ИМАМ АҒЗАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ХАДИС ІЛІМІНДЕГІ ОРНЫ
ИМАМ АҒЗАМ ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ХАДИС ІЛІМІНДЕГІ ОРНЫ
10.11.2016 11:40
4507
0

Фиқһ ілімінің негізін қалап, әлемге кең тараған мәзһабтың  Имамы, мұсылман ғалымдары сөзсіз мүжтәхид деп бірауыздан қабылдаған Имам Ағзам жайлы бастапқы кездері түрлі себептермен қарсы шыққандар кездескені секілді қазіргі таңда да сол негізсіз қаңқу сөздердің шығу төркінін оқып-білмей жатып, асығыстықпен «Имам Ағзамның хадис ілімі таяз болған, сахих хадистер тұрғанда оларды ескермей қиясты негізге алған, әлсіз хадистермен амал еткен...» деген секілді жарға жығатын жаңсақ пікірлерді тарату арқылы ірі тұлға Әбу Ханифаның беделін жұртшылық алдында кішірейтіп, оның орнына басқаларды зорайтып көрсетуге тырысушылар да қоғамымызда ұшырасып жатқаны өкінішті-ақ. Бірақ, «Жарқырап тұрған күнді балшықпен сылай алмайсың» дегендей, оны жұрт алдында кішірейтуге тырысқанмен, ол бұған кішірейіп қалмайды. Енді осы «Жақтым күйе, жаптым жала» пікірлерге мұсылман ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, дұрыс жауап іздеуге тырысайық.

Жоғарыда да айтып өткеніміздей, Әбу Ханифаның өмір сүрген уақытында Куфа Ислам әлемінің ең ірі ілім орталықтарының бірі еді. Аталмыш шаһарға сахабалардың көп бөлігі қоныс аударып, олардың ілімдерін бойларына сіңірген мыңдаған табиғин ғалымдары өсіп жетілді. Тарихи мәліметтерде сол кезеңдегі Куфаның хадис ілімі тұрғысынан маңыздылығын көрсететін көптеген мәліметтер кездеседі. Әнәс ибн Сирин «Куфаға келдім. Ол жерде хадис үйренуші төрт мың, ал фақиһ төрт жүз адамды көрдім»[1], – дейді. Ал, Аффан ибн Муслим: «Куфаға келдік. Онда төрт ай тұрақтадық. Қаласақ, осы мезгілде жүз мыңдай хадисті жазып алуға болар еді. Тек хатқа түскендерін ғана қабылдағандықтан елу мың хадисті ғана қағазға түсіріп үлгердік»[2], − дейді.

Имам Зухри  Ирактықтардың ілімін төмен санайтын. Оған Куфада төрт мың хадис риуаят еткен бір адамның (Ағмаш) бар екендігі айтылып, ол хадистердің біразы жеткізілді. Ол әлгі хадистердің бірін қалдырмай егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін «Уаллахи, бұл – нағыз ілім. Иракта мұны білетін адам бар деп ойламаппын»[3] деп айран-асыр қалған екен.

Әбу Ханифаның хадис риуаятының осыншалықты кең тараған берекелі аймақта ғұмыр кешіп, одан нәсібін алмауы мүмкін емес. Қайта, керісінше, риуаяттың көп тарауына байланысты әр естіген хадисін ала бермеген. Фақиһтардың хадисшілерден ең үлкен айырмашылығы да, міне, осында. Хадисшілердің бір бөлігі әр естіген хадисін жинап, онымен амал етуге болып-болмайтынына қарамай, тіпті кейбіреулерінің хадис-терде не айтылғанын да түсінбей, басқаларға жеткізуге тырысқаны көптеген кітаптарда келтірілген[4].

Кейбір деректерде Әбу Ханифаның үйінде жазбаша түрде сақталған сандық толы хадистердің болғаны, олардың аз бөлігін ғана риуаят еткендігі айтылады[5]. Әрине, осы хадистерді риуаят еткен ұстаздары да болуы тиіс қой. Мысалы, Мұғжамул-муссанифиннің авторы Муаффақ Меккидің кітабына сүйене отырып, Әбу Ханифаның 292 ұстазының аты-жөндері мен қай хадис кітаптарында аттары аталатындықтарын айтқан[6].  Имам Суюти Әбу Ханифаның 74 шейхының аты-жөнін берген[7]. Бағдади мен Зәхәбидің келтірген тізімі бойынша шейхтерінің саны 50-ге жетер-жетпес. Муаффақ Мекки Әбу Ханифа жақтастарының Имамның шейхтерінің санын төрт мыңға дейін шығарғандығын айтады[8]. Әрине, бұл санның әсірелі болуы да мүмкін. Десе де, оның хадис риуаят еткен ұстаздарының аз болмағанын әрі хадиске ынтасының қаншалықты болғанын көрсетеді. 

Үлкен мүжтәхид, әлемде кең тараған мәзһабтың имамы Әбу Ханифаның хадистен жырақ қалмайтындығы айдан анық. Өйткені, құқықтық үкімдердің негізі көбіне хадиске сүйенеді. Соған қарамастан кейбіреулер білместікпен Ұлық имамға жала жауып: «Хадисті аз білген, өз көзқарасымен амал еткен» деген секілді пікірлер айтып жүр. 

