Ханафи мәзһабы бойынша жаназа шығару мен жерлеу рәсімдері
Ханафи мәзһабы бойынша  жаназа шығару мен жерлеу рәсімдері
03.08.2016 15:16
9974
0

Өмір бар жерде өлім бар. Шынында, өлім хақ және ол әрбір жаратылған жандының соңы болып табылады. Алла тағала Құран Кәрімде бұл жайлы: «Өзекті жанда өлмейтін пенде жоқ. Сендердің игіліктеріңнің бодауы қиямет күнінде толық қайтарылады. Тозақтың беті әрі болып, ұжмаққа кірсеңдер – мұраттарыңа жеткендерің. Дүние деген – опасыз тіршіліктің алдамшы қызығы», – дейді («Әли Имран» сүресі, 185-аят).
Саналы ғұмырында әрбір ақыл-есі дұрыс адам ажал жетпей тұрып Алла Тағалаға құлшылық етіп, өзіне жүктелген парыздарды орындау тиіс.
Пайғамбарымыз (r) хадис-шәріпінде: «Дүние ләззаттарын жермен-жексен ететін ажалды еске алыңдар», – деген. Бүгінгі әңгімемізде біз пәниден бақиға өтуші жанға қатысты орындалуы тиіс мәселелерді сөз етпекпіз.

Жан тәсілім халіндегі адам

Жан тапсырайын деп жатқан адамды оң бүйіріне жатқызып жүзін құбылаға бұру сүннет, яғни, бұл хазіреті Мұхаммед (r) пайғамбарымыз істеген амал. Пайғамбарымыз (r) Мәдинаға келген кезде Барр ибн Маърур деген кісі жайлы сұрады. Сахабалар (р.а.): «Ол дүниеден өтті, малының үштен бірін саған беруді және жан тәсілім етерде жүзін құбылаға қаратуды өсиет етті», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (r): «Онда ол Исламды таңдапты», – деп, малының үштен бірін баласына қайтарды».

Маулана Низам әл-Әламгирия пәтуәларында да: «Жан тәсілім халіндегі адам оң бүйіріне жатқызылып, жүзі құбылаға қаратылады. Бұл сүннет амалы», – деген

Жан тапсырайын деп жатқан адамға: «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айту үшін, қасында шәһәда калимасын (куәлік сөзі) қайталап отыру – мустахаб (яғни, сүннетке жақын амал). Себебі, Пайғамбарымыз (r) ибн Омар әбу Хафс риуаят еткен хадис-шәрібінде: «Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айтып тұрыңдар. Өйткені, өлім халіндегі мұсылман «Лә иләһә иллаллаһ» десе, тозақтан босатылатынына шүбә жоқ», – деген.

Өлім халінде жатқан адамға қырылдап қалмай тұрып: «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадар расулуллаһ» деп кәлиманы жай дауыспен айтып тұру керек. Бірақ, айтпаймын деп қалмас үшін «Лә иләһә иллаллаһ» сөзін айту керек. Өйткені, оны айтудан бас тартса, жұрт жаман ойлап қалуы мүмкін. Сондықтан да «Лә иләһә иллаллаһ» дегеннен соң дүнияуи сөз сөйлемесе, оған аталмыш кәлиманы қайталаудың қажеті жоқ. Ал егер кәлимадан кейін дүнияуи сөз сөйлеп қойса, онда кәлимані қайта айтқызу керек. Өйткені оның аузынан бұл дүниеде шыққан соңғы сөз «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасы болуы тиіс. Жан тапсырайын деп жатқан кісінің жанында бала-шағасы мен ең жақын адамдары және дос-жарандарының болуы – мустахаб. Хайыз немесе нифас жағдайындағы әйелдер және жүніп, яғни, ғұсыл құйынуы тиіс жандар жан тапсырайын деп жатқан адамның жанында болмағаны абзал. Қайта өлім халінде жатқан кісінің қасына хош иіс әтір қою – мустахаб.

Өлім халінде жатқан кісінің қасында қасиетті Құранның «Йасин» сүресін оқу да мустахаб. Себебі, Пайғамбарымыз (r) Әбу Дауд риуаят еткен хадис-шәрібінде: «Ауырып өлім халінде жатқан адамның қасында «Йасин» сүресі оқылса, ол шөлі қанған күйінде жан тәсілім етеді, шөлі қанған күйінде қабірге кіреді және қиямет күнінде шөлі қанған күйінде қайта тіріледі», – деген.

Имам Мәлик мәзһабынан өзге мәзһаб ғұламалары өлім халінде жатқан кісі жанында «Ясин» сүресін жан тәсілім еткенше оқуды жөн санаған. Қайтыс болған кісі жуылғанға дейін жанында Құран оқу мәкруһ. Бірақ, басқа бөлмеде оқуға рұқсат.

