Әл-Фиқһул Әкбар (ақида) дәрістері – 1
Әл-Фиқһул Әкбар (ақида) дәрістері – 1
16.10.2018 14:33
1062
0

Имам Әбу Ханифа (р.х) былай дейді: «Тәухидтің негізі және дұрыс сенудің жолы (жан-тәнімен): «Мен Аллаһқа иман келтірдім және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, өлгеннен соң тірілуге, тағдырға: жақсылықпен жамандықтың Аллаһтан екендігіне, хисаб, мизан, ұжмақ және тозаққа иландым, бұлардың бәрі тегіс хақ-дүр» деу болып табылады.

Ашықтау:

Имам Әбу Ханифа (р.х)ның бізге жеткен кейбір еңбектері бар. Бұлардың бірі де әл-Фиқһул Әкбар атты әйгілі еңбегі. Имам Ағзам осы еңбегінде алғаш рет бір мұсылманның білуге тиісті және илануы қажет болған Ислами ақидаға байланысты сүннетті (әз Пайғамбар және сахабадан келген негіздерді) жинақтаған еді. Осы себепті әл-Фиқһул Әкбар атты еңбек, сенімге байланысты өзінен кейінгі зерттеулер мен еңбектерге негізгі тұнық қайнар бұлақ болды.

Бұл кітап аса маңызды еңбек. Өйткені әрбір Мұсылманның Дұрыс сенімде болуы үшін алдымен Ақайд (сенім саласын) және Иманның Фиқһын үйренуі керек. Имам Әбу Ханифа басқа бір еңбегінде былай дейді; «Діннің (ақиданың/иманның) Фиқһын үйрену, амал мәселелерінің фиқһын үйренуден қайда абзалырақ» (әл-Фиқһул-Әбсат 1-2). Осы себепті ұлық имам, Ақида фиқһына әл-Фиқһул-Әкбар (ең үлкен/ең маңызды фиқһ) деп атаған. Имам Ағзам, жоғарыда кіріспе бөлімі келтірілген әл-Фиқһул-Әкбар атты еңбегінде, әуелі мұсылмандардың біліп әрі сенуі қажет болған иман негіздерінің өзектілерімен сөз бастаған. Әрбір мұсылман пәнде осыларды шын жүрегімен иланып және ең болмағанда бір рет болса да иқрар растауы парыз айн болып табылады. Өйткені иман ету бұйырылған мәселелер осы алты негізде жинақталған. (қар.з. Алиул Қари, Фиқһул-Әкбар шархы, 43).

Иманның бұл алты шарты Құран және хадистерде де келеді. Құран Кәрім Бақара сүресінде иман келтіру қажет болған тақырыптардың барлығы үшін Ғайбқа иман деген таным қолданады: «Әлиф, Ләәәәм, Миииим. Бұл кітап ешқандай шек-шүбәсіз, тақуаларды тура жолға бастаушы. Олар ғайбқа сенеді, намаз оқиды, өздеріне берілген ризықтан жұмсап тұрады...»  (Бақара, 1-3).  Сосын Құранда ғайбқа иман тақырыптары кезең кезең болып айтылып, ашықталады. Мысалға: «Елші өзіне Раббы тарапынан түсірілген кітапқа сенеді, мүминдер де сенеді. Олардың барлығы Аллаһқа, Аллаһтың періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне сенді» (Бақара, 285) . «Кімде-кім Аллаһты, Аллаһтың періштелерін, кітаптарын, елшілерін және қиямет күнін мойындамаса нағыз адасқан болып саналады» (Ниса, 136). «Біз, барлық нәрсені белгілі өлшеммен жараттық» (Қамар, 49).

Хадистерде де иман тақырыбы кезең кезең түрде келіп айтылып ашықталады. Иман мәселесінің толық түрде айтылғаны, мәшһүр Жибрил хадисі еді. Ақиық елші өмірінің соңына таман сахабаларымен отырғанда Жәбірейіл бөгде бір кісі бейнесінде келіп кейбір сұрақтар сұраған болатын. Дара елші осы жерде берген жауаптары арқылы кәдуілгі дінді қорытындылаған еді. Бұл хадисте өткеніндей Жәбірейілдің «Иман деген не?» сұрағына Сұңғыла елші былайша жауап берді: «Сенің Аллаһқа иман келтіруің және Аллаһтың періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, жақсылық пен жаманшылықтың Аллаһтан екеніне тағдырға илануың, иман келтіруің» деді. (Қар.з Мүслим, Иман 1; Әбу Дәуіт, Сүннет, 15; Ибн Мәжа, Муқаддима 9). Бұл хадисті Имам Ағзам да әл-Фиқһул Әусат атты еңбегінде сәнадымен нақыл еткен. Құран және хадистерде келген, Иман етуің/олар етеді деген негізінде; Жүрекпен бекіту және Тіліңмен айтуың деген мағынада болғандықтан жоғарыдағы мәтінде Имам ағзам мұны толықтай сеніп осыларды айтуды (қабылдау/иқрар етуді шарт етіп қосқан. (يجب ان يَقُول) «..Былайша айтуы қажет/уәжіп/парыз» сөзі мен осыны меңзеген.

Бізде Аллаһқа иман келтірдік және Аллаһтың періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, өлгеннен соң қайта тірілуге, тағдырға, жақсылық пен жаманшылықтың Аллаһтан екеніне, хисаб, тозақ және ұжмаққа иман келтірдік, сендік. Бұлардың барлығы ақиқат.

 قال الامام أبو حنيفة في كتابه الفقه الأكبر : "أصل التَّوْحِيد وَمَا يَصح الِاعْتِقَاد عَلَيْهِ يجب ان يَقُول آمَنت بِاللَّه وَمَلَائِكَته وَكتبه وَرُسُله والبعث بعد الْمَوْت وَالْقدر خَيره وشره من الله تَعَالَى والحساب وَالْمِيزَان وَالْجنَّة وَالنَّار وَذَلِكَ كُله حق

«Мұса мырза» мешітінің ұстазы

Берікбай Германұлы

 

0 пікір