ИБН ХАЛДУН
ИБН ХАЛДУН
19.11.2019 23:00
171
0

  ИБН ХАЛДУН (миләди 1332-1406 ж.ж.) Әлеуметтану ғылымының негізін салушы   Аты-жөні, шыққан тегі: Абдуррахман Әбу Зәйд Уалийуддин ибн Халдун. Һижра жыл санауы бойынша 732 жылы рамазан айының бірінші күні, миләди 1332 жылдың 27 наурыз күні Тунисте дүниеге келген. Куниясы: Әбу Зәйд яғни Зәйдтің әкесі. Зәйд оның үлкен ұлы болғандықтан соған қатыстырылып аталған. Ал лақап аты: Уалийуддин яғни «дінді басқарушы». Бұл лақап ат оған Мысыр елінде қазылық қызметіне тағайындалғаннан соң берілген.       Сонымен қатар Ибн Халдуннің әл-Мәлики, әл-Хадрами деген лақап аттары да бар, алғашқысы оның фиқһ мазһабы бойынша Имам Мәлик мектебіне қатысты екендігін білдірсе, екіншісі оның түпкі тегінің Йемен елінің Хадрамаут өлкесінен шыққандығын білдіреді.     

  Ғылымда жеткен ересен жетістіктері мен ғұламалық әрі діни мәртебесіне орай құрмет тұтқан өз заманындағы және кейінгі ғалымдар оны көркем сипаттары мен дәрежелерін білдіретін әл-Уәзир, ар-Раис, әл-Хажиб, әс-Садр әл-Кәбир, әл-Фақиһ әл-Жәлил, Алламатул-Уммә, Имамул-Уммә, Жәмәлул-Ислам уал-Муслимин деген лақап аттармен де атаған.    

   Ибн Халдун асыл жанды, көркем мінезді әрі өте ардақты кісі болатын. Оның елден ерек қасиеттері көп болатын. Тұла бойында тектілік белгісі байқалатын, ұят пен намысты жоғары қойған жомарт әрі кеңпейілді, ал білім жолында өте еңбекқор әрі ізденімпаз біртуар жан болатын. Ол өз заманының ғажайып құбылысы еді. Оның ақыли әрі нақыли ғылымдардағы кемеңгерлігін білдіретін қара сөзбен және өлең жолдарымен жазылған талай шығармалары бар.       Ибн Халдун социология – әлеуметтану ғылымының негізін салған, тарих ғылымдарын бір жүйеге түсірген ұлы ғалым. Ол араб тілінің жазу жүйесінде де, педагогикалық психология және тәрбие-тағылым салаларында да жаңалықтар енгізген өзіндік қолтаңбасы бар ғалым. Сондай-ақ, хадис және мәлики фиқһы ғылымдарына да сіңірген еңбегі ересен.

 Ибн Халдунның өмірі     

   Ибн Халдун Тунисте туылып, ер жетеді. Әбу Абдулла ибн Нәззәл әл-Ансари деген ұстаздан Құран Кәрімді толық жаттап, араб грамматикасы мен шариғаттан біраз дәріс алады. Ал үйінде әкесінен араб тілінің қыр-сыры мен риторикасынан терең мағлұмат алады.      

 Содан кейін Ибн Халдун Тунистегі хадисшілердің имамы Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Жәбірден хадисі ілімін үйреніп, Мұхаммед ибн Ибраһим әл-Әйлиден логика және тағы басқа ғылымдардан тағлым алды.       Біраз уақыт өткенде Тунис сұлтаны Ибн Халдунды өзінің хатшылық қызметке шақырады. Осы жоғары лауазымға тағайындалған Ибн Халдун сұлтан Алжирдің шығысында орналасқан көршілес Косантина қаласының сұлтанына қарсы соғысқа шыққанда онымен бірге болады. Алайда Тунис сұлтаны ойсырай жеңілген соң Ибн Халдун Мараккеш қаласына бас сауғалап қашуға мәжбүр болады.     

