ХАЗІРЕТ ОСМАН (Р.А.) КЕЗЕҢІНДЕ ҚҰРАН КӘРІМНІҢ КӨБЕЙТІЛІП БАСЫЛУЫ
ХАЗІРЕТ ОСМАН (Р.А.) КЕЗЕҢІНДЕ ҚҰРАН КӘРІМНІҢ КӨБЕЙТІЛІП БАСЫЛУЫ
10.11.2021 11:41
839
0

Құран Кәрім – зәредей де күмән тудырмайтын (Бақара, 2/2), алдынан не артынан жалған жуықтай алмайтын (Фуссилат, 41/42), өзінен асқан ақиқат сөз болмайтын (Ниса/4: 87, 122); Алланың дәргейінен, аяттарын ой елегінен өткізіп, саналы жандар насихат алсын деп (Сад, 38/29) адам баласының түсінік деңгейіне сай, бірақ улухиятқа* да жарасатындай, мұғжизалық тәсіл және баяндаумен адамзатқа түскен, тағы басқа көптеген қасиеттерімен сипатталған ең соңғы иләһи кітап. Ол – табандап ұран тастауына қарамастан адам мен жын атаулы қандай да бір ұқсасын жасауға еш шамасы жетпеген әрі жетпейтінін нақты түсіндірген (Бақара, 2/23-24; Юнус, 10/38); тәсілінде, жүйесінде, қамтыған ілім, хикметтерінде, тура жолының ықпалдылығында, бұрынғы және келешектегі беймәлім оқиғалардың түндігін түруде болмыс үшін мұғжиза болған Алланың сөзі. Әрі Құран Кәрім, әрі оны жеткізуші умми* пайғамбар хазірет Мұхаммед (с.а.у.) алғашқы күннен бүгінге дейін барлық деңгейдегі барша жұртқа ұран тастады, алайда Құранды және ондағы иләһи хабарды жер бетінен жою үшін 14 ғасыр бойы күресіп келе жатқандар ешқашан бұл ұранға төтеп бере алмай, бұның орнына ең қиын қару ұстап күресу жолын таңдап, өз жандары мен дүниелерін қатерге тіккен. Құранның бұндай өреден тастаған ұранына жекпе-жекке шығу жолын таңдамақ болған бірнеше кісі тек масқара болып, мазаққа ұшыраған. Оның ижазы* жөнінде Бақиллани, Құртуби, Рафии, Абдуллаһ Драз, Бәдиүззаман, проф. Суат Йылдырым секілді ғалымдар мен ұстаздар жекелеген еңбек жазған немесе еңбектерінде бұл мәселеге бөлімдер арнаған.       Иә, Құран Кәрім – болмыс, адам және Алла шындығымен толық үйлесетін, нақтырақ айтқанда, осы шындықтардың тілі болған, ең жоғарғы дәрежедегі ижазына қарамастан бүкіл әлемдерді қамтитындай тереңдіктегі бай мазмұн мен улуһият көгінен адам санасына түскен, бұрынғы қасиетті кітаптардың ғасырларға қарамастан өзгермеген мәнін, түрлі қоғамдарға қарамастан тозбаған рухын қамтыған (Шуара, 26/196; Ала, 87/18-19) ең соңғы иләһи ұстаным, заңдар мен құндылықтар жинағы.   Тағы бір ақиқат нәрсе – Ұлы Алла Құран арқылы адамзат тарихының ең үлкен өзгерісін жасаған. Расымен, Құран Кәрім орта ғасырдың Құрайыш тайпасын ширк, зұлымдық, әділетсіздік, әдепсіздік, азғындық пен бұзылғандықтың күйзелісті жағдайынан алып шығып, оларды шынайы адами мәдениеттің негізін салушылары, ұстазы әрі жетекші көсемі дәрежесіне жеткізгеніндей, бүкіл адамзат қоғамын да әйтеуір кісі ақысы мен құқық, жан рахаты мен тыныштығы, бейбітшілік пен қауіпсіздік секілді т.б. адам табиғатымен үйлесетін, адамзат қай кезде де зәру әрі адам өмірін толықтай қамтыған, бұл өмірді тек дүниелік өлшеммен ғана қамтып қоймай, оның шексіз ақыреттік өлшемін де қамтыған құны өлшеусіз әлеуметтік, моральдік және имани құндылықтармен таныстырған.   Құран және де неше түрлі әділетсіздік, материалдық әрі рухани хаос, жабайылық, адамды адамдығынан ұялтар жамандықтар жайлаған кезде надандыққа тұншыққан қараңғы бір уақыт бөлігінде адамзат көгінде сиқырлы күн көзіндей жарқырап, адамзатты тұмшалаған барлық түнекті түріп, сәуле шашып, үстемдігін жүргізіп тұрған жағымсыз ахуалды, келеңсіз жай-күйді жойып, тарихта теңдесі болмағандай түрде ел назарын аударып, пенденің есінен, тарихтың жадынан өшіру мүмкін емес, тұлға мен қоғам негізінде жемісті нәтиже берер қолайлы ахуалды дайындаған иләһи сәуле (Ниса, 4/174; Нұр, 24/35; Шура, 42/52) және иләһи рух (Нахл, 16/2; Ғафир (Мүмин)/40: 15; Шура, 42/52).   Иләһи нұр, рух болғанда да, ағып өтіп жатқан уақыт пен ондағы оқиғалардың бұл нұр мен рухты көнертуге, өзгертуге, тоздыруға күші жетпеген және жетпейді де. Өйткені, оны Ұлы Алла түсірген және оны қорғайтын да шүбә жоқ Оның өзі (Хижр, 15/9).   Құран – тілі, тәсілі, көркем мәнері және мазмұн байлығы тұрғысынан дос пен дұшпан бірдей мойындаған ең ғажап әрі мүлтіксіз болғанындай, көктен түскеннен бүгінге дейін жету барысында мәтіні қандай да бір бұрмалаушылыққа не өзгеріске ұшырамаған, ешбір толықтыру енгізілмеген, кем-кетігі жоқ ең соңғы иләһи кітап. Ол хазірет Мұхаммед (с.а.у.) жеткізген кітап ретінде риуаят тұрғысынан дау тудырмайтын тарихи нық сенімге ие. Мұндай ерекшелікке ие болуы оның бастапқыда хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) бұйрығымен қағазға түсуі, толық немесе бір бөлімін  сахабалардың жаттауы, күніне бес уақыт намаздан бастап әр мүмкіндікте оқылуы және ең ақыры хазірет Пайғамбар (с.а.у.) Ұлы Досқа қауышпай тұрып Жәбірейілмен (а.с.) бірге алма кезек оқуы арқылы (арза и аһира) нықтала түсуінен бастау алады (Драз, 28-30; Mәхран, 1:5, 38).  

