ЗӘЙДИЯ ШИИТТЕРІ
ЗӘЙДИЯ ШИИТТЕРІ
21.10.2019 12:07
430
0

Зәйдия – Хазіреті Хусейннің немересі Зәйд ибн Алиді қолдаушыларға берілген есім. Бұлар өзге шииттік ағымдарға қарағанда әһлу сүннетке сенім тұрғысынан, сондай-ақ фиқһ мәселесінде сәл де болса жақын. Өзге адасушы шииттерден басты айырмашылығы, имам (халифа) болған кісі өзінен кейін имам болатын кісіні мұрагер етіп тағайындамайды. Имам болатын кісі Хазіреті Фатиманың (р.а.) ұрпағынан болумен қатар ғалым, тақуа, ержүрек, жомарт болуы тиіс және имамдығын жария етуі керек. Егер де халифа болуға Али ұрпағынан басқа кісі лайық деп табылса, сол кісі халифа бола алады деп, алдыңғы үш халифаның (Әбу Бәкір, Омар, Осман) халифалығын мойындайды. Сонымен қатар «жасырын имамға», өз дінін ақылға қонымды дәрежеде жасырын ұстау пікіріне, өзге шиит тармақтарының ұстанымында болған «бәдә» яғни құдайдың өз пікірін өзгерту туралы ілімге сенбейді. Зәйдия ағымы қазіргі уақытта Йемен республикасында ресми мәзһаб ретінде бекітілген.

 а) Имам Зәйд ибн Али (һ. 80-122/ 699-740 ж.) 680 жылы 10-шы қазанда Кербалада шәһид болған Хазіреті Хусейннің артында Али есімді ұлы қалған. Али өсе келе өте діндар, тақуа және ғалым болып, халық арасында айрықша беделге ие болды. Оның Атымтай жомарттығы мен мейірімділігі аңызға айналған. Діндарлығы мен тақуалығына тәнті болған халық оны  «Зәйнулабидин» деп атады. Сол заманның шииттері қанша ыңғай жасағанымен, әһлу бәйттен болған ұлы тұлғадан өз пікірлеріне қолдау таба алмады. Керісінше оларға тура жолды нұсқап отырды. Бірде Али Зәйнулабидиннің сұхбатында отырған Ирактан келген шииттер Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омарды (р.а.) сөз ете бастайды. Али Зәйнулабидин оларға жанарын қадап:

 «Айтыңдаршы, сендер кімсіңдер? Сендер Отанынан, жерінен, мал-мүлкінен айырылып, Аллаһтың разылығы үшін Аллаһтың Елшісіне (с.а.у.) көмекші болған мұһажирлердің ізбасары боласыңдар ма?» –  дегенде, олар: «Жоқ», – деп жауап қатты. «Олай болса, мекені мен иманы болып, пана іздеп келген мұһажирлерді махаббатпен құшақ жая қарсы алған ансарларсыңдар ма?» – дегенде, барлығы бірауыздан:

«Жоқ», – деді.

 Сонда Али Зәйнулабидин:

«Сендер не мұһажирлерден, не ансарлардан емеспіз деп өздерің айттыңдар. Мен де сендердің мына аяттағы топтан болмағандарыңа куәлік етемін:

 وَالَّذِينَ جَاؤُوا مِن بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالْإِيمَانِ وَلَا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا  غِلّاً لِّلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ  

«Раббым! Бізге және бізден бұрын иман еткен бауырларымызға кеңшілік жаса, біздің жүрегімізге мүминдерге қарсы жаулық салма! Сен өте жарылқағыш, әрі аса мейірімдісің! – деді олардан кейін келгендер» (59. Хашыр сүресі, 10-аят).

