Қараман ата жер асты мешіті
Қараман ата жер асты мешіті
05.08.2016 12:09
15601
0

Талайды таңғалдырып келе жатқан Қараман ата жер асты мешіті — ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын діни сәулеттің бірі. Сәулеті келіскен мешіт Маңғыстау ауданының Шетпе кентінен 35 шақырым оңтүстік батыс бағытында, Қандыбас қыстағының батысында 5 шақырым жерде орналасқан. Жер асты мешіті үш бөлмеден тұрады: кіреберіс бөлме, оған жалғасқан намаз оқитын зал және Қараман ата жерленген дөңгелек бөлме.

Кей зерттеушілер «Қараман ата Есен атаның баласы, Шопан атаның немересі. Барлық жағынан ол атасына тартып, көптеген кереметтер жасаған, Шопан ата моласына барар жолда мешіт тұрғызған. Қараман ата өмірден өткен соң, мешіттің жанында жерленген. Бірақ, нақты қай жерде екені белгісіз» дейді. Ал басқа аңыздарда Қараман ата мен Есен ата Шопан атаның балалары делінеді. Қараман атаны бүкіл халық құрмет тұтқан. Ол тіпті көзі тірісінде-ақ әулие атанған жан. Адасқанда тура жолға бастап, жастарды қолдап, желеп-жебеп отырған. Қараман ата жер асты мешіті — бағзы заманнан бері ант берісіп, ақ-қараны айыратын бірден-бір қасиетті де киелі орын. Маңғыстау адайларының тағдыры шешілген тарихи жер. Сондықтан да бұл орын тарихта әділдіктің орны ретінде белгілі. Бұл жерде күні бүгінге дейін халық келіп анттасып жатады дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев.

— Атаны Қожа Ахмет Иасауи бабамызбен байланыстырады. Қожа Ахмет Иасауидің 3000-нан аса шәкірттері болған. Бәрі дәрісін алып, ол бәрін бөліп жіберген дейді. Кей деректерде Ақман, Қараман деген ағалы-інілі болған дейді. Ақман Қожа Ахмет Иасауимен сөзге келіп қалып, мұнда ит болып келген деректер де бар. Ал кейбірі оны Шопан атаның немересі деп те атайды. Бұл — өте керемет әулие. Қалай болғанда дін таратушы адамдар ғой. Арғы жағы — Қожа. Бұл кісіні XIV ғасырмен байланыстырады. Ол кезде Өзбек хан патша болған. Ол кезде ислам діні негізгі дін болып қабылданып, осы арқылы Қараман ата да келген. Ол ақ-қараны тез айыратын болған. Күні кешеге дейін атаның басына барып, анттасып отырған. Егер адам алдап тұрса, онда сол жерде өлетін болған. Оның аумағы 4,02 га жерді қамтиды. Онда алуан түрлі ескерткіш бар. 2010 жылы қорғау аймағын жасаттық. Ішінде ерекше күмбездер бар. Ерекшелігі — міні бұзылмай тұр. 1982 жылы қорғауға алынған. 5 жыл сайын инвентаризация жүргізіп, тексеріп отырамыз. Техникалық жағдайын қараймыз. Нөмірлейміз. Кәсіби мамандар келіп, реставрация жүргізеді. Мешітінің өзі үлкен ескерткіш. Қорғау аймағына алынған, — дейді Нұрлан Құлбаев.

Сәулетімен талайды тамсандырған мешіт 1982 жылы республикалық қорғауға алынған. Жер асты мешітінің аумағында адайдың ертедегі белді адамдары жерленген. Мұндағы әрбір қорымның өзіндік ерекшелігі бар.
— Киелі орын 5 жылда бір рет реставрациядан өтіп тұрады.Қараман ата жер асты мешітінің ерекшелігі — жердің астына орналасқан. Қалған мешіттер бізде тауда орналасқан. Қараман ата немен белгілі десек, баяғыда біздің ата-бабаларымыз анттасқан. Ақтаудан 90 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде 12-13 ғасырға тән есткерткіштер бар, — дейді өлкетанушы Марат Өтесінов.

Маңғыстау даласында орналасқан киелі орынға бүгінде саяхатшылар әлемнің түкпір-түкпірінен келеді.

Айман Оңғарбайқызы

Қазақстан Заман газетінен

0 пікір