Уаһабия немесе салафия тобының таухидтағы адасушылығы
Уаһабия немесе салафия тобының таухидтағы адасушылығы
12.02.2016 17:03
4020
0

Уаһабия ағымы деп Мұхаммед ибн Абдулуаһаб есімді кісіге ергендерді айтады. Ол 1703 жылы араб түбегіндегі Нажд елдімекенінде туған. Толық аты жөні: Мұхаммед ибн Абдулуаһаб ибн Сүлеймен ибн Әли ибн Мұхаммед ибн Ахмад ибн Рошид. Ал «салафия» сөзі – араб тілінің «салаф» сөзінен шыққан. Салаф деген сөзді бір ауызбен айтсақ, өткен ата-бабалар дегенді білдіреді. Дінде қолданылатын салаф салих сөздерінің мәні сахабалар мен тәбиғиндер өмір сүрген  алғашқы мұсылмандардың үш алтын ғасырына қатысты айтылады.

Бұл топ сол алғашқы мұсылмандарға ерушілерміз деп өздерін соларға жатқызады. Әрине, ол бос ұран ғана. Жалпы діни білімі жоқ, қараңғы  халықты өздеріне тарту үшін осындай ұрандар тастап, барынша баурауға тырысады. Ислам дінінде жалған ұран, негізсіз үндеуге жол жоқ. Ақиқатқа жету жолы – білім арқылы, айқын дәлелдер арқылы және жоғары рухани жетістіктермен айқындалады. Әрине, бұл жолда өте терең  ізденімпаздық танытуға, барлық күш қуатты жұмсауға тура келеді. Себебі ақиқат аса қымбат нәрсе, сол үшін де Алла Тағаланың  көркем есімдерінің бірі – Әлхақ.

Әр топ өзін ақиқат жолындамыз дейді (уаһаби, хабаши, хизбуттахрир, ихуан, сүлейменші, нұршы, таблиғшы, кейбір адасқан сопылар). Олардың адасушылығын анықтау үшін өте терең білім және ізденіс талап етіледі. Уаһабия немесе салафия деп екі бөлек аталғанмен олар бір ағымның аты. Өз іштерінен мадхалиттер секілді бөлінген атаулары да бар. Олардың ұстанымдары, сенімдері бір болғандықтан, ешқандай айырмашылығы жоқ.

Бұл топтың шығу тегі Ислам әлемінің құлдырау кезеңіне тура келді.  Сол шақта дамыған елдер (империялар) Африка және Азия елдерін отарлай бастаған еді. Көптеген елдер батыс мемлекеттерінің отарына айналды.

Ағылшын мемлекетінің басшылары мұсылмандар арасындағы билікті әлсірету үшін Сауыд тайпасы мен Мұхаммед ибн Абдулуаһабты қолдады, оған саяси және қаржылай көмек берді, қару жарақпен де көмектесті. Сол уақыттан бері ол жер сауыт  тайпасының атымен – Саудия (Сауд Арабия Корольдігі) деп  аталады. Ал дін саласын осы күнге дейін Мұхаммед ибн Абдулуаһабтың  ұрпақтары басқарады. Мұхаммед ибн Абдулуаһаб өзінің радикалды көзқарастарын  Ахмад ибн Таймия (һижри жыл санауы бойынша 661, милади 1263 жылы Шам өлкесіндегі Хиран дейтін елдімекенінде туған) деген кісінің және оның шәкірттерінің еңбектерінен алады. Уаһабия ағымының мұсылмандардың 95 пайызы (әһлі сунна уа жамаға) ұстанатын  ақида, сенім,  фиқһ, заң жағынан көптеген айырмашылықтары бар.

 

Ақидаға байланысты айырмашылықтары.

 

Айтып кететін маңызды мәселе, біздің бұл мәселелерді дәйек еткен кездегі мақсатымыз – оларды күпірліке шығарып,  хабашиттер секілді мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, жек көргізіп, ібіліске жәрдем болу емес, керісінше әр мұсылман осы топтардың шығу тегі қандай, олардың ұстанымдыры не екендігін таныту және бұл діни ұстанымдардың ислам дініне қаншалықты қайшы келетіндігін көрсету ғана. Сәләфи ағымы іштей бірнеше жікке бөлініп кеткенімен, таухид (сенім) тұрғысындағы ұстанымдары ортақ. Олар оны дәріптеуде бар мүмкіндіктерін пайдаланады.

 Уаһабилер таухидты үшке бөледі:

1. Рубубия таухиді.

2. Улуһия таухиды.  

3. Есім сипаттар таухиді.     

                                                           

  1. Рубубия таухиді.

 

Мағынасы: Алла Тағала жалғыз, барлық нәрсенің раббысы, патшасы, оның серігі жоқ, әлемнің  жаратушысы, барлық әлемді  басқарушы деп сену.