  Осыдан кейін Ибн Халдунды Фес қаласының сұлтаны өз сарайына хатшылық қызметке алады. Алайда Ибн Халдун бұл мансапқа разы болмайды. Биджая шаһарының әміршісімен бірігіп Фес сұлтанына қарсы ымыраласады. Бірақ Фес сұлтаны олардың құпия әрекеттерін біліп қалып, Ибн Халдунды абақтыға жабады. Ол сұлтан дүниеден озғанша абақтыда қалады. Сұлтан өлген соң оның уәзірі Хасан ибн Омар Ибн Халдунды түрмеден босатып, құрмет көрсетеді. Алайда көп ұзамай Ибн Халдун Мансұр ибн Сүлеймен деген әмірмен одақтасып Хасан ибн Омарды биліктен тайдырады. Арада біраз уақыт өткен соң Ибн Халдун Мансұр ибн Сүлейменмен ат құйрығын кесісіп, Әбу Сәлім атты сұлтанмен бірігеді. Әбу Сәлім һижраның 860 жылы Фес қаласын басып алады да, Ибн Халдунды алғашында өзінің хатшысы етіп, кейіннен Фес шаһарының қазылығына тағайындайды.    

   Көп ұзамай Ибн Халдун сол кездегі Испаниядағы мұсылман мемлекеті Андалузияға сапар шегеді. Ел сұлтаны Ибн Ахмар атақты ғалым Ибн Халдунның келуіне ерекше мән беріп, саарйынан орын беріп, қошемет көрсетеді. Сұлтандық мәжілістің беделді мүшесіне айналдырады.       Һижраның 865 жылы Ибн Халдун сұлтан Ибн Ахмардың атынан христиандық Испанияның Кастилия аймағының патшасы Петр төртіншімен келіссөзге барады. Петр төртінші өзінің билік ордасы Ишбилия (Сивилья) шаһарында оны қошеметтеп қарсы алады. Ибн Халдун Петр патшадан Ишбилиядағы аталарының мирасынан иелік бөліп беруін сұрайды. Петр патша Ибн Халдунның өтінішін қанағаттандырып, оған Ғарната (Гренада) аймағынан бір ауылды береді.      

Алайда Ибн Халдунның абыройы мен беделіне нұқсан келтіруге тырысқан сұлтан сарайындағы залым ойлы қаскөй жандар сұлтан уәзірі Ибн Хатиб пен Ибн Халдунның арасына от салады.  Ақырында олар дегендеріне жетіп, бұл екі лауазымды кісінің арасында өшпенділік орнайды. Осыдан соң сұлтан Ибн Ахмар Ибн Халдунға қырын қарап, оның лауазымдық хұқтарын шектей бастайды. Тығырыққа тірелген Ибн Халдун бүкіл мансаптарынан бас тартуға шешім қабылдайды. Содан соң оңаша болуды қалап, Ибн Сәлләмә атты қорғанда тұрады. Осында төрт жылдай тұрып, халықтар мен патшалардың тарихы туралы кітабын жазуды бастайды. Осы кітабын аяқтап шығу үшін Туниске қайтып барады. Тунистен соң Мысырға сапар шегеді. Бірінші Жерорта теңізі жағасындағы Александрия шаһарына тоқтап, мұнда қажылыққа дайындалу үшін бір айдай болады. Бірақ бұл жылы қажылық нәсіп етпеген соң Каир қаласына барады. Каирде оны ғылым жолында жүрген білімдарлар мен шәкірттер құшақ жая қарсы алады. Олар осынау атақты ғұламадан тәлім алып қалуға тырысады. Сөйтіп, Ибн Халдун әл-Азһар мешітінде дәріс оқуға отырады. Мысыр елінің сол кездегі сұлтанымен де жолығады. Мысыр сұлтаны мәлики мазһабының қазысын орнынан алып, бұл мансапқа Ибн Халдунды тағайындайды. Бірақ бұл кезең ұзаққа созылмай, ұлы ғалым бақытсыздыққа тап болады. Тунистен кемемен келе жатқан әйелі мен баласы апатқа ұшырайды. Олар мініп келе жатқан кеме теңізге батып кетеді. Жанұясынан айрылған ғалым қатты қайғырып, әл-Азһардағы мансабынан өз еркімен бас тартады. Сұлтан оның өтінішін қабыл алып, қазылықты бұрынғы иесіне қайтып береді. Осыдан соң Ибн Халдун Туниске қайтып оралады.      

Атақты қолбасшы Ақсақ Темірдің әскері Шам аймағына шабуыл жасағанда мәмлүктердің сұлтаны Барқұқтың ұлы Фарадж қасына ғұламаларды ертіп, Әмір Темірмен келіссөз жүргізуге барады. Сол делегацияның ішінде Ибн Халдун де бар еді. Бірақ Фарадж жолда Ақсақ Темірдің өзіне қарсы қақпан құрып отырғанын естіп, нөкерімен кері қайтады. Алайда Ибн Халдун Фарадждың әміріне құлақ аспай, қасына сенімді кісілерін алып, келіссөз жүргізу үшін жасырын түрде Ақсақ Темірдің сарайына жол тартады. Атақты ғұлама ұлы қолбасшы Ақсақ Темірдің алдында керемет сөз сөйлейді. Қолбасшы ғұламаға разылығын білдіріп, үлкен қошемет көрсетіп, Мысырға қайтарады.      

