Ислам және жастар
Ислам және жастар
02.09.2019 10:33
185
0

  Ислам діні келгеннен кейін арабтардың жағдайлары күрт өзгеріп, соншалықты бүкіл әлем танитындай жағдайға жеткендігін барлығымыз білеміз. Бірақта қандай әрекеттері арқылы, сондай биік дәрежеге жеткендігі таңқалдырды. Өйткені кезінде өздерінің іштерінде бәсекелестіктен аса алмай, байлар кедейлерге үстемдік етіп, өздерінің нәпсілерінен аса алмай жүрген қоғам еді ғой. Тіптен жорықтардың біріне аттанып бара жатқан екінші халифа Омар ибн әл Хаттаб өзінің әскерлерінің ішіндегі біреу такаппарлықпен «Бұл біз ғой енді» дегенін естіген кезде, мұсылмандардың әміршісі Омар, Ислам келмей тұрып басқа ұлттың адамдарының біреуіне де күшіміз жетпеген, өте әлсіз, қор болған өміріңді ұмытпа! деген сөздің астарында  күш жағынан да  әлсіз болғандығын білетінбіз. Осыншама өзгеріс қалай болды, недеген күш, қандай саясат қолданды деп зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар да болғандығын естіген едік. Сөйтсе зерттеу жүргізгендердің  барлығының көздегені, бар болғаны әлемге әйгілі болу,  басқалардың үстінен үстемдік құру екен мақсаттары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өміріне көз жүгіртіп, өмірбаянын оқып қарасақ тіптен басқа қөзқарас, әрбір сахабаларына берген тәлім тәрбиесі, отанға деген махаббат, отбасымен қарым қатынасы,  адам баласына басқаша әсер сыйлайды екен. Себебі мына әлемдерді, соның ішінде адамдарды жаратқан   Алла Тағаланың тәлімін алып келген пайғамбар саясаты ешкімнің мүддесі емес, тек қана  Алланың разылығын алып, қияметте адамдарды жаннатқа кіргізуге себепкер болсам деген арманы ғана байқалады екен. Негізінде Ислам өзі сол амандық, есендік деген мағыналарды береді ғой. Сол пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянынан  көптеген ғибраттар аласын.

Соларды айта кетсек, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) елшілік жүктелгеннен бастап өзінің міндетін сондай махаббатпен, адамдарға жанашырлықпен жеткізе білді. Қаншамасы қарсы шыққанымен, пайғамбардың артынан еріп, жанашыр бола білгендері де болған. Солардың ішінде көпшілігі жастар болатын.  Атап айтар болсақ  Али ибн Абу Тәлиб, Абдуллаһ ибн Аббас, Әнас ибн Малик, Мусғаб ибн Умайр, Муаз ибн Жабал сынды жас сахабалар жәрдемдескен. Жас сахабалар өздерінің жастық шақтарынан бастап өмірлерін дұрыс пайдалана білген. Пайғамбардың тәрбиесін алған жас сахабалар барлық өмірін діні үшін, ата-аналары үшін, отанының амандығын көздеп титтей де мансап қумағандығы байқалады. Пайғамбардың әрбір сөздерін мұқият тыңдап, өмірлерін зая өткізуден аулақ болған. Осы жастардың істеріне қарап Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисі еске түседі: пенде мына бес сұраққа тартылып жауап бермейінше қиямет күні аяғын аттап баспайды дейді: «Өмірін қалай өткізгені, жастық шағын қалай өткізгендігі, ілімін қалай пайдаланғандығы, мал-мүлкін қайдан тауып, қай жаққа жұмсағандығы және тәнін қалай қолданғандығы». Қарап отырсақ бұл жастар өмірінің жастық шағын ғана емес, барлық сәттеріне мән бергенге ұқсайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) әрдайым жастарға насихат айтып, тура жолға бағыт-бағдар көрсетіп тұратын. Ибн Аббасқа кішкентай кезінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оған:

 «Балақай, мен саған бірнеше сөз үйретпекпін. Алланы естен шығарма, Алла да сені қорғап сақтайды. Алланы естен шығарма, Алланы өз алдыңнан табасың. Егер бір нәрсе тілегің келсе, Алладан тіле. Егер көмекке мұқтаж болсаң, жәрдемді әуелі Алладан сұра...» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдыра білген.   Сол жас сахабалардың  өмірлеріне үңілер болсақ біздерге де көптеген үлгі алуымызға болады. Пайғамбарымыздың Мұхаммед (с.ғ.с)-тің жанында көптеген сақа, жастары келген, ақылы мол сахабалары да болған, алайда Пайғамбары(с.ғ.с)-мыз сонау шалғайда жатқан қалаларға Исламның Алланың жіберген амандық діні екендігін жеткізуге жас сахабаларды таңдаған. Оларда өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білген. Сол жас сахабалардың арқасында қаншама адасқан, қараңғылықта жүрген елдер Исламның нұрымен нұрланып көздері ашылғанын байқаймыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде. «Кезінде қарттар менен бет бұрған кезде, жастардың арқасында жеңіске жеттім» дегені осындай жас сахабаларды меңзеген болар. Жалпы жастардың өмірде алатын орны ерекше екендігі белгілі. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) үлкендер туралы былай деп айтқан: «Игілік сендердің үлкендеріңмен бірге». Әлбетте, адамның жасы өсе келе оның тәжірибесі, біліктілігі артып, өмірді тереңірек түсінеді. Алайда, оның қуаты әлсіреп, жастардың көтеретін жүгін көтере алмауы әбден мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Қияметте көлеңке жоқ кезде, жеті адамды Алла Өз көлеңкесіне алады» деген хадисінде, солардың бірі Аллаға сиынып, құлшылық етіп өскен жеткіншек екені айтылған.

Біздің қазақ даласында осы Исламның білімінен тәлім алған хандар, билер, батырларды оқып отырсақ жастайынан елін қорғап, отаны үшін тер төккенін байқаймыз. Осындай иелік етіп отырған кең байтақ жерімізде сол жас батырлардың арқасында екені баршамызға аян. Атап айтсақ:

«Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспембет батыр, Матай Шөнкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиын Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқақ атақ, абыройға жастық шағында ел көзіне түскен. Егер жас буын салиқалы да қайратты болып өссе, олар мұсылман үмбетін қайта жаңғыртып, отанымыз Қазақстанның лебін дүниенің төрт тарапына еркін тарата алады. Өйткені, Алла Тағала жастарға қажымас қайрат, таусылмас күш-қуат пен ұшқыр ақыл бергендігі белгілі. Мұндай қасиеттер қарттыққа бет алған адамдарда кездесе бермейтіні рас.

Қараңғықазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?

 деп өзінің өлең жырларына қосып, қазақты арман-асулардан асырсам екен деп арманда кеткен жас ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров бар жоғы жиырма жеті жыл ғана өмір сүрседе, қысқа өмірінде аты өшпейтіндей із қалдыра білген.

 Халықтың да аңсайтыны  елім дейтін, жерім дейтін  жас батыр ұрпақтардың көбейуі. Ендеше батыр да ғұлама бабаларымыздың жолын қуған жастар көбейе  берсін!

        

                                                                        Ербол ҚАПСАМАТҰЛЫ

Тереңкөл ауданы

 «Қашыр» аудандық мешіті

0 пікір