САХАБАЛАРДЫҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ
САХАБАЛАРДЫҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ
07.11.2019 11:43
950
0

 Аз уақыт болсын Пайғамбарымызды көзі көріп, иман еткен адам «сахаба» деп аталғанмен Ислам дінінің кең тарап, қанат жаюы жолында танытқан ерен ерліктері мен жанқиярлығы жағынан дәрежелері әр түрлі сахабалар бар. Дін жолындағы бүкіл соғыстарға немесе кейбіреулеріне қатысулары, Алла Расулымен бірге мүшріктерден жапа шегіп, олардан азап көрулері, мал-мүліктерін, бала-шағалары мен үй-жайын тастап, басқа мемлекетке көшуге мәжбүр болуы, сол сияқты дін жолында шейіт болуы тұрғысынан алғанда, олардың арасындағы сахабалар дәрежелерінің әр түрлі болуы табиғилық.

Сахабалардың арасындағы бұл дәреже айырмашылығын хадис ғалымы Хаким ан-Нисабури былайша көрсетеді:

1. Хулафа-ур Рашидин (Әділетті 4 халифа: Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли) және солармен бірге алғаш иман келтіргендер. Бұлардың ішінде көздерінің тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба (әль-ашарат-ул мубашшарату) және олардан кейінгі 6 кісі. 

2. Дар-уль Аркам асхабы. Бұлар – Омар ибн Хаттабтан бұрын иман келтіріп, мұсылман болғандықтарын жасырын ұстап, Аркам ибн Әбул-Аркамның үйінде жиналғандар.

3. Мұсылман болғандықтары үшін Меккеде зорлық көріп, лажсыз Эфиопияға һижрет (көш) жасағандар.

 4. «Бірінші Ақаба сертіне» қатысып, Пайғамбарымызды (с.а.у.) көрген, Оған иман келтірген және серт беріп, қол алысқан ансардың алғашқылары.

 5. «Екінші Ақаба сертінде» Пайғамбарымызбен (с.а.у.) кездесіп, өмірінің соңдарына дейін Оны қорғап-қолдауға сөз берген мұсылмандар. Олардың көпшілігі ансар еді.

 6. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаға жетпес бұрын Құбаға келгенінде, Оған (с.а.у.) келіп қосылған алғашқы муһажирлер.

 7. Бәдір шайқасына қатысқандар.

8. Бәдір шайқасы мен Худайбиия оқиғаларының тұсын-да һижрет жасағандар.

9. Ридуан сертіне қатысқандар. Худайбиияда ағаштың астында Пайғамбарымызға ант бергендер. Құранда олар жайлы: “Шынында Алла ағаш астында саған серт берген мүминдерге разы болды” делінсе, Пайғамбарымыз “сендер бүгін жер бетіндегі ең қайырлы жандарсыңдар”,– деген.

10. Худайбиия келісімі мен Меккенің алынуы арасын-дағы уақытта һижрет еткен сахабалар. Бұлардың арасында Халид ибн Уәлид, Амр ибн Ас және Әбу Һурәйра сияқты белгілі сахабалар бар.

11. Мекке алынған кезде және одан кейін мұсылман болғандар.

12. Пайғамбарымызды Меккенің алынуы кезінде және қоштасу қажылығында көрген жас балалар[1].

 Кейбір жау жағадан алған сын сағаттардағы тозаңның түйіршігіндей жауапты іс қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай кездегі таудай істермен салыстырғанда маңызды, әрі құнды. Бұл ақиқат жайлы Құранда былай делінеді: “Әрине, сіздердің араларыңызда Меккенің алынуынан бұрын Алла жолында мал-мүлкін жұмсап, соғысқан адам мен басқалары тең болмайды. Олардың дәрежесі одан кейін мал-мүлкін жұмсап соғысқандардан үстем. Сондай-ақ Алла бәріне жақсылық уәде етті. Алла сіздердің істегендеріңізден толық хабардар” (Хадид, 10).

 Бұл аятта көрсетілгендей, Ислам дінінің келген алғашқы күндерінде мұсылмандықты қабылдау – басыңды өз еркіңмен қауіпке тігу, яғни, сан түрлі қиыншылықтарға душар болу дегенді ұқтыратын. Бірде хазіреті Әбу Бәкірдің хазіреті Әлиге айтқан мына сөздері сол күндердің қиыншылығын көз алдымызға келтіреді: “Ол күндері көңілді қайғы басып, көзге қан толып, кеудені кек кернейтін. Ызалана қылыш біленіп, жер беті қорқыныштан арылмайтын. Өлімге нар тәуекелмен ғана күн кешетінбіз.  Өйткені, өзімізді қорғап шыбын жанды аман алып жүру қиынның қиыны еді. Қабырғаңды қайыстырып ауыртпалыққа көнбейінше ештеңені түзету мүмкін емес-ті. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде әке-шеше, туған-туыс, барымыз бен жоғымызды, бүкіл дүниемізді шын  ризашылығымызбен қуана-қуана Алла Расулының жолында пида етуші едік[2]”.  

 

[1] Хаким, Мағрифату улумиль-хадис, 22-24.

[2] А. Жевдет Паша, Қысасүль әнбия ве таварихуль-хулафа, Истанбул, 1981, «Бәдір» баспасы , 2:66-67.

 

0 пікір