ҚАДАРИЯ АҒЫМЫ
ҚАДАРИЯ АҒЫМЫ
29.10.2019 11:40
1037
0

Умея халифатының алғашқы кезеңінде «тағдыр» мен «қаза» мәселесі төңірегінде түрлі пікірталас болған. Міне осы тағдыр мәселесінде кейбір мұсылмандар шектен шығады. Жәбрия мәзһабын ұстанушылар «адам тағдырға тәуелді, оның амал етуде ешқандай ерік күші жоқ» десе, енді біреулер «Аллаһ адамның ісіне араласпайды, пенденің өзі барлық ісін таңдаумен ерікті түрде жасайды, тағдыр деген жоқ» дегенді алға тартады. Тағдырды жоққа шығарушы бұл топты «қадария» деп атады. Қадария мәзһабының шығу тарихы жайында тарихшылар түрлі пікір айтуда. Алайда көптеген тарихшы ғалымдардың пікірінше, бұл ағым Ирак еліндегі Басра қаласында пайда болды.

Себебі Ирак сол кезеңдерде идеологиялық тартыстың ошағына айналған еді. Міне осындай бір кезеңде тағдырды жоққа шығарушы топ пайда болды. Тағдырды жоққа шығарушы кісі Ирак тұрғыны болатын. Қадарияның құрушылары болған Мағбәд ибн Халид әл-Жуһәни (қ.б. 80/669 ж.) мен Ғайлан әд-Димашқи  (қ.б. 126/743 ж.) негізінен тағдырды жоққа шығару сенімін Мағбәдтан үйренеді. Демек, тағдырды мойындамау, оған қарсы шығу сенімі Исламның негізіне жат болып, сырттан келген теріс сенім болып табылады.

Тағдырға сенуді алғаш рет терістеген, тағдырға иман етуді қабыл етпеген – Мағбәд әл-Жуһани мен Ғайлан әд-Димашқи. Олар ирактық христианнан үйренген сенімдерін өзгелерге насихаттауға көшеді. Мағбәд әл-Жуһани өз миссиясын Ирак аймағында уағыздауға тырысса, Ғайлан әд-Димашқи Шамда жаюға талпынды.

Мағбәд әл-Жуһани аз уақыттың ішінде көптеген қолдаушы жинап, қадария түсінігін таратып үлгерді. Умеялықтар бұқара халықты өз дегендеріне көндіру үшін кей жерде күш қолданды. Сол кезде Ирак аймағының әкімі залым Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафидің атақты қолбасшысы Абдуррахман ибн әл-Әшғас Умея билігіне наразылығын білдіріп, әкімге қарсы 700 жылы көтеріліс жасайды. Мабәд және оның жақтастары Абдуррахман жағында болып, Хажжажбен шайқасты. Билікке қарсы шыққан көтерілісшілер аяусыз тапталып, Мабәд әл-Жуһани Хажжаж тарапынан өлтірілді[1].

 Ғайлан әд-Димашқи болса, Шам қаласында өзінің сенімін тарата отырып, халифа Омар ибн Абдулазизбен сенім мәселесінде пікір таластырып қалатын. Тіпті халифа Омар ибн Абдулазизге былай деп хат жолдайды:

 «Әй, Омар! Көріп тұрсың, бірақ түсінбейсің. Қарайсың, бірақ көре алмайсың. Әй, Омар! Сен Исламның қураған түсініктері ішінде өсіп жетілгеніңді біліп қой. Сүннет аяқ асты етіліп, бидғаттар көбеюде. Ғалымдар қорыққанынан ештеңе айта алмайды. Үмметті құтқаратын имам болғандай, апатқа душар ететін имам да бар. Сен қайсы имамнансың?». Хат мазмұны бастан аяқ халифа Омар ибн Абдулазизді сынаудан тұрады. Омар ибн Абдулазиз Ғайланды өлтірместен әуелі оны райынан қайтуға шақырды. Ақырында Ғайланды жеңіп, тәубеге келтіргенде Ғайлан халифа Омар ибн Абдулазизге: «Ей, мүминдердің әміршісі! Саған адасушы болып келдім, сен мені тура жолға салдың. Саған көр болып келіп едім, көзімді аштың. Саған сауатсыз болып келіп едім, сауатымды аштың. Алла5а ант етемін бұдан кейін бұл мәселеде ештеңе айтпаймын», –деп жалбарынды[2].