 Мысырға келген соң Ибн Халдун баяғы қазылық мансабына қайта тағайындалады. Алайда оның Темірмен жасаған жасырын келіссөздері басына пәле болып жабысады. Дұшпандары оны ешбір әміршіге опа жасамайтын опасыз адам ретінде көрсетуге тырысады. Ел арасында Ибн халдун сұлтанды сатып кетті деген қауесет таратады. Олар ұлы ғалымның шексіз білімі мен абырой-беделін қатты қызғанатын.       Қорыта айтқанда, Ибн Халдунның өмірі ғалымдық және қайраткерлік белсенділігі жағынан алып қарағанда төрт түрлі кезеңнен тұрады. Олар төмендегідей.

 1) Шәкірттік қалыптасу кезеңі. Бұл кезеңде ол түрлі пәндерден дәріс алып, білімін шыңдады. Бұл һижраның 732 жылынан бастап 751 жылына дейін жиырма жылдай уақытқа созылды. Жас ғалым бұл кезеңде туған жері Тунисте болды.

2) Лауазымдық қызмет атқарған кезеңі. (Һижри 751-776 ж.ж.)

Бұл кезеңде Ибн Халдун сарайларда хатшылық әрі саяси қызметтермен шұғылданды. Аталмыш кезең он бес жылға созылып, ұлы ғұлама ғұмырының осы аралығын Андалузия, Мағриб, Мысыр елдерінде өткізді. Көбіне әміршілердің сарайларында хатшылық, саяси, діни қызметтер атқарды. Бұл кезеңде ол көп уақыты мен қажыр-қайратын сарп етті. Мысалы, сол тұстағы Мағриб аймағының шеткі мемлекетінің әміршісі Әбу Хасан қайтыс болғанда оның орнына ұлы Әбу Анан сұлтан болып жарияланады. Әбу Анан жас әрі ержүрек, батыл еді. Ол әкесі өлген соң бытырап кеткен елін қайта жинап, мемлекеттің баяғы даңқын қалпына келтіруге ұмтылды. Сол мақсатын жүзеге асыру үшін әуелі қалың қолымен һижри 753 жылы Мағриб аймағының бас қаласы Тилимсанға шабуыл жасайды. Қаланы алған соң әкімін өлтіреді. Сосын сол кездегі Алжир елінің ең атақты шаһары Биджаяны бағындырады. Шаһардың әміршісі Әбу Абдулла Мұхаммед әл-Хафсиді тұтқынға алып, өзінің ордасы Фес қаласына қайтады.      

Бұл кезде Ибн Халдун Мағриб аймағының ортасында орналасқан Баскара қаласында болатын. Ол Тилимсан қаласына келген сұлтан Әбу Ананмен жолығуға барады. Әмірші оны жақсы қабылдап, лайықты түрде сыйлап, қошемет көрсетеді. Әміршіге барынша жақындай түсуді қалаған ғалым Ибн Халдун оның нөкерлерімен танысады. Ақырында сұлтан Әбу Анан оны мемлекетінің астанасы Фес шаһарындағы ғылыми кеңестің мүшесі етіп тағайындайды. өзімен бірге намаздарға қатысуды тапсырады. Сөйтіп, Ибн Халдун 755 жылы Фес шаһарына барады. Ғалымның зеректігі мен аса білімдарлығына, тілінің шешендігіне тәнті болған сұлтан оны өзіне жақындата түседі. Келесі жылдың өзінде-ақ оны сарайындағы сұлтан шешімдері мен пәрмендерін жазып отыратын мөр ұстаушы етіп тағайындайды. Бұл мансап мемлекеттегі сұлтандықтан кейінгі екінші дәрежелі жоғары лауазым болатын.      

 Фес қаласында тұрған уақытында Ибн Халдунға осы шаһарға Андалузиядан, Тунистен және Мағриб аймақтарынан көшіп келген ғалымдар мен білімдар жандармен жүздесіп сұхбаттасып, ғылыми ортамен тығыз байланыста болудың сәті түсті. Ссол замандағы ең бай кітапханалардың бірі саналатын Фес шаһарындағы кітапханада отырып таным көзқарасын кеңейтіп, білімін әрі қарай жетілдіре түсті. Жастайынан білімге құштар ғалым сол кітапханадан іздегенін тапты, ғылым нәрімен сусындап, ой-өрісін одан әрі кеңейтті.      