Соңғы сөзін айтқан соң құзырынан кетулерін талап етеді де, оларға «бірліктерің ыдырасын» деп дұға етеді. Али Зәйнулабидиннің Зәйд есімді ұлы 699 жылы Мәдинада дүниеге келді. Қырық екі жылдай ғұмыр кешкен ол 740 жылы халифа әскерлерінің қолынан қаза табады. Имам Зәйд әкесінен сауатын ашып, діни тәрбие алады. Әкесінен әһлу бәйттің риуаятын үйренген ол он төрт жасынан бастап, Әбу Ханифаға дәріс оқыған заманының заңғар ғалымы өз ағасы Мұхаммед Бақирдың алдында шәкірттік парызын өтейді. Өсе келе әһлу бәйттен болған ғылым иесі Абдуллаһ ибн Хасанның алдында ілімін толықтырады. Пайғамбар мешітіндегі ғылыми сұхбаттарға қатысып, табиғин (сахабаның көзін көрген) ғалымдардың тәлімінен сусындайды. Имам Зәйд әкесі секілді Мәдинада беделі жоғары, жөні бөлек тұлғаға айналады.

Ислами ілім нәрімен сусындаған ол Мәдина қаласынан шығып, өзге аймақтарға сапар шегеді. Негізінде Хазіреті Хусейн шәһид етілген соң, әһлу бәйт мүшелері Мәдина қаласынан өзге аймаққа шықпаған. Тек қажылық үшін ғана қаладан тысқары шығатын. Ал имам Зәйд бұл дәстүрді бұзып, білімін шыңдау үшін өзге аймақтарға баруды жөн санайды. Басра қаласында болған кезде муғтазиләның құрушысы Уасыл ибн Атамен танысып, муғтазиләның сенімдерін зерттеуге ден қояды. Оның муғтазиләні азды-көпті зерттеуі алдағы уақытта пайда болатын зәйдия мәзһабының ақида мәселесінде муғтазилит сенімін ұстануына ұйытқы болды.

 Имам Зәйд Ирак пен Хижаз ғалымдарының дәрісін тыңдап, сұхбаттасып, мол тәжірибе жинақтайды. Мәдинада қалған уақытында шәкірт тәрбиелеуге ықылас танытқандықтан, шәкірттерінің қарасы молая түседі. Құран оқығанда қырағаты да сондай әсем, әрі әуезді болатын. Бұл жөнінде Әбу Ханифа: «Зәйд ибн Алиді көрдім. Заманында одан асқан білімді, кез келген сауалға жауабы әзір, сөзі кестенің жібіндей түзу жанды кезіктірмедім. Ол расында да теңдессіз бір адам еді»,- дейді[1]. Умея билігі (661-750 ж.ж.) тұсында әһлу бәйт өкілдері яғни Пайғамбар әулеті тек ғылыммен айналысып, діндарлық жолды таңдады.

Ол саясаттың соқпағына араласпау үшін Мәдинадан сыртқа шықпауға бел байлайды. Олардың ішінде Шам мен Ирак аймағына  көбірек сапар шеккен тек қана имам Зәйд болатын. Умея билігінің қыспағы қаншалықты күшті болғанымен шиит ағымының тегеурінін тежей алмады. Әр аймақта шииттік әрекеттер астыртын әрі ашық түрде ұйымдастырылып отырды. Әһлу бәйт мүшелері шиитерден бойларын аулақ ұстады. Аббас ұрпақтары Умея билігін құлату жолында билікке наразы шииттерді шебер пайдалана білді. Шииттер қозғалысы ретінде танылғанымен өз саясатын  астыртын жүргізген Аббас ұрпақтары көзге түспей, керісінше, әһлу бәйт өкілдері назарға ілігіп отырды. 724-743 жылдары халифа билігіне келген Һишам ибн Абдулмалик, назарға іліккен имам Зәйдтің артынан тыңшы салады. Сол арқылы билікке қарсы ұйымдастырылған шииттік әрекеттің алдын алмақ болады. Алайда имам Зәйд билікке, саясатқа қарсы ләм-мим деп артық ауыз сөз айтпайтын. Халифа Һишам сонда да имам Зәйдті бақылауынан тыс қалдырмады. Себебі әһлу бәйттің қоғамдағы беделін жақсы білгендіктен, әрі олардан келетін қауіптің алдын алу мақсатында Мәдинаның әкіміне әһлу бәйт арасына іріткі салуды тапсырады. Мәдина әкімі, имам Зәйд пен көкесі Хасан ибн Алидің ұрпақтары мұра мәселесінде ымыраға келе алмай жүргенін естіп, екі жақты да құзырына шақырып, мәселені көпшіліктің алдында шешпекші болады. Мақсаты – бір әулеттің өкілдерін дүниелік зат үшін бір-біріне жағымсыз сөздер айтқызып, ел алдында масқаралап, абыройларын айрандай төгу.

