ПАЙҒАМАРЫМЫЗДЫҢ (С.А.У.) ХАБАШСТАН ПАТШАСЫ НӘЖӘШИГЕ ХАТЫ
ПАЙҒАМАРЫМЫЗДЫҢ (С.А.У.) ХАБАШСТАН ПАТШАСЫ НӘЖӘШИГЕ ХАТЫ
15.09.2021 10:50
757
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімнің ойы дүние болса, Алла Тағала оның кедейлігін көз алдына көрсетіп, істерін шашыраңқы қылып қояды. Ал мына дүниеде өзіне бөлінгенін ғана береді». («Сүнән Тирмизи»)

Хабашстан патшасы Нәжәшидің аты - Асхама. 615 жылы ол жерге бір топ мұсылман һижрет жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Амр ибн Үмәйә Дәмри арқылы бір хат жіберіп, сол жердегі Жағфар ибн Әбу Тәліп және бірнеше сахабалармен бірге Асхаманы Исламға шақыруды тапсырады. Бұл қасиетті хаттың аудармасы төмендегідей:

«Бисмилләһ ир-рахиман ир-рахим. Алланың Расулы Мұхаммедтен Хабашстан патшасы Нәжәшиге.

Уа, патша! Сенің мұсылман болғаныңды қалаймын. Мен сенің атыңан Малик, Қуддус, Сәләм, Мүмин, Мүһәймин сипаттарына ие Аллаға мақтау арнаймын.

Мен Иса ибн Мәриямның Алланың рухы (яғни Алла тарапынан Жәбірейіл арқылы үрленген рух) және кәлимасы (ның нәтижесі) екеніне куәлік етемін. Алла ол рухты өте пәк, намысты, дүниеден толықтай бет бұрған Мәриямның жатырына орналастырды. Сосын Мәриям Исаға жүкті болды. Осылайша Алла тағала Адам мен Хауаны қандай құдіретпен жаратқан болса, Исаны да сондай құдіретпен жаратты. 

Уа, патша! Сені теңі, серігі жоқ, жалғыз Аллаға иман етуге, Оған құлшылық жасауға, мойынсұнуға, Алла тарапынан маған келгендерге иман етуге шақырамын. Өйткені мен Алланың осыларды жеткізуге міндеттеген пайғамбарымын. Сені және жауынгерлеріңді Азиз һәм Жәлил болған Аллаға шақырамын. Міне сендерге (Исламның міндеттерін) жеткіздім, насихат айттым. Айтқанымды қабыл етіңдер. Тура жолдағыларға Алланың сәлемін арнаймын!»

Хатты алған Нәжәши мұсылман болып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлығын мойындайды. Сонсын: «Мұса (а.с.) Исаның келетінін хабарлағанындай Иса да Алла Расулының (с.а.у.) келетінін хабарлаған еді. Солай болды да» - деді».

 

 

 

0 пікір