МҰХАММЕД МҮҺМИН ХАЗІРЕТТІҢ АЛТАЙ ЖЕРІНЕ АЯҚ БАСУЫ ЖӘНЕ ЕЛГЕ СІҢІСІП ДІН ТАРАТУЫ
МҰХАММЕД МҮҺМИН ХАЗІРЕТТІҢ АЛТАЙ ЖЕРІНЕ АЯҚ БАСУЫ  ЖӘНЕ ЕЛГЕ СІҢІСІП ДІН ТАРАТУЫ
04.03.2021 08:53
560
0

Қоқанда туып, Бұқарада білім алып, дәулетті де иманды отбасында ержеткен  Мұхамед Мүһмин Алтайдың күн шығысына келген соң ислам дінінің  дәнін сепкен, елдің рухани өмірін соны өріске шығарған имандылықтың диқаншысы болып, елдің піріне айналды.

Белгілі жазушы, шежіреші А.Татанайұлының жазуына сүйенсек, Мұхамед Мүһмин  Орта Азияның Қоқан, Бұқара қалаларында ұрық жалғастырған арғы атасы Шағсахұр, ұлы атасы Шаһмахмұт, өз әкесі Шаһмансұр ауқатты адамдарға саналады.

Мұхаммед Мүһминнің әкесі Шаһмансұр 1807 жылы Қоқан қаласынан Бұқара қаласына қоныс аударады. Сол жылыМұхамед Мүһмин туады да, Шаһмансұр бұл баласын ержете келе Бұқарадағы атақты ислам медресесінде оқытып, жас талаптыМұхамед Мүһмин медреседен жақсы білім алады. Дәулетті, сауда кәсібін меңгерген Шаһмансұр1827 жылы сауда-саттықты арқау етіп,жиырма жасар баласы Мұхамед Мүһминді қасына ертіп, абақ керей еліне келеді. Әуелі сауданы абақ төресі – Ажының немерелес туысы Сәмен төренің он бір ұлының үлкені Алтай еліне беделі де, үкімі де жүрген, төбеге шығып жау алған, төрде отырып дау алған Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі, туысы мол, сүйеніші күшті, Алтай елін қолы білетін Қожамжар (Өжеке төре) төреге сүйеніп жүргізеді. Ел арасында бір жыл сауда жасап жүрген кезінде малын жинап ала алмай, ел біліктісінің алдына барады. Ел биі өз еліне жан басып сөзін инабатқа алмаған соң, несие малын Қожамжар төреге тапсырып, баласы Мұхамед Мүһминді несие жинауға, ел танып, жұртқа діни бағытта қызмет етуге қалдырып, өзі Бұқара қаласына қайтады.

Алғашқы сауда сапары тым сәтті болмағанымен Шаһмансұр үмітін үзіп, көңілсіз қайтпайды. Ол өзінің көрегендігімен Алтай еліндегі ахуалды дұрыс межелейді. Өздерін мұсылманбыз дейтін осы қауымның арасына сауда жасаудан гөрі ислам дінін үгіттеу, халықтың рухани сұранысын өтеу анағұрлым өтімді екенін барлап байқайды. Өзі осында жүріп-тұрған екі-үш жылдың арасында-ақ, молдалықта өз беделінің арта бастағанын біледі. Алды-артын дұрыс межелей алатын молда, керей қауымының дінге деген талабын өзінің аз ғана оқуымен қанағаттандыруы да қиынға соғатынын ойлап, осы сапарда бірер жыл Қоқан, Бұқара молдаларынан үйреніп, білімін толықтырып, жұрт алдында өзінің ғұлама молда екенін мойындататарлықтай діни сауатын асырып, ислам дінін тарату жолына өзін атап, Алтай халқына дін үгіттеуге бекіп кері оралады.

Ол кезде Бұқара, Қоқан қалалары ислам дінінің Орта Азияға, тіпті Ресейдегі Сібірге де іргесін кеңейтіп шұғыла шапақ шашқан қуатты орталықтары еді. Шахмансұр Бұқараға барғаннан кейін, қаладағы діни сауатты қайраткерлермен кезігіп, өзінің сонау қиырдағы қытаймен іргелес күншығыс Алтай қазақтары ортасында тұрып, дін уағызшысы болатынын айта келіп, ақыл-кеңес сұрап, ислам дінінің қағидаларын, оның тарихы мен дін тарату жолдарын үйреніп, үш жылдан кейін көптеген діни кітаптарды алып, Алтай еліне екінші рет келгенде бір қолына дін, бір қолына сауда ұстап,арнайы жоспармен оралады.

Қоқанда жүрген екі-үш жылда Өжеке төренің қолында қалған өткір, зерек, пысық бала Мұхамед Мүһмин төрелердің көмегімен несиесін жинап алып, саудасын дамытып, енді бір жағынан төре ауылынан бала оқытып, төре төңірегіндегі бір қожаның қызымен тұрмыстанып, үйлі-баранды болып, әкесі келгенде баласы ел ортасында қадырлы адамдардың бірі болғанын көреді. Шаһмансұр осы келгеннен кейін баласы Мұхамед Мүһминге өз білгендерін үйретіп, дінді халыққа кеңінен үгіттеп, ел алдында беделді адамдарға айналды.Сонымен бірге баласын үш рет Қоқан, Бұқараға үйренуге жіберді. Шаһмансұр халыққа ықпалы өте бастаған кезде-ақ дәулеті де шалқып байи бастайды. Жәнтекейдің секел руынан Ғайша деген қызбен некеленіп, әйелін ертіп, құдай жолына қажыға барып, ел алдындағы ықпалын одан ары жоғарылата түседі.

 

 

 

 

0 пікір