Имам Зәйд әкімнің қара ниетін сезіп, мұра мәселесінен бас тартады. Дегенмен арам пиғылды әкім көпшіліктің алдында имам Зәйдтің беделіне нұқсан келтіру үшін алдын-ала дайындап қойған сөзшең адамдары арқылы ауыр-ауыр сөздер айтқызады.

 Имам Зәйд бүліктен қашу мақсатында олардың жоспарлаған әрекетіне әдейі жауап қатпайды. Осы оқиғадан бастап, ол Мәдина қаласының сыртына шықса, түрлі қыспақ пен қиыншылыққа тап бола бастайды. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған Мәдина әкімінің қысымына қапа болған имам Зәйд халифа Һишам ибн Абдулмаликке барып шағымданбақ болады.

Халифа Һишам әуелде имам Зәйдті қабылдамайды. Құзырына қанша рет барғанымен, ылғи «Мәдинадағы үйіңе қайт», – деген бір жапырақ қағаз жолдайды. Алған бетінен қайтпай, өжеттілігінен танбаған имам Зәйд ақыры халифамен кездеседі.

Халифа оны қабылдағанымен, отыратын орын ыңғайламай, ыңғайсыздау жағдайға қалдырады. Халифаның бұл әрекетіне ызаланған имам Зәйд:

 «Әй, мүминдердің әміршісі! Ешкім тақуалықтан басқа жолмен ұлылыққа жете алмайды. Ешкім тақуасыз болғандығы үшін кішіреймес», – дегенде көздері шатынай түскен халифа:

«Өшір үніңді, ей, анасыз болған. Бір күңнің баласы бола тұра, халифалыққа сұқтанған сен емессің бе?» –  деді. Шешен адам, айтушы ердің ұстасы имам Зәйд:

«Аллаһтың құзырында ешкімнің дәрежесі пайғамбардың дәрежесінен артық бола алмайды. Хазіреті Исмайл (а.с.) де күңнен туған бала еді. Ал, бауыры (Хазіреті Исхақ а.с.) азат әйелден туған болатын. Бірақ Аллаһ Хазіреті Исмайлды (а.с.) пайғамбар етіп жіберді. Адамзаттың ардақтысы Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) да Хазіреті Исмайлдың (а.с.) нәсілінен. Атасы Пайғамбар, бабасы Хазіреті Али (р.а.) болған мен секілді адамға мұндай сөз айтылмау керек», – деді.  

«Сыртқа шық», – деп дауыс көтерген халифаға имам Зәйд:

 «Шығып барамын, бүгіннен бастап әрдайым сен қаламаған жерде боламын», – деп халифа сарайынан шығып кетеді.

Ақ жерден қара болып, халифа адамдарынан қысым көре берген Имам Зәйд  шыдамы таусылып, халифаға қарсы көтеріліс ұйымдастыру үшін Куфаға* бет алады. Бұл әрекетіне қолдау көрсету үшін келген куфалық шииттерден имам Зәйд ант қабылдағанда:

 «Аллаһ және Оның Елшісі (с.а.у.) атына уәде бер, сертіңе берік бол, дұшпанмен соғысып, маған шын беріл», – деп адалдық сөздерін алды. Имам Зәйдқа аз уақыттың ішінде он бес мың куфалық серт берсе, Ирактың өзге қалаларынан да оны қолдаушылар табылып, олардың саны қырық  мыңнан асып жығылады. Куфалықтарға сенім жоқ екенін әһлу бәйттің үлкендері бірнеше рет ескерткенімен, имам Зәйд бағытынан қайтпады. Иракта болып жатқан мұндай суыт хабар құлағына жеткен соң, халифа дереу имам Зәйдті тұтқындауға әмір береді. Бұл тұста көтерілісті қай күні жасау мәселесі Куфада талқыланып жатқан-ды[2].