 Халифа Омар ибн Абдулазиз 720 жылы қайтыс болған соң, Ғайлан әд-Димашқи ескі әуенін қайта бастайды. Халифа Һишам ибн Абдулмалик (723-744 ж.) кезеңінде тағдырды жоққа шығару сенімі Иран мен Хорасан өлкелерінде кеңінен тарап, ол жерлер қадарияның ошағына айналды.

Халифа Һишам осы аймақтан билікке қарсы айтылған сөз яки әрекеттің сыбысын естісе, қауіптің алдын алу үшін аяусыз бастырып тастайтын. Һишам ибн Абдулмалик Ғайланды бақылауға алдырып, емін-еркін үгіт-насихат жасауына қатаң тыйым салды. Бірақ Ғайланды себепсіз өлтіруді жөн көрмей, бір сылтау іздейді.

 Сөйтіп, сол кезеңдегі танымал Шам ғұламасы, фақиһ (құқықшысы) Имам Әузағимен пікір таластыруға шақырды. Ғайлан Һишамның алдына барғанда халифа оған:

 «Осы ел сен жайында көбірек әңгіме айтады», – дегенде, ол:

 «Ей, халифа ием! Менімен пікір таластыруға қалаған кісіні шақырыңыз, егер мен сөзден жеңілсем басымды шабыңыз», – дейді.

 Осы сөзден соң Имам Әузағимен пікір таластырады.

Имам Әузағи Ғайланға:

 – Бір сұрақ сұрайын ба, әлде үш пе, мүмкін төрт сұрақ қояйын, – дегенде, Ғайлан:

– Үш сұрақ қой, – дейді.

 Имам Әузағи:

 – Алла Тағала тыйым салған бір нәрсеге үкім беріп, соны тағдырға телу мүмкін бе? Осыны айтшы, – дейді.

Ғайлан:

– Мұны білмедім, – дегенде, имам Әузағи:

 – Алла Тағала әмір еткен нәрсесінің жасалуына Өзі кедергі бола ма? – деп сұрайды.

 Ғайлан:

– Бұл біріншісінен де қиын екен. Мұны да білмедім, – дейді.

 Имам Әузағи:

 – Алла Тағала харам еткен бір нәрсенің жасалуына көмектесе ме?

 Ғайлан:

– Бұл сұрақ алдыңғы екеуінен де қиын екен. Мұны да білмеймін, – деп жауап береді. Өз аузынан қағынған Ғайлан әд-Димашқи осылайша өлтіріледі. Бұл сұрақтардың жауабы мынау:

1. Алла Адам атаға жаннатта бір жемісті жеуге тыйым салғанымен, сол жемісті жеуді тағдырға жазып қойғандықтан, Адам ата соны жеген.

2. Алла Адамды жаратып, Ібіліске сәжде ет деп бұйырып, сәжде ету әмірінің орындалуына кедергі болды (Алла қаласа Ібілісті күштеп сәжде жасатар еді).

 3. Алла өлексе, қан, доңыз етін харам еткенімен қиын-қыстау уақытта жеуге рұқсат береді. Осылайша харам еткен бір істің орындалуына мүмкіндік берді[3].

Бұл мәзһабтың «қадария» деп аталуы жайында ғалымдар түрлі пікір айтуда. Сол айтылған пікірлердің ең қуаттысы, ол топтағы адамдар тағдырды жоққа шығарғаны үшін «қадария» (тағдыршылар) деп аталған. Яғни тағдырды Алла жазбайды, пенде өз тағдырын өзі жасайды деген сенімді ұстанғандықтан осы атау берілген. Қадария ағымы жәбрия ағымына қарсы шығу нәтижесінде пайда болғандықтан олар да өз сенімдерін дәлелдеу үшін Құран мен хадистен дәлел іздейді. Нәтижеде мынадай аят пен хадисті негіз ретінде көрсетеді:

 إِنَّا هَدَيْنَاهُ السَّبِيلَ إِمَّا شَاكِراً وَإِمَّا كَفُوراً  

 «Расында біз оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік етсін, мейлі қарсы келсін», (76.Инсан сүресі, 3-аят).

