Ислам дінінің сунниттік бағытында ижмағ етілген АҚИДА МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ислам дінінің сунниттік бағытында ижмағ етілген  АҚИДА МӘСЕЛЕЛЕРІ
24.01.2017 01:01
3635
0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дінінің сунниттік бағытын, оның ішінде имам Әбу Ханифа (699-767) мәзһабын, ал діни сенім мәселелерінде имам Әбу Мансур Матуриди (862-944) ақидалық мектебінің жолын ұстанады. Құлшылық мәселесінде, отбасылық құқықта және басқа қарым-қатынастарда халқымыз осы бағытта амал етеді.

Осында исламның алдынғы және кейінгі дәуірінде өмір сүрген ғалымдардың бірауыздан қабылдаған шешімдеріне тоқталып өтсек. Жалпы алғанда, ижмағ (бірауызды келісім) етілген мәселелерге қарсы шығу адам баласын күпірлікке, не бидғатқа алып барады. Сондықтан, әрбір мұсылманның мұндай мәселелерді білуі өте қажет.

  1. Мүмін-мұсылман деп аталу үшін жеті нәрсеге – Алланың бірлігіне һәм барлығына, пайғамбарлардың хақтығына, періштелердің барлығына, Құран және басқа қасиетті кітаптарға, тағдырдың жақсы-жаманы Алладан екеніне, ақырет күнінің болуына және өлгеннен кейін қайта тірілуге сену керек.
  2. Ислам дінінің негіздері – иманға келу, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру және қажылық ету.
  3. Адам атадан бастап Мұхаммед пайғамбарға шейін өткен барлық елшілер өз үмбеттерін «Алла – бір», деп сенуге шақырған. 
  4. Алла Тағала кез келген айып және кемшіліктерден ада, пәк әрі таза. Оның затында, сипаттарында және істерінде бір де кемшілігі жоқ.
  5. Алла Тағаланың зати және фиғли сипаттары бар.
  6. Алла Тағала ешкімді тумады және ешкімнен туылмаған, яғни Оның ата-анасы, перзенттері және серіктері жоқ.
  7. Алла Тағала қимылдау, қозғалу, құбылу, өзгеру және мекендеуден ада әрі пәк.
  8. Алла Тағала өзінің үкімдері мен нұсқауларын пенделерге жеткізу үшін адамдардың арасынан пайғамбарларды таңдаған.
  9. Ең алғашқы пайғамбар – Адам (оған Алланың сәлемі болсын), ең соңғы пайғамбар – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
  10. Пайғамбарлар – мағсум, яғни үлкен және кіші күнәларды әдейі істеуден сақтанған.
  11. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) – Алланың пайғамбары, Оның ұлы (баласы) емес.
  12. Алла Тағала Мұсамен (оған Алланың сәлемі болсын) сөйлескен.
  13. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық пайғамбарлардан артық.
  14. Періштелер бар, олар нұрдан жаратылған. Олар әрдайым Хақ Тағалаға ғибадат етіп, бұйырылған қызметтерін атқарады.
  15. Жындар бар, олар оттан жаратылған. Оларды Алла Тағала Өзіне ғана ғибадат ету үшін жаратқан.
  16. Алла Тағала алғашқы адамды топырақтан жаратқан. Адамзат пен жындарды Өзіне ғана ғибадат ету үшін жаратқан.
  17. Ғалам уақыт және заты тұрғысынан артынша пайда болған. Кейбір сопылық кітаптардағы «ғалам заты жағынан – хадис (кейіннен пайда болған), уақыт тұрғысынан – қадым (бар болуда басы жоқ)», деген сөз ауыспалы мағынада түсіндіріледі, шынайы мағынасы емес.
  18. Рух (жан) құдды ғаламның басқа бөліктері іспетті – хадис (кейіннен пайда болған), қадым (бар болуда басы жоқ) емес.
  19. Ібіліс (шайтан) – Адамға (оған Алланың сәлемі болсын) сәжде етпегені үшін Құдайдың құзырынан қуылған, Алладан қияметке шейін тірі қалуға уәде алған және пенделерді азғыруға бел буған жаратылыс.
  20.  Ібіліс (шайтан) адамдарды азғырып, олардың иманын тартып ала алмайды, бәлкім пенделердің өздері өз қалауларымен иманнан безеді.
  21. Алла Тағала өз елшілеріне қасиетті кітаптар мен парақтар түсірді. Тәурат, Забур, Інжіл және Құран – Алланың кітаптары екеніне сену – парыз.