Өкініштісі, куфалықтардың үнемі сын сағатта уәдесінен жалтарып кететін әдеттері бар еді. Сонымен қатар шииттер әһлу бәйт өкілдерінің сенімдері өздерінікінен өзгеше екенін білетін. Сол себепті бір топ шииттер имам Зәйдқа келіп:

 – Әбу Бәкір, Омар (р.а.) жайында сен не дейсің? – деді. Имам Зәйд:

 – Екеуіне де Аллаһтың рақымы жаусын! Мен отбасымнан олар жайында жаман сөз естімедім. Мен де олар жайында жақсылықтан басқа айтарым жоқ, –  деді. Шииттер: – Олай болса, әһлу бәйттің өшін не үшін алмақшысың? – дегенде, имам Зәйд:

 – Есімін атаған екі кісі жайлы айтатын ең жаман сөзім, әһлу бәйт халифалыққа лайық еді. Бірақ халық оларды таңдап, бізге қызмет бермеді. Мәселе осылай болды екен деп, оларды кәпір дей алмаймыз. Олар мемлекетті әділ басқарды. Кітап пен сүннет бойынша ел биледі, – дегенде  шииттер:

– Ендеше не үшін соғысасың? – деді. Имам Зәйд:

– Умеялықтар олар секілді емес. Олар халыққа зұлымдық жасауда. Ал мен болсам, Аллаһтың кітабына, Расулаллаһтың сүннетіне, ұмытылған сүннеттерді тірілту үшін соғысамын. Маған ерсеңдер, сендер үшін,  әрі мен үшін жақсы. Әрине, маған еріңдер деп қинамаймын, – деп жауап қатады. Шииттер осыдан кейін оны тастап кетеді[3].

 Өйткені шииттердің сенімі бойынша, бірінші халифа Хазіреті Али (р.а.) болуы керек еді, бірақ Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омар (р.а.) халифалықты тартып алды. Сол себепті ол екеуін кәпір, залым санап, сырттай дұшпандық көзқараспен қарайтын. Сондықтан имам Зәйдтен әдейілеп осы жайында сұрап, мәселенің басын ашып алудағы мақсаттары сол болатын. Халифа Һишам Ирак аймағына жаңа әкім етіп Юсуф ибн Омарды тағайындайды. Ол билікке қарсы ұйымдасқан көтерілісшілердің алдын орау үшін барлық айла-шарғысын қолданып баққанымен, көтерілістің нақты қай күні болатынын біле алмайды. Имам Зәйд сақтық үшін үнемі орын ауыстырып отырды. Ақырында әкімнің адамдары қолға түскен екі тұтқын арқылы көтерілістің 740 жылы 6-шы қаңтар (сәрсенбі) күні болатындығын білді. Әкім Юсуф ибн Омар 5-ші қаңтар (сейсенбі) күні куфалықтарды мешітке жинап, Шамнан алдырған екі мың кісілік арнайы жасақпен қоршап тастайды. Ертесіне имам Зәйд көтеріліске атойлап шыққанымен, халифа әскерінен қорыққан қолдаушылары уәделерінен тайқып кетеді. Имам Зәйд оларға қанша үндеу тастап, шақырғанымен екіжүзділік танытып, опасыздық жасайды. Амалы таусылған ол, өзіне адал екі жүз он сегіз серігімен шайқасуға мәжбүр болады. Сан жағынан да, сапа жағынан да мықты халифа әскерінен қаймықпай шайқасқан көтерілісшілердің тегеурінін тежеу үшін садақтан оқ жаудырылады. Қатары біршама сиреп қалған көтерілісшілердің басшысы имам Зәйд те маңдайына оқ тиіп, майдан даласында қаза болады[4].

