ИМАМ АҒЗАМ МАЗҺАБЫ, ОНЫҢ БАСҚА МАЗҺАБТАРДАН ЕРЕКШЕЛІГІ
ИМАМ АҒЗАМ МАЗҺАБЫ,  ОНЫҢ БАСҚА МАЗҺАБТАРДАН ЕРЕКШЕЛІГІ
28.12.2016 14:11
904
0

Мәзһаб – жүретін жол, бағыт дегенді білдіреді. шариғаттағы терминдік мағынасы: Мәзһаб – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен бірізділікпен, тұрақты қағидалармен  шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы. Анықтамаға мұқият назар аударсақ, мәзһабта үкім шығаруда иек артылатын «арнайы тәсілдер мен ережелер» болады. Бұл тәсілдер мен ережелерді мәзһабтың мужтаһид ғалымдары орнатады олардың жиынтығын усулул-фиқһ, яғни фиқһ негіздері деп атайды. Мәзһабта үкім шығарылатын қайнар көз – Құран мен сүннет. Қазіргі таңда кейбір бауырларымыз «Құран, сүннетпен жүресіңдер ме, әлде мәзһабпен жүресіңдер ме?» деген қате сұрақ қоюды әдетке айналдырып алған. Бұл сұрақтың астарында «Мәзһаб Құран мен сүннеттен бөлек дүние» деген білімсіздіктен туындаған қате ой жатыр. Мәзһабта үкім шығаруда бірізділік, тұрақты қағидалар бар. Бірізділік, тұрақтылық – мың өзгеріп, мың құбылмаудың кепілі. Яғни, хазреті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалардың кезінде қалай үкім берілсе, жаңадан туындаған мәселелерге дәл солай үкім беруге тырысып бағу деген сөз.

Әрине, мәзһаб Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  дәуірінде болмады. Сахабалар Оның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  көзі тірісінде басқадан пәтуа сұрамайтын еді. Өйткені, Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  тұрғанда жәй адамдардың ижтиһадына (белгілі бір негізге сай өз бетінше пәтуа беруіне) жол жоқ еді. Ол кезде ижтиһад жасауға тек Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  ғана құқылы-тұғын. Сахабалар діни тақырыптағы сұрақтарына жауап іздегілері келсе, Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сұрайтын, ал пайғамбарымыз мәселенің жауабын білсе айтатын, білмеген жағдайда Алла тағаладан уахидың келуін күтетін еді. Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  дүниеден өткенде сахабалардың барлығы емес, тек белгілі бір бөлігі ғана пәтуа бере алатын еді. Бұл ғалым сахабалардың арасында Хз Омар,  Хз.Али, , Абдуллаһ ибн Масғуд, Зәйд ибн Сәбит, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас(Оларға Алла разы болсын) Хз. Айша (Оған Алла разы болсын)  анамыз секілді тұлғалар бар еді. Хз.Омардың халифалығы тұсында үлкен ғалым сахабаларды мұсылмандар тарапынан алынған өлкелерге қазы қылып әрі дінді үйретуші ұстаздар қылып жіберді. Мысалға: Әбу Дәрдә(Оған Алла разы болсын) -ды Дамаск қаласына, Муғаз ибн Жәбәлді  Хымс қаласына, Әбу Мұса Әл-Әшғариды Басра қаласына, Амр ибн Асты Мысырға, Абдулла ибн Мәсғудты Ирак жеріне жіберген еді. Осы сахабалардың көбісі сол барған жерлерінде өмірінің соңына дейін болып дінді үйретіп шәкірттер тәрбиелеген еді. Алдарына келген сан алуан мәселерге Құраннан, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетінен жауап берді, бұл екеуінде тікелей жауабы болмағандарына  Құран, Сүннет аясында жауаптар берген еді. Осылайша Ислам өлкелерінің әр жерінде сахабалардан дінді үйреніп әрі дін ілімдерінде  тереңдеп, сахабалар дүниеден өткеннен соң пәтуә берумен айналысатын ғалым табиғиндер сахабаның шәкірттері болған еді.Осы кезден бастап әр өлкеде Құран мен Сүннетті басшы қылып ұстанатын сахабаның алдына келген  Құран мен Сүннетте жауабы болмаған мәселелерге жауап беру әдісінен, қағидасынан бастау алған тұрақты мәзһабтар пайда болды.