 «Әрбір туылған бала Исламмен туылады. Оны ата-анасы яһуди, христиан немесе отқа табынушы етеді»[4]

Міне олар осыған ұқсас мағынадағы аят пен хадистерді дәлел ретінде ұстанады. Егер де оларға өзге бір дәлелді келтіріп жатса, ондайларды мүлде қабылдамайды. Қадария ағымы уақыт өте келе жаңа сипат алып, тарихта муғтазиләға орын береді. Қадария ағымы өз арасында он сегіз топқа бөлінді. Олардың басым көпшілігін муғтазилиттер құрады.

 Яхия ибн Ямардың (رضي الله عنه) риуаяты бойынша: «Басрада тағдыр жайында алғаш рет сөз қозғаған Мағбәд әл-Жухани болатын. Бірде мен Хумайд ибн Абдуррахман әл-Химяримен қажылық сапарға шықтым.

Әңгіме кезінде:

«Пайғамбардың (ﷺ) сахабаларына жолығып, мына оңбағандардың тағдыр жайында айтып жүргендерін сұрасақ», – дедік.

Сәлден кейін мешітке бара жатқан Абдулла ибн Омар ибн Хаттабқа (رضي الله عنه) жолықтық.

 Екеуміз екі жағына шығып алып, қасымдағы жолдасым менің сөз айтуыма ыңғай танытты да мен оған:

 «Ей, Әбу Абдуррахман! Біз жақта бір адамдар пайда болды. Олар Құранды оқиды және ілім іздейді», – дедім.

 Әңгіме барысында Яхия олардың тағдырды қабылдамайтындығын, Алла ештеңенің тағдыры мен мағлұматын білмейтіндігін айтып жүргендігін жеткізеді.

 Сонда Абдулла ибн Омар (رضي الله عنه) оған былай деді:

 «Олай болса, сен олармен кездесіп қалсаң, дереу былай де: Мен сендерден ұзақпын, сендер де менен ұзақсыңдар».

Абдулла ибн Омар Аллаға ант етіп тұрып былай деді:

 «Олардың Ұхуд тауындай алтыны болып, оны Алла жолында жұмсаса да, тағдырға иман етпегенше, Алла олардың садақасын қабыл етпейді».

Абдулла сөзін жалғастырып:

 «Маған әкем Омар ибн Хаттаб (رضي الله عنه) былай деді: «Бір күні пайғамбардың (ﷺ) қасында болған кезімізде киімі аппақ, шашы қара бір бейтаныс кісі бірден кіріп келді

. Жолаушыға ұқсамайды. Біздің ешбіріміз оны танымаймыз. Кірген бойда пайғамбардың (ﷺ) жанына отырып, тізесін оның тізесіне жақындатып отырды.

Қолдарын да тізесінің үстіне қойып, былай деді

: – Ей, Мұхаммед! Маған Исламның не екенін айтшы, – деді.

Пайғамбар (ﷺ):

 –  Ислам дегеніміз Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне, Мұхаммед Алланың Елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан айында ораза ұстау және шамаң жетсе Қағбаны хаж ету, – деді.

Ол адам:

 – Дұрыс айттыңыз, - деді.

Әкем болса:

– Біз оның әрі сұрақ сұрап, әрі жауабын растап отырғанына таңғалдық, – деді.

Ол тағы да:

 – Маған иман жайында айтыңызшы, – деп сұрады.

 Пайғамбар (ﷺ):

– Иман – Аллаға сену, Алланың періштелеріне сену, (қасиетті) кітаптарына сену, пайғамбарларына сену, ақырет күніне сену және тағдырға сену, жақсылық пен жамандық иманнан, – деп жауап берді.

 Әлгі кісі:

– Дұрыс айттыңыз, – деді де:

 – Маған ихсан жайында айтыңыз, – деді.