 Халифа Һишам имам Зәйдті өлтіріп қоймай, қабірден денесін қаздырып алып, Куфа қаласының ішіндегі алаңға астырып қояды. Бірнеше тәулік күнге қақталып, асылып тұрған имам Зәйдтің мәйітіне халифа бұйрығына сәйкес от қойып өртеп, күлін көкке ұшырып жібереді[5]. ә) Имам Зәйдтің саяси ұстанымы Шииттік  ағымдардың арасында әу бастан үлкен дауға айналған мәселе – халифалық (имамдық). Олардың сенімдері бойынша, халифалық сайлаумен емес, мұрагерлік жолмен болуы керек. Хазіреті Али (р.а.) Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) мұрагері болғандықтан халифалыққа бірінші әрі ең лайық тұлға. Осыдан келіп, Әбу Бәкір мен Омарға (р.а.) «Алиден халифалықты тартып алған, олар залым, күпірлік жасаушылар» деген айып тақты. Хазіреті Али мен Хазіреті Фатимадан (р.анһа) тараған ұрпақ күнәсіз, пәк жандар, ақырзаман келгенде  жер бетінде әділдіктің ақ туын көтеретін, зұлымдық атаулының көмекейіне құм құятын Мәһди осы ұрпақтан шығады деген сеніммен қарайды. Әһлу бәйт өкілдері шииттердің мұндай шектен шыққан сенімдерімен келіспейді. Сол секілді Имам Зәйд те осындай жаңсақ пікірлерді теріске шығарып, көптеген аймақта болып, өз насихатын таратып, шәкірттер оқытады. Имам Зәйд: «Хазіреті Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) залым тұлғалар емес, олар елді әділ билеген халифалар» деп, өз ұстанымын ашық айтып жүрді. Ол халифалық Али (р.а.) ұрпақтарына мұра ретінде өтеді деген қағидаға қарсы келіп, тіпті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алиді (р.а.) өз орнына мұрагер етіп тағайындамады деген пікірде болған. Тек, Алидің (р.а.) халифалыққа лайық тұлға екендігін айтқан. Әрине, лайық тұлғаның халифа болуына ешқандай кедергі жоқ. Негізгі мақсат – елді әділ басқару. Сондықтан Әбу Бәкір мен Омарды (р.а.) әділ халифалар деп санаған. Имам Зәйд шиит сеніміндегі имамдардың күнәсіз, пәк деген пікірлерін қабыл етпеген. Өйткені пайғамбарлар да қателесуі мүмкін деген пікірін алға тартып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Бәдір соғысынан кейін тұтқындарды өлтірмей, құн төлетіп, босатқанын мысалға келтіреді. Расында Бәдір соғысынан кейін қолға түскен тұтқындарды «не істеу керек?» деген мәселе туғанда Хазіреті Омар оларды өлтіруді ұсынса, Хазіреті Әбу Бәкір құн төлетіп, босатуды қалады. Хазіреті Пайғабарымыз да (с.а.у.) тұтқындарды құн төлетіп, босатуды жөн көреді. Бірақ бұл оқиғадан кейін Аллаһтан аят түсіп, оларды өлтіру керектігі білдіріледі. Әһлу бәйт өкілдері де, имам Зәйд те имамдар күнәдан пәк деген пікірге үзілді-кесілді қарсы болғанымен, адасушы шииттер бұл сенімнен айнымады. Имам Зәйд шәһид болғаннан кейін де оның жақтастары мен кейінгі зәйдия шииттері имамдардың күнәсіз екендігін аятпен дәлелдеуге тырысты. Зәйдия шииттері «Әли Имран» сүресінің 59-61 аятына сүйене отырып, Хазіреті Али, Хазіреті Фатима және олардың ұлдары Хазіреті Хасан мен Хусейнді күнәдан пәк жандар ретінде санады[6].

Имам Зәйд имам болатын тұлғаның бойында төмендегідей қасиеттердің болуы қажеттігін айтқан: «Имам құрайыш тайпасынан, соның ішінде Һашим руынан болуы керек. Ол ақылды, байсалды, тақуа, ғалым, жомарт және өз халифалығын жариялауы тиіс. Имамдық Һашим руының ішінде Али мен Фатиманың (р.а.) ұрпағынан жалғасын табады. Хасан мен Хусейннің (р.а.) ұрпағынан шығатын имам өзінің халифалығын жариялауы лазым», – деп ойын түйіндейді. Осы сенім негізінде өзі де әділетсіздікке қарсы шығып, имамдығын жариялады[7].

