ЖӘБИР ИБН ХАЙЙАН
ЖӘБИР ИБН ХАЙЙАН
14.11.2019 11:31
183
0

ЖӘБИР ИБН ХАЙЙАН (737-813 ж.ж.) (Химия ғылымының ұстазы)  Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Муса Жәбір ибн Хаййан әл-Узди ат-Туси. Кейбір деректерде Ибн Хаййанның тегі жұлдыздарға табынатын сабейліктерден шыққандығы, кейіннен Ислам дінін қабылдағаны туралы айтылады. Тарихшылар мен зерттеушілер кейіннен оның мұсылмандықтың ақ жолын берік ұстап, асыл діннің қызғыштай қорғаушыларының біріне айналғандығы туралы да айтып өткен.       Ибн Хаййанның түпкі тегі арабтың атақты Узд тайпасынан еді. Бұл тайпаның бір бөлігі Куфа қаласының маңын аталмыш шаһарды Омар ибн Хаттаб миләди 628 жылы негізін салғаннан бері мекен ететін. Ибн Хаййанның әкесі Куфада дәрі-дәрмек сататын. Ол сол заманда халифаттық билікті омаййадтықтардан тартып алуды көздеп жүрген аббастықтар әулетінің қызуқанды жақтастарының бірі еді.      

 Жәбір Тус деген ауылда дүниеге келді. Бұл кезде оның әкесі Парсы жұртында аббастықтарға қызмет етіп жүрген болатын. Аздаған уақыттан кейін оның әкесі Хаййан билік тарапынан тұтқындалып, омаййадтық әскерлердің қолынан қаза тапты. Осыдан соң тайпалас туыстары кішкентай Жәбірді Араб түбегіне жөнелтті. Жәбір осы аймақта білім алды.      

Жәбір ер жетіп, азаматқа айналған соң билік басына келген аббастықтардың кезінде, халифа Һарун ар-Рашидтің тұсында бармакилер әулетінің жақтасына айналды. Олар Бағдаттан қуылып, жер аударылғанда Жәбір де олармен бірге болды. Содан кейін Куфа қаласына барып, қалған өмірін сонда белгісіздікте өткізді. Арада бірнеше жыл өтіп билік басына Мамун халифа келген соң ғылым мен білімге зор маңыз беріліп, ғалымдар мен оқымыстылар билік тарапынан ерекше ілтипатқа ие бола бастады.      

Жәбір Куфа қаласында тұрған уақытында химиялық тәжірибелерін іске асыру үшін ғылыми зертхана салды. Уақыт өте келе зертхана ұмытылып, екі ғасыр бойы белгісіз болып келді. Тек екі жүз жылдан соң сол уақытта жүргізіліп жатқан Куфа шаһарын жөндеу, қайта салу жұмыстары аталмыш зертхана орналасқан аймаққа жеткен шақта ғана Жәбір салған ғылыми-зерттеу ордасы табылды. Сол кезден бастап қаланың тұрғындары мен ғұламалар бұл тарихи жәдігерге аса зор маңыз бере бастайды. Көне зертхана табылған аймақ бұл кезде «Дамаск қақпасы» деп аталатын.      Жәбір ибн Хаййан Имам Жағыфар ас-Садықтың (Шыншыл Жағыфардың) шәкірті еді. Имам Жағыфардың медресесі өзіндік оқу жүйесі бар үздіксіз ізденістердің ордасы болатын. Ғылым жолына түскен жұрт сол жерден білімнің мол қазынасын табатын. Ерінбеген шәкірт сол оқу ордасында ақыл-ойдың биік дәрежелеріне жетіп, таным мен білімнің ұшар шыңына шығатын. Осындай жайттарға байланысты болса керек, Жәбір де Жағыфар ас-Садықтан химия ғылымын үйренеді. Кейіннен ол ұлы ұстазының ұлағатын есінен қалт шығармай кітаптарында «Қадірлі ұстазымыз былай дейтін», «ұлағатты ұстазымыздың былай дегенін естідім» деген тіркестерді көп келтіреді. Мұндағы «ұстаз» – Жағыфар ас-Садық еді. Сондықтан кейбір зерттеушілер Жәбірдің химия ғылымымен айналысуының сырын былайша түсіндіреді. «Бұл Имам Садықтың Жәбірге мұраға қалдырған даналығы. Жәбір бұл ғылымды көптеген кітаптарына арқау етіп, сан түрлі тарауларға бөліп жіктеді. Соған қарамастан ол бұл білімді кімнен алғанын ұмытпай, ескеріп отырды. Ол әрбір мәселені өз орнына қойып, бір ізге келтірді. Оның әрбір кітабы баға жетпес ғылыми пайдаларға толы».      

