ХУДАЙБИЯ КЕЛІСІМІНІҢ МАҢЫЗЫ
ХУДАЙБИЯ КЕЛІСІМІНІҢ МАҢЫЗЫ
21.09.2021 13:52
428
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім, мен ғалыммын десе, сол наданның нақ өзі». (Табарани, «әл-Мұғжәм ул-Әусат»)

Бәра ибн Азиб (р.а.) былай дейді: «Біздің көзқарасымызда (Фәтих сүресіндегі уәде етілген) «Фәтх-і мубин» (Худайбия келісіміндегі) Ридуан серті».

Фәтих сөздікте жабық нәрсені ашу деген. Мұсылмандардың тағдыры және болашағы Худайбия келісімі арқылы ашылған, дами бастаған.

Худайбия келісімі арқылы Ислам жамағатының саяси рөлі, жеке мемлекет екендігі дұшпандары тарапынан қабылданып, мойындалған. Бұл уақытқа дейін Хиджазда құрайыштар арабтар арасында ең мықты саяси күшке ие тайпа еді. Басқа араб тайпалары құрайыштың мұсылмандармен күресінің соңын бағып отыр еді. Өздерін қай жақ жеңсе сол жаққа өтуге дайындаған болатын. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрайышты төмен санап қарусыз мың төрт жүз кісімен Мекке Мукарраманың қақпасына дейін келуі, соңында құрайыш тайпасын келісімге мәжбүрлеуі Құран Кәрімдегі айтылған Фәтх-і мубин еді, нағыз жеңіс еді.

Осы уақыттан бастап араб тайпалары елші жіберіп, топ-тобымен Ислам дінінің әділ және өркениетті жамағатына қосыла бастаған. Бұл келісімнен кейін Меккенің алынуына дейінгі 2 жыл ішінде Мұсылмандардың саны Ислам дінінің бастауынан Худайбия келісіміне дейінгі мұсылмандар санынан әлде қайда көп болды. 

Міне Фәтх сүресіндегі айтылған жеңіс есігі Худайбия келісімі арқылы ашылған. Хайбардың, Меккенің алынуы сияқты жеңістер осы саяси жеңістің арқасында болған, Пайғамбарымыз дүниеден озған кезде Араб түбегіндегі халықтың барлығы мұсылман болған. Бір ғасыр ішінде Ислам шекарасы Африканың ұшы-қиырындағы шекарадан Үндістан, Қытай шекарасына дейін жайылды. 

Худайбия келісімі арқылы мұсылмандар саяси күшке ие болып, жеке мемлекет болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) Худайбиядан қайтқаннан кейін айналадағы мемлекеттерге (Шығыс Рим империясы, Сасанилер, Хабашстан, Мысыр, Ямамә, Шам патшалығына) елші және хат жазып, оларды Исламға шақырған. «(Хабибім! Енді): Уа, адамдар! Мен сендердің барлығыңа Алланың жіберген пайғамбарымын... (деп жарияла!)» - деген мағынадағы (Ағраф сүресі, 158-аят) аят арқылы жүктелген міндетін орындаған.

 

0 пікір