Зәйдия шииттерінің бұл ұстанымдарын  имамия мен өзге шиит ағымдары қолдамады. Қайбір мәзһаб болмасын, үлкен күнәға қатысты үкімді өз ұстанымдарына сәйкес береді. «Үлкен күнә істеген пенденің дүниелік және ақыреттік жағдайы қандай болмақ?» деген сұрақты талқылап, оған Ислам тарихында ең алғаш үкім берген – харижиттер еді. Хазіреті Али мен Муауия арасындағы Сыффин соғысында екі тараптан екі төреші тағайындалып, мәселені бейбіт жолмен шешпек болады. Осы төрелік дауынан басталып, аталмыш соғыста адам өлтіру қылмысын жасаған яғни үлкен күнә жасаған мұсылманға харижиттер «кәпір» десе,  муғтазилиттер: «мүмин де, кәпір де емес, олар пасық» деген үкім берді. Муржия болса: «жасаған күнәлары имандарына зиян тигізбейді» деді. Ал имам Зәйд болса, үлкен күнә жасағанға муғтазилиттер секілді: «мүмин де емес, кәпір де емес, яғни екі мекен ортасындағы бір мекенде болады» деген үкім айтты. «Егер тәубе етсе, мүмин болып, жаннатқа барады, ал тәубе етпестен өлсе, жасаған күнәсі үшін азап шегеді. Бірақ тозақта мәңгілік қалмайды», – деді. Имам Зәйдтің бұлай үкім беруінің себебі де жоқ емес. Жоғарыда өмір жолын баяндағанымызда Иракқа барып, муғтазиләнің негізін салушы Уасыл ибн Атамен кездесіп, сұхбаттасқанын айтып өткен болатынбыз. Міне сол кездесудегі пікір алмасудан муғтазилә ақидасының (сенімінің) әсерінде қалғандығы байқалады. Дегенмен Имам Зәйд толықтай муғтазилә ақидасын ұстанбады. Мәселен, Аллаһтың субути сипаттарын қабыл етіп, тағдыр мен ажалға сенуді уәжіп деп есептеген[8]. Қысқаша баяндар болсақ, Имам Зйдтің сенімі осындай.

740 жылы имам Зәйд шәһид болған соң, оның жақтастары өзара ымыраға келе алмай, жан-жаққа кетті. Уақыт өте келе Зәйдия шииттері өзге шиит ағымдары секілді сахабаларды сөз етіп, оларды тілдеуді әдетке айналдырды. Әһлу бәйттен (Али ұрпағынан) болмағандардың имамдығына мойынұсынбады. Ақырында іштей Жарудия, Сүлеймания және Бутрия болып, үш тармаққа бөлінді. Енді осы аталған тармақтарға тоқталып өтейік.  Жарудия тармағы Әбул Жаруд Зияд ибн Әби Зияд жарудия ағымының негізін қалаушы. Олардың сенімі бойынша, Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) Али ибн Әбу Талибті (р.а.) өзінен кейін тікелей атын атап, мұрагерлікке сайлап кетпегенімен оның бойынан табылатын ерекшеліктерді сипаттап, өсиет еткен. Ал халық Хазіреті Әбу Бәкірді (р.а.) халифа етіп сайлаумен үлкен қателікке бой алдырып, күпірлік жасады деп есептеген. Сол себепті олар Хазіреті Әбу Бәкірдің халифалығын мойындамайды. Имам Зәйд өзі мұндай пікірде болмағанымен, кейінгі жақтастары бұл мәселеде шектен шықты. Имамдыққа таласып, өзара қызылкеңірдек болған жарудиялықтардың жолы екіге айырылды.