 Дей тұрғанмен, Ибн Ананның ордасындағы қызметі Ибн Халдунның көңілінен шықпады. Оның ұлы мақсаттарына жетуіне кедергі келтірді. Оның пайымдауынша бұл қызмет өте қауіпті әрі тым биік болды. Ибн Халдун бұл қызметте жаңа үрдіс, соны соқпақ қалыптастырды. Сол заманда қалыптасқан саяси маңызды хаттарды тақпақтап жазу тәсілін өзгертті. Сондай-ақ, осы тұста ұлы ғалымның ақындық шабыты да шыңдалды. Түрлі оқиғаларға байланысты сұлтанға арнап өлең, дастандар шығарды. Кейінірек бұл туралы өзі былай деп жазды: «Сарайда жазған хаттарымның көбі бұрынғы қалыптасқан тақпақты үрдістен бөлек қара сөз түрінде болатын. Менің жазуымды ешкім қайталай алмасы үшін солай еттім. Басқа хатшылардан да сол тәсілім арқылы ерекше болдым. Бұл әдіс осы саладағы жазушы-қызметкерлер үшін тосын жаңалық болды. Содан соң өлең шығаруды әдетке айналдырдым. Өлеңдерім арқылы талай сый-сияпатқа лайықты болдым. Өлең жазуда әсірешілдік пен қарабайырлықтың ортасын ұстадым».

3) Кітап жазу кезеңі. Бұл кезең сегіз жылға созылды. Оның жартысын Ибн Халдун Ибн Сәлләмә қорғанында, ал қалған жартысын Тунисте өткізді. Бұл оның ғылыми белсенділігінің ең жемісті жылдары болатын. Нақ осы жылдары ол Китәб әл-ибар уа диуан әл-мубтәдә уал-хабар фи әййәм әл-араб уал-ажам уал-бәрбәр уа мән асараһум мин зәуис-султан әл-әкбар («Үлкен сұлтан заманындағы арабтардың, жат жұрттықтардың және берберлердің тарихы») атты кітабын жазып шықты. Кітаптың алғашқы кіріспе бөлімі Муқаддима Ибн Халдун («Ибн Халдунның кіріспесі») деп аталды да, нақ осы бөлім оның атын әлемге паш етіп, тарихта қалдырды. Бұл бөлім кіріспе болғанымен көптеген мәселенлерді қамтыды. Жеті томнан тұратын аталмыш кітаптың бірінші томы осы кіріспе болатын.

Осы Муқаддимасында Ибн Халдун әлеуметтану мен тауарихнаманың негіздерін салып, осы саладағы құнды пікірлерін айтып өткен.

 Соншалықты құндылығына қарамастан автор осы бөлімді бар-жоғы бес-ақ айдың көлемінде жазып шығыпты. Содан кейін екінші рет қарап шығып, өңдеп, одан кейін халықтардың тарихын қосып жазып шыққан. 4) Ұстаздық еткен кезеңі 784 жылдан басталып 808 жылмен аяқталды. Осы жиырма төрт жылдың барлығы Мысыр елінде өтті. Бұл кезең ұлы ғұламаның ғұмырының ақырғы кезеңі болатын. Һижраның 808 жылдың рамазан айында ол Каир шаһарында дүниеден озды. Ұлы ғұлама өмірінің соңғы кезеңін Мысырда шәкірттерге дәріс беріп, қазылық қызмет атқарды.      

Расында да Ибн Халдун артына өшпес мұра қалдырған исі мұсылманға ортақ дана әрі дара тұлға. Заманынан оза туған ол әлеуметтану ғылымының негізін салып кетті. Муқаддима атты кітабы оның атын әлемге мәшһүр етті. Сол еңбегі ұлы ғалымның шексіз білімі мен ойының ұшқырлығына дәлел бола алады. Атақты британиялық Оксфорд университетінің ғалымдарының бірі сол Муқаддима кітабының құндылығын былайша сипаттайды: «Шынында да Ибн Халдун жалпы тарих туралы жазған Муқаддима атты еңбегінде ақыл-ойының кеңдігін, керемет кемеңгерлігін көрсетті. Ол мұнда тарихнаманың философиясын ашып көрсетті.