Жан тапсыратын адам Алла Тағала жайлы жақсы ойда болуы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (r) өзінің Бұхари және Муслим риуаят еткен хадисінде: «Алла Тағала жарылқайды, мені рақымына бөлейді деп өлім халінде Алла Тағала туралы тек жақсы ойда болуларың керек», – деген. Және құдси хадисте: «Құлым Мен туралы қандай ойда болса, мен де сондай боламын», – дейді.

Жан тапсырғалы жатқан адамның қасында отырған кісі оны Алла Тағала туралы жақсы ойға бағыттап отыруы – мустахаб. Жан тапсырған соң, мәйіттің көзін жұмдыру және оның көзін жұмдырып жатқан кісі: «Бисмилләһи уә ъәлә милләти расулиллаһи», – деуі сүннет. Сахабаларының бірі Әбу Сәләмә (t) қайтыс болғанда Пайғамбарымыздың (r) осылай еткені риуаят етілген.

Мәйітті жуар алдында не істеу керек?

Адам жан тапсырған соң, жағын иектің астынан жоғары қарай жалпақ шүберекпен байлап, аяқ-қолын дұрыстап, мәйітті жоғары жатқызып, киімін шешіп, үстіне жамылғы жауып қою – мустахаб.

Мәйітті жуу рәсімдері

Мәйітті жуу тірілерге парыз кифая (мұсылмандардың бір тобы оны орындаса, қалған жамағаттың жауапкершілігі мойнынан түсетін амал). Яғни, сүйекке бірнеше кісі кірсе, басқалардың мойнынан парыз түседі. Шамсуддин Сарахси өзінің «әл-Мабсут» атты еңбегінде: «Мұсылман мәйіттің жуылуы – мұсылмандар мойнындағы міндет», – деген. Пайғамбарымыз (r): «Мұсылманның мұсылманда алты хақысы бар», – дейді. Осы алты хақының бірі – жан тапсырғаннан кейіт мәйітті жуу.

Мәйітті жуу шарттары

Мәйіт мұсылман болуы, өлі туған болмауы тиіс. Мәйіт денесінің жартысынан көбі немесе басымен қоса жартысынан көбі яки басымен бірге жарты денесі болуы қажет. Мәйіт шәһид (Алла жолында қаза тапқан адам) бол-мауы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (r) Ұхұд маңындағы соғыста қаза тапқандарды: «Оларды дене-леріндегі қандарымен бірге (жумай) жерлеңдер», – деген. Яғни, Ұхұд соғысында қаза тапқандар жуыл-мады. Су жоқ немесе жуу үзірлі жағдайда (мысалы мәйіт жанып кетсе, немесе үстіне су құйғанда ыдырап тұрса) мәйітке тәйяммум жасау – жуу деп есептеледі.

Мәйіттің әуретіне қараудың үкімі

Мәйіттің әуреті (адамның жабық болуы тиіс дене мүшелері: ерлер үшін тізе мен кіндік арасы, әйелдер үшін беті-жүзі, білекке дейінгі қолы мен тобыққа дейінгі екі аяғынан басқа жерлері) жабық болуы тиіс. Мәйіт әуретіне жалаң қол тигізу немесе оған қарау харам, яғни болмайды. Себебі, мәйіттің әуретіне қарау тірі адам әуретіне қараумен бірдей. Мәйіттің әуретін жуу үшін қолды шүберекпен орау уәжіп.

Мәйітті үш қайтара жуудың мустахабтары

Мәйіт үш рет басынан аяғына дейін жуылуы керек. 3 рет жуғаннан кейін мәйіт тазаруы тиіс. Мәйіт бір немесе екі жуғаннан кейін тазарса да, үш реттен кем немесе артық жуу – мәкруһ. Бұған Ислам ғұламалары бірауыздан келіскен. Ал, егер мәйіт үш реттен кейін тазармаса, оны сабынмен тазарғанша жуу керек. Сонымен қатар, мәйітті барынша тақ жуу мустахаб (мысалы 4 реттен кейін тазарса, 5-ретті қосу керек). Бұл Әбу Ханифа ғұламалары келіскен үкім.

Мәйітке иіс май қосып жуу

Мәйітті жуатын соңғы суға камфор өсімдігінен жасалған иіс су немесе ұқсас иіс май араластырып жуу – мустахаб, әсіресе камфор иіс суы абзалырақ. Ақырғы рет жуатын судан басқа, яғни алдыңғы суларға өсімдік жапырағын қосып немесе иіс сабынмен жуу мустахаб.

Кебіндеу
Мәйітті кебіндеу – парыз кифая. Кебін мәйіт денесін түгел жауып тұруы керек. Мәйіт ер яки әйел болсын, егер кебін келте болса, мұсылмандар мойнынан парыз түспейді. Кебін ақысы мәйіттің өз мүлкі есебінен алынуы уәжіп. Мал-мүлкі болмаса, ақысын туысқандары мен одан жақсылық көрген кісілер төлейді. Егер әйелі қаражатты болса да, әйел кебінін күйеуі төлеуі міндет. Кебін үкімі сияқты мәйітті жерлеу рәсімі де қауымға міндет.

