MEККE MҮКАРРАМАНЫҢ АЛЫНУЫ
MEККE MҮКАРРАМАНЫҢ АЛЫНУЫ
13.01.2022 10:15
774
0

Расулуллаһ (с.а.у.) былай дейді: “Жойылған әрбір үмметтің пайғамбарлары Meккe мүкаррамаға келіп, дүниеден өткенше сонда құлшылық еткен. Сөз жоқ, Худ алайһис-саламның қабірі де Хижр мен Зәмзәм (құдығы) арасында”. (Хаким, әл-Мүстәдрак)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мекке мүшріктерімен хижреттің 6-шы жылында Худәйбиәда келісім жасасады. Алайда мүшріктер хижреттің 8-ші жылында бұл келісімді орынсыз бұзады.

Сонан соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) қан төкпеу үшін және жауды алаңсыз кезінде басу үшін, жасырын жорыққа дайындалады. Шамамен он екі мыңдай кісілік әскермен Рамазан айында Мәдина мүнаууарадан жолға шығады.

Пайғамбарымыз (с.a.у.) Meккe мүкаррамаға бастаған жасақтарына  “Құрайыш қару алып ұмтылмаса, соғыс ашпаңдар!” деп бұйырады. Ислам әскері төрт жақтан бір сәтте ұрыссыз Мекке мүкаррамаға кіреді. Tәкбір үні тау-тасты жаңғыртады. Тек Халид ибн Уәлидтің (р.a.) жасақтары Хандәмә деген жерде шабуылға ұшырап, ұрысуға мәжбүр болады және жауды бір демде қуып тығады.

Пайғамбарымыз (с.a.у.) Meккe мүкаррамаға кірерде Алла Тағаланың рақымы мен ізгілігіне алғысы ретінде түйесінің мойнына қарай иіліп сәждеге барады. 

Жұма күні болатын. Meккe халқы Харамда (Қағба муаззаманың айналасы) жиылып, кезінде Расулуллаһқа көрсеткен зорлық-зомбылықтарын еске алып, бүгін өздеріне не болатынын ойлап тұрған. Ал Пайғамбарымыз (с.a.у.) бәрін кешіреді, “Бара беріңдер, бәрің боссыңдар!” дейді. Байтулланың айналасындағы және ішіндегі пұттарды қиратып Қағба муаззаманы тазалайды. Біләл Хабәши Қағба муаззаманың үстіне шығып азан шақырады. Meккe халқына кешірім жарияланады. 

Meккe мүкаррамадағы ер кісілер мен әйелдер топ-тобымен келіп Пайғамбарымызға (с.а.у.) ант береді. Исламды қабылдайды. Сол күнге дейін Пайғамбарымызға (с.a.у.) жау болғандар енді оны өз жандарынан артық көретін болады. Бұл жеңіс тек жау қолындағы қаланы өздеріне қаратып қана қоймаған, мұнымен қатар жүректерді жаулап, Алланың дініне, иман мен Исламға ашылуына мүмкіндік берген. Жиырма жылдан бері құрайыш мүшріктерінің кедергі болуына орай хақты тануға жабық болған жүректер Меккенің жеңісінен кейін Исламға емін-еркін қауышқан.

Пайғамбарымыз (с.a.у.) жеңістен кейін қайтадан Мәдина мүнаууараға оралған. 

0 пікір