СӘЛӘФИЛЕР МӘЗҺАБСЫЗБА?
СӘЛӘФИЛЕР МӘЗҺАБСЫЗБА?
28.11.2019 10:09
408
0

Жалпы мәзһаб дегеніміз – «жол, бағыт-бағдар, ұстаным» деген мағыналарды білдіреді. Терминдік мағынасы: арнайы талап-шарттар, қағидалар, тәсілдер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған шариғи үкімдер мен патуалар жиынтығы дегенді білдіреді.

Яғни, мәзһаб дегеніміз – өзінше бөлек бір дін емес, сол Ислам дінінің барлық қасиетті құндылықтарын, әсіресе, қатардағы адамдардың оп-оңай түсініп кете алмайтын күрделі мәселелерін аса ыждаһаттылықпен, терең діни біліммен талдап түсіндіріп беретін мектеп, ұстаз, жолбасшы деуімізге де болады. Мысалы, біз Қазақстанда Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамыз. Нақтырақ айтқанда, Имам Ағзам Әбу Ханифаның Құран және сүннетке сүйеніп шығарған діни үкімдері аясында діни міндеттер мен жоралғыларымызды іске асырамыз. Демек, қатардағы мұсылман үшін Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін дұрыс түсіну үшін, мәзһабқа жүгіну міндет.

Қасиетті құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахл», 43-аят), - деп білім иелеріне жүгінуді, білмегендерін ғалымдардан сұрауды бұйырады. Сонымен қатар «...Білетіндер мен білмейтіндердің тең болмайтындығын» («Зүмәр», 9-аят) алға тартып, білімділердің әрқашан жоғары тұратындығын ескерткен. Олай болса, «мәзһаб ұстанбаймын» деген сөз – «маған ешбір ұстаздың қажеттілігі жоқ, қандайда болмасын құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін өз бетімше түсініп, талдай аламын» деген сөз. Алайда ол үшін Имам Ағзам Әбу Ханифадай ғалым болу керек.

Өкінішке қарай, қазіргі күні арамызда: «Мәзһаб ұстанбаймын, оның не қажеті бар? Пайғамбарымыздың заманында мәзһаб деген болмаған, ол – бидғат» деп, өзі адасып қана қоймай, өзгені де адастырып жүрген, өздерін «нағыз салафтың (нағыз ізгі жандардың) жолындамыз» деп жүрген бауырларымыз, расымен де, мәзһаб ұстанбайды ма?! Жоқ, әрине, ол бекер әңгіме, бекер ұстаным. Себебі, сөз жүзінде мәзһаб ұстанбайтындай көрінгенімен, іс жүзінде олар да белгілі бір мәзһабты, мектепті ұстанады, белгілі бір ұстаздарды пір тұтады. Ал олардың қазіргі таңдағы пір тұтып жүрген ұстаздарының патуалары, идеологиясы біздің ұлттық салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымызға қайшы болумен қатар, діни дұрыс наным-сенімдерімізге де қайшы келетіні жасырын емес. Нәтижесінде, қоғамда сан түрлі алауыздық пен бүліктің туындауына, тіпті, адамдардың діннен безінуіне себеп болып жатқандығы, бесенеден белгілі.

«Мәзһабтың қажеті жоқ» деп жүргендер мәзһабты жоққа шығарудың пайда бермейтіндігін және өздерінің қоғамда жүріп-тұруларына, адамдармен мәміле құруларына кедергі келтіретіндігін де жақсы біледі. Әрі сол тығырықтан шығып, өздерін адамдарға жақсы қырынан көрсету үшін қазіргі таңда «мәзһаб ұстанамыз, ұстану керек» деуге кірісіп те кетті. Тіпті, кейбіреулері «Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамын» деген сөзді де ашық айта бастады. Бұл – бір жағынан, діни сауаты төмен жастарды алдаудың, оларды сендірудің бір жолы болса, екіншіден, өз-өздерін ақтау үшін осындай тәсіл қолдануда. Расында, бұл сөздер олардың түбегейлі Ханафи мәзһабын немесе дұрыс бағыттағы басқа да мәзһаб имамдарын түбегейлі қабылдағандығын білдірмейді. Сонда кім кімді алдап жүр?!

Олай болса, шындығында, мәзһаб ұстанады екенбіз, мәзһабтың қажеттілігін іс жүзінде мойындайды екенбіз, неге дұрыс мәзһаб имамдары мен ғалымдарын, нағыз ізгі жандарды тыңдап, олардың патуаларына сүйенбеске? Неліктен Имам Ағзам Әбу Ханифадай ұлы ғалымдардың дәлел-дәйектеріне сүйене отырып, Құран мен сүннетті бекем ұстанбасқа?!

Қазақта: «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген керемет нақыл сөз бар. Рас, ең алғашқы рет намазға жығылып, бес парыздың бірін бастағанда, кім бірінші ұстаздық еткен болса, сол ұстаздың үйреткен намазы мен айтқан уағызы ғана дұрыс көрінеді, одан басқаның барлығы адасқандай болады. Бұған қатысты қазақта: «ең алғаш келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген де ұғым бар. Алайда, төл дінімізге жол ашылғалы қанша жылдар өтті, бұл уақытта діни сауат алуымызға кең жол ашылды. Түрлі дәрежедегі білімді имам ұстаздар оқып-жетілді, дұрыс пен бұрыстың ара жігін ажырата білетіндей білікті мамандар келіп, көп мәселеде адасып жүргендігіміз, білімсіздікпен көп нәрсені түсінбей жүргендігіміз анықталды. Олай болса, шындыққа тура қарайтын, Сіз бен бізге үйретілген «салафилік, уахабилік жолының» дұрыс емес екендігін ұғынатын кез келді емес пе?!

Кузенбаев Нұрлыбек Шакизадаұлы

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің

 наиб имамы, Дінтанушы

 

 

 

 

0 пікір