Кебіннің түрлері мен сипаттары

Кебіннің жақсысы – ақ түстісі. Оның жаңа немесе ескі болуы шарт емес. Тек мәкруһ болған нәрселермен кебіндеуге болмайды. Мысалы, ер адамдарды жібек сияқты маталармен кебіндеу – мәкруһ. Алайда ондай маталар әйелдерге халал.

Кебіннің үш түрі бар:

1. Сүннет кебін;

2. Кифая кебін;

3. Зарурат кебін;

Сүннет кебін – ерлерге де, әйелдерге де қажет үш қабат кебін, яғни қамис (көйлек), изар (шалбар), және лифафа (сырт орау). Қамис мәйіттің мойнынан балтырға дейін, ал изар мен лифафа басынан аяғына дейін жететін болуы керек. Әйелдерге қосымша басына химар (орамал) және көкірегіне байланысты кеудеше керек.

Кифая кебін – ерлерді тек изар немесе лифафаға орау, ал әйелдерді басына химар (орамал) мен көкірегіне кеудеше байлап көйлексіз лифафаға орау.
Зарурат кебін – өте зәру кезде мәйіт табылған матамен, тіпті болмаса мәйіт әуретін жабатындай матамен кебінделеді. Егер қайтыс болған кісі өте кедей немесе беруге қарызы болса, сондай-ақ бала-шағасы көп және олар жас болса, мәйіт кифая кебінімен кебінделеді.

Жаназа намазының үкімі

Жаназа намазы – парыз кифая. Жаназа намазына ешкім бармаса, бәрі күнәһар болады. Егер жаназа намазына қауымның бір тобы немесе бір адам қатысса да, басқалардың мойнынан парыз міндеті түседі. Жаназаға қатысуға ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ та қатысқан кісі мол сауап алады. Әйелдер де ер кісілердің артына тұрып жаназа намазына қатысса болады.
Жаназа намазының сипаты

Жаназа намазында имам мәйіттің кеуде тұсында тұрады. Жаназа намазының парызын өтеуге ниет етеді. Имам «Аллаһу акбар» деп құлақ қағып, қолын байлап «сәнә» дұғасын оқиды. Одан кейін қол көтермей 2-ші рет «Аллаһу акбар» деп, Пайғамбарымызға (r) салауат оқиды. Осыдан кейін 3-рет «Аллаһу акбар» деп жаназа дұғасын оқиды. 4-ші рет қол көтермей «Аллаһу акбар» деп тәкбір айтқаннан кейін екі жағына сәлем береді.
Жаназа намазын оқудың шарттары

1. Мәйіт мұсылман болуы керек. Мұсылман емес кісіге жаназа оқылмайды. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың біреу-міреуі өлсе, сен оған сірә да жаназа шығарма», – деген («Тәубе» сүресі, 84-аят).

2. Намазға мәйіттің болуы шарт, жоқ мәйітке жаназа оқылмайды.

3. Мәйіттің таза болуы. Мәйітті жумай немесе тәйаммум жасамай жаназа оқылмайды. Бұған барлық мәзһаб ғұламалары бірауыздан келіскен.

4. Мәйіт қауымның алдында болуы қажет. Имам Малик (р.а.) мәзһабынан басқа мәзһаб ғұламаларының шешімі бойынша, мәйіт қауымның артында болса, жаназа намазы дұрыс болмайды.

5. Жаназа намазын оқитын уақытта мәйіт хайуан үстінде, адамдардың қолдарында немесе иықтарында болмауы керек.

6. Мәйіт денесінің жартысынан көбі немесе жартысымен қоса басы болуы қажет.

Жаназа намазын оқушының тиісті 4 шарты бар:

1) Ниет айту; 

2) Дәретті болу;

3) Құбылаға қарау;

4) Әуреттің жабық болуы.

Мәйітті шығару мен жерлеуге апару

Мәйітті жуу, кебіндеу және жаназасын оқу сияқты оны жерлеуге иыққа көтеріп апару – парыз кифая. Нәрестені немесе одан үлкен баланы ер кісі қолына алып, мазарға көтеріп апарады. Баланы түсіріп алмау үшін басқалардың демеп жүруіне болады. Баланы ат үстінде отырып та апаруға болады. Мәйітті жерлеуге апара жат-қанда мәйіт табытта селкілде-мейтіндей, орташа жылдамдықпен жүру мустахаб. Әйел табытының үстінен мата не сол секілді, т.б. нәрсемен жауып қою – сүннет. Мәйіт үстін жерлеп біткенше мата, яки т.б. нәрсемен жауып тұру ләзім.

Мәйітті жоқтау

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып немесе шашын жұлып жылауға болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (r) имам әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадис-шәрібінде: «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес», – деген.

Қ. Мамметов

0 пікір