 Олардың бір тобы имамдық әуелі Алиден (р.а.) басталып, оның ұлы Хасанға, одан кейін екінші ұлы Хусейнге (р.а.) одан кейін Али ибн Хусейн Зәйнулабидинге, одан оның ұлы Зәйд ибн Алиге өткендігін айтса, екінші топ: Алиге және оның ұлы Хасанға, Хасанның ұлы Хасанға, Хасанның ұлы Абдуллаһқа, одан барып ұлы имам Мұхаммедке өткен деп сенеді. Демек жарудияның бір тобы имамдық Хазіреті Хусейннің ұрпағынан жалғасады десе, екіншісі Хазіреті Хасан ұрпағынан жалғасатындығына кәміл сенеді. Алайда имам Мұхаммедтің имамдығын қабылдаған жарудия шииттері шариғатқа мүлде қайшы сенім ұстанды[9].

Жарудия шииттері өз арасында ақылға қонымсыз, қым-қиғаш мәселелер жөнінде сөз таластырып, күпірлікке бой алдырды. Тіпті оларды ұстанған сенімдерінің өзімен-ақ күпірлікпен айыптауға да болады. Өйткені олар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларын кәпірге санаған[10]. Сүлеймания тармағы Сүлеймания зәйдия шииттерінің негізін қалаған Сүлейман ибн Жәрир есімді шииттің соңынан ергендер. Бұлардың сенімдері бойынша, «Имамдық кеңес арқылы шешілетін мәселе болғандықтан,  үммет ішіндегі беделді деген кемінде екі кісі ақылдасып мәселені шеше алады. Халифалыққа ең лайықты кісі тұрғанда, одан деңгейі төмен кісінің халифа болуы құптарлық жағдай. Ондай жандар халифа бола қалса, билігін мойындау керек».

Олар Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омардың халифалығын мойындап, қабыл етеді. Сол кездегі мұсылмандар ең дұрыс шешімді тәрк етті деп кінә артқанымен, өзге шииттер секілді олардың ешбірін күпірлікпен айыптамады. Сүлеймания шииттері Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омарға (р.а.) шаң жуытпағанымен алғашқы алауыздықтың шығуына себеп болды деген сылтаумен Хазіреті Османға (р.а.) кәпір деп қарады. Мұнысымен тоқтамай,  Хазіреті Алимен (р.а.) шайқасқандығы үшін Айша анамызды, Хазіреті Талха мен Хазіреті Зубайрды (р.а.) кәпір деп айыптаған[11].

Сүлеймания шииттері сахабаларға тіл тигізіп, оларды кәпір дегендігі үшін, әһлу сүннет ғалымдары оларды мұсылман емес, көрсоқырлықпен күпірлікке бой алдырғандар деп санайды[12]. Бутрия тармағы Бутрия шииттері Хасан ибн Салих ибн Хай (қ.б. 783 ж.) және Кәсирун Науаның (қ.б. 875 ж.) (толық аты Әбу Исмаил Кәсир ибн Исмаил) пікірін қолдаушылар болып табылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шииттер имамға сенуді иман негіздеріне кіреді деп біледі. Бұл шииттер де Хазіреті Пайғамбардан (с.а.у.) кейін адамдардың ең абзалы және имамдыққа (халифалыққа) ең лайық тұлға Али деп санайды. Хазіреті Али халифалықты өз разылығымен Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омарға (р.а.) бергендігі үшін ғана олардың халифалығын қабыл етеді. Егер Хазіреті Али (р.а.) халифалықты өз разылығымен  ұсынбағанда Әбу Бәкір опат болар еді деп сенеді.

Ал Хазіреті Османға (р.а.) келгенде өзге зәйдия топтары секілді оған кәпір деместен оның үкімін Аллаһқа тапсырады. Олар Хазіреті Осман (р.а.) көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленген сахабалардың бірі болғандықтан, оған ерекше құрметпен қарайды. Дей тұрғанмен Хазіреті Османды халифа болған тұсында өз әулетін қызметпен қамтамасыз етіп, үммет ішінде әділетсіздіктерге жол берген деп айыптайды. Олар осылайша бұл мәселеге май шаммен қарай келіп, Хазіреті Османның (р.а.) үкімін бір Аллаһқа тапсырады. Бутрия шииттерінің ұстанымы бойынша, Хазіреті Хасан немесе Хазіреті Хусейн (р.а.) ұрпағынан өз халифалығын жариялаған тұлға – ғалым, діндар және батыр болса ғана, нағыз имам. Қайшы жағдайда, олардың имамдығы қабыл етілмейді[13].

