МӘУЛІТ – ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ӨМІРБАЯНЫН НАСИХАТТАЙТЫН КYН
МӘУЛІТ – ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ӨМІРБАЯНЫН НАСИХАТТАЙТЫН КYН
19.10.2020 11:20
640
0

Мәуліт сөзі араб тілінде – туылған деген мағынаны береді. Негізінде сөздің түбірі араб тіліндегі «уәләдә туу» сөзінен жасалған «мәулид» үлгісінде қалыптасқан есімшелі сөз. Оның туылу, мереке, туылған жер ұғымын беретін мағыналары да кездеседі. Алайда сөздің қолданыстағы мағынасы – дүниеге келу, туылу. Сол себепті тіліміздегі негізгі ұғым Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келуін, оның өмірбаянын дәріптейтін күн. Сондықтан елімізде аталмыш мерекені атап өту дәстүрі қалыптасқан. Ал ең бастысы Мәуліт – әлемдегі барша мұсылмандар үшін қадірлі де қастерлі мереке болып сіңісіп кеткен. Себебі бұл күні адамдардың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге келген.

Бұл мереке пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) туылған күніне орай мерекеленеді. Дегенмен мұның да өзіндік сипаты, яғни мерекелеу ерекшелігі бар. Негізінен пайғамбарымыздың туылған күні Раббиләууәл айының 12-інші түнінде туған (ай календары бойынша 3-ші ай).

Биыл мәуліт айы жаңаша қазан айының 18-күнінен дөп келді.

 Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал болуы тиіс пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен өсиетін, тығылымы толассыз ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс. Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).

Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс. Ақиқатында, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді, көңілдердегі кірді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен асқанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жақсылыққа жұмылдырып, жарқын болашаққа бастады. Үмметіне, яғни Сіз бен бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Алланың кәләмі Құран кәрім мен Өзінің (с.ғ.с.) жан адам адаспайтын сара жолы – сүннетін қалдырды. Оны (с.ғ.с.) досымен қатар дұшпаны да мойындады.

Ардақты ағайын!

Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.

Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол.

Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай!

Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарқын, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!

 

 

 

0 пікір