ХАЗІРЕТІ МҰХАММЕД МҮҺМИННІҢ ҚОБДА БЕТІНЕ АУУЫ ЖӘНЕ МЕШІТ САЛУЫ
ХАЗІРЕТІ МҰХАММЕД МҮҺМИННІҢ ҚОБДА БЕТІНЕ АУУЫ ЖӘНЕ МЕШІТ САЛУЫ
05.03.2021 11:26
475
0

Қожамжар төреге арқасын мықтап сүйеп, ел сеніміне ие болған Мұхаммед Мүһмин әкесі Шаһмансұрдан аса түсіп, іс істеуді ойлап, Қыран өзенінің батыс жағасындағы Төребейті деген жерден жер үй салып, бірінші рет медресе ашып, бала оқытады. Осы медресені ашып, көп өтпей мынадай бір оқиға медресенің жалғасуына кесірін тигізді. Бұл көптеген жерден сап ете түскен «қызылаяқ шапқыншылығы»[1] болды.

Бурылтоғайдың Қылы деген жеріне түсіп алған «қызылаяқтар» Сауырдағы Ажы төреге елші жіберіп, « Қобдаға өтіп кетуімізге ат-көлік беріп, көмектессе тиіспейміз, әйтпесе, Алтай елін шабамыз», – деп құқай көрсетеді. Осы қысымға шыдамаған Ажы гүң Ертіс бойына түсіп, төрт бидің бірі – Бапының ауылына қанаттас отырған ел басшыларынан Жұртбай би, Жылқышы, Қожамжар төре қатарлы адамдармен ақылдасып, осы бір аш-арық әскерлерді азық- түлік беріп, аттандырып жіберуді ортаға қойды. Ажының айтқанына басқалар қосылғанымен Қожамжар төре мен шеруші елінің қара биі Жылқышы Ақтайұлы қосылмай: «қызылаяқтарға ат,  азық-түлік берсек, бұлар сол азық- түліктен пайдаланып өзімізге шабады. Егер азық-түлік бермесек, өздігінен Алтайдан Қобдаға кетуге мәжбүр болады», – деп көмек беруге қосылмайды.

Ажы гүң өз ойы бойынша оларға азық-түлік беруге бекіп, «қызылаяққа» бермекші он мың қой, мың атты ел-елге бөліс еткенде, Қожамжар төре мен Жылқышы бұл бөлістен бас тартып, Ажының билігін атқармай, жиыннан тарайды. Ажы төре зорлап мал алуға айналғанда, өздеріне қарасты Сәмен төре мен шеруші елін бастап, Қобда жеріне көшті. Осы кезде өз арқасын Қожамжарға сүйеп іс істеп жатқан  Мұхаммед Мүһмин де сол ауған елге ілесіп, Қобда жеріне барып, бірталай жыл мекен теуіп тұрып қалады. Осы Қобданың Күйтін деген жерінде «Күйтін» мешітін (1881-жыл) салып, сол мешітке өзі имам болып, басқарды. Кейін Сәмен ауылдарымен Алтайдың күн бетіне қайта өткенде бұл мешітті шеруші Тілеуберді моллаға беріп, өз орнына оны имамдыққа сайлап кетті.

 

 

 



[1]Қызылаяқ шапқыншылығы – Тарбағатайда орналасқан манж-цин қарулы әскер полкын жергілікті халық көтеріліске шығып, ордасын талқандап, қуып жібереді. Олардың әскери белгілері аяғына қызыл мата тағатын. Өз әскери горнизонынан безген олар енді басқа аймақтағы қазақтарды қырып-жойып, салық салып, елді орасан бүлдіреді.

0 пікір