Олар айтады: бұл таухидты барлық құрайыш мүшріктері мойындады және бұдан да басқа дін өкілдері: яһуди, христиан, буддисттер де мойындады дейді. Сол үшін де кім рубубия таухидын мойындаса, ол ислам дінінде болып есептелмейді. Тіпті улуһия таухидын мойындағанша  дейді. Олардын дәлелі:                                                                                                                                   «Лұқман» сүресінің 25-аяты: «Ей, Мұхаммед! Егер олардан аспандарды және жерді кім жаратты?» деп сұрасаң, олар міндетті түрде: Аллаһ, дейді. Айт: «Барлық мақтау Аллаһқа!» деп. Бірақ олардың көбі білмейді».  Осы секілді аяттарды келтіреді.

 

  1. Улуһия таухиды.

Мағынасы: Алла Тағаланы ғибадат істерінде жалғыз деп санау. Оған дәлел «Фатиха» сүресінің 5-аяты. «Саған ғана құлшылық жасаймыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз!» Осы секілді аяттарды келтіреді.

Олар Алла Тағала адамзат пен жынды улуһия таухиды үшін жаратты және елшілер мен кітаптар осы үшін жіберілген дейді.Улуһия таухидын мойындамайтын мүшріктер және өзге дін өкілдері адасқан дейді. Тіпті өздерін қолдамайтын 95 пайыз мұсылмандарды улуһия таухидын мойындамады деп күпірлік немесе бидғатта айыптайды. Сол үшін уаһаби немесе салафи жамағаты исламның өзге топтарын мойындамай, жек көріп, аямай ажалға қиятыны да содан. Бұл өте қатерлі нәрсе себебі әлемнің 95 пайыз мұсылмандары матруди немесе ашғари мектебін ұстанады. Олардың ұстаздары Ибн Таимия өзінің «Минһажусунна» деген кітабында мұсылмандардың 95 пайызы ұстанатын Матруди және Ашғари ақидасы жайлы былай дейді: «Олар таухидтан тек рубубия таухидын білді; ол – Алла  әрбір нәрсенің Жаратушысы және оның Раббысы деп мойындау; ал улуһия таухиды мен есім сипаттар таухидын одан шығарып тастады: Бұл рубубия таухидын мүшріктер де мойындайтын еді,» деп жалпы мұсылмандарға тілін тигізді. Сондай-ақ «Рисалату аһлу соффа» деген кітабының 34-бетінде былай дейді: «Рубубия таухиды күпірлікті қайтармайды және оған жетерлік болмайды,» деді. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Қоуағид арбаға» атты кітабында былай дейді: «Біздің заманымыздағы мүшріктер алдыңғы мүшріктерден де ширк жағынан асып түсті. Өйткені алдыңғылар кеңшілікте Аллаға серік қосып, қиыншылықта Аллаға ықыласты болатын, ал біздің заманымыздағы мүшріктер кеңшілікте де қиыншылықта да әрдайым ширк қылады» деп өзімен замандас мұсылмандарды ширкте айыптады. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб өзінің ұстазы секілді 95 пайыз мұсылмандарды күпірлік жасады деп айыптады. Бұл өте қатерлі мәселе, себебі қазіргі радикалдық террористік топтар осы көзқараста. Сондықтан бұл мәселенің қате екенін баяндаймыз.