Хазреті Омар(Оған Алла разы болсын) бір күні жалғыз отырып терең ойға шомады. Дереу Абдуллаһ ибн Аббасқа(Оған Алла разы болсын) хабаршы жеберіп, шақыртып алып, оған былай деп сұрақ қояды:«Бұл үммет қалай ғана түрлі ағымдарға бөлініп кетеді? Олардың Құраны, пайғамбары және қыбыласы бір емес пе?» дейді. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас (Оған Алла разы болсын)  былай деп жауап береді:«Ей, мүминдердің әміршісі, Құран біздің заманымызда түскендіктен біз қай аяттың қашан, не үшін және не жайында түскенін жақсы білеміз. Бізден кейін келетін буындар болса, олар Құран оқиды, алайда қай аяттың қашан, не жайында түскенін білмегендіктен олардың ойлары сан саққа жүгіреді».Бірақ хазреті Омар (Оған Алла разы болсын)  Абдуллаһтың айтқан сөздеріне ашуланып, оған ұрысты. Абдуллаһ орнынан тұрып, шығып кетеді. Алайда, Омар Абдуллаһтың айтқан сөздерін тағы ой елегінен өткізіп, дұрыс екенін түсініп оны құзырына қайта шақыртады дағы алғысын айтады. Бұл оқиғадан сахабалардың кезінде шариғаттың негізі – Құран мен хадистің мақсатын  жете түсушіліктің болғанын байқаймыз. Бұл жағдай сахабаның тәрбиесін көрген табиғиндарға, табиғиндардан соң келуші әтба-табиғиндарға олардан кейін келуші мүжтаһид ғалымдарға да тән.Міне осы тәрбие, әдіс, бірізділік жиынтығы мәзһәб деп айтсақ қателеспейміз.Ескеретін бір нәрсе сахабалар немесе мәзһәб имамдары, ғалымдар үкімі анық болмаған мәселерде  ижтиһад жасады. Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадисіндегі: Шындығында халал белгілі және харамда белгілі, екеуінің арасында адамдардың көпшілігі біле бермейтін күмәнді нәрселер бар- деген хадисі жоғарыдағы сөзімізге дәлел болады. Ғұламалар адамдардың  нақты үкімін біле бермейтін анығына жете алмайтын мәселерде Сахаба, табиғиндардың үкім шығару әдісіне сүйене отырып үкім шығарды. Үкімі анық болмаған мәселелерге ижтиһад жасап үкімін анықтау Ислам дінінің қияметке дейінгі дін екендігінің бірден бір дәлелі. Өйткені Құран мен Сүннетте ең негізгі, адам баласына маңызды нәрселер айтылған. Ал, адам баласының әр ғасырда алдына келетін жаңа мәселелеріне  өз дәуірінің ғұламалары сахабалардан, ғұламалардан жалғасып келе жатқан Құран мен Сүннеттен шығарылған қағидалар арқылы жауабын беріп отырған.Әрине сахабалар мен табиғиндардың,ғұламалардың арасында мәселелер төңірегінде көзқарас айырмашылығы болды. Алайда бұл қайшылықтар діннің негізіне қатысты мәселелерде емес, негізден тармақталып шыққан ұсақ дүниелерде ғана болып отырды. Ислам әлемінде Сахабаның үкім шығару әдісінен бастау алған көптеген мәзһабтар болды. Алайда оның барлығы қазіргі күнімізге дейін жалғаспады. Күнімізге дейін келген төрт үлкен мәзһаб бар:1-Ханафи мәзһабы. 2-Шафи мәзһабы. 3-Мәлики  мәзһабы. 4- Ханбали мәзһабы.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (80-150 һижри) 

