Ұлықбек таблицаларының құндылығы
Ұлықбек таблицаларының құндылығы
09.11.2015 17:33
3096
0

Қай халықтың болмасын ғасырлардан тартқан тамырлы тарихы бар ғой. Өз кезегінде ол тұлпар тақілеттес тау тұлғаларымен әдіптеліп, кейінгі ғасырларға мұра болып қалдырылды. Бұл оның өзгеге ұқсамас өзіне тән тектілігі мен ұлылығын байқатып отырды. Расында кез келген ұлттың  мақтанышпен айтып, айрықша дәріптейтін тұлғалары болады. Олар өз ұлтының айбынына айналып, тағылымы бөлек мектептің негізін қалап кетеді. Сондай бір іргелі мектептің өкілі - Ұлықбек болатын. Өзі іргесін қалап жетекші болған мектеп ол өлгеннен кейін-ақ орны орасан ойсырап, жойылып кетті. Тіпті ол тұрғызған обсерватория да қиратылып, едәуір қырғынға ұшырады. Алайда, бар жазбалары және пайдаланған кітаптары бізге жетті. Енді жерде осынау мол мұраны ұқсатып алып,  қажетімізге жаратуымыз тиіс. Бұл, түптеп келгенде, кейінгі толқын - жастардың қаперіне ілер құнды дүние болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, ғұмырын ғылымға арнап, соған сүбелі үлес қосқан Ұлықбектің орны алабөтен. Оның біз бір-ақ,  әрі ең құнды еңбегі – «Зидж-и Гурәганиді» алып қарайықшы. Ол – Евклидтің «Негіздерімен», Птолемейдің «Әлмәгесімен», Бирунидың «Өткен буындар ескерткіштерімен», Галилейдің «Дүниенің екі жүйесі туралы екі кісінің әңгімесімен» қатар қоярлық ұлы шығарма. Ұлықбектің есімін ғылымдар тарихында қалдыру үшін осының өзі де жеткілікті. «Зидж» - парсы сөзі, мағынасы – «астрономдар мен географтар пайдалану үшін жасалған арнайы таблицалар жинағы». Сонда «Зидж-и Гурәгани» Ұлықбек Көреген жасаған таблицалар болып шығады. «Таблицалар» дегенге Ұлықбек еңбегін графаларға жазылған жалаң сандардың жинағы екен деп ойламау керек, онда ғалымның ірі-ірі табыстары бар. Ұлықбек оған ширек ғасыр еңбек сіңірген. «Зидж-и Гурәгани» негізінен алғанда 1437 жылы, Жәмшид Кәши мен Қази-зада Руми өлгеннен кейін, жасалып біткен, бірақ оны Ұлықбек өзі өлгенге дейін толықтырып, өңдеп отырған.

Ұлықбек кітабындағы таблицалар үш түрлі: астрономиялық таблицалар, географиялық таблицалар және тригонометриялық таблицалар. Географиялық таблицаларда Испанияның, Суданның, Мысырдың, Сирияның, Византияның, Ирактың, Арменияның, Әзербайжанның, Иранның, Ресейдің, Орта Азияның, Үндістанның тағы басқа елдердің көптеген қалаларының, жалпы алғанда 683 елді пункттің, географиялық координаталары (бойлықтары мен ендіктері) келтірілген. Координаталар аса зор дәлдікпен берілген. Ұлықбек таблицалары карталарды жақсартты, география ғылымын өте жоғары сатыға көтерді. 

Тізіліп қойылған кілең таблицалар түсінікті бола бермейді, олардың қалай жасалғандығын, теориялық негіздерін баяндап беру керек. Осы мақсатпен Ұлықбек өз еңбегіне көлемді кіріспе берген. Кіріспе 4 бөлімнен құралады. 19 тарауға бөлінген уақытты өлшеу әдістері мен күнтізбелер жүйелері айтылған. 21 тарау екінші бөлімде астрономиялық есептеулер мен аспанды бақылау методикасы баяндалған. Үшінші бөлім (13 тарау) Күн мен Айдың, ғаламшарлардың қозғалыстарына арналған. Ақырғы шағын ғана төртінші бөлімде, дәстүр бойынша, астрологиялық «мағлұматтар» келтірілген. Бір сөзбен айтқанда, Ұлықбек бұрынғы-соңғы ғалымдардың еңбектерін тәптіштеп зерттеу арқылы өзінің зерделі зияткерлігін танытып,  «біз бұрын анықталған жұлдыздарды қайта бақылап шықтық та, тек бұлардың ішінен Самарқандта көрінбейтін 27 жұлдызды ғана бақылай алмадық. Олар: Алтарь шоқжұлдызының жеті жұлдызы, Кеме шоқжұлдызының сегіз жұлдызы (отыз алтыншысынан қырық біріншісіне дейін және қырық төртінші, қырық бесінші жұлдыздары), Центавр шоқжұлдызының он бір жұлдызы (жиырма жетіншісінен ақырына дейін) және Бөрі шоқжұлдызындағы оныншы жұлдыз... Біз бұлардың орындарын хиджраның 841 жылына (яғни 1437 жылға) сәйкес келтіріп отырмыз, бірақ олардың әрбір 70 жылда бір градус ілгері жылжып тұратынын еске алып, кез келген уақыттағы орындарын тауып алуға болады», - деген сыңайлы анық-қанық тұжырымдар жасады. Одан бөлек, ол астрономияның тригонометриялық функцияларын қарастырып, олардың жалпы мәндерінің таблицаларын құрастырды. Өз кезегінде ол таблицалар алпыстық система бойынша бестаңбалы жоғары дәлдікпен беріліп отырды. Шындығында ғылымға осындай орасан үлес қосқан Ұлықбекті жастарымыз әбден білуі тиіс. Өйткені ол бүкіл түркі жұртының мақтанышы боларлық ғұлама ғалым, жан-жақты тұлға.

0 пікір