Біздің матруди және ашғари ғалымдары, жалпы әлем мұсылмандары олардың таухидты бұлай үшке бөлуін қате деп есептейді. Өйткені бұл – ислам негіздеріне құран және сүннетке қайшы. Құран және сүннетке сүйенетін болсақ рубубия мен улуһия бір мағынада келеді. Оған дәлел «Юсуф» сүресі 39-аят «Әй, менің абақты жолдастарым! Бөлек-бөлек Раббылар жақсы ма? Немесе әрнәрсеге өктем жалғыз Аллаһ жақсы ма?» деп келеді. Міне мына аят арқылы адамдар көпқұдайлыққа сеніп, оларға табынғанын көреміз. Уаһабилер айтқанындай адамзат баласының барлығы Раббысын бір деп санады. Тек улуһияда қателесті деуі қате болып шықты. Кеһф сүресінің 38-аяты: «Бірақ, менің Раббым, Ол - Аллаһ; Раббыма ешбіреуді серік қоспаймын» деп келеді. Бұл аят та жоғарыдағы айтылған сөздерді растайды, яғни илаһ пен раб бір мағынада келген. Өйткені Аллаһ сөзі– «илаһ» деген сөзден шығады. «Назиғат» сүресінің 24-аятында «Мен сендердің ұлы Раббыларыңмын» деп келтірілген перғауын сөздеріндегі «раб» және «илаһ» сөзі мәндес. Алимам Алхаким өзінің (Мустадрок) кітабының 5901 сахих хадис үзіндісінде Муғира айтты: «Аллаһқа қасам бізді ол нәрсе алып келген жоқ, бірақ біз сондай тастарға (бұттарға) табынатын бір қауым едік, егер де біз әдемірек тасты көрсек, алдыңғы тасты тастап басқасын алар едік және бізге Аллаһ өз ішімізден елші жібермейінше раббымызды танымадық сосын Ол кісі бізді исламға шақырғанда біз оған ердік». Біз бұл  хадисте арабтардың Аллаһқа серік қосып, рубубия және улуһияда кәпір болғанын көреміз. Сахих хадистерде келген хабарда адам қабірге қойылған кезде ( Раббын кім? ) сұралады, егер адамзаттың барлығы раббысын жалғыз деп санағанда бұлай сұрақ қойылмас еді. Керісінше (илаһ) «Құдайың кім?» деп келер еді. Олардың «адамзаттың барлығы Аллаһ Тағаланы жалғыз жаратушы екенін мойындайды» деулері Құран және сүннетке қайшы келеді. Пайғамбар (с.ғ.с) заманында құдайға сенбейтін (даһрилер) болды. «Жасия» сүресінің 24-аяты «Олар: Тіршілігіміз дүниедегі ғана. Өлеміз, өмір сүреміз. Бізді заман ғана өлтіреді» дейді» .Бұлар Құдайды мойындамақ түгілі, тіпті, сенбейтін. Және парсы еліндегі (санауилер) яғни, екі құдайға табынушылар жақсылық құдайы мен жамандық құдайына бұлар да бір құдай деп мойындап тұрған жоқ. «Мәида» сүресі 73-аят «Расында: Аллаһ, үштің үшіншісі дегендер кәпір болды» деп Насараларды күпірлікте айыптады, бұл жерде олар уаһабилер айтқанындай жаратушыны бір деп мойындап тұрған жоқ, керісінше үш құдайды бекітіп тұр. Сол үшін бұл қауымдардың барлығы Аллаһты бір демек түгілі, тіпті, Раббыларын да танымайды. Пайғамбар (с.ғ.с) кезіндегі мүшріктер де Аллаһпен бірге басқа тәңірлерге табынды . Оларды құдай санады. Олар рубубияға да улуһияға да қарсы келді. Себебі, ол екеуі де бір мағынада мүшріктер Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Я, Мұхаммед, сенің раббың мына шіріген сүйекті тірілте ала ма?» деп мазақ қылатын. Егер олар рубубияны мойындағанда бұлай айтпас еді. Ухуд соғысында мұсылмандар жеңілген кезде мүшріктер және Абу Суфиян мұсылмандарға қарап: «уғлу Һубал» деді, яғни, бүгін ұлықтық пен құрмет Һубалға болсын деді. «Һубал» деген сөз арықылы өздерінің құдайын ұлықтап жатыр. Мүшріктер өздерінің құдайларын ұлықтап, оларға табынып пайда және зиян береді деп сенетін. Аллаһ Тағала әлмисақ кезінде рубубиямен шектелді. «Ағраф» сүресінің 172-аятында «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?» дегенде, олар :Әрине куәміз» деген».

Раб пен Илаһ сөзі бір мағынада қолданылған. «Фұссилат» сүресі 9-аятта (Мұхаммед Ғ.С.) «Оларға: сендер жерді екі күнде жаратқанға қарсы келесіңдер ме? Сондай-ақ  Оған теңеулер жасайсыңдар ма? Бұл бүкіл әлемнің Раббы де».) деп олардың рубубияға қарсы келгенін көреміз және бұдан да басқа Құран және хадистерде келген көптеген дәлелдер бар.Таухидты үшке бөлетіндер мүшріктерге бағыттала түскен аяттарды мұсылмандарға жабыстырып, ширкпен айыптауда, олардың малдары мен қандарын адал етуде үлкен қатерге ұрынуда. Сөздің тоқетері Таухид рубубия мен улуһияға бөлінбейді . Екеуі де бір мағына береді. Кім «Раб» деп сенсе ол «Илаһ» деп сенгені ,  ал кім «Илаһ» деп сенсе ол «Раб» деп  сенгені болады.

 

  1. Есім сипаттар таухиді.

 

Мағынасы: Алла Тағала есім сипаттарды бекіту.

Уаһабилер ашғари мен матрудилерді (муаттила), яғни Алла Тағаланың есім сипаттарын жоққа шығарушылар деп айыптайды және оларды муғтазила, жаһмия, философтар қатарына кіргізеді.