Осы мәселеге қатысты белгілі тарихшы Ибн Халдун: «Кейбір шектен шыққандар мен көреалмаушылар мүжтәхид имамдардың кейбірінің хадис ілімі жеткіліксіз, сондықтан хадис риуаяты аз екенін айтуда. Үлкен имамдар жайлы бұлай ойлау орынсыз. Өйткені, шариғат заңдарының Құран мен хадистен алынатыны әмбеге аян. Дінді сахих (сенімді, дұрыс) негіздерден және оның үкімін жеткізушіден ала білу хадисте жүйрік болуды талап етеді. Ал пәтуа беру, қазылық ету хадис ілімі таяз адамдардың қолынан келетін іс емес. Ал хадис риуаяты аздарға келсек, олар өздеріне жеткен хадистердегі (хадис жеткізушілердегі) кейбір кемшіліктерге байланысты хадис риуаятын азайтқан... Міне, Әбу Ханифа да риуаят пен хадис жеткізуге қатаң талап қойып, асқан жауапкершілікпен қарағандықтан, хадистерді аз риуаят еткен...Ол біле тұра хадис риуаят етуден қашпаған. Мәзһабының хадис имамдары арасында сенімді деп табылуы, риуяттарды қабылдау не алмауға қатысты қойған талаптарының орындылығы, оның хадис ілімінде алып мүжтәхидтерден екендігін көрсетеді»[9] дейді.

Сиқа[10] хадисшілердің бірі Исраил ибн Юнус «Нұғман − қандай ұлы тұлға. Фиқһ кездесетін хадисті одан жақсы білген, одан терең зерттеген, ондағы фиқһтық үкімді одан жақсы аңғарған ешкім жоқ»[11]  деп, оның өзге хадисшілер секілді тек хадис риуаят етіп қана қоймай, үкім шығаруға болатын сенімді хадистерді дәлел ретінде қабылдағандығын айқын көрсетеді.

Бұхаридің шейхтарынан Яхия ибн Әдәм «Нұғман аймағындағы барлық хадистерді жинады. Пайғамбардың аузынан не айтылса, соның бәрін егжей-тегжейлі зерттеді»[12] десе, Сахих Бұхари рауиларынан Хасан ибн Салих та «Әбу Ханифа насих пен мансухты ерекше мән беріп зерттеген, Куфалықтардың хадистерін ең жақсы білетін, жамағаттың ұстанған жолына беріктігімен көзге түсіп, өз аймағына жеткен хадистер мен әсәрды[13] жадына тоқитын»[14], – дейді. 

Хасан ибн Салих «Әбу Ханифа хадистер арасындағы насих пен мансухты, яғни хадистің үкімінің жойылып-жойылмағандығын бір-бірінен дұрыс ажырата білу керектігіне қатты көңіл бөлетін. Егер қандай да бір хабар Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен сахабалардан сенімді рауилер арқылы келіп жетсе ғана дәлел ретінде қабылдайтын. Ол Куфа хадисшілері риуаят етіп жүрген хадистердің бәрін де білетін. Ол Куфалықтардың фиқһын да жақсы білетін. Сонымен қатар, өз өңіріндегі тұрғындардың әдет-ғұрыптарына да мән беретін» дейді.

Шәкірті Әбу Юсуф: «Қай мәселеде болмасын, Әбу Ханифаға қандай да бір қарсы пікір айта қалсам, артынан ойға қалып, оның көзқарасының тура бағытқа бастайтынына көз жеткізетінмін. Мен хадистермен де көп шұғылдандым. Бірақ, ол хадистің сахихын маған қарағанда тез аңғаратын. Бұл мәселеде оның зейіні терең еді» дейді[15].

Әбу Ханифа хадис зерттеу мәселесінде, тіпті, өзінің ұстаздарын басып озған көрінеді. Зәхәби «Манақибу Әби Ханифа» атты еңбегінде Имам Мисар ибн Қидамның «Әбу Ханифамен бірге хадис үйрендім. Бірақ, ол бізді шаң қаптырып кетті. Тақуалық жолға түстік. Соның өзінде бізден оқ бойы озық тұрды. Содан кейін фиқһ ілімін үйренуге кірістік. Бұл саладағы жетістігі болса да белгілі» дегенін жеткізеді[16]. Өз кезегінде имам Мисар ибн Қидам хадис саласында есте сақтау қабілеті мен тақуалық жағынан Ирактың мақтан тұтар тұлғаларының бірі әрі Әбу Ханифаның ұстазы еді[17].