  22. Алланың Елшісін менсінбеген, елемеген, кемсіткен адам иманнан айырылады.
  23. Алланың тағдыры – хақ, даусыз. Әрбір іс Оның тағдырымен жүзеге асады.
  24. Иман – ширктің кереғары.
  25. Мүмін үлкен күнә істеумен иманнан айырылмайды.
  26. Жүрегімен сеніп, тілімен иман айтса, бірақ амал етпесе, ол адам – кәпір емес, пасық мүмін. Хауариж бен мутазилиттердің сөзіне назар аударылмайды.
  27. Бес уақыт намаз исра түнінде парыз болды.
  28. Намаздың міндеттілігін мойындап, бірақ ұмытып оны оқымаған адам кәпір саналмайды.
  29. Намаздың міндеттілігін құптамау – күпірлік. Алайда, исламға жаңадан келіп, әлі намаз жайында естімеген мұсылмандар бұған жатпайды.
  30. Алла үзілді-кесілді харам еткен нәрсені халал, деп білу – күпірлік.
  31. Иман мен күпірлік – пенденің ісі. Алла иманға разы, күпірлікке разы емес.
  32. Ғалам Алла Тағала тарапынан жаратылған, оның жаратушысы – Алланың өзі.
  33. Адам баласы туғанда мүмін де, кәпір де болмаған хәлде, иман және исламға бейімді табиғатта дүниеге келеді, одан кейін сыртқы әсердің ықпалымен ұлғая бастайды.
  34. Ізгі істеріміз қабыл болады, күнәларымыз кешіріледі, деп айтпаймыз.
  35. Қияметтің болуы – хақ. Ол күнде адамдар, жындар және жануарлар қайта тіріледі.
  36. Барзах (қабір өмірі) – хақ. Онда періштелер сауал береді. Қабірде азап шегу және нығметке бөлену бар.
  37. Қиямет күнінде барлығы махшар алаңына жиналады. Ол жерде Алла Тағала пенделерді есеп-қисаптан өткізеді.
  38. Пенделер махшар алаңында тұрған кезде олардың қолдарына амал дәптерлері беріледі.
  39. Махшар алаңында пенделердің амалдары арнайы (әділеттік және туралық) таразысымен өлшенеді.
  40. Пенделердің қыл көпірден өтулері – хақ.
  41. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кәусар хауызы – хақ.
  42. Жәннат пен тозақ қазіргі кезде жаратылған және кірушілер үшін дайындалған.
  43. Жәннатқа кірген адамдар онда мәңгі қалады.
  44. Жәннат иелері Алла Тағаланы ақыретте көреді. Бірақ Оның көрінуі еш кейіпсіз, тарапсыз, арақашықтықсыз жүзеге асады.
  45. Кәпір және мүшріктер тозақта мәңгі қалады.
  46. Аллаға және пайғамбарларына иман келтіргендер күнә істеп, тәубе етпей дүниеден өтсе, күнәларының мөлшеріне қарай тозақта жазалануы мүмкін.
  47. Басшыларға, егер олар пасық және әділетсіз болса да, қарсы шығу, соғыс жариялау – харам. Олардың кемшілігі болса, ақиқат және тыныш жолмен айтылады. Халықты оларға қарсы қою, бүлік шығару – харам.
  48.  Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейінгі нағыз имам – ол Әбу Бәкір Сыддық (оған Алла разы болсын).
  49. Әбу Бәкір Сыддықтан кейінгі нағыз имам – ол Омар ибн Хаттаб (оларға Алла разы болсын).
  50. Омар ибн Хаттабтан кейінгі нағыз имам – ол Осман ибн Аффан (оларға Алла разы болсын).
  51. Әли ибн Әбу Талиб – Осман ибн Аффаннан кейінгі ең артық адам (оларға Алла разы болсын).
  52. Әлиды Әбу Бәкір мен Омардан артық деп білу сунниттік ұстанымға теріс(оларға Алла разы болсын).
  53. Сахабалардың барлығын ізгілікпен еске аламыз, олардың қателік пен кемшіліктерін мүлдем айтпаймыз.
  54. Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі, Оның Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсірген кітабы.
  55. Құран Кәрім Алланың сөзі болғандықтан ол жаратылған (кейін пайда болған) емес.
  56.  Құран Кәрім аяттарының тәртібін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иләһи нұсқаумен белгілеп, көрсетіп берген.
  57.  «Фатиха» сүресінің соңғы аятынан кейін айтылатын «Әмин» сөзі Құранға жатпайды.
