Әбу Ханифаның намазы
Әбу Ханифаның намазы
31.07.2015 11:18
5195
0
" Намаз - діннің діңгегі" кітабынан

        Фиқһ, ғибадат, тақуалық және жомарттық секілді барлық ізгі көркем қасиеттерді бойына жинақтаған ерекше тұлға Әбу Ханифа түнгі құлшылығымен де ерекшеленетін. Түнде ұзақ уақыт бойы үздіксіз намаз оқитын болған. Кітаптарда 40 жыл бойы құптан намазының дәретімен бамдат намазын оқығандығы айтылған.

       Оны мұндай әрекетке мына бір оқиға итермелеген екен. Ол бір күні жолда кетіп бара жатады. Жолай бір кісінің: «Мынау құптан намазының дәретімен бамдат намазын оқитын Әбу Ханифа деген кісі ғой» - деген сөзін құлағы шалып қалады. Сосын, осы сөзге лайықты болу үшін және «ол мен туралы жақсы ойлады, мен оның сөзінің өтірік болуына себепші болмайын», - деп құптан намазының дәретімен таңғы намазын оқитын болған деседі.

       Бәкір әл-Әбид: «Әбу Ханифаның түнде намаз оқыған сәтіне көп куә болдым. Намаз оқып тұрғанда өз өзін ұстай алмай қос иығы селкілдеп жылайтын. Соңында Аллаға жалбарынып: «Уа, Раббым! Құлдарыңды қайта тірілткен күні маған мейірімділік таныта гөр! Ақырет күні азабыңнан қорғап, күнәларымды кешіре гөр!» - деп дұға жасайтын.

       Бір күні біреу Имам ағзам Әбу Ханифаға келіп: «Уа, имам, мен намазымды шынайы ықыласпен оқи алмаймын. Намаз оқыған сәтімде түйелерімді шалғынға жаюды, оларға жақсылап қарауды ойлаймын. Алайда сіз менен де асқан бай бола тұрып, құлшылығыңызды қалайша ықыласпен орындайсыз?» - деп сұрайды. Сонда оған Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Мен түйелерді жүрегімде емес, өз қорасында қалдырамын» - деп жауап берген екен.

0 пікір