Жәбір ибн Хаййанның уақытында химия былайғы жұртқа белгісіз ғылым саласы болатын. Ол ғұмырының көп уақытын осы бір күрделі ғылыммен шұғылдануға арнады. Осы салада бес жүзге тарта еңбек жазып шықты. Кейіннен кейбір зерттеушілер Жәбірдің кітаптарында айтып кеткен ғылыми мәселелерге сынақ-тәжірибе жасап, бірақ мардымды нәтижеге қол жеткізе алмайды. Соны алдын-ала білген ол былайша өлеңдеткен.

                      Осынау кітаптағы ғұлама жазған сөздерден,

                      Бұрынғы мен соңғының ғылымдары өзгерген.                                                 Бірақ түсінбей кей ойыңды кейінгі жұрт шатылды,                                   Қателескен екен жан Жәбір деп қойған атыңды?! («Жәбір» сөзі «түзетуші» деген мағына береді).     

  Расында Жәбір ибн Хаййан көптеген химиялық сынақ-тәжірибелер жасап, ғылымның осы саласындағы біраз маңызды жаңалықтарды ашқан. Ол булану, мөлдірлену, балқу, кристалдану сияқты көптеген химиялық үдерістерді дәл сипаттап берген алғашқы ғалым. Сонымен бірге осы ғылым саласында көптеген жаңалықтарды да ашты.       

 Мәселен, Жәбір ибн Хаййан улардың түрлері мен олардың зардаптары жайында мұқият зерттеп, оның әсерлерінен арылту жолдары туралы Дәфъ әс-Сумум уа мадарриһа атты кітабын жазып шықты. Оның бұл еңбегі төрт тараудан тұрады. Аталмыш кітап медицина және химия ғылымдары арасындағы тығыз байланысқа куә болды.      

Жәбір ибн Хаййанның химия ғылымы саласында сіңірген еңбегі өте зор. Біз, кейінгі адамзат, химия мен медицина ғылымдарын бір-бірімен байланыстыра зерттеген осынау данышпан ғұламаның алдында әрдайым құрметпен бас иеміз.  Жәбір ибн Хаййан және химия ғылымы       

Жәбір ибн Хаййан өзінің ғылыми ізденістерін әуелі хмиямен шұғылданудан бастады. Кейбір металдарды алтынға айналдыру туралы Ар-Рахма атты кітабын жазып шықты. Осындай мәселелермен шұылдану арқылы ол химияны ғылым ретінде терең зерттеуге ден қоя бастады. Осы саладағы тынымсыз ізденістері мен тәжірибелері оның біліктілігін арттырып, ақырында «химия ғылымының атасы» деген лақап атқа лайық етті. Тіпті, орта ғасырларда бұл ғылым «Жәбірдің ғылымы», «Жәбірдің өнері» деген атаулармен аталды.      

 Жәбір өзінің зерттеу жұмыстарын көбіне-көп іс жүзіне асырып, тәжірибелерге сүйене отырып жүргізді. Сол тәжірибелерден алынған нақты нәтижелерге имандай сенді. Сондықтан да ол өзінің шәкірттеріне: «Ең бірінші ерінбей еңбек етіп, тәжірибе жасауың керек. Өйткені еңбек етіп, тәжірибе жүзіне асырмаған жан білімнің шыңына жете алмайды. Сондықтан да, балам, тек тәжірибе жүргізу арқылы ғана тура танымға жете аласың», – деп өсиет айтатын. Бұдан бұрын айтып өткен Жәбірдің Куфа қаласында зертханасы болуы да осы сөзімізді қуаттай түседі.      