Имам Әбу Ханифаның шын аты – Нұғман ибн Сәбит (рахматуллаһи алейһ). Һижраның 80 (миләди 699) жылы Куфада (қазіргі Ирактағы қала) дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін сонда өткізген ол 1501 (миләди 767) жылы Бағдатта дүние салған. Мәзһаб ғұламаларының ең үлкені. Куфа қаласын Хз.Омар салдырған және ол жерге араб тайпаларының ең діндар, тілді таза сөйлейтіндерін орналастырған.Куфа қаласының уәлиі қылып Абдулла ибн Мәсғудды(Оған Алла разы болсын)  тағайындаған. Риуаяттарда тек қана Куфа  жерінде 1500 жақын сахабалар өмір сүргендігі айтылады. Кейіннен Хз.Әли халифалығы тұсында Куфа қаласын халифаттың астанасы қылған. Әбу Ханифа кішкентайынан Құранды жаттаған. Риуаяттарға қарағанда Әбу Ханифа қырағатты жеті қырағат ілімі имамдарының бірі Имам Асымның өзінен үйренген. Алғашында ол хаззаз, яғни бөз мата сатушы болып істеді. Һижраның ІІ ғасырының басында Хаммад ибн Әби Сүлейменнен фиқһ (шариғат заңы) ілімін үйренді. Табиғиндардың (сахабаларды көрген буын) ішінде Ата ибн Әби Рабахтан және Абдуллаһ ибн Омардың азат құлы Нафиден хадис тыңдады.  Сондай-ақ ол фиқһ пен хадис ілімін Шағбиден де үйренген-ді. Оның үкім шығару тәсілдері Абдулла ибн Мәсғуд, Хз.Әлидің жолы арқылы еді. Абдулла ибн Мәсғуд(Оған Алла разы болсын)  Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  мақтауына ие болған,алғаш иман келтірген сахабалардың арасында ғалымы еді. Ол жайында пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ибн Үммү Абдтың(Абдулла ибн Мәсғудтың лақап аты) үмметім үшін ұнатқанын менде ұнатамын».  Тағы бір хадисте: «Құран Кәрімді тұп-тура түсірілгендей оқығысы келген адам Ибн Үммү Абдтың қырағаты қылып оқысын». Хз.Омар оны Куфаға жібергенде Куфа халқына «Өзімнің орныма Абдулланы таңдадым»-деген. Оның ілімі жайында: «Ілімге толтырылған қап сияқты»-деген.  Абдулла ибн Мәсғуд(Оған Алла разы болсын)  Хз.Омардың кезінен Хз.Османның кезеңіне дейін Куфада болды. Сол уақыттың ішінде Куфа қаласында көптеген мүжтаһидтерді тәрбиелеген еді. Хз.Әли Куфаға келгенде бұл қаладағы ғалымдарды көріп: «Алла Тағала Ибн Үммү Абдтан разы болсын бір өзі осы қаланы ғүламаларға толтырыпты»- деген. Кейін «Ілім қамалының есігі»-деген лақапқа пайғамбарымыз тарапынан ие болған Хз.Әлиде көптеген ғұламалар тәрбиелеп шығарған. Абдулла ибн Мәсғуд (Оған Алла разы болсын), Хз.Әлиден ілім алып Әбу Ханифаға үлестірушілер: Әл-Әсуәд, Алқамә ибн Қайс, Ибраһим ән-Наһағи, Хаммад Ибн Әби Сүлеймен, Шағби сияқты т.б. үлкен ғалым табиғиндарды атауға болады. Бұған қарап біздер Әбу Ханифаның ілімдегі тізбегінің өте сенімді, әрі өте қуатты екендігін аңғарамыз. Әбу Ханифа ақылды, өткір, парасатты кемел ойдың иесі еді. Міне, осы ерекшелігімен ол тез арада өз дәуірінің ең ұлы ғалымдарының біріне айналып, имам Ағзам, яғни ұлық имам деген атқа ие болды. Имам Ағзам ислам фиқһының үлкен мүжтаһит ғалымына айналды.