Пайғамбар (ﷺ):– Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады, – деді.

 Ол кісі тағы да сұрағын жалғастырып:

 – Олай болса, маған қиямет жайында хабар беріңіз, – деді.

Пайғамбар (ﷺ) болса былай деді: – Бұл мәселеде сұралушы сұраушыдан артық білмейді. Бейтаныс кісі: – Олай болса, маған қияметтің белгілерінен хабар беріңіз, – деді.

Пайғамбар (ﷺ): – Күңнің өз қожайынын дүниеге әкелуі, жалаң аяқ, жалаңаш, түгі жоқ қойшылар  ғимарат салуда бір-бірлерімен жарысқандығын көресің, – деді.

Әкем былай деді:

– Осыдан кейін әлгі кісі кетті. Мен біраз уақыт абдырап тұрып қалдым.

Пағамбарымыз (ﷺ): – Ей, Омар! Анау сұрақ сұраған адамның кім екенін білесің бе? – деді.

Мен: – Алла пен Оның Елшісі жақсы біледі, – деп жауап қаттым.

Пайғамбарымыз (ﷺ): – Шынында да ол Жәбрәйіл еді. Сендерге діндеріңді үйретуге келген еді, – деп жауап қатты[5].

 Міне осы хадисте айтылғандай, тағдырға сену – иманның шарттарынан болып саналады. Біздің дәлеліміз осы сахих хадис. Тағдырға иман ету – иманның шарттарынан. Сол себепті тағдырға иман етпегенді мұсылман санатына жатқыза алмаймыз. Төмендегі хадис мұның бірден-бір дәлелі:

    عن حُذيفة رَضِيَ اللّهُ عَنْهُ قال:قَالَ رَسُولُ اللّهِ : لِكُلِّ أُمَّةٍ مَجُوسٌ، وَمَجُوسُ هذِهِ ا‘ُمَّةِ الَّذِينَ يَقُولُونَ أنْ َ قَدَرَ فَمَنْ مَاتَ مِنْهُمْ فَتَشْهَدُوا جَنَازَتَهُ، وَمَنْ مَرِضَ مِنْهُمْ فََتَعُودُوهُ؟ وَهُمْ شِيعَةُ الدَّجَّالِ، وَحَقٌّ عَلى اللّهِ أنْ يُلْحِقَهُمْ بِالدَّجَّالِ. أخرجه أبو داود .

 Хузайфадан  (р.а.) риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Әрбір үмметтің мәжусиі бар. Бұл үмметтің мәжусилері тағдыр жоқ дегендер. Олардан кім өлсе, жаназаларына бармаңдар. Егер олардан кім науқастанса, зиярат етпеңдер. Олар дажжалдың қолдаушылары. Оларды дажжалмен бірге жинау Алланың хаққы»[6].

 Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (ﷺ) өз кезегінде қадариялар жайында былай деп айтып кеткен: «Қадариялар бұл үмбеттің мәжусилері. Науқастанып қалса, бармаңдар. Өлсе жаназаларына қатыспаңдар» (Әбу Дауд, Бабул қадар). Абдулла ибн Омар (қ.б. 73/692 ж.), Жабир ибн Абдулла (қ.б. 78/697 ж.), Әбу Һурайра (қ.б. 59/679 ж.), Абдулла ибн Аббас (қ.б. 68/687 ж.), Әнәс ибн Мәлик (қ.б. 93/712 ж.) сынды және өзге де сахабалар қадарияшылардан алыс жүрген және оларға сәлем бермеуді, өлсе жаназасын шығармауды бұйырған[7].

 

 

 

 [1] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 120-бет; Абдуррахман б. Әшғастың көтерілісі жайында қараңыз: Сейтбеков С., Нысанбаев С. Ислам тарихы, 34-35-бет.

 [2] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 121-бет

 [3] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 121-122-бет.

 [4] Муслим, Қадар 6.

 [5] Муслим, Иман 8.

 [6] (Әбу Дауд, сүннет 17, /4692/).

 [7] Klavuz S.A. Anahtarlarıyla islam akaidi, 262-бет.

 

 

 

0 пікір