 Жәбір сондай-ақ, өз еңбектерінде мышьяк, сүрме дайындау, металдарды тазалау, мата мен теріні бояу жолдарының жай-жапсарын анықтап түсіндіріп берген. Бұдан бұрын да айтып өткеніміздей ол улардың түрлері жайында Дәфъ әс-Сумум уа мадарриһа атты кітап жазып, онда улардың адам мен хайуанаттардың ағзаларына тигізетін зардаптары туралы ашықтап айтып өткен. Сонымен қатар сол еңбегінде уланудың алғашқы белгілері мен оларды емду жолдарын, улы заттардан сақтану жолдарын түсіндіріп берген. Ол уларды мынадай түрлерге бөлген:

 а) Хайуани улар. Оларға жылан, шаян сияқты улы жәндік-жануарлардың уларын жатқызған.

 ә) Өсімдік улары. Бұларға апиын және шөлде өсетін ащы өсімдіктердің улары жатады.

б) Тастардың улары. Жәбір удың бұл түріне сынап, купорос сияқты пайдалы қазбалардың рамында болатын уларды қосады.      

 Жәбір аталмыш зерттеулері арқылы бұл кітабында химия мен медицина салаларының басын біріктіріп, олардың арасындағы тығыз байланысты ашып береді.      

Жәбір ибн Хаййаннның бұл еңбегінен өзге Ниһаят әл-Итқан, Истиқсаат әл-Муъаллим атты кітаптары бар. Соңғысы алдыңғысынан бұрынырақ уақытта жазылғанына қарамастан маңыздылығы жағынан одан асып түседі. Сол Истиқсаат әл-Муъаллим кітабында Жәбір былай деп жазған: «Біз бұл кітабымызда тек көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап көрген, яки нақты сынақтардан кейін алған нәтижелеріміз туралы ғана әңгіме етеміз». Жәбір осы еңбегі арқылы жалпы ғылыми зерттеулер саласында «тәжірибе-сынақ әдісі» деген тәсілді енгізен алғашқы ғалым болды. Осы кітаптың негізінде біз автордың тәжірибе-сынақтарға сүйене отырып түзген ғылыми-зерттеу әдісіне жарқын мысалдар келтіреміз.

1. Алколоид тұзын (поташ) әзірлеу әдісі. Бұл үшін күлдің екі бөлігі мен қарапайым әк тас алынады. Сосын бұлардың барлығы су құйылған фильтрге салынады. Содан кейін фильтр аспабынан сүзіп алынған қосынды қайнатылады. Осыдан кейін алынған қатты қатпарлар алколоид тұзы болып табылады.

2. Аммоний тұзын алу әдісі. Жәбірдің айтуынша бұл тұзды алу үшін арнайы ыдысқа адами зәрдің сұйықтығы бөлігі мен сода клориді деп аталатын кәдімгі тұзды және олармен қоса қара өсімдік көмірін салып қайнату керек. Көмір алынған өнімнің оңай бөлінуі үшін қосылады.

 3. Зәр тұзын дайындау жолы. Зәр сұйығының қалдықтары пешке қыздырылып, тазанған соң кристалдануы үшін суға салынады. Жәбірдің айтуынша осындай жолмен зәр қалдықтарынан зәр тұзы алынады. Бұл құрамында фосфор бар алколоид тұзының қосындысы болып есептеледі. Осыдан кейін зәр тұзының аммоний қоспасына айналдыру орындалады. Ол зәр сұйығының кәдімгі әк тасымен қосып қыздыру арқылы жүзеге асады.    

   Жәбір ибн Хаййанның кітаптарының бірі әл-Уасия әл-Жәбирия. Аталмыш кітабында ол былай дейді: «Төрт түлік малдан, құстардан және балықтардан тұз алуымызға болады. Тұздардың мұндай түрлерін өсімдіктерден алу кезінде қолданылатын отқа қақтап қыздыру, күйдіру, сосын суға салып сүзу тәсілдері арқылы аламыз. Бұл хайуани тұз төмендегі заттарда да кездеседі:

1. Селитралық тұз қышқылы (aqua regia). Бұл қоспа арқылы алтын, күміс және күкіртті ажыратуға болады.

2. Азот қышқылды күміс (ляпис, pierre infernate). Бұл зат отқа салса балқитын қасиетке ие әрі сипаты хрусталь сияқты мөлдір.

3. «Сүлеймен уы» – сынап хлориді.

