия ғұламаларының форумын өткізді. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған тұңғыш тарихи шара десек, артық айтқанымыз емес. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда қарар қабылдап, үндеу жарияладық. Өйткені, біздің тағдырымыз, тамырымыз, тарихымыз бір. Ғалымдар Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағартушылық мектебінің рөлі мен ықпалын арттыру туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, санғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшіліктің қолдауына ие болды.

Иә, діни мектеп – кешенді жүйе. Біздің мақсатымыз – өткен күннен сабақ алып, бүгінгі жағдайымызбен сабақтастырып, Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет ету. Игі идеяның дамуына үлес қосатын қабілетті, байсалды, заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, жылт еткен ағымға алданып, соңынан ере бермейтін зиялы ортаны қалыптастыруды, жастарды осыған тәрбиелеуді көздейміз. Астанада өткен тұңғыш имамдар форумында қабылданған «Бүгінгі мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тарихи құжатымыз да осынау мақсатты бағдар еткен.

Жуырда елордада бас қосқан ҚМДБ-ның жұмысын жетілдіру бойынша Сарапшылар кеңесінің мүшелері де Орталық Азияның исламдық дәстүрлі мектебін қайта қалыптастыру қажеттігін талқылады. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алатыны айтылды. Шариғат негізі (фиқһ), Ислам этикасы (ахлақ), негізгі діни ұстанымдар, Ислам негіздері туралы мол мұра қалдырған ханафи мектебінің белді өкілдерінің тізбегі мен олардың еңбектерін қайта зерттеу жұмысын бастап кеттік.

– «Құран Меккеге келді, Мысырда жазылды, Ыстамбұлда оқылды, тек Орталық Азияда түсіндірілді» деген сөз бар ғой. Ол осы атыраптан шыққан ғалымдардың ислам дінін зерделеудегі орнына берілген баға болса керек. Әбу Ханифа мазһабының негізі де осында қаланды емес пе?

– Дұрыс айтасыз, ортақ тари­хымыздан белгілі жайт: Әбу Ханифа мазһабы Орталық Азияда үстемдікке ие болды. Ханафи мектебінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши, т.б. секілді ғұламалар мұсылмандық дәстүрлі мектептің қалыптасуына зор ықпал етті.

Әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыз бен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Бүгінде дүниежүзі мұсылмандары Орталық Азия жұртын жоғарыда аты аталған ғалымдардың тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Қазақ мұсылмандығы туралы сөз еткенде, Түркістан, Сайрам, Самарқан, Бұқара, сонымен қатар, алғашқы Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларды, рухани, діни ордаларды мақтанышпен мысал етеміз. Исламның тамыры жайылған Мәуренаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырды.

Аталған ортағасырлық ғалымдардың шежірелік тізбегі мен олардың еңбектерін қазақ даласынан шыққан ағартушы-ғалымдарымыз, ойшылдарымыз – Мәш­һүр Жүсіп Көпеевтің, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің рухани мұраларымен ұштастырып, сабақтастырып, халқымызға жеткізуде ғалымдарымыз, дін қызметкерлері белсенділік танытып келеді.

Қазақ мұсылмандығының қалыптасқан рөлін арттыру мәселесі басты назарымызда. Бұл идеяны жүзеге асыруға біздің қабілетіміз де, қауқарымыз да жетеді. Кеңес отырысында ортақ діни таным, діни сана, діни тәжірибе, діни жол қалыптастыруға қатысты ойлар да ортаға салынды.

Ислам әлемінің белді ғалымдары діни-ғылыми салада Орталық Азия ғұламаларының еңбектерін пайдаланып, ислами қайнаркөздің бірі ретінде басшылыққа алып отырған. Тарихты жасау оңай емес, ал сол тарихты жазып, ұрпаққа қалдыру – маңызы бөлек мәселе. Осы ретте бабадан қалған мирасты, ғылыми-діни еңбектерді аударып, қайта басып шығару қажеттілігі туындайды. Осынау игі жобаларды жүзеге асырып жатқан Діни басқарма жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Қаржы мәселесі шешілмеген жоба тұралап қалатыны белгілі емес пе?

Кейде кейбір ел ағаларының аузы­нан: «Халықты бір мазһабты ұстануға үндеу – қалған мазһабтың құқығын шектеу емес пе?» – деген уәжді естіп қаламыз. Әбу Ханифа мазһабы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған жолы. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңымызда да төл мазһабымызға мәртебе берілген.

Әбу Ханифа мазһабы дала халқының болмысына, табиғатына жақын болды. Имам Ағзам – мазһаб негізін қалаған ғұламалардың ұстазы болған. Либералды жолды таңдауымыздың тағы бір сыры – мазһабымыздың жергілікті салт-дәстүрімізге құрметпен қарауында.

Біз – діні мен дәстүрін ардақтаған, салтын сақтаған тарихы терең жоралы жұртпыз. Қазақ халқы әлем елдері арасында діні мен дәстүріне берік ел ретінде іргесін қалады. Діни басқарма 2014-2015 жылдары қолға алған «Дін мен дәстүр» жылы аясында көптеген игі істер жүзеге асты.

Мүфтият енді өз қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туып отыр. Жаратушы иеміз осынау ізгі ойлар мен игі істерімізге жар болғай!

Алла тағала егемендігімізді баянды етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп еткей! Әмин!

– Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

0 пікір