Әбу ханифа мәзһабы
Әбу ханифа мәзһабы
13.01.2016 10:20
5782
0

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем адамдарға жіберілген ең жақсы елші, алғашқы мұғалім Абдуллаұлы Мұхаммедке, оның әулетіне, сахабаларына және қиямет күніне шейін оның артынан ерген кісілерге болсын.

Ислам – ежелден бүкіл адамзатты сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан Алла Тағаланың бірегей діні.

Фиқһ[1] саласында Құран аяттары мен хадистерді дұрыс талдау, зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған сенімдерді, қате түсініктерді, теріс пікірлерді әшкерлеп, оларды түзейтін Әбу Ханифа (699-767), Имам Малик (717-795), Имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Ханбал (780-855) секілді ислам ғұламалары өтті. Олардың мәзһабтары жан-жаққа тарады:

1)                    Ханафи мәзһабы – Шам, Түркия, Түркістан, Пәкістан, Үндістан, Бангладеш, Орта Азия және басқа елдерде;

2)                     Шафиғи мәзһабы – Мысыр, Сирия, Индонезия, Малайзия, Филиппин, Тайланд және Африканың кейбір мемлекеттерінде;

3)                    Малики мәзһабы – Ливия, Тунис, Алжир, Марокко, Мавритания, Нигерия және Африканың кейбір мемлекеттерінде;

4)                    Ханбали мәзһабы – Араб түбегінде[2].

Солардың біріне мойынсұну арқылы осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың жолы кесіліп, алды алынып келеді. Сондықтан бұл төрт мәзһабтың бірін ұстану қазіргі заман талабы да. Өйткені, олар Құран мен сүннет жолына лайық болғандықтан «әһлі сүннет уәл жамағат» (сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлік-ынтымақты жақтаушы қауым) мәзһабтары атанды.

Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы, фиқһ саласының білгірі Нұғман ибн Сәбит Имам Ағзам Әбу Ханифа рахматуллаһи аләйһи[3] негізін қалаған ханафи мәзһабын[4] ұстанып келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етеді. Бұл ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етуде[5].



[1] Фиқһ – ғибадат, қоғамдағы өзара қарым-қатынас, әдет-ғұрыптардың шариғатқа сәйкес тәртіп-қағидалары мен оның қайнар көзі.

[2] «Кифоя», Мухаммад Садық Мухаммад Юсуф, Ташкент, 2008, 11-бет.

[3] Аудармасы: Алла Тағала оны рақым еткей! Дүниеден өткен әр ғұлама немесе жақсы адамның артынан осы сөзді айту әдепке жатады. 

[4] Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағыналарды білдіреді. Шариғатта – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы.

[5] «Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа», Әбсаттар қажы Дербісәлі, Алматы, 2011, 9-бет.

0 пікір