4. «Қызыл қалдық» (pecipite perse). Бұл затты бір ратл (449,28 грамм) мөлшеріндегі сынапқа екі ратл мөлшеріндегі купорос және бір ратл асбестті қосу арқылы алуға болады. Бұл қоспаны оттың үстіне қойып қыздырып, нәтижесінде қызыл түстес жылтыр қоспа аламыз.

 5. Күкірт эмульсиясы (lait du soufre)».  Жәбірдің ғылымдағы орны       

Жәбір ибн Хаййан қазіргі заманғы химия ғылымының ғылыми негіздерін алғаш қалаған ғалым. Оның ғалымдық мәртебесі туралы осы заманғы химик ғалымдардың бірі Бертело (Berthelot): «Жәбір ибн Хаййанның химия ғылымына сіңірген еңбегі Аристотельдің логикалық ғылымдарға сіңірген еңбегіндей», – деген.      

 Иә, расында да Жәбір ибн Хаййан адамзат танымына грек ойшылдары енгізе алмаған жаңа бір ұғым кіргізді. Ол – ғылыми жаңалықтарды ақиқатқа қаншалықты сай келетіні дүдәмал күйдегі жалаң аксиомаларға негізделген теория түрінде ғана емес, нақты практикалық іс-шараларға – тәжірибе-сынақтарға сүйене отырып іс жүзінде дәлелдеп беруі еді. Артында қалдырған ғылыми мол мұрасы оның өзі өмір сүрген заманынан бірнеше ғасыр алға кетіп, қатарынан озық туған дарын иесі екендігін көрсетеді.    

  Ол каустикалық соданы (NaOH) алғаш рет тапқан әрі алтындандыратын сұйықтықты (aqua regia) әзірлеп шығарған ғалым. Ол қышқылдар арқылы алтынды күмістен айыруға болатынын да алғаш ашқан ғалым. Осы тәсіл қолөнерде әлі күнге дейін қолданылып келеді.  

Алтындандыратын сұйықтық немесе «патша суы» (aqua regia) азот қышқылынан (HNO3) және гидрохлоридтен (HCI) тұрады. Осы екі қышқыл да жеке дара алтынды ажырата алмайды. Осы арқылы Жәбір ибн Хаййан азот және гидрохлоид қышқылдарын ашқан ғалым болып есептеледі. Бұл қышқылдардың химиялық саламен байланысты қазіргі заманғы өнеркәсіптегі маңызы аса зор.      

 Жәбір бұдан өзге басқа да жаңалықтарды ашқан. Ол философиялық тасты (философский камень) металдардан немесе өсімдік, хайуани заттардан өндіруге болады деп есептеген. Ол заттардың өздігінен дамып, өну үдерісіне сенген. Сонымен қатар ол ежелгі гректер ойлап тапқан төрт элементке күкірт пен сынапты қосты. Жәбірден кейінгі басқа мұсылман ғалымдары олардың қатарына тұзды да қосты.      

Жәбір ибн Хаййан буландыру, сублимация, конденсация, фильтрация, балқыту, құю, кристаллизация сияқты сынақ үрдістерін іс жүзіне асырып көрген. Сондай-ақ, сынап оксиді, сынаптың басқа да қоспаларын және алтынды балқытатын «патша суын» түрлі тәжірибелеріне пайдаланды.      

 Өз заманындағы химия ғалымдары Жәбір ибн Хаййанның елден ерек ғылыми дарынына таңдай қағып таңданса, кейінгі ғалымдар оны осы ғылым саласындағы аса жарық жұлдызға теңейді. Мысалы, Химия тарихы атты кітаптың авторы профессор Хофер (D. Hoefer) сол еңбегінде Жәбірдің ғалымдық дәрежесін: «Біз Жәбірдің химия ғылымы саласындағы мәртебесін медицина ғылымы саласындағы Гиппократтың еңбегімен теңестіре аламыз», – деп бағалайды.       Расында да Жәбір ибн Хаййан химия ғылымындағы ең ұлы мұсылман ғалымы. Оның қол жеткізген ғылыми жетістіктерін Батыс пен Шығыстың ғалымдары түгелдей мойындап, адамзат тарихындағы ең ұлы ғұламалардың қатарына қосқан.      

 Шынында да ол артына өшпес мұра қалдырған аты әлемге мәшһүр данышпандарымыздың бірі. Алла Тағала Жәбір ибн Хаййанға және барлық мұсылман ғалымдарына рахым еткей!

 

0 пікір