Таханәуи хадисшілердің хадис риуаят етуде хадисті аз да емес, көп те емес, орташа риуаят еткендердің қатарынан саналған хазірет Омар, Али, Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р. анһум) секілді, сахабаларды хадиске сүйенген көзқарастарының көптігіне байланысты муксирун (мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар) қатарынан санауға болғаны секілді хадистерге сай, түбінде соларға негізделетін мыңдаған көзқарас пен үкімі бар Әбу Ханифаны да көп хадис риуаят етушілердің қатарына қосуға болатынын айта отырып, осыған дәлел ретінде Абдуллаһ ибн Мүбарактың «Әбу Ханифаның көзқарасы демеңдер, хадисті тәпсірлеуі деңдер»[18] деген сөзін келтіруде. «Уқудул-жуман» кітабының авторы Мұхаммед ибн Юсуф әс-Салихи да осы мәндес ойын былай келтіреді: «Әбу Ханифа хадис хафыздарының алдыңғы қатарлы ғалымдарынан еді. Егер хадистерді терең білмегенде шариғат үкімдерін шығаруы оңайға соқпас еді. Зәхәбидың оны «Табақатул-хуффаз» (хадисті көп жаттаған хафыздар) кітабына кіргізуі орынды-ақ. Ол былай дейді: «Хадисті көп білгендігіне қарамастан көбіне фиқһтық үкім шығарумен шұғылданғандықтан, Әбу Ханифадан риуаят аз жеткен. Имам Мәлік пен Шафиғиден риуаят етілгендер де естігендерінен аз болған. Дәл осы секілді көп білгендеріне қарамастан, Әбу Бәкір мен Омар секілді үлкен сахабалардан өздерінен төмен дәрежедегі сахабаларға қарағанда риуаяттар аз келген»[19]

Имам Сарахси сахабалар мен табиғиндардың хадис риуаят етуде мұқияттылық танытқандығын, әр естігенін Пайғамбарымыз айтты деп айта бермегендігіне қатысты көптеген мысалдарды[20]  бере отырып: «Міне, осы секілді көптеген оқиғалар хадисшілерге мәлім. Сондықтан Әбу Ханифа хадис риуаят етуді азайтты. Сондықтан да, кейбіреулер оған хадис білмейді деп жала жапты. Алайда, ол олардың ойлағанындай емес еді. Керісінше, өз дәуірінде хадистің ең білгір ғалымы еді. Кәміл дабт (есте сақтау) шартын ұстанғандықтан, аз риуаят етті», – дейді[21].

Сонымен қатар, оның хадисті аз риуаят етуінің тағы бір себебі, өзі өмір сүрген кезеңіндегі Ирактың нағыз хадис шығарудың орталығына айналып кеткендігіне барып тіреледі. Ол кезде Ирак ислам елдерінің арасындағы төнкеріліс пен түрлі қозғалыстардың орталығы еді. Міне, сондықтан жалған хадис айтушыларға Иракта қолайлы орта қалыптасты. Осы себептен Әбу Ханифа хадисті сахих деп қабылдау үшін, хадис риуят етушіге қатал шарттар қойды. Тек сенімді, әділдігімен танымал риуятшылардың мәшһүр (көпшілікке мәлім) хадистерін ғана қабылдады. Осылайша, Әбу Ханифа хадис зерттеп, оның дұрыстығын қадағалауда хадис ғалымдарынан да асып түсті. Хадисшілердің шарттарына қарай хадис дұрыс деп саналса, Әбу Ханифа үшін ол хадис әлсіз болып қалды[22].

Имам Ағзамның хадис риуаят етудегі әдісі мухаддистердікінен өзгеше еді. Хадисшілердің негізгі міндеттері көбіне хадистерді жаттау, өзгелерге жеткізуден тұрғандықтан, фиқһи мәселелерді егжей-тегжейлі біле бермеген. Сондықтан хадис маманы үшін фиқһты білу маңызды болып саналған. Бұл жайында Әбу Ханифа былай деген: «Фиқһ саласын білмейтін хадисшінің  мысалы дәрілерді жинап алып,  қай науқасқа қай дәрінің қолданылатынын білмей, дәрігердің келуін күтетін дәріханашы тәрізді. Осы секілді хадисшілер де фиқһ маманы келіп түсіндірмейінше, хадистің мағыналарын толық ұға алмайды»[23].

Ибн Абдулбәрр осы айтылғанға қатысты Әбу Юсуфтың былай дегенін жеткізген: «Ағмаш екеуміз оңаша қалған бір сәтте ол маған сауал қойды, мен білгенімше жауап бердім. Ол: «Ей, Әбу Юсуф, бұл жауабыңның қайнар көзі қайда?» деп сұрады. Мен «Сенің маған айтқан хадисіңде» деп оған хадисті айтып бердім. Содан кейін ол: «Ей, Әбу Юсуф, мен бұл хадисті сенің әке-шешең қосылмай тұрып,  (яғни, сен дүниеге келмеген кезден) білетінмін. Бірақ, оның мағынасын енді ғана сенен түсіндім» деп, өзі жеткізген хадистің мағынасын фиқһ маманы Әбу Юсуфтан үйренгенін айтады. Басқа бір риуаятта Әбу Юсуф былай дейді: «Ағмашпен бірге отырған едім. Әлден уақытта біреу келіп, Ағмаштан әлдебір мәселенің жай-жапсарын сұрады. Ол оның сауалын жауапсыз қалдырмады. Айналасын шолып Әбу Ханифаны көзі шалады: «Әй, Нұғман! Мына бір сауалға жауап берші» деп, жауабын Әбу Ханифадан сұрады. Әбу Ханифа: «Мұның жауабы былай...» деп түйген ойын айтады. Сонда Ағмаш: «Бұл жауапты қайдан алдың?» деп таңдана сұрайды. Әбу Ханифа: «Сенің бізге жеткізген хадисіңнен» деп жауап қатады. Бұдан кейін Ағмаш: «Біз дәріханашымыз, ал сендер дәрігерсіңдер»[24] деп, Әбу Ханифаның хадисті терең түсініп, орынды қолданғанын мойындаған екен. Олай болса, хадисші болу бір басқа да, оны түсініп, үкім шығара білу бір басқа, бұл фиқһ мамандарын қажет етеді. 

