ИБН НӘФИС
ИБН НӘФИС
14.11.2019 05:38
191
0

 ИБН НӘФИС  (Бейбарыс сұлтанның дәрігері) (1210 - 1288 ж.ж.)  Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Хасан Алауддин Әли ибн әл-Хазм әл-Қарший. Ибн Нәфис деген атпен мәшһүр. Қарш – оның ата-бабасының туған жері, Мауреннаһр аймағындағы ауылдың аты. «Мауреннаһр» сөзі арабтың «өзеннің ар жағы» деген сөзінен шыққан, мұндағы өзен – Амудария, яғни осы өзеннің арғы, шығыс бетіндегі елдер дегенді білдіреді. Демек, Ибн Нәфистің ата-бабалары қазіргі Орталық Азия аймағынан шыққан.     

  Ибн Нәфистің өзі һижри 607 миләди 1210 жылы Дамаск қаласында туылып, һижри 687 миләди 1288 жылы Каир шаһарында қайтыс болған.      

Ибн Нәфис – дәрігер әрі философ. Ол медицина ғылымын Дамаск шаһарындағы сол заманның атақты ғұламаларынан үйренген. Сол кездегі белгілі көз дәрігерінің ұлы, кейіннен медицина тарихының білгірі атанған Ибн Әбу Усайбаға Ибн Нәфистің бірге оқыған замандасы.      

 Ибн Нәфис ежелгі грек ғалымы Галениустың (Galenos, 131-201 ж.ж.) қателіктерін тауып, оны сынаған. Он үшінші ғасырда медицина саласында алғаш рет қан айналымы жүйесін ашқан. Ол бұл ғылыми жаңалықты испан ғалымы Сарвитустан үш жүз жыл, ал ағылшын ғалымы Харвиден төр жүз жыл бұрын ашқан. Атақты шипагер Ибн Синадан кейін медицина саласында дәл Ибн Нәфистей көп еңбек қалдырған ғалым болмаған. Ол ауруларды емдеу жолдарын іздеп табу жағынан Ибн Синаның өзінен де асып түскен.      

Ибн Нәфис замандасы Ибн Әбу Усайбағамен бірге медицина ғылымынан Шамның дәрігер-ғалымдарының атақты басшысынан дәріс алды. Оның аты Духуар болатын. Сол заманда медицина саласындағы оған теңдес ғалым жоқ еді. Ол ғалым болуымен бірге шалқыған бай да еді. Сол байлығының арқасында ол өзінің кең сарайдай үйінің жанынан дәрігерлік мектеп пен жеке аурухана да салдырған. Духуар ұстаз дәрісін Ар-Рази, Ибн Сина және Галениустардың медицина саласында жазылған құнды кітаптарынан беретін. Ибн Нәфистің бірге дәріс алып жүрген досы Ибн Әбу Усайбаға ұстаздары Дахуардың Галениустың кітабын оқыған сайын «Нағыз дәрігер деп осыны айт! Нағыз дәрігер деп осыны айт!» деп үздіксіз қайталай беретіндігін мазақ қылатын.       Біраз жылдар өткен соң Ибн Нәфис те, Ибн Әбу Усайбаға да медицина саласындағы білімдерін тәмәмдап, ауруханаларға жұмысқа орналасты. Олар Мысыр шаһары Каирдегі Насири ауруханасында дәрігер болды. Бұл атақты аурухананы кезінде Салахуддин әл-Аййуби салдырған болатын.       Біраз уақыт өткен соң Ибн Әбу Усайбаға Каирды тастап кетті. Ол Шам еліне қайтып, сондағы бір әмірінің жеке дәрігері болды. Содан бастап Ибн Нәфистің бірге оқыған досымен байланысы үзіліп қалды.     