Ханафи мәзһабінің ерекшеліктері:

1-    Ханафи мәзһабында қолданылатын әдіс-тәсілдер бар:

Әбу Ханифа бір сөзінде былай дейді: «Егер мен үкім таба алсам, Алланың кітабымен амал етемін. Таба алмасам, Алла елшісінің(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетімен амал етемін. Ал егер Алланың кітабынан да, елшісінің сүннетінен де таба алмасам, оның сахабаларының ішінде қалаған адамымның сөзін аламын. Олардың сөзін тастап, басқаның сөзін алмаймын. Ал енді мәселе Ибраһим, Шағби, Ибн Сирин, Ата ибн Рабах және Саид ибн Мүсәйябтарға тақалса (бұлар табиун буынының мужтаһиттері), олар ижтиһад (шариғи-ғылыми тұжырымдама) еткендей, мен де ижтиһад етемін.Бұл хабар бізге мынаны аңғартады: Әбу Ханифа әуелі Құран кәрімге жүгінеді. Оның ішінен үкім таба алмаса, пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадисіне қарайды. Одан таба алмаса, сахабалардың сөзін алады. Сахабалардың сөзі болмаса, өз бетінше ижтиһад жасайды. Демек Кітап (Құран), Сүннет (хадис), сахаба сөзі және ижтиһат Әбу Ханифа ұстанған үкімдердің негізі болып табылады Ижтиһадқа қияс және истихсан кіреді. Әбу Ханифа бұл екеуінде де ешкімге дес бермейтін.

Сондай-ақ, деректерде оның өз ижтиһадында ижма (фиқһшы ғалымдардың бір ауыздан келісімі) мен ғұрыпқа да сүйенгені кездеседі.Бұл жағдай бізге Әбу Ханифаның үкім беруде өте сақтық әрі сахабалардың жолынан ауытқымағандығын білдіреді. Сөзімізге дәлеле ретінде: Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Мұғаз ибн Жәбәл(Оған Алла разы болсын)-ды Иеменге жіберген кездегі оқиғаны есімізге түсіреді. Мұғаз ибн Жәбәл(Оған Алла разы болсын)-ды Исламды үйрету үшін Иеменге жіберген кезде Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Ей! Мұғаз ол жаққа барғанда алдыңа бір мәселе келсе қалай жауап бересің?-деген сұрағына, Алланың Кітабымен деді, Егер одан табылмаса –деген сұрағына Пайғамбарының сүннетімен деді, Одан да таба алмасаң деген сұрағына, Өз ойыммен деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың елшісінің елшісін ұшқыр ойлы қылған Аллаға мақтау болсын деді.

2- Ханафи мәзһабы ғұламалар кеңесіне негізделген:

 Әбу Ханифаның үкім шығаруда ұстанған өзіндік әдістемесі  болған және оның мәзһабы кеңесу, ақылдасу (шуураа) негізінде құрылған.Әбу Ханифа шәкірттерінің алдына фиқһ мәселелері мен өзіне шешімін табуы үшін қойылған мәселерді ортаға салатын. Әркім мәселеге қатысты ойын айтып, туындаған ойлар төңірегенде қызу талас-тартыс болатын. Бір тоқтамға келгенде шәкірттердің бірі бүткіл айтылған ойды қағаз бетіне түсіріп жинақтайды. Егер ұзтаз шәкірттермен өзара бір келісімге келе алмаса, әр ой қарсы пікірмен бірге жазылатын. Демек ханафи мәзһабы о бастан мәзһаб ретінде қалыптасуына дейін ғұламалардың кеңесіне, өзара пікір алмасу және талқылауға негізделген. Ханафи мәзһабы мұнысымен имам Маликтің ұстанымынан ерекшеленеді. Имам Малик өз кезегінде мәселелер мен оның үкімдерін шәкірттеріне жаздыратын және олармен имам Әбу Ханифа құсап мәселе төңірегінде пікірталас жүргізбейтін. Имам Маликтің шәкірттері оның сөзіне қарсы пікір айтпайтын. Міне, осылайша Имам Әбу Ханифаның көзінің тірісінде оның бағыт, бағдар беруімен шәкірттерінің тұлғалығы қалыптасып, ол тіпті шәкірттерін жастайынан зерттеуге тәрбиелеп, олардың бойларынан ижтиһат қабілеттерін оята білді. Әл-Муаффақ әл-Мәкки  былай дейді: «Әбу Ханифа өзінің мәзһабын шәкірттерімен кеңесу нәтижесінде жолға қойды. Ол ешқашан шәкірттерімен кеңеспей, өз бетінше дінде ижтиһад жасамады... Ол мәселелерді жеке-жеке ортаға салып, олардың ойларын тыңдап, өзінің пікірін айтатын. Содан, мәселе төңірегінде бір пікірге келгенше бір ай немесе одан көп уақыт олармен пікір таластыратын. Бір тоқтамға келсе, Әбу Юсуф оның барлығын негіздерге жазып бекітеді. Міне осы (ғұламалардың кеңесіне негізделген мәзһаб) жеке өзі әрекет етіп, пікірлерін қалыптастырған адамның мәзһабынан әлдеқайда артық, дұрысырақ, ақиқатқа анағұрлым жақын, жүрекке қонымдырақ».