Бірде Ұбайдұллаһ ибн Амр білгір хадис ғұламасы Ағмаштың қасында еді. Бір бейтаныс кісі келіп, әлдебір мәселеге қатысты сауал қойды. Ағмаш мұның шешімі қалай болар екен деп ойланып отырған кезде Әбу Ханифа кіріп келді. Ағмаш өзіне қойылған әлгі сауалдың жауабын Әбу Ханифадан сұрады. Әбу Ханифа сол сәтте іркілместен жауап берді. Ағмаш таң қалып: «Уа, Имам бұны қай хадистен шығардың?» деп сұрағанда, ол бір хадисті келтіріп: «Міне, осы хадистен шығардым. Мұны сенен естіген болатынмын»[25]деген-ді. 

Фақиһ ретінде ол үкім шығаруда қолданған хадистерді риуаяттар арасынан түрлі элементтерін назарға ала отырып, іріктеген[26]. Ибн Тәймия ешқандай мүжтәхид имамның Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп жеткен сүннеттің ең елеусізінің өзіне қасақана қарсы шықпайтындығын, олардың келіспеген сахих хадистерінде міндетті түрде бір себептің жатқанын айтады, әрі мынадай үш себепті атап көрсетеді: 1. Пайғамбарымыз ол сөзді айтпаған деген сенімі 2. Бұл сөзді айтудағы мақсаттың басқа екеніне деген сенімі 3. Ол үкімнің мәнсух (жойылған) болғандығына сенімі[27].

Дегенмен, Әбу Ханифаның иснадтарымен (хадис айтушылардың тізбегімен) риуаят еткен хадистері де аз емес. Әбу Ханифа хадисшілер секілді хадистерді бір кітапқа топтастырмаса да, айтқан хадистерін шәкірттері 10-нан астам мүснадтарында (хадистер жинағы) жинақтап, хатқа түсірген. Таханәуийдің де атап көрсеткеніндей, хадис хафыздарының жинастырған Әбу Ханифаның муснадтары, Имам Мұхаммедтің «Китабул-әсәр әл-марфуа», «Муатта», «Китабул-хужжа», «әл-Асл», «Зиядат», «әл-Жәмиғус-сағир», «әл-Жәмиғул-кәбир» мен «әс-Сиярул-кәбирі», Әбу Юсуфтың «Китабул-Әсар», «Китабул-харадж» және т.б. кітаптары, Уәқи ибн Жәррахтың «Муснәды», Абдурразақ пен Ибн Әбу Шәйбаның «Мусаннафтары», Хакимның «Мүстәдрәгі» мен басқа да кітаптары, Ибн Хиббанның «Сахихы», «Сиқаты» мен т.б. кітаптары, Бәйхақидің «Сунәні», Мәліктің «Ғараибы» мен тағы басқа кітаптардағы Әбу Ханифаның риуаяттарын жинаса, көлемді еңбек болатынын айтқымыз келеді[28].

Қадиул-қудат Әбу Муайяд Мұхаммед ибн Махмуд әл-Харезми бұлардың көпшілігін «Жамиғул-Масанид» атты еңбегінде хадистерді фиқһи тарауларға бөліп, топтастырып, қағазға түсірген. Аталмыш кітаптың кіріспесінде: «Шам қаласында кейбір жаһил (сауатсыз) адамдардың Әбу Ханифаның дәрежесін түсіріп, «төмендеткендерін» естідім.  Хадисті аз мөлшерде біледі деп жала жабуда. Бұған дәлел ретінде Имам Шафиғидің «Муснады», ал Имам Мәліктің «Муаттасы» барын, ал Әбу Ханифаның бірде-бір муснад жазбағандығын айтқан. Бұларды естігеннен кейін Әбу Ханифаның білімін елге танытуды діни борышым деп біліп, ең танымал ғалымдардың Әбу Ханифадан естіп, жазған 15 мүснадтың арасынан жинақтап бір кітап шығаруды ұйғардым» деген. Аталмыш кітап 800 бет көлемінде басылып шықты. Мүснадты оқып, риуаят еткен және хадис жазған Шам қаласының ең танымал хадисшісі – Хафиз Шамсуддин ибн Тулун және Мысыр елінің хадисшісі Хафиз Мұхаммед ибн Юсуф әс-Салихилер еді. Әс-Салихи «Уқудул-жуман» атты еңбегінде: «Әбу Ханифа ең танымал хадис ғалымдарының бірі. Егер Әбу Ханифа хадистерді терең түсінбегенде құқықтық үкім шығаруға шамасы жете қоймас еді, әрі имам Зәһәбидің «Табақатул-хуффаз» (хадис хафиздары) атты еңбегінде оны хафиздардың арасында атауы өте орынды» деген[29].

