ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫ (С.A.У.) МАЗАҚ ЕТКЕН МҮШРІКТЕРДІҢ АҚЫРЫ
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫ (С.A.У.) МАЗАҚ ЕТКЕН МҮШРІКТЕРДІҢ АҚЫРЫ
20.12.2021 10:08
291
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Ешкім мен сияқты Алла жолында көрген машақатты көрмеді». (Суюти, Жамиғ ус-сағир)

Aбдулла ибн Мәсуд (р.a.) былай баяндайды: “Расулалла (с.а.у.) Бәйтуллаһтың жанында намаз оқып тұрған. Құрайыштың Әбу Жәхил бастаған жеті адамы сол жерде отырған. 

Әбу Жәхил “Кім барып пәленшенің сойған түйесінің ішек-қарнын әкеліп, сәждеге бас қойғанда Мұхаммедтің арқасына, екі жауырының ортасына қоя алады?” деп сұрады. Қасындағылардан ең басбұзары, ең бір соры қайнағаны Уқба ибн Әбу Муаит “Мен істей алам!” деді. 

Алып келіп ішек-қарынды сәждеге жығылған кезінде Пайғамбарымыздың (с.a.у.) екі жауырының ортасына қоя салды. Басқалары бұған ду күлді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәждеден тұрған жоқ, басын көтермеді. Ал мен (күш-қуатым болмағасын) қолымнан ештеңе келмей, селтиіп тұрған күйімде, қарай бердім. Бірдеңе айтуға да шамам келмеді. Мені қорғайтын қауым не руластарым жоқ еді. Шіркін, сонда қолымда күш болып, Пайғамбарымыздың арқасынан әлгіні алып тастай алғанымда ғой! 

Ақыры біреу барып Фатимаға хабар берді. Фатима (р.анһа) онда кішкентай бала болатын. Жүгіріп жетті. Пайғамбарымыздың (с.a.у.) үстіндегіні алып лақтырып жіберді. Мұны істегендерге ауыр сөздер айтты. Бірақ олар Фатимаға қарсы ештеңе айтпады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазын бітірген соң, Қағбаға бұрылды. Даусын көтеріп, “Aллам! Құрайышты саған тапсырдым!” деді де, әлгі жетеуінің есімін жеке-жеке айтып, соларға қарсы дұға етті.

Өздеріне қарсы дұға жасалғанын естіген аналардың күлкілері сап тыйылды. Олар мына жерде жасаған дұғаның қалай да орындалатынын білетін. Сол үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дұғасынан қорықты.

Пайғамбарымыз (с.a.у.) Әбу Жәхилге “Уаллаһи, сен не мұныңнан тыйыласың, не болмаса Aлла сенің басыңа зор нәубет түсіреді” деді. 

“Мұхаммед алейһис-сәламға Кітап түсірген, Мұхаммед алейһис-сәламды хақ дінмен Пайғамбар қылып жіберген, жанымды құдіретті  қолында ұстаушы Алла Тағаланың атымен ант етейін, Пайғамбарымыз атын атаған әлгі адамдардың бәрінің Бәдірде жер жастанып, құдыққа тасталғанын көрдім! Өте ыстық күн болатын. Күн оларды өзгертіп (иістендіріп) жіберген екен. Сосын оларды сүйреп апарып Бәдір құдығына тастады.” 

 

0 пікір