Омар халифаның баласымен қойшы жігіт
Омар халифаның баласымен қойшы жігіт
03.01.2018 10:56
1332
0

Абдулла ибн Омар бір күні өз жолдастарымен базарға шығады. Олар жолай бір жерді таңдап, тамақтанып алмақ оймен дастархан жайып жайғасады. Сол кезде олардың қасынан қой айдап бір бозбала өтіп бара жатады. Абдулла ибн Омар оны өздерімен бірге тамақтануға шақырады. Оған бала:

"Сізге Алланың рахымы болсын, мен ораза едім, дейді. Абдулла оған таңдана қарап:

 "Мынадай ыстық күнде қой бағып, ораза ұстап жүрсің бе?” - деп сұрайды.

Оған бала: "Тозақ оты бұдан да ыстық, е, мырза” — дейді.

 Абдулла: "Құдай ақы, дұрыс айтасың,” – дейді. Содан соң ол баладан бағып жүрген қойынан бір қой сатуын сұрайды.

Бала оған:

"Бұл менің қожайынымның малы, мен иесі емеспін,” – деп жауап береді.

Бұл жауапты естіген Абдулла ибн Омар оның сенімділігі мен аманатқа адалдығын сынамақ оймен оған:

“Сен бізге бір қойды сатып, оның ақшасына керегіңді алуыңа болады ғой. Ал, қожайыныңа қойды қасқыр тартып кетті дей сал. Ол сенің не істегеніңді көріп тұрған жоқ қой?” – дейді.

Мұны естіген бала шошып кетіп:

 “Мені қожайыным көрмегенімен, Алла Тағала көріп тұр ғой. Алланың сізге кешірімі болсын,” – деп жылап жібереді. Оған қосыла жылаған Абдулла ибн Омар баланың сөзін қайталай береді...

Содан кейін ол қойшы бала мен қойларды иесінен сатып алды да, балаға бостандық береді. Ал, сатып алған қойларды аманатқа беріктігі үшін балаға сыйға тартады .

0 пікір