Муаффақ әл-Мекки Әбу Ханифаның үкім шығаруда риуаят еткен хадисінің төрт мыңды құрағанын, оның екі мыңын ұстазы Хаммадтан, қалған екі мыңын басқа ұстаздарынан алғандығын, ал «Әсәрда»[30]сүйенген дәлелдерін қырық мың хадистен таңдап алғанын жеткізген[31].

Әнәс Ибн Сирин ол аймақтың ғылыми дәрежесін баяндай келіп: «Куфаға барғанымда  төрт мың хадис үйренушіні көрдім, олардың арасынан төрт жүзі үкім шығара алатындай хадисті терең меңгерген»[32]деп баяндаған.

Әбу Ханифаның шәкірті, хадис саласының маманы саналған Әбу Юсуфтың «Әбу Ханифаға хадистерді жеткізетінмін. Кейбіреулерін қабылдап, кейбіреулерін қабылдамайтын. Бұл сахих емес немесе мағруф (көпшілікке мәлім) емес»[33] деген сөзі Имамның хадис мәселесінде қаншалықты майталман маман болғандығын көрсетеді. 

Ол дәстүрлі түсініктегі хадис маманы ретінде саналмаса да, хадис іліміндегі «Жәрх уә тәғдилде»[34]өзіндік орны болғанын «әл-Жәуәхирул-мудия» кітабының авторы: «Имам Әбу Ханифа – жәрх пен тәғдил мәселесінде сөзі өтетін ғалымдардың бірі. Осы ілімнің маңдайалды мамандары қалайша Имам Ахмед, Бұхари, Ибн Маин, Ибнул-Мәдәни және осы саланың басқа да шейхтарының жәрх уә тәғдилге қатысты көзқарастарын алып, онымен амал етсе, Әбу Ханифаның да көзқарастарын қабылдап, онымен амал еткен. Бұл оның абырой-беделін, ілімінің тереңдігін көрсетеді»[35] деп баяндайды. Оның жәрх пен тағдилге қатысты хадис жеткізушілер туралы айтқан көптеген мәліметтері қайнаркөз кітаптарда кездеседі.

Абдуллаһ ибн Мүбарак Әбу Ханифаның хадис білмеген деп жүргендерге берген жауабынан да оның осы ілімдегі орнын бағамдауға болады. Ибн Мүбарак: «Оны қалайша хадис білмеді деуге болады? Одан кепкен құрма мен кептірілмеген құрманы айырбастауға болып болмайтындығына қатысты сұрағанда: «Мұнда тұрған ештеңе жоқ» деді. Оған Сағыд жеткізген хадис айтылған кезде «ол – шәзз (қайшылығы бар) хадис. Зәйд Әбу Аияштың риуаятын алуға болмайды» деп жауап берді. Айтыңдаршы, хадис білмеген адам осылай жауап бере алады ма?»[36] – дейді.

Осыншама біліміне қарамастан Әбу Ханифаның хадис білімі таяз деудің негізгі себептерінің бірі − мәзһаб таасубынан (яғни, фанатиктігі, бірбеткейлігі) және қандай да бір мәселеге қатысты басқа күшті дәлел табыла қалса, өзге мәзһабтағылардың хадистерін дәлелдік жағынан әлсіз деп табуы да сырт көзге қарағанда хадиске қайшы әрекет секілді көрінгендіктен. Әйтпесе, оның жасаған ижтихадтарына үңілгенде, олардың үкімдік сипаты бар жүздеген хадистерге сай екендігін көреміз. 

Әбу Ханифа осы мәселеге қатысты «Пайғамбарымыздан Құранға қайшы келетін қандай да бір хадис риуаят еткен адамның сөздерін қабылдамау Пайғамбарымызды қабылдамау немесе оны жасынға шығару деген сөз емес. Бұл – Пайғамбарымыздан қате риуаят еткен адамды мойындамау болып табылады. Күмәнге ұшыраған Пайғамбар емес, жалған хабарды бізге жеткізген адам»[37] деп, хадистерді қабылдаудың кейбір өлшемдерін айтып кеткен-ді.

Қорытындылай келе, былай деп тұжыруға болады. Әбу Ханифаның мүжтәхид ғалым екендігін оған қарсы көзқараста жүргендер мен оны жақтағандардың барлығы тегіс мойындаған. Мүжтәхид болу үшін оның үкім шығаратындай көлемдегі хадистерді жетік меңгеруі шарт. Ал үкім шығарылуы керек хадистердің саны өте көп. Олай болса, кейбіреулердің айтқанындай, «Әбу Ханифа 15 немесе 150 хадис қана білсе» қалайша мүжтәхид ретінде танылады?! Қалайша басқа ғалымдар Әбу Ханифаның үкімдерін дұрыс санайды, фиқһымен шұғылданады, оның айтқандарын осы күнге дейін сақтап, оқып талқылап келеді?  Әрине, бұлай болуы ақылға сыймайтын жайт екендігі анық.

