САХАБАЛАРДЫҢ ИСЛАМҒА ШАҚЫРУ ҮШІН ЖІБЕРІЛУІ
САХАБАЛАРДЫҢ ИСЛАМҒА ШАҚЫРУ ҮШІН ЖІБЕРІЛУІ
24.08.2021 11:31
915
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «(Уа, Әли) Аллаға ант етейін! Бір кісінің сенің себебіңмен мұсылман болуы, сен үшін қызыл түйелерден (яғни, оларды пақырларға садақа қылуыңнан) қайырлы». («Сахих Бұхари»)

Мисуәр ибн Махрама (р.а.) айтады: «Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалардың жанына келіп, оларға былай деді: «Алла Тағала мені барлық адамдарға рақым ретінде жіберді. Сендер де барып, менің атыма адамдарды Исламға шақырыңдар. Алла Тағала да сендерге рақыммен қарасын. Хауарилердің Исамен (а.с.) таласқаны сияқты сендерде таласқа түспеңдер. Өйткені ол да хауариларын менің шақырғаныма шақырды. Алайда баратын жерлері жақын болғандар шақыруға еріп, мойынсұнған. Ал ұзақ болғандар қарсы келіп, мойынсұнбаған. Иса алайхис-сәләм бұл жағдайды Аллаға тапсырды. Сол кезде Алла Тағала оларға баратын қауымдарының тілінде сөйлей алатын қылды. Сонда Иса (а.с.) оларға: «Бұл Алла Тағаланың сендерге жүктеген міндеті. Енді дереу орындаңдар» - деді. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары: «Уа, Расулалла! Біз сенің атыңа Исламға шақырамыз! Бізді қалаған жеріңе жібер» - деді. 

Олар осылай мойынсұнған соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалардан Абдулла бин Хузәйфаны (Иран шахы) Кисраға жіберді. Сәлит бин Амрды (р.а.) Ямамә патшасы Хауза бин Әлиге жіберді. Ағлә бин Хадраманы (р.а.) Хажар (Бахрейн) әкімі Мунзир бин Сауиге жіберді. Амр бин Асты (р.а.) Жәләнданың Оман патшасы болған екі ұлы Жәйфар мен Аббадқа жіберді. Шужағ бин Уәһб әл-Әсәдиді Гассанилерден Мунзир бин Харис бин Әбу Шәмрге жіберді. Амр бин Умәййә әд-Дамриді (р.а.) Нәжәшиге жіберді. (Алла баршасынан разы болсын).

Бұл құрметті кісілерден Ағлә бин Хадрамиден (р.а.) басқасының барлығы Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салмас бұрын Мәдина Мүнәууәраға қайтып келді. Ал Хадрами (р.а.) Бахрейнде болғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болған еді.

 

0 пікір