  58. Алланың кітабынан қандай болса да бір аятты өзгерту – харам.
  59. Құран Кәрімнің аяттарының тәртібін өзгерту дұрыс емес.
  60. Аят және хадистерде келген нұсқаулар бойынша дем салу және тұмар жазу – дұрыс.
  61. Рамазан айында жамағатпен жиырма ракағат етіп тарауық намазын оқу – сүннет.
  62. Мәсіге масих тарту – дұрыс.
  63. Жақсы және жаман адамның артында намаз оқу, оған еру – дұрыс. Сондай-ақ, жақсы-жаман адам қайтыс болғанда, оған жаназа намазын оқу – дұрыс.
  64. Әркім өз ажалымен өледі. Ешкім ажалынан бұрын өлмейді, бәлкім өзінің ажалы (уақыт, сағаты) келгенде өледі.
  65. Рызық – Алладан. Харам да, халал да – рызық. Әркім өз рызығын жейді, ешкім біреудің рызығын жея алмайды.
  66. Пайғамбарлардың мұғжизалары, әулиелердің караматтары болады. Имансыздардың әдетте болмайтын таңғажайып істері «истидраж» деп аталады.
  67. Қиямет күнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағат етуі – хақ. Сондай-ақ, әулиелер, ғалымдар және қарилар шапағат етулері мүмкін.
  68. Қиямет жақындағанда оның белгілері көріне бастауы – хақ. Қияметтің үлкен және кіші белгілері бар, олар аяттарда және хадистерде баян етілген.
  69. Тажал, яжуж-мәжуж және даббат әл-арздың шығуы, күннің батыстан көтерілуі, Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) аспаннан түсуі секілді қияметтің үлкен белгілері – шындық.
  70. Күнәлі пендеге тәубе ету – уәжіп.
  71. Пасық адам тәубе етіп, ізгі істерді істей бастаса, одан «пасықтық» таңбасы алынады.
  72. Дұғада марқұмдар мен тірілерді тауәсүл ету – дұрыс.
  73. Ұлы адамдардың  денесін тәбәрік ретінде сүю – дұрыс.
  74. Тірілердің қайтыс болған адамдарға жасаған дұғалары, ғибадаттары, Құран оқу, қажылық және ұмра сауаптары өлгендерге тиеді.
  75. Рия (жасандылық) және ғужуб (өзіне таңғалу) істеген амалдардың сауабын жоққа шығарады.
  76. Кәпірлер ізгі істерімен сауапқа кенеле алмайды.
  77. Әрбір ақыл-есі бар адам балиғат жасына жетумен мукалләфқа айналады, оған парыз және басқа үкімдерді орындау уәжіп болады.
  78. Ұлдар еркектік белгілері көрінумен, қыздар етеккір келумен балиғатқа толған болып саналады.
  79. Етеккір әйелмен жыныстық қатынасқа тұсу – харам.
  80. Ер адам етеккір әйелдің кіндігінен жоғары және тізесінен төменгі жерлерінен пайдалануы – дұрыс.
  81. Мутға (уақытша) неке – харам.
  82. Жезөкшенің өз тәнін саудаға салу арқылы тапқан табысы – харам.
  83. Еркектің бөгде әйелдің, әйелдің бөгде еркектің әуретіне себепсіз қарауы – харам.
  84. Үйлену ниетімен қыздың бетіне және алақанына қарау – дұрыс.
  85. Жоғары адамгершілік қасиеттер мәселесінде заиф (әлсіз) хадистерге амал ету – дұрыс.
  86. Шариғатта қиясты (құқықтық қағида) қолданып, үкім шығару – дұрыс.
  87. Мужтаһид (Құран мен сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді дербес түрде шешу құқықына ие атақты діндар ғалым) дәрежесіне жете алмаған әрбір мұсылманға ғибадат етуде төрт мазһаб – ханафи, шафиғи, малики және ханбали мазһабтардың біріне еру – уәжіп.
  88. Бидғат иелерін дос тұтуға болмайды.
  89. Мұсылманды нақақ сөгу, балағаттау – харам әрі пасықтық.
  90. Біреудің жетістігін көре алмау, оны күндеу – харам.
  91. Сиқырмен айналысу – харам.
  92. Ананы ренжіту – үлкен күнә.
  93. Мәйіттің артынан бақырып, дауыс шығарып жылау оның азаптануына себеп болады.

Дайындаған  Хасан Аманқұлов   

0 пікір