3-Ханафи мәзһабы Әбу Ханифаның ғана көзқарасын қамтымайды:

Ханафи мектебі жалғыз адамның Құранға немесе сахих хадиске қарап үкім шығаруынан құралмайды. Себебі, біріншіден ханафи мәзһабы Құранға да, хадиске де сүйенеді. Екіншіден, бұл мәзһаб жалғыз Әбу Ханифаның емес, одан бөлек Әбу Юсуф, Мұхаммед ибн әл-Хасан әш-Шәйбани және Зуфар ибн әл-Һузәйіл және т.б. ханафи ғалымдарының ижтиһаттарынан (шариғи-ғылыми тұжырымдама) құралады. Ханафи кітаптарында Әбу Ханифаның пікірі қабылданбай, екі шәкіртінің пікірі бойынша пәтуа берілген жағдайлар көптеп кездеседі. Бұл жайт ханафи мәзһабының тек Әбу Ханифаның пікірлерінен тұрмайтындығының айқын көрінісі болып табылады. Ал мәзһабтың Ханафи деп аталуы, Әбу Ханифаның бұл мектептің ұлық ұзтазы болғандығымен байланысты. Демек, бұл атау шартты болып саналады. Сондықтан да, ханафи мәзһабын ұстану жеке басқа табыну емес!

4-Әбу Ханифаның  сауда құқұғын түсінуде ерекше қабілеті:

Әбу Ханифа Исламдағы сауда саттыққа байланысты Сәләм(заттың ақысын қолма қол өтеп затты кейін алу),Мурабаха(сауда затына жүзде бес немесе жүзде он дәреже қосып пайда көруі),тәулиа(заттың алынған бағасына сатылуы), сияқты сауда түрлеріне алушымен сатып алушыға байланысты шариғат үкімін анықтауда Құран мен Сүннетті түрғылықты жердің  қалыптасқан сауда әдетіне ұштастыра отырып үкім берді.

5-Үкім беруде жеке тұлғаның еркіндігін негізге алған:

Әбу Ханифа ақыл ойы дұрыс адамның  өз құқығын толық қолдануына ерікті екенін алға қоя отырып, діни тұрғыда қате саналмайтын барлық іс әрекетіне  ешкімнің араласуына құқығы жоқ екендігін айтқан. Мысалы: сатуы, сатып алуы, затын біреуге сыйға тартуы, біреуге куәгер болуы т.б сияқты іс әрекеттер жеке тұлға ешкімге ақылдаспай-ақ өзі жасай алады.

 Міне осындай  әдіс-тәсіл, ерекшеліктерді қамтыған  Ханафи мәзһабы Алланың қалауымен күнімізге жетті,қазіргі күнде  мұсылмандардың 55 пайызы Ханафи мәзһабін ұстанады.Ханафи мәзһабы тарихта қашан да бір мемлекеттің ресми мәзһабы болып келді. Қазақ жерінде билік құрған Қарахан мемлекетінің ресми діні Ислам болса, шариғат заңы ханафи бағытында болды. Өз жерімізді айтпағанда, Ислам әлемінің басым бөлігін басқарып, күллі әлемге айбынын асырған кешегі Османлы халифатының және оған қарасты өңірлердің біразы ханафи мәзһабын ұстанғаны ақиқат. Қыпшақтан шыққан Заһир Бейбарыс билік құрған Мысыр елі, бертін келе Османлыға қараған кезден бастап, 1925 жылға дейін ханафи заңына бағынып келді. Ханафи мәзһабі  осыншалықты өмірлік тәжірибесі мол мәзһаб екеніне ешкім дау айта алмайды. Алланың қалауымен қиямет күніне дейін де мұсылмандардың қолдынысында бола бермек.

Бердібек ОЯНҒАНҰЛЫ 

0 пікір