Осынау еңбектің адамзат ой-санасының тарихындағы баға жетпес еңбек екендігі даусыз».

 Ибн Халдунның даналығы туралы

       Ибн Халдунның елден асқан ерекше даналығын дәлелдейтін қасиеттері көп-ақ. Атап айтар болсақ ол: Әлеуметтану (социология) ғылымының негізін салушы ғалым. Тарихнама саласында жаңалық енгізген тарихшы. Автобиография  жазу үрдісінде жаңа әдіс енгізген жазушы. Араб көркемсөз өнерін жетілдірген әдебиетші.

 Педагогика, психология салаларында жаңалық енгізген ғалым. Хадис ілімін терең зерттеген хадисші. Мәлики мазһабының фиқһ білгірі. Ғылымның әрбір саласын терең зерттеген энциклопедист-ғалым.      

 Әсіресе, Ибн Халдунның әлеуметтану ғылымының қалыптасуына сіңірген еңбегі аса зор. Осы орайда біз оның әлеуметтану және тарихнама салаларында айтып өткен құнды ойларынан үзінді келтірмекпіз.      

«Сырттай қарағанда тарих адамдардың мен елдердің бастарынан өткен оқиғалар басқа ештеңе емес сияқты. Алайда осы салада жазылған кітаптардың көпшілігінде қателіктер көп.

Не жазылған нәрсенің шынайылығы тексерілмеген, не олардың көпшілігінде шынайылықтан гөрі долбар мен қиялға ерушілік көп. Осылайша сол қателікке толы мағлұматтарды кейінгілер алдыңғылардан көшіріп алды.      

 Ал шындығында тарих бұрынғылардың басынан кешкендерін, оқиғаларын жалаң түрде тізіп айтып шығу ғана емес, сонымен бірге ол әлемнің өркениеті – адамзат қоғамының және сол өркениеттің өткен хал-ахуалдар туралы хабар. Сондай-ақ ол адамзат қоғамын жан-жақты түрде: экономикалық, интеллектуалдық, мәдени әрі саяси белсенділіктерін толық ашып көрсету. Әсіресе, сол адамзат өркениеттерінің даму барысын баяндай отырып олардағы әлгіндей қоғамдық құбылыстардың себеп-салдарларын түсіндіруге тырысу.      

Маған берілген осы ғылым түрі, мысалы, логикалық ғылымдардың бірі шешендік өнерден, сондай-ақ, мінез-ахлақ пен даналықтың негіздеріне құралатын қалалық мәдениетті басқару ісін зерттейтін мәдени саясаттану ғылымынан да өзгерек...».      

Осындай пікірлері арқылы Ибн Халдун адамзат өркениеті туралы алғаш рет сөз қозғаған ғалым болып есептеледі.  Ибн Халдунның қайтыс болуы        Атақты ғұлама Ибн Халдун һижраның 808 жылы рамазан айының жиырма алтыншы күні (миләди 1406 жыл 16 наурыз) жетпіс алты жасында дүниеден озды.      

 Осылайша терең ой мен жаңашылдықтың иесі, қағылез әрі сергек тұлғаның пәни дүниедегі тіршілігі тоқтады. Ал оның ендігі орны Каир шаһарының Наср қақпасының сыртында орналасқан сопылар зиратынан табылды.      

 Қазірге дейін осы ұлы тұлғаның өмірі мен ғылыми мұраларын лайықты түрде зерттелінбеді деуге болады. Дегенмен, Каир қаласында орналасқан Әлеуметтік және қылмыстық зерттеулердің ұлттық орталығы 1962 жылы осы ардақты ғалым Ибн Халдунды еске алу үшін халықаралық симпозиум өткізді. Бұл жиылысқа әлемнің тоғыз елінен ұлы ғұламаның өмірбаяны мен мұрасын зерттеп жүрген зерттеуші ғалымдар қатысып, лекцияларын оқыды. Аталмыш симпозиум сол кездегі Мысыр Араб Республикасы президентінің орынбасары Хусейн аш-Шафиғидың басшылығымен өткізіліп, төрт күнге созылды. Осынау елеулі шараның соңына қарай аталмыш ұлттық орталықтың алдындағы алаңға Ибн Халдунға арнайы ескерткіш тұрғызылып, алаңға ұлы ғұламаның есімі берілді.       Расында да осынау ұлы мұсылман ғалымы Абдуррахман ибн Халдун Шығыс пен Батысты өзінің шексіз білімдарлығымен тәнті етті.

 Алла Тағала оны рахымына бөлесін!

0 пікір