САХАБАЛАР – АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ АДАЛ СЕРІКТЕРІ
САХАБАЛАР – АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ АДАЛ СЕРІКТЕРІ
31.12.2021 07:35
280
0

Терминдік мағынасына келсек, Алла Елшісін (с.а.с.)көрген, аз уақыт болса да Оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды өткен «сахабаға» жатады[2].

Сахабалардың «муһажирлер» және «ансар» деп аталуы

Муһажирлер: Пайғамбарымызға пайғамбарлық келгеннен кейін ең алғаш иман келтіріп, бүкіл қиындықтарға қарамастан Алла мен сүйікті Расулдың қауіпке толы жолында ешнәрседен тайынбаған жанкештілер. Ақиқат дінінің дәстүр-талаптары бойынша өмір сүре білу үшін Меккенің алынуынан бұрын Меккеден Мәдинаға туған жер, бала-шаға, шаруа-кәсіптерін Алла үшін тастап көшкен әзиз жандар. Олар – исламның кең таралуы жолында үлкен қызмет атқарып, өшпес із қалдырған, Алланың ризашылығына және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйіспеншілігіне ие болған ардақтылар.

Мекке азат етілгеннен кейін һижрет ету біржолата тыйылса да, алғашқы муһажирлердің даңқтары, мәртебе-лері мәңгі сақталып қалды. Муһажирлік дәреже – ең жоғарғы дәрежелердің бірі болды. Құранда муһажирлер жайында былай делінеді:

“Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: “Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал етушілердің амалдарын зая етпеймін. Және сондай босқындардың (муһажирлер), жұрттарынан шығарыл-ғандардың және Менің жолымда жапа шеккендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ бұл істерінің сыйы ретінде оларды астынан өзендер ағатын Жәннаттарға кіргіземін. Әрине, сыйдың ең жақсысы Алланың қасында” (Әли-Имран, 195).         

Ансар: Ансардыңөздік мағынасы – жәрдем ету. Терминдік мағынасы – ислам дінінің дәстүрлері бойынша өмір сүріп, оны таратуға Меккеден Мәдинаға көшкен Пайғамбарымыз бен муһажирлерді ыстық ықыласпен құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған, оларды өздерінің күйбең тіршіліктерінен де жоғары қойып, барын солармен бөлісіп, қолынан келген жәрдемдерін аямай, муһажирлер-мен бауыр болып, бауырлары үшін қилы-қилы қиындық-тарға төзуге ризашылығын білдірген сахабалар.

Өмірлерінің соңына дейін ислам жолында қызмет етті. Олардың көмегінің арқасында муһажирлер мұқтаждықты білмеді, бір-біріне жәрдемдесулері мен  жанқиярлық-тарының дәнекерлігімен ислам мемлекеті құрылып, аз уақыттың ішінде һәм рухани, һәм материалдық жағынан басқа мемлекеттерді басып озды.

Ансардың жасаған жақсылықтары Құранда ерекше аталып, олар жайлы: “Міне, нағыз құтылушылар осылар”,– делінген[3].

Ансардың дәрежелерін Алланың Елшісі (с.а.с.)былай бағалап, аңғартқан:

“Һижрет болмағанда мен ансардың қатарынан табылар едім. Барлық адамдар бір жолға, ансар да басқа жолға түссе, мен ансардың жолымен жүрер едім. Аллаһым, ансарды, балалары мен олардың ұрпақтарын да қорғай гөр![4]”.

Муһажирлердің көшуі және ансардың оларға жәрдем етіп, қолдауының нәтижесінде Алла Расулы Мәдинаға көшті. Осылайша Мәдина ислам төңкерісінің орнығуы мен таралуының орталығына айналды. Ислам шуағын тарату орталығы болған бұл қала „Мәдина мунаууара” (нұрлы қала) деп аталды[5].

«Суффа» сахабалары

Пайғамбарымыз Мәдинада салдырған мешіттің бір бұрышына құрма ағаштарынан көлеңкелік баспана жасатты. Көлеңкелікке арабшада «суффа» делініп, ол жерде тұрғандар «асхабы суффа» аталды.

Суффа сахабалары туған-туыс, жақындары мен дүние-мүліктері жоқ кедей сахабалар болатын. Олар өмірлерін Құран үйреніп, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) тәлім алу жолына арнады. Олардың қажеттіліктерін Пайғам-барымыздың өзі және дәулетті сахабалар қамтамасыз етті.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ілімімен сусындаған бұл бақытты жандар аз уақыттың ішінде сахабалар арасында Құран, хадис және басқа да діни ілімдерді терең меңгеруімен жоғары құрметке ие болды. Олар күндіз ораза ұстап, түнде ғибадат етіп, дүниенің күйбең тіршілігінен бойларын алыс ұстап, алтын уақыттарын Адамзаттың Ардақтысынан (с.ғ.с.) естігендерін жаттап,  кейінгілерге жеткізу жолында өткізді.      

Пайғамбарымыздың білім бұлағынан сусындаған бұл сахабалар жан-жаққа мұғалім етіп жіберілді. Олар исламның шынайы рухын басқа руларға, мемлекеттерге көркем түрде уағыздау арқылы жеткізді. Өмірлерін ақиқатты паш етуге арнаған ақиық сахабалар тек уағыздаумен ғана шектеліп қалған жоқ, керекті кезінде қаруларын асынып, қасиетті соғыстарға да қатысты.  Олардың арасынан ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һурәйра, сонымен қатар Бәрә ибн Малик, Абдулла ибн Үнәйс сынды ғалым, тақуа сахабалар өсіп шықты. Құран Кәрімнің және хадис шәріптердің жатталып, мағыналарының кейінгілерге дұрыс жетуінде бүкіл қиындықтарға төзе білген, білімге құштар жанқияр суффа асхабы табандылықтарының орны ерекше.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

 


[1] Ибн Манзур, Лисануль-араб, Каир, т.ж., IV, 2400-1, схб.

[2] Ибн Хажар әл-Әсқалани, әл-Исәбә фи темиизис-сахаба, Мысыр, 1928, 1:7.

[3] Хашр, 9.

[4] Бухари, ас-сахих, Бейрут, манақибуль-ансар, 1,2; Муслим, ас-сахих, Бейрут, закат, 132-141.

[5] В.Иылдыз, Хидаиет иылдызлары, Измир, 2002, 4-5.

 

0 пікір