Әбу Ханифаның мәзһабын оқығандар оның берген жүздеген пәтуаларының сахих хадиске сай келетініне көз жеткізе алады. «әл-Қамус»[38] атты еңбектің авторы Мұртаза әз-Забиди Әбу Ханифаның сүйенген және оларды  Кутубу ситтаның[39]  ғалымдары да дұрыс деп құптаған хадистерін «Уқудул-жауһарил мунифа фи адиллати Әби Ханифа»  атты кітабында жинақтап жазған. Егер кейбіреулердің айтып жүргеніндей, «Әбу Ханифа тек қана 17 немес 50 немес 150 хадис қана біліп, (олардың айтқанындай) «олардың жартысы қате болса» онда қалайша жүздеген ижтихадтары сахих хадистерге сай келген? Әрине, бұлай болуы мүмкін емес. Ол өз заманындағы хадистердің көбін білгендіктен, соған қарай мәселелерді шешіп отырған. 

Жалпы алғанда, білімнің қадірін білген, танымал ғалымдардың Әбу Ханифаны дәріптен, хадисшілер секілді тек хадиспен шұғылданып, хадис жинақтамаса да, оның барлық айтқан үкімінің мазмұны мен мағынасы хадис пен Құранға барып тірелетіндігін мойындаған. Тіпті, оны хадис ғалымдарының қатарына қосқан[40].

Әсілі, Әбу Ханифаға қарсы шығудың себептерінің бірі, өзгелердің оның ижтихад жасау тәсілін түсінбегендіктен туындап жатты. Осының нәтижесінде ол жайында жағымсыз сөздер айтылып, желдей есіп, кейбір білім жолындағы ғұламаларға да барып жетті.

Мұнымен қатар, Әбу Ханифаның айтқан пәтуасы басқа ғалымдардың көзқарастарына қайшы келіп те жатты. Алайда,  ол туралы жаман ойда болғандар Әбу Ханифамен жолыға қалғанда, оның ойын, пікірін біліп, оның діндар, тақуа екендігін, оның әр мәселеге егжей-тегжейлі қарайтындығын байқап, ол жайында айтылған жағымсыз сөздердің жаңсақ айтылғанын түсініп, дереу өзгеріп, оны мақтап ала жөнелетін. Бұған қатысты «Хайратул Хисан» атты кітабында Мекки былай дейді:

«Әбу Ханифа білімімен танымал бола  бастағанда, Әузағидің санасында ол жайында жағымсыз пікір қалыптасады. Бірақ, екеуі ол уақытқа дейін жолықпаған болатын. Тіпті, бір мәртесінде Әузағи Абдуллаһ ибн Мубаракқа:

–       «Әбу Ханифа» деген лақап ат тағылған Куфадан шыққан бидғатшы кім өзі? – деген еді. Сонда ибн Мубарак оған Әбу Ханифаның атын айтпастан, өте күрделі мәселелерді түсініп-талдауы, оларға берген пәтуалары жайында сөз қозғайды.  Сонда Әузағи:

–       Бұл пәтуаларды айтқан кім? – деп сұрады. Ибн Мубарак:

–       Иракта жолықтырған бір ұстаз,– деді. Әузағи:

–       Олай болса, ол үлкен ұстаздардың бірі, оған барып тағы да білім ал,– деп өсиетін айтады. Сонда ибн Мубарак:

–       Ол кісі – Әбу Ханифа,– дейді. Әрине, мұны естіген Әузағи таң қалады. Көп ұзамай Әузағи Меккеде Әбу Ханифаның өзімен жолығып, Ибн Мубарактың айтқан мәселелері жайында сөз қозғайды. Сонда Әузағи Әбу Ханифаның расында үлкен ғалым екендігін мойындайды. Кейін Әузағи Ибн Мубаракқа:

– Бұл адамның білімі мен парасат-пайымына қызықтым. Ол мен ойлағаннан мүлдем басқа адам болып шықты, – деп[41],  ол жайында түйген пікірінен айнып, естіген жерде оның есімін құрметпен еске алатын болды.

Жоғарыда да айтып өткеніміздей, Имам Ағзам хадисті шариғи дәлел ретінде қабылдауда қатаң талаптар қойған. Сол талаптарға сай келген хадистерді ғана қабылдаған. Біле-білсек, Әбу Ханифаның хадисті аз риуаят етуін кемшілік емес, қайта хадис риуаят етудің ауыр міндет әрі ақыреттегі жауапкершілігінің ауырлығын сезінуі деп ұққанымыз жөн. Бұл – нағыз тақуа дін ғалымының бойынан табылатын артықшылық. Сондықтан, хадисті аз риуаят етуі – оны даттауға емес, мақтауға тұрарлық амал. Үлкен бір мәзһабқа жол салып, жүз мыңдаған сауалдарға аят-хадистерден дәлел келтіре отырып, жауап бере білу Құран мен хадис ілімін терең білмеген кісінің қолынан келетін іс емес. Әрі жаңа тәсілдерді дамыта отырып, өзіне тән жаңа бір мәзһабтың негізін қалау оның Құран мен хадис ілімін терең меңгергенін нақты көрсетеді.