  Ал өзі Насири ауруханасының бас дәрігері әрі Мысыр сұлтаны Бейбарыстың жеке дәрігері болып тағайындалды. Сонымен бірге медицина ғылымынан Мысыр шаһарында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Ол шәкірттеріне Ибн Сина, Галениустардың кітаптарынан дайындалмастан дәріс бере беретін. Өйткені Ибн Нәфис ол кітаптарды жатқа білетін. Сонымен бірге өзінің ашқан жаңалықтарын да қоса оқытатын. Сол жаңалықтарының бірі жайында Ибн Нәфистің өзі былай дейді: «Бірде Каир шаһарындағы моншалардың бірінде шомылып жатқанмын. Зәйтүн майынан жасалынған сабынмен денемді ысқылап жатқан болатынмын. Сол кездері Каирде мың екі жүзден астам монша бар болатын. Денемді ысқылап жатып тамыр соғысы жөніндегі мәселе есіме түсе кетті. Дереу моншаның әуізінен сыртқа шығып, қалам мен қағаз алдырдым да тамыр соғысы жөніндегі зерттеуімді жаза бастадым. Бар ойымды хатқа түсіріп болған соң моншаға қайта түстім».     

  Ибн Нәфистің Каирдегі үйіне Мысырды әмірлері мен дәрігерлері көп жиналып, ұлы ғалымның әңгімесіне құлақ түретін. Өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын осы үйден табатын. Оның үйінің іші жиһаздарға толы, едені мен қабырғалары мрамормен қапталынған болатын. Ибн Нәфис үйленбеген еді. Сондықтан да өзінің көп жылдардан бері жинаған кітаптары мен мал-мүлкін Мансұри ауруханасына тапсырды.       Таңқаларлық жайт, бірге дәріс оқыған жолдасы әрі жерлесі Ибн Әбу Усайбаға Уйун әл-Әнбә фи Табақат әл-Атибба аты кітабында мұсылман әлемінің төрт жүз дәрігерінің өмірбаянын жазып, жолдасы Ибн Нәфисті ұмыт қалдырады. Кейбір кітаптарда бұл ол екеуінің арасындағы келіспеушіліктің әсерінен болар деген жорамал айтылады.       Әбу Хасан Ибн Нәфис медицинамен бірге шариғат, хадис, көркемсөз, логика, философия ғылымдарын да терең игеріп, кітаптар жазып, сол пәндерден шәкірттерге дәріс берген. Әсіресе, шариғат мәселелері бойынша білгірлігі замандас ғалымдарға мәлім болатын. Фиқһ ілімінің кейбір түйінді мәселелері бойынша өзіндік пікірі мен ұстанымы бар еді.      

 Ибн Нәфис жалпы ғылыми мәселелерде ұстаздары мен басқа үзеңгілес ғалымдардан өзінің жаңашылдығымен ерекшеленетін. Өзінің шәкірттерін талай ғасырлардан бері таптаурын болған пікірлермен таныстырып қана қоймай, табиғаттың сырларын жаңаша түрде зерттеп, теория мен практиканы бірге алып жүруге нұсқайтын. Ол әртүрлі жануарлардың денелерінің ішкі құрлыстарындағы өзгешеліктерін анықтау үшін оларды ашып көріп, салыстырмалы анатомиялық зерттеулер жасауды ұсынды. Содан соң күнделікті жұмысы мен ізденуінде анатомиялық ашып көру тәсілін кеңінен қолданды. Бұл тұрғыда Ибн Нәфистің ғылым саласындағы батылдығы өзінен бұрынғы Ар-Разимен және өзінен кейінгі Харвимен бірдей болды десе де болады. Олар медицина ғылымын көп алға ілгерілеткен ғалымдар еді.      

 Мысалы өзінен бұрынғы Ибн Синаның медицина саласындағы атақты әл-Қанун кітабына жазған түсіндірмесінің алғы сөзінде Ибн Нәфис былай дейді: «Ал дене мүшелерінің қызметтеріне келер болсақ, олардың анықтамаларын мұқият елеп-екшеу мен терең оқып-зерттеулер арқылы жасау керек. Бұл көзқарасқа бұрынғы ғалымдардың пікірлерінің сай келу-келмеуі аса үлкен рөл атқармайды».       

