Құранның сақталуы қалай жүзеге асты?
Құранның сақталуы қалай жүзеге асты?
02.11.2015 16:25
2954
0

 Асылы, «Құранның сақталуы»  екi мағынаға сыяды, әуелгісі -  «Құранды жаттау» болса, кейінгісі -  «Құранның жазбаша нұсқаларын жасау» болып табылады.

Алдымен Құранның жатталуына орай ойыссақ, бұл туралы «Қияма» сүресiнiң 17-шi аятында: «Уа, Мұхаммед! Құранды сенiң жүрегiңде сақтау және оны сенiң тiлiңмен оқыту Бiздiң мiндетiмiз», – делінсе, «Мәида» сүресiнiң 67-шi аятында: «Уа, Мұхаммед! Раббыңнан саған түсiрiлгендi адамдарға жеткiз», – деп атап көрсетіледі.

Расында Құранды хатқа түсірумен қатар, оны жаттау үрдісі дәстүрге айналды. Бұл сонау Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тiрi кезiнде-ақ жүзеге асқан-ды. Тіпті сол Құранды бастан-аяқ жаттап, оны оқудың тәртiбiн жетiк меңгерген жүздеген сахабалар да болды. Атап айтар болсақ, олар – Осман ибн Ъаффан, Әли ибн Әбу Тәліб, Әбәй ибн Кәъб, Ибн Масъуд, Зайд ибн Сәбит, Әбу Муса Әл-Ашъари, Әбу Дарда, Муъаз ибн Жәбәл, Әбу Зайд, Әбу Хузайфаның қызметшiсi Сәлим және Ъутба ибн Ъамир тәрiздi атақты сахабалар еді.

Өз кезегінде, сахабалар Құранды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз аузынан есту арқылы жаттаумен ғана шектелмей, оны басқаларға да жаттатты. Мәселен, Әбу Дардадан (р.а.) мың алты жүзден астам адам Құранды жаттаған дейтін дерек бар.

Ал «Құранның жазбаша нұсқасын жасауға» тоқталғанда, оның өз алдына бөлек-бөлек үш кезеңiн тарқатып айтуға тура келеді. 

1-кезең. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытында Құранның түсiрiлуi және жазылуы

Құран түсiрiле бастағаннан-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардың iшiнен арнайы адамдарды аяттарды жазуға тағайындаған едi. Олар аяттарды кез келген қолайлы затқа (қағаз, ағаш, тас, терi, сүйек, т.с.с.) жазып отырды. Сол уақытта Құран Кәрімдi хатқа түсiрушiлердың саны – жиырма тоғыз жетіпті. Олардың қатарында төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.а.) және сахабалар: Муъауийа, Зубайр ибн Әл-Ъаууам, Саъид ибн Әл-Ъас, Ъамр ибн Әл-Ъасс, Убай ибн Каъб, Зайд ибн Сәбит (р.а.) болды.

 2-кезең: Хазіреті Әбу Бәкірдiң (р.а.) тұсындағы Құранның жазбаша нұсқасы жазылуы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзi тiрiсiнде Құранның толық жазбаша нұсқасы жинақталмаған едi. Ол (с.ғ.с.) бақилық болғаннан кейін бір жыл өтпестен жалған пайғамбар Мусайләма Кәззәбпен болған Ямама шайқасында Құран Кәрімдi бастан-аяқ жатқа бiлетiн жетпiс сахаба опат болды. Осы жағдай Құранның жазбаша нұсқасының жасалуына қажеттiлiк туғызды. Бұл Ямама шайқасынан соң жүзеге аса бастады.

3-кезең: Хазіреті Османның (р.а.) тұсындағы Құран нұсқаларының жазылуы

Һижраның 25 жылы Осман (р.а.) Құранның нұсқаларын жазатын кеңес құрды. Бұл кеңестiң құрылуына Армения мен Әзербайжанға жiберiлген Шам және Ирак мұсылмандарынан тұратын әскердiң iшiндегi қарилардың арасында Құранды оқу қағидасына қатысты келiспеушiлiгi мен кейбiр адамдардың қате оқуы себеп болды. Осы кезде Хузайфа ибн Әл-Йаман (р.а.) Османға (р.а.) келiп: «Уа мүміндердiң әмiршiсi! Мынау үмметке жәрдем ет. Болмаса, олар да яһуди мен христиандар тәрiздi Құран мәселесінде келіспеушілікке ұшырайды», – деген болатын. Содан Осман (р.а.) арнайы кеңес құрып, оның құрамында Құранды пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен жаттаған Зайд ибн Сәбит, Абдулла ибн Әз-Зубайр, Саъд ибн Әбу Уаққас, Абдур-Рохман ибн Әл-Харис (р.а.) болды. Бұлардың үшеуi, яғни Абдулла ибн Әз-Зубайр, Саъд ибн Әбу Уаққас, Абдур-Рохман ибн Әл-Харис (р.а.) құрайыш тайпасынан, тек Зайд ибн Сәбит (р.а.) ансарлардан болатын.

Қазiргi күні бүкiл Ислам әлемiндегi адамдардың қолындағы Құран нұсқалары сонау Османның (р.а.) дәуіріндегі жинақтың негізінде жасалған. Он төрт ғасыр өтсе де, Құран нұсқаларында бiрде-бiр айырмашылық жоқ. Дiни кiтаптардың iшiнде тек Құран Кәрімге тән болған бұл қасиеттiң растығын Лүблүа (Leblois), Муир (Muir), Руди Парет (Rudi Paret) сынды көптеген атақты шығыстанушылар растаған.

 

Абдуссамад Махат,

дінтанушы

0 пікір