Жоғарыда да атап өткеніміздей, Әбу Ханифаның ілім алған тізбегі атақты табиғиндар арқылы Омар ибн Хаттаб, Али ибн Әбутәліп, Ибн Мәсғуд секілді ғалым, фақиһ сахабаларға барып тіреледі.  Сондықтан, оған хадисті аз білген деп жала жабу орынсыз[42].

Әрине, Әбу Ханифаға барлық хадистер тегіс келіп жетпегені де жасырын емес[43]. Бірақ, ол хадистердің арасындағы насих пен мансухты жақсы білгендіктен, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірбаяны мен хадистерді алдыңғы немесе соңғы айтылғандарына қарай отырып, әсіресе, Пайғамбарымыздың соңғы кезеңде айтылған хадистерін негізге алған. Әбу Ханифа бір-біріне мән-мағынасы қайшы келген хадистерді өзара біріктіруден гөрі, соңғы үкімдердің алдыңғыларды жойған деген пікірді ұстануы оның «Фиқһтық үкімдер өмірдің өзгеруіне қарай өзгереді» деген пікірінің нәтижесінен туындаған. Өзі пәтуа берген мәселеде егер дәлелдігі күшті сахих хадис табылған жағдайда өз көзқарасынан қайтып отырған. Тіпті, ол мүрсәл хадистердің өзін дәлел ретінде қабылдаған [44].


[1]    Рамахурмузи, Мухадисул-фасыл, 560-б.

[2] Рамахурмузи, Мухадисул-фасыл, 559-б.

[3]   Ибн Абдулбәрр, әл-Жәмиғ, 2-т., 150-163-б.

[4] Бұған қатысты мысалдарды білгіңіз келсе, мына кітаптарға қараңыз: Ибн Құтайба, Тәуил, 8-12-б.; Ибн Қайим әл-Жәузий, Тәлбис, 111-113-б.; Ф. Рази, Манақиб, 242-248-б.

[5]    Мекки, Манақиб, 85-б.

[6]    Мұғжәмул-мусаннифин, 2-т., 29-53-б.

[7]    Суюти, Тәбизус-сахифа, 26-беттен И. Хаккы Үнал, 55-б.

[8]    Мекки, 37-б.

[9]   Ибн Халдун, Муқаддима, 4-басылым, 1978, 444-445-б.

[10] Бір адамға сену, хадис әдіснамасындағы мағынасы: бойын-да әділдік пен дабт (естіген хадистерін көп жылдар өтсе де басқаларға өзгеріссіз, айна қатесіз жеткізе алатындай есте сақтау қабілетінің күштілігі) сипаты бар хадис жеткізушісі. Кеңірек мәлімет үшін қараңыз: М. Угур, Ансиклопедик хадис теримлери сөзлүгү, ТДУ баспасы, Анкара, 1992, 359-б; Қ. Құрманбаев, Хадис ілімі (тарихы және әдіснамасы), Нұр-Мүбарак баспасы, Алматы, 2010, 151-б.

[11]  Сәймәри, 23-б.

[12]  Таханәуий, Әбу Ханифа, 12-б.

[13]  Әсәр – сахаба және табиғиндерге телінген сөз бен іс-амалдар

[14]  Таханәуий, 12-б.

[15]  Аллаһ достлары, 4-т., 276-б.

[16]  Зәхәби, Манақиб, 27-б.

[17]  М. Абдуррәшид ән-Нұғмани, Мәкәнәтул-Имам Әби Ханифа фил-хадис, Бейрут, 1416. Бұл еңбек түрік тіліне аударылған. Қараңыз: М. Абдуррәшид ән-Нұғмани, Имамы Ағзам Ебу Ханифенин хадис илминдеки йери, (ауд. Ә. Йылдырым,), Стамбул, 2004, 19-б.

[18]  Таханәуи, 17-б.

[19]  Салихи, 25-беттен И. Хаккы Үнал, 61-б.

[20]  Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орнына дайын-дала берсін» деген хадисін негізге алған сахабалар хадисті мейлінше аз риуаят етуге тырысқан.

[21]  Сарахси, Усул, 1-т., 350-б.

[22]  И. Хаккы Үнал, 59-б.

[23]  әл-Мекки, Манақиб, 2-т.,91-б.

[24]  Ибн Абдулбәрр, Жамиу баянил-илм, 2-т., 131-б.

[25]  Сәймиәри, 26-27-б.; Мекки, 139-141-б.

[26]  Осы кітапты қараңыз 269-288-б.

[27]  Ибн Тәймия, Мәжмуу фәтәуә, 20-т., 232-б.

