САХАБАЛАР САДАҚА БЕРІП ЖАРЫСҚАН ЕДІ...
САХАБАЛАР САДАҚА БЕРІП ЖАРЫСҚАН ЕДІ...
18.04.2019 12:44
321
0

Бірде Табук ұрысына жасақ әзірлеу үшін Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  адамдарды садақа беруге шақырады. Сахабалар өз тапқан дүниелерін Алланың жолында деп алып келеді. Құрғақшылық пен ашаршылық салдарынан машақатпен әзірленген бұл әскерді жұрт кейін «қиыншылық әскері» деп атап кеткен. Бұл жолы да Рим әскерімен ұрысқа дайындалып жатқан қолды жабдықтауға әркім қолынан келген көмегін көрсетті.

Османның (Оған Алла разы болсын) қосқан үлесі тіпті зор болды. Ол жорыққа жарау-жабдығымен үш жүз түйе қосты және пайғамбардыңған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бөлмесіне кіріп, мыңдаған динарды төгіп салды. Мұны көрген пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) риза көңілмен:

«Бүгіннен кейін Османға не істесе де зиян келмейді», – деді. Ол бұл сөзін бірнеше мәрте қайталап айтты.

Омар ибн Хаттаб та(Оған Алла разы болсын) дүниесінің жарытысын алып келеді. Мұны көрген Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Уа, Омар! Отбасыңа не қалырдың? – деп сұраған уақытта ол:

– Дүниемнің жартысын қалдырдым – дейді.

Кезек Әбу Бәкірге (Оған Алла разы болсын)   келеді. Ол мұсылмандар үшін үйіндегі барлық малын ортаға қояды. Мұны көрген Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Уа, Әбу Бәкір! Ал сен отбасына не қалдырдың? – деп сұрайды.

Әбу Бәкір(Оған Алла разы болсын):

– Отбасыма Алланы және Оның елшісін қалдырдым – деп жауап береді.

Сонда саңлақ сахаба Алланың жолына деп барлық мүлкін алып келген екен. 

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ

Қайырымдылық жасауда, садақа беруде асығу керек, бір-бірімен жарысу керек. Садақа Алланың құдіретімен садақа берушінің басына төніп тұрған күллі жамандықты, қайғы-қасіретті қайтаруға себеп. Алла Тағала Құранда:

«Егер садақаларды жасырын берсеңдер, ол қандай жақсы. Егер оны жасырын беріп әрі оны пақырларға берсеңдер, әрине сендер үшін жақсы. Алла сендердің күналарыңды жарылқайды» (Бақара: 271).

Негізінде пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы Табук жорығына шығуды ұйғарғанда сахабалардан:

«Кімде-кім «Қиыншылықәскеріне» жәрдем етсе соған жәннат бұйырады», – деп әскер қосынын жабдықтауды, қаражат жағынан көмектесулерін жігерлендіріп сұраған болатын.

Байһақи есімді ғалым садақа туралы: «Садақа берулерің арқылы ризықты молайтыңдар», – деп айтқан. Садақа адамның өмірін жақсартып, байлығын молайтумен қоса адамдар арасында достық қатынасты орнатады. Бай мен кедейдің, дәулетті мен мұқтаждың арасын жарастырады.

Өздеріңіз куә болғандай, әр садақаның өзіне тиесілі адамы, оның берер қайыры бар. 

Екінші пайдалы сабақ

«Ел барда, ер қор болмас,

Ер барда, ел қор болмас».

Елдің басына күн туғанда азамат өзінің қолынан келетін көмегін аямау керек. Сахабалар қиын қыстауда үнемі бір-бірін демеп, сүйеніш болған. Әңгімеден көргендей олар садақа мен қайырымдылық үшін өзінің дәулетін аямай жұмсаған.

Ел жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» – деп айтқан.

Үшінші пайдалы сабақ

Садақа беруден мал таусылады немесе дүнием кеміп қалады деп қорықпау керек. Бұл тақырыпқа қатысты мынадай оқиға еске оралады:

Бір күні Абдурахман ибн Ауф пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)келіп:

– Менде сегіз мың дирһам бар еді. Алланың жолына төрт мың дирһамды беріп, қалған төрт мың дирһамды өз отбасына алып қалдым – дейді.

Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Сенің Алла жолында жұмсаған және отбасың үшін алып қалған дүниеңе Алла берекесін берсін! – де дұға қылады. Расында да Алла Абдурахман ибн Ауфтың малына береке дарытқан екен.

«Адамдардың (тәніндегі) әрбір буыны күн шығатын әрбір күні садақа беруі тиіс: екі адам арасында (жанжал жықса) сенің әділ болуың – садақа. Кісіге мініс көлігіне жәрдем берсең және оны көлігіне демеп мінгізіп жіберсең немесе оның жүгін әперсең – садақа. Сол сияқты әрбір жақсы сөз сөйлесең – садақа. Намамазға бара жатқандагы әр қадамың үшін де садақа жазылады. Адамдарга зарар келтіретін нәрсені жолдан алып тастасаң – садака» (Бұхһари, Мүслим).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 

0 пікір