ТҮЙЕҢДІ ТҰСА, СОСЫН ТӘУЕКЕЛ ЕТ!..
ТҮЙЕҢДІ ТҰСА, СОСЫН ТӘУЕКЕЛ ЕТ!..
29.03.2020 12:45
480
0

Тәуекел - адамның өзіне өзі сеніп кетуі емес, қайта өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Ұлы Алланың құдіретіне сүйеніп, Оның берген тағдырына ризашылықпен көнуі. Жалпы, ешбір адам бүгін жасап жатқан істерінің ертең қандай нәтиже берерін білмейді. Сондықтан мұсылман адамдар әрбір ісінде құдіреті күшті Алла тағалаға тәуекел етеді.  Олай болса, шынайы тәуекел Алла Тағалаға толық иман келтірумен байланысып жатқан қасиет. Иманы толық болмаған жан шынайы тәуекелге де бара алмайды. Өйткені тәуекел ету үшін де иман мен білім қажет. Құран кәрімде Алла тағала: وَعلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ﴾«Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін» - деп бұйырған (Ибраһим, 11). Осы аяттың астарына үңіліп қарасақ, иман келтіргендердің қай ісінде болмасын толық сенім артатын Ұлы Жаратушылары бар ғой. Басқа жаратылыстардың бәрі өткінші екенін олар біледі ғой. Сондықтан басқаға емес, тек Аллаға тәуекел етсін деген мән байқаймыз.Иә, иманды жан жер бетіндегі барлық іс Алланың басқаруымен жүріп жатқанына, дүниедегі бүкіл мүлік пен жүректердің жалғыз иесі Алла екендігіне кәміл иланады. Демек Жер мен Көктің Иесі ұлы Алла тағала қалаған ісін оңғара алады. Тек құлдары тәуекел  етіп, дұға жасаулары керек. Ал «тәуекел ет те, тас жұт», «нар тәуекел - ер ісі», «тәуекел деген жел қайық, өтесің де кетесің» деген аталы сөздер дана халқымыздың осы бір қасиетті қашаннан бойларына сііріп алғандығын аңғартса керек. Алайда кейде «тәуекел еттім» дегенді «Не болса, ол болсын, бір жағынан шығар» деп тәуекелдің кімге сүйенуі керектігіне мән берілмейтін жағдайларды кезіктіріп қаламыз. Шындығында, тәуекел кез келген істі жасауға құдіреті жететін Ұлы Аллаға жасалуы қажет. Құранда Алла Тағала: «Көктердегіжәне жердегі сырды білу Аллаға ғана тән және 

барлық іс Оның алдына барады. 

Құдайға құлшылық ет, Оған бел байлап тәуекел ет. 

Алла Тағала барлық істеріңнен толық хабардар» (Һуд, 123) деп осы ақиқатты білдірген.

Иә, Алла тағала өзіне сеніп тәуекел еткен құлын еш уақытта жалғыз қалдырмайды, күтпеген жерден жақсылығын нәсіп етеді. Өйткені біздің әрбір жағдайымызды Алладан артық білуші жоқ..  Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

مَنْ قَالَ يَعْنِي إِذَا خَرَجَ مِنْ بَيْتِهِ بِسْمِ اللَّهِ تَوَكَّلْتُ عَلَى اللَّهِ لَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ يُقَالُ لَهُ كُفِيتَ وَوُقِيتَ وَتَنَحَّى عَنْهُ الشَّيْطَانُ

 «Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те,қуат та жоқ» десе оған Алла тарапынан «тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктеріңқамтамасыз етілді және қорғауға алындың» делінеді. Ал шайтан одан алыс жүреді» - деген. Мінеки, тәуекелді бір сыры осында жатыр. Олай болса, біздің Алла Тағалаға иманымыз қаншалықты күшті болса, тәуекеліміз де соншалықты мықты болмақ.

Сондай-ақ дініміз рызық-несібе теруде де тәуекелшіл болуға шақырады. Хадис шәріптердің бірінде былай делінген:  «Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертеңұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді».

Абай атамыздың «тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас» деп халқымызды әрі тәуекел етуге, әрі талап етіп еңбекке шақыруы да осыдан болса керек. Олай болса, адал жолмен еңбек етіп, рызық-несібемізді іздесек, Алла тағала аш-жалаңаш қалдырмайды. Пайғамбарымыз: «Бастарыңқимылдап тұрған кезде ризықәсібе жайында уайымдамаңдар. Өйткені, адам анасынан жалаңаш, қызылшақа боп дүниеге келеді. Содан кейін Ұлы Алла оны әртүрлі ризықпен ризықтандырады» -  дейді.

Дегенмен тәуекелдің жөні осы екен деп, әрекет етіп, Алладан береке тілеуді де ұмытпауымыз керек. Мәселен, көлігімізді көшеге ашық-шашық қалдырып, «Аллаға тәуекел еттім» дегені дұрыс болмайды. Сондықтан Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осыған ұқсас бір жағдайда «Түйемді байлайын ба, әлде тәуекел етейін бе?» деп сұраған бір бәдәуиге «түйеңді тұса, сосын тәуекел ет!» - деген еді.Сөз соңында айтарымыз, Аллаға иманымыз кәміл болсын, тәуекеліміз таусылмасын!

 

 А.Ноғаев

 

 

 

 

0 пікір