[28]  Таханәуий, Әбу Ханифа, 18-19-б.

[29]  М. әс-Сыбаи, әс-Сунна, 490-б.

[30]  Әбу Ханифаның фиқһ дәрістерінде қолданған хадистерін шәкірттері жинастырған кітап. Кейбір деректерде ол «Китабул-әсәр» деп те аталады.

[31]  Мекки, 84-85-б.; Нумани, «Китабул-Әсардың кіріспесінде», (аударған: М. Өзшенел), Сакария университеті Илахият факультетінің журналы, 1 нөмір, 1996, 236-б.

[32]  Али Жума, Мадхал иләл-мәзәһибил-фиқһия, «Дәрус-сәләм» баспасы, Каир, 2004, 90-б.

[33]  Мекки, 95-96-б.

[34]  Хадис ілімінің бір саласы. «Жәрх» хадис жеткізушінің бойындағы кешіліктерді (есте сақтау қабілетінің нашарлығы, өтірікші, сенімсіздігі, пасықтығы, т.б.) анықтаса, «тағдил» рауидің бойындағы жақсы сипаттарын анықтап, сенімділігін дәлелдейтін ілім саласы болып табылады.

[35]  Қурәши, 1-т., 59-б.

[36]  И. Хаккы Үнал, 66-б.

[37]  Имамы азам Ебу Ханифе ве есерлери (аударып, түсініктеме берген А. Өзтүрік), Шәмил баспасы, Стамбул, 2010, 73-б.

[38]  «Тажул-арус мин жауаһирил қамус» деп аталатын еңбегі 40 том болып жарық көрген.

[39]  Хадисте ең танымал болған алты кітап: Бухари, Муслим, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Ибн Мажә, Насаи.

[40]  М. әс-Сыбаи, 445-б.

[41]  Хайсами, Хайратул-хисан, 33-б.

[42]  Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орнына қатысты кең мәлімет алу үшін қараңыз: ән-Нұғмани, М. Абдуррәшид Мәкәнәтул-Имам Әби Ханифа фил-хадис, Бейрут, 1416

[43]  Осы мәселеге қатысты М. әс-Сыбаи былайша ой түйеді: «Әбу Ханифаға кейбір хадистердің жетпей қалуы немесе оның білмей қалуын жоққа шығармаймыз. Өйткені, сахабалар дінді жаю үшін тарыдай шашырап жан-жаққа тарауы себепті кей өңірге жетпей жатады. Сондықтан, сахабалар, табиғиндер немесе одан кейінгі келген ғалымдардың ешқайсысы хадистердің барлығын білетіндігін жар салып айтқан емес. Бұған мысал: Бір күні Шағби жанында діни сұхбат беріп жатқан бір жас жігітке: «Біз бұл айтқаныңды естімедік» деп тоқтатады. Сонда жас жігіт: «Білімнің барлығын естідің бе?» деп, Шағбиге сұрақ қояды. Шағби:  «Жоқ» деді. Жігіт: «Жартысын естідің бе?» Шағби: «Жоқ», деді. Жас жігіт: «Олай болса, бұл айтқанымды естімеген жартысынан деп біл» деп  бізге жетпегенін, білетінімізден білмейтініміздің көп екендігін түсіндіреді.

     Аллаһ елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге болған сахабалар да хадистердің барлығын біле бермейтін. Мысалы: Хазірет Омар (р.а) мәжусилерден  (отқа табынатындардан) салық алмау жайында және оба ауруы жайындағы хадистерді естімеген, бұл хадистерді оған Абдурахман ибн Ауф жеткізген еді. Сол секілді Аммар және басқалары білетін тәйәммүмға қатысты хадисті хазіреті Омар мен (р.а) Абдуллаһ ибн Мәсғуд естімеген болатын. Хазірет Әли мен Хузайфаның білетін мәсіге мәсіх тарту жайындағы хадисін, Айша (р.а.), Омар (р.а) және Әбу Хұрайра (р.а.) естімеген болатын. Сахабалардың арасында мұндай мысалдар өте көп. Бұл білместіктерін айтып, ешкім оларды сөге жамандамаған. Хадистерді білмедің деп олардың ешқайсысына кінә тағып, кемсітпеген. Хадистерді білмей тұрып бұл хадистерге қайшы үкім берген жағдайлары да болды. Олай болса, сахабалардың арасында болған жағдайды дұрыс қабылдап, Әбу Ханифаға келгенде айыптау орынсыз болары сөзсіз». М. әс-Сыбаи, әс-Сунна уә маканатуһа фит-ташриил-исламияти, 488-489-б.; Қосымша: Қ. Жолдыбайұлы, Дін мен діл, Алматы, 2010, 23-б. 

[44]  Ләкнәуий, әр-Рәфу уәт-тәкмил, 23-б.; Сонымен қатар Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орнына қатысты орыс тілінде мәлімет алу үшін қараңыз: Статус Имама Абу Ханифы в Науке «Хадис»http://laysajamil.wordpress.com/2010/12/26/abuhaneefa-in-hadeeth/

Алау Әділбаев

0 пікір