Әрине, бұл бос сөз. Матруди және ашғари мектебін терең оқыған кісі бұл сөзді жоққа шығарады. Матруди және ашғари мектебі Алла Тағаланың құран немесе хадисте келген барлық сипаттары мен көркем есімдерін бекітеді. Еш біреуін де жоққа шығармайды. Себебі, матруди және ашғари мектебінде Алла Тағалаға бір сипат немесе есім бекіту үшін міндетті түрде құран немесе хадисте келу керек. Егер құран немесе хадисте келмесе бекітпейді. Бірақ соның ішінде 14 сипатқа ерекше мән береді, өйткені көптеген топтар, жамағаттар осы 14 сипатта адасады, қателеседі; сонымен қоса қарапайым халыққа оңай болсын, олар адаспасын деп 14 сипатты оларға қысқаша келтіріп түсіндіреді. Бұл дегеніміз басқа сипаттарды жоққа шығарады деген сөз емес. Керісінше уаһабилер құран және сүннетте келмеген нәрселерді Аллаға бекітті. Ибн Таимия «Баян талбис жаһмия» деген кітабында: «Егер Аллаһ қаласа масаның үстіне орнығады» деп Аллаға мекен мен шекті бекітеді. «Мажмуғул фатава» деген кітабында құран және сүннетте келмегенді дәйек етіп: «Расында Аллаһ елшісі Мұхаммедті (с.ғ.с.) Раббысы өзімен бірге аршыға отырғызады» дейді. Әрине, бұл Алла Тағалаға лайықты сипаттар емес. Алла Тағала бұл нәрселерден пәк және ұлық. Уаһабилер өздерін салафимыз деп айтқанмен, ақиқатында олардан емес. Мақсаттары тек жалпы надан, білімсіз мұсылмандарды алдау ғана. Егер адам білім алып, ислам дінін тереңдей зерттеп, ізденетін болса онда ол міндетті түрде бұл ақиқатқа жетеді. Бірақ бұл үлкен сабырлылық пен төзімділікті талап етеді.

 

Шірк, күпірлік, ғибадат деген сөздердің мағынасы.

 

Шірк араб тілінде серік қосу деген мағынада қолданылады. Серік қосу зат, сипат, іс жағынан болады. Бірінші зат жағынан Аллаһ Тағала секілді басқа құдайды бекіту, сипат жағынан Алла Тағалаға тән құдірет, білім, есту, көру секілді сипаттарды басқа нәрселерге беру, іс жағынан жарату, өлтіру, зиян істеу, өмір беру секілді Алла Тағаланың ісін басқа нәрселерге бекіту, бұлардың барлығы – серік қосу болып есептеледі. Бұлардың барлығы үлкен шірк деп аталады, ал кіші шіркке (рия) жатады. Яғни, амалдарды Алла үшін емес керісінше адамдар көрсін деп істеу. Үлкен шіркті істеген адам діннен шығады, ал кіші шіркті істеген адам діннен шықпайды, алайда, күнәһар болады.

Күпірлік араб тілінде – қарсы келу, мойындамау деген мағынада. Ал шариғаттағы мағынасы Пайғамбар (с.ғ.с.) алып келген діндегі белгілі нәрселерді мойындамау. Мысалы: Құран және хадис секілді.

 

Ғибадат дегеніміз не? Араб тілінде ғибадат сөзі бойұсыну, өзін төмен ұстау деген мағынада. Ал шариғаттағы мағынасы: Бойұсынған затты Раббы деп сеніп, оған жүрекпен илану немесе сол сеніммен бірге формамен (яғни сәжде, рукуһ секілді нәрселермен) бойұсыну немесе екеуін де келтіру.

Осы үш сөз өте маңызды. Себебі уаһабилер мұсылмандарды сен шірк қылдың немесе күпірлік еттің,  Алладан өзгеге ғибадат етіп табындың деп жала жабады. Бұл өте қатерлі. Сол үшін әрбір мұсылман шірк, күпірлік, ғибадат  деген сөздердің мағынасын білуі керек .

Әрбір мұсылман, тіпті, оқымаған болсын, Алланы бір, Оның серігі жоқ, әр нәрсеге құдіретті  және білуші, естуші, көруші деп біледі. Пайда, зиян тек Алладан екенін біледі; сол үшін оны күпірлікте айыптауға болмайды. Өкінішке орай араб елдерінде әртүрлі радикалды ағымдар (уаһабия, хизбуттахрир, хабашиттер, ихуан муслим,) пайда болған және одан да басқа топтар. Өздерінің ұстанымдарына кім қарсы келсе, мейлі ол мұсылман болсын да оларды шіркте, күпірлікте айыптап, қандарын жүктеп, малдарын талап алуды халал ету де (Алкаида, Талибан, ИГИЛ немесе ДАИШ) осы радикалды топтардың жемісі.

 

Байдуллаев Данияр Ибрахимұлы

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы

 

0 пікір