ҚОЛЫҢДЫ ҚАНҒА БЫЛҒАМА!
ҚОЛЫҢДЫ ҚАНҒА БЫЛҒАМА!
14.09.2021 09:23
352
0

Алла Тағала кісі өлтіруді харам қылды. Құранда мұны растайтын аяттар жетерлік:

«…бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).

Осы сияқты адам өлтіру күнәсінің ауырлығын көрсететін келесі аят:

«Кім бір мүминді қастықпен өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған» (Ниса: 93).

«Соның салдарынан Біз Исрайыл әулеттеріне: «бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған нақақ адамды өлтіруші кісі – барлық адам баласын өлтіргенмен тең. Ал, егер біреу бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады», – деп үкім шығардық» (Мәида: 32).

 Тіпті, Ибн Аббастың (р.а) мынадай риуаяты бар:

«Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде Мәдина шаһарында бір адамды белгісіз біреулер өлтіріп кетеді. Адамдар мұны кім істегенін білмейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) мінбеге шығып:

– Уа, халайық! Мен сендердің араларыңда бола тұрып, адам өлтіріліпті. Оның кім екені белгісіз. Егер аспан мен жер тұрғындары бір адамды өлтіру үшін бас қосатын болса, Алла күмәнсіз оларды азапқа салар еді», – деді».

Риуаятта айтылгандай Ислам діні жалпы адам өліміне тыйым салады. Оның дініне, нәсіліне, тегіне қарамайды. Адам ұлық жаратылыс болғандықтан оның өмірі, құқығы Алланың бақылауында.

 «… Алла харам қылған кісіні өлтірмеңдер, жазықты болса ғана болады. Сендерге осыларды Алла әмір етті. Әрине түсінерсіңдер (де)». (Анғам: 151)

Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендер жеті қылмыстан абай болыңдар!» – деді. Сахабалар: «Олар не нәрсе?» – десті. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, сиқырлық жасау, нақақтан-нақақ адам өлтіру, өсімді пайдалану, жетімнің малын жеу …» – деп айтты» деген хадисті жеткізеді (Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд және Нисай).

Исламды жамылып, жазықсыз адамдарды өлтірген адамның да Алланың алдындағы есебі айырықша. Бұл дүниеде адам кісі өлтіріп, өзін қоршаған ортаны түрлі айлакершілікпен алдап жазадан құтылуы мүмкін, бірақ, ақыретте бұлай жасай алмайды. Алла тағала әрбір істің есебін алады.

«Көктегі және жердегі нәрсенің барлығы – Алланың мүлкі. Жамандық жасағандарға ол қылмыстарына қарай жаза тартқызады да, жақсылық жасағандарға тамаша сый тартады» (Ән-Нәжім: 31).

Ибн Масғуд (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру», – деп айтты» деген риуаятты айтады (Мүслим, Тирмизи, Нисай және Ибн Мәжәһ).

Адамның өмірі мен құқығын қорғау жағдайында мұсылмандар басқалар үшін үлгі болулары керек. Өкінішке қарай, бүгін де ақпарат құралдарынан көріп отырғынымыз мұның терісі. Исламның мұсылмандарға үлгі етіп көрсеткен сабырлығы мен ұстамдылығынан ауытқып, мұсылмандыққа қатысы жоқ адамдардың артынан еріп барамыз. Өйткені Алла тағала мұсылманды былай суреттейді:

«Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуі арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады» (Фурқан: 68).

Ибн Омардың бұл мәселеге қатысты айтқан мынадай сөзі бар:

«Алла ажалын жібермеген адамды өлтіру – шығатын жолы жоқ зынданға түскенмен тең».

Басқаша айтар болсақ, Алла ризығын тоқтатпаған адамды өлтіру мүмкін емес. Егер адамның жер бетінде жейтін ризығы бар болса, ол қандай болсын өлім ауызынан аман қалады.

Сондай-ақ, адамды қастықпен немесе әдейі өлтіріп, кейін жалған сөйлеп, Алланың мейіріміне ие боламын деп ойлау, бос әурешілік. Ислам қандай дәрежеде болсын басқа адамға күш көрсетуге, оны мәжбүрлеуге қарсы. Мұсылманшылық «дінде зорлық жоқ» деген қағиданы ұстанады. Бұл қағиданың бастауы – Құран.

Мұсылманға ешбір бұзық әрекет үлгі бола алмайды. Нағыз үлгі – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Алла тағала бізге:

«Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар», – деп әмір еткен (Ахзаб: 21).

Расында да пайғамбардың (с.ғ.ғ.) адамдармен қарым-қатынасы, жұмсақтығы мен мейірімі өте көркем болған. Бұл туралы Алла тағала:

«Шын мәнінде сен әлбетте, ұлы мінезге иесің», – дейді (Қалам: 4).

Осындай ұлы мінезге ие пайғамбар (с.ғ.с.) қатыгездікті айыптап, жұмсақтықты насихаттаған. Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (Алла ол екеуіне разы болсын):

– Алланың елшісі (с.ғ.с.) дөрекі және арсыз болған емес. Ол:

– Расында сендердің жақсыларың – көркем мінезді болғандарың – деп айтатын еді – деген хабарды жеткізеді (Бұхари, Муслим).

Келесі бір тақырыбымызға қатысты ғибратты оқиғалардың бірі мұсылмандардың Мекке шаһарын алу күнімен байланысты. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұрын Исламға дұшпандық қылған, бірақ кейін мұсылман боламын деген адамдардың кейбірін құзырына қабылдайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.): уақыт өте сахабалардан:

– Сендердің араларыңдағы кісілердің бірі маған уәде беріп Исламды қабылдауға келді делік. Егер мен оған келісім бермесем, сендер оны өлтірер ме едіңдер? – деп сұрайды. Олар:

– Біз сіздің не ойлағаныңызды білмейміз. Сондай-ақ, бізге көзіңізбен ишарат жасап белгі де бермедіңіз, – деп жауап береді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Расында, көрер көзге қиянат жасап, белгі беру амалы Алланың нәбиіне лайық емес – деп насихат айтады (Муслим және Әбу Дәуіт).

Сонымен, дініміз Исламда қастықпен адам өлтіру – үлкен күнә. Сол сияқты адамның өзіне-өзі қол жұмсауы, басқа адамға қиянат жасауы секілді амалдар тыйым салынған амалдардың қатарынан саналады. Жаратушы Алла Құранда мұсылманның бейнесін суреттеп көрсеткен:

«Сонымен бірге олар, Тәңірге басқаны теңестірмейді. Алла тыйым салған істерді істемейді, нақақ қан төкпейді, зина жасамайды. Кімде-кім солай істесе, ол (қияметте) жазаға дұшар болады. Қиямет күнінде олар еселеген жаза тартады, сол азаппен мәңгі арпалысып, қор болып өтеді. Ал тәубе еткен, иман келтірген және ізгілік жасаған пенде мұндай хәлге түспейді. Жаратқан олардың күнәларын жақсылыққа ауыстырады. Алла ең жарылқаушы және ұлы мейірім иесі» (Фұрқан: 68-70).

Бұл аят мұсылманның қандай екенін көрсетіп, оны басқалар үшін үлгі қылады. Алла тағаланың пендесіне қылған күнәсіне сәйкес жазасын, саупты амалына қарай марапат беретінін анық үйрендік. Алла Тағала бізді жарылқап, мол сауап алатын пенделерінің қатарынан қылсын.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы

 

0 пікір