Бірде Әбу Ханифа мешітте отырғанында бір қарулы харижит (суниттерге қарсы топ өкілі) үстіне баса-көктеп кіріп сынау үшін оған: «Босағада екі өлік жатыр. Бірі арақтан өлген ер кісі, екіншісі зина жасап қойып, сонысы үшін ұялып асылып өлген әйел. Бұл екеуіне қатысты не айтар едіңіз?» - деп сұрайды. Харижиттердің сенімі бойынша, үлкен күнә жасаған кісі кәпір саналып, мәңгілік тозаққа түседі.
Ол кісінің ниет-пиғылын бірден түсінген Әбу Ханифа:
- Ол екеуі яһуди ме, әлде христиан ба, не пұтқа табынушы ма? Мұның қайсысы? - деп қарсы сұрақ қояды.
- Олардың ешқайсысы да емес.
- Сонда қай үмметтен?
-Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі дейтін қауымнан, - деп жауап берген харижитке:
-Куәлік кәлимасы иманның үштен, төрттен яки бестен бірі ме?, - деп тағы сауал қояды.
- Иманның ондай үштен де, төрттен де, бестен де бірі болмайды. Ол бөлінбейді.
- Иманның қаншасы сонда?
- Тұтасы.
- Ендеше жауабын өздерің бердіңдер. Олардың мұсылман екенін айттыңдар.
- Сен мұны қой. Олар жәннаттық па, әлде жәһәннәмдық па?, - деп харижит сүріндіру үшін сұрақты бастырмалата бастайды.
- Ибраһим (Одан Алла разы болсын) пайғамбар мүшріктерге: «Ей, Алла! Маған бойсұнғандар мен қарсы шыққандарға Сен кешірімді әрі рақымдысың», - деп дұға етті. Иса (Одан Алла разы болсын) пайғамбар: «Ей, Алла! Егер оларды азапқа салсаң, олар Сенің құлдарың, егер кешірсең, Сен мейірбан әрі рақымдысың», - деді. Иманды жандарды қудалауға себеп те, негіз де жоқ» - деп түйіндейді өз жауабын Әбу Ханифа.
Сөзге тоқтаған харижиттер қаруларын тастап, мешіттен шығып кеткен екен.