Расында да ғылым мен ақиқат бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Осы орайда Ибн Нәфис былай дейді: «Ежелгі Грекияда надандар Сарфитусты ақиқатты айтқаны үшін өртеді. Сонда да айтқан бетінен қайтпады, өйткені ол нағыз ғалым еді».   Ибн Нәфистің кітаптары Ибн Нәфистің медицина ғылымынан басқа салаларда жазғаны мынадай кітаптары бар: Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өмірбаяны туралы жазған кітабы Ар-Рисала әл-Камилия фи әс-Сира ән-Нәбәуия, атақты философ Ибн Туфайлдың Хайй ибн Яқзан кітабына еліктеп жазған кітабы Фадил ибн Натиқ, бірақ Ибн Нәфис өз кітабын философиялық бағытта емес, таза діни бағытта жазған.      

 Ал медицина саласында жазған сүбелі еңбектері көп. Ең бастысы – сексен томнан тұратын Әл-Китаб әл-Жамиғ кітабы. Өкінішке орай оның көп бөлігі сақталмаған. Сонымен бірге көз емдеу (офтальмология ілімі) саласында жазған Әл-Муһаззиб фи әл-Кәхәлә, диета саласында жазған Әл-Мухтар мин әл-Ағзия, Гиппократтың (б.э.д. 460-377 ж.ж.) Тақдимат әл-Мағрифа, Фусул кітатарына түсіндірме, христиан араб ғалымы Хунейн ибн Ысхақтың (808-873 ж.ж.) Мәсәил кітабына түсіндірме, Ибн Синаның Әл-Һидая фи ат-Тибб, Әл-Қанун кітаптарына түсіндірмелер және Буғият әл-Фатин фи илм әл-Бәдән, әл-Муджаз фи ат-Тибб кітаптары. Соңғысы – әл-Муджаз фи ат-Тибб медицина ғылымына кіріспе ретінде Ибн Синаның Әл-Қанун кітабынан сұрыптап алып, ретке салып жазған кітабы. Ибн Нәфистің бұл кітабы төрт бөлімнен тұрады:

1. Медицина ғылымының теориялық және практикалық бөлімдерінің басты ережелері.

2. Дәрі-дәрмек түрлері (фармацевтика) және тағамдарға байланысты бөлім.

3. Дене мүшелеріне байланысты ауру түрлерін қарастыратын бөлім.

4. Бүкіл денені қамтитын ауру түрлерін қарастыратын бөлім.       Аталмыш кітап медицина ғылымындағы атақты кітаптардың бірі. Әлемнің әртүрлі елдерінде бірнеше рет басылып шығарылды. Алғаш рет Үндістанда аударылып басылса, кейіннен түрік, иврит тілдеріне тәржімаланды.      

 Ибн Нәфис Ибн Синаның әл-Қанун кітабына жазған түсіндірмесінде қан айналымы туралы пікірін былайша келтірген: «Адам жүрегінің екі жағы бар: біріншісі – оң жағы қанға толы, екінші жағы сол жағы рухқа (рух деп ауамен араласып тазарған қанды атаған) толы болады. Осы екі бөліктің арасында ешқандай саңылау жоқ. Яғни олардың арасында перде бар.

Анатомиялық ашып көру тәжірибесі кейбір бұрынғы ғалымдардың пікірлерін теріске шығарады. Қан жүректің сол жағына өкпеден келеді. Өкпе ол қанды оң жағынан алып көтеріп, қыздырып әкеледі. Алайда екі бөліктің арасында қан өтетін жол жоқ. Жүректің сол тұсы жабық, ғалымдардың көбінің пікіріндей ешқандай көрініп тұрған саңылау, жол жоқ. Галениустің пікіріндей қанөтіп кететініндей ешқандай көрінбейтін жасырын жол тағы да жоқ. Демек, бұл қан ағысымен ағып отырып артерия арқылы өкпеге барады да, ауамен араласып тазарып, вена арқылы жүректің сол жақ бөлігіне құйылады. Ол осы арқылы ауамен араласып, одан таза қан түзіліп шығады».      

Сондай-ақ жүректің қан айналымы туралы Ибн Синаның пікірімен келіспей мынадай ойын жеткізген: «Оның жүректің оң жақ бөлігіндегі қан арқылы қоректенуі туралы айтқан пікірі еш дұрыс емес. Шынында жүрек денеге бекітілген тамырлардан аққан қан арқылы қоректенеді».      