 Жоғарыда аты аталған зәйдия шиит ағымдарының үшеуі де үлкен күнә мәселесінде бір пәтуаны ұстанады. Яғни кез келген мұсылман үлкен күнә істеген болса, оның жазасы – мәңгілік тозақ деген[14].

 б) Зәйдия фиқһы  Имам Зәйд 740 жылы шәһид болған соң, әкесінің жолын  ұлы Яхия одан әрі жалғастыру үшін өз жақтастарын бір тудың астына жинап, 743 жылы халифаға қарсы шығады. Өкінішке орай, Яхия да әкесі секілді майдан даласында мерт болды. Осыдан кейін имам Зәйдтің ұрпақтары әке жолын қуып, ғылымға ден қояды. Сол кезеңде Ирак аймағында танымал ғұлама Әбу Ханифаның түрлі мәселеге байланысты берген үкімдері халық тарапынан қолдау тауып, оның ілімінен сусындауға ниет білдірген шәкірттердің саны күннен-күнге арта түсті. Имам Зәйдтің ұрпақтары да Әбу Ханифаның фиқһынан тәлім алған. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, кейінгі ұрпақтарынан Қасым ибн Ибраһим әр-Расси, оның немересі әл-Һади Яхия ибн Хусейн ибн Қасым есімді танымал ғалымдар шығады. Олар фиқһ мәселесінде көбіне ханафи фиқһына жүгіне отырып үкім береді.

 Зәйдия шииттерінің өзге шииттерден басты ерекшелігі – әһлу бәйт имамдары риуаят еткен хадистерді алумен қатар, әһлу сүннет ғалымдарының да пәтуалары мен үкімдерін басшылыққа алады. Өзге шиит ағымдары тек әһлу бәйт имамдары мен кейбір сахабалардың ғана риуаят еткен хадистеріне сүйенеді. Зәйдия шииттері фиқһи мәселеде барлық мәзһаб имамдарының үкіміне жүгінеді. Әсіресе фиқһта ханафи мәзһабының үкімдерін негізге алуымен ерекшеленеді. Зәйдия шииттері Ислам дүниесінің шығысы мен батысында, яғни Хижаз бен Ирак, Йемен аймақтарынан өз қоныстарын тапқан[15].  

Өзге шииттерге қарағанда зәйдия шииттері әһлу сүннетке біртабан жақын тұрғанымен, ақида мәселесінде шынайы ислами ұстанымдардан алшақ кеткен тұстары жеткілікті. Мәселен, харижиттер мен муғтазилә сенімін ұстанып, үлкен күнә жасаған мұсылманды мәңгілік тозақтық деп таниды. Хазіреті  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларына тіл тигізіп, кәпір деп айыптап, күпірлікке бой алдырған.                                    

 

 

[1] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 625-бет. * Ирактың сол кездегі ірі қалаларының бірі еді.

 [2] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 626-627-бет.

 [3] Hüseyn Algül, Islam tarihi,   3-том, 135-бет.

 [4] С.Сейтбеков, С.Нысанбаев, Ислам тарихы,  53-бет.

[5] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 629-бет.

[6] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 635-637-бет.

 [7] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 126-бет.

[8] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 639-640-бет.

 [9] Мuhammed Abdulkerim es-Şehristani, el-Milel ven-Nihal, аударған: Mustafa Öz, ж.к.е., 159-160-бет.

[10] Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi, ж.к.е., 27-бет.

[11] Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi, ж.к.е., 28-бет; Мuhammed Abdulkerim es-Şehristani, el-Milel ven-Nihal, аударған: Mustafa Öz, ж.к.е., 161- бет.

 [12] Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi, ж.к.е., 28-бет

[13] Мuhammed Abdulkerim es-Şehristani, el-Milel ven-Nihal, аударған: Mustafa Öz, ж.к.е., 162- бет.

 [14] Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi, ж.к.е., 29-бет. [15] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 648-650-бет.

 

0 пікір