 Ибн Синаның Әл-Қанун кітабына жазған түсіндірмелерінен алынған осы бір үзіктер Ибн Нәфистің өкпедегі қан айналымы мен жүректің екі бөлігінің арасында қан жолының жоқтығы туралы алғаш рет пікір айтқан ғалым екендігіне айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ жүректі қанмен қамтамасыз ететін вена қан айналымы туралы айтып өткен алғашқы ғалым саналады. Сарвитус, Физалиус және тағы басқа жаңа өрлеу заманындағы ғалымдар Ибн Нәфистің айтқандарына көп жаңалықтар енгізе қойған жоқ. Сондықтан да оның аталған ғылыми жаңалықтарды бірінші ашқандығы туралы ешбір дау болмаса керек.      

 Кейінірек Европа ғалымдары медицина саласында жазылған мұсылман ғалымдарының еңбектерінен осы ғылымның негізгі қайнар көздері ретінде көп пайдаланды. Олардың кітаптарын мектептерінде оқу құралы ретінде енгізіп, жүйлеі түрде зерттеп, оқытты. Мысалы, Ибн Синаның Әл-Қанун кітабының жағдайы солай болған. Сол сияқты Испанияда туылған Сарвитустың да Ибн Нәфистің еңбектерінен көп пайдаланғаны байқалады. Еңбектерін пайдаланып қана қоймай, оның ашқан ғылыми жаңалықтарын өзінің атына жазып жіберген! Сарвитустың латын тіліне аударылған Ибн Нәфис еңбектерінің нұсқаларын пайдаланғанына ешбір шәк жоқ. Тіпті, кейбір тарихшылар Сарвитустың латын, грек, иврит тілдерімен қоса араб тілін де жетік меңгергені жөнінде жазады. Бұл тұрғыда Батыстың шығыстанушы ғалымдарының бірі Мерхофтың жазғанына көз жүгіртсек пікіріміздің дұрыстығын білеміз. Ол былай дейді: «Ибн Нәфистің түсіндірмесіндегі қан айналымы тақырыбының бірінші бөлімін оқып шыққанымда оның сөздерінің Сарвитустың кейбір сөздерімен айна-қатесіз ұқсастығы мені екендігі таңқалдырды. Құдды араб тіліндегі нұсқа аздаған өзгерістермен латын тіліне аударылғандай екен».      

Дәл осындай пікірді басқа бір шығыстанушы ғалым Миали де айтып өткен. Ол да Ибн Нәфис пен Сарвитус еңбектері арасында егіздің сыңарындай ұқсастықты аңғарғанын жазады.       Қалай десек те Ибн Нәфис қан айналымы мен жүрек құрылысының қыр-сыры жөніндегі жаңалықты алғаш рет ашқан ғалым. Ал Сарвитус пен Европадағы жаңа өрлеу дәуіріндегі ғалымдар оның сөзін қайталағаннан басқа ашқан жаңалықтарына айтарлықтай өзгеріс енгізе қойған жоқ. Сондай-ақ ағылшын ғалымы Харвидің осы тақырыптағы ғылыми жаңалықтарының алғышарттарын айтып өткен.      

Алайда арада талай ғасырлар өткен соң Ибн Нәфистің өзі де, құнды еңбектері де тарих қойнауларында ұмыт қалды. Тек 1924 жылы ғана мысырлық ғалым Мухиддин ат-Таһтауи Швейцарияның Фрибург университетінде неміс тілінде Ибн Нәфис туралы диссертациясын қорғап шықты.      

Расында да Ибн Нәфис медицина ғылымында өшпес із қалдырған ғұлама. Оның артына қалдырып кеткен еңбектері әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ. Ол Шығыс пен Батыстың көптеген ғұламаларының ұстазы және ғылыми жаңалықтардың алғашқы авторы.      

 Әбу Хасан ибн Нәфис һижри 687 миләди 1288 жылы Каир қаласында қайтыс болды. Алла Тағала оған рахым етіп, білім саласындағы ерен еңбегі үшін разылығына бөлесін!

 

0 пікір