 әл-Құран және әл-Kiтaп

Бұл жерде Құран Кәрімнің «әл-Құран» және «әл-Кітап» ұғымдарымен аталуының тілге тиек етер мағыналары бар екені жөнінде М.Абдуллаһ Драздың пікірін атап өткен орынды. Драздың пікірінше, «әл-Құран» сөзі Құранның әр тілде оқылатынын, ал «әл-Кітап» сөзі болса, Құранның қаламмен жазылғанын білдіреді. Шындығында, Құранның осы екі ұғыммен аталуында Алланың оны бір жақты емес, екі жақты үлгіде қорғайтынына ишара бар. Яғни Құранның бір жағынан жүректерде (есте) сақталып, екінші жағынан сөйлемдерге түсіп (жазылу арқылы) екі түрлі амалмен қорғалуы қажет (Драз, Нәбә, 12). Осы секілді алғаш түскен аяттарда да (Алақ, 96/1-5) адами ілімдерді үйрену мен үйретуде құрал болған қаламмен жазудың маңызы көрсетіліп, ең соңғы иләһи уахидің жазумен хатқа түсуі астарлы түрде бұйырылған (Хамидуллах, 41; Йылдырым, 57). Сөйтіп, алда-жалда жадтағы ұмытылса, жазылғаны еске түсіреді, ал жазу өшетін болса, ойдағы ұмыттырмайды. Тағы осыған байланысты айта кету керек, сахабаның қолындағы ресми нұсқаға сай емес қандай да бір жатталған нәрсе жарамсыз болумен қатар, алғашқы күнгі үлгісімен хафыздар жаттаған үлгіге қайшы жазба нұсқалар да жарамды болып саналмайды. Бұған бір жағы Құранды Құран оқушының (қари) тіке өзінен тыңдау не есту (сәма) арқылы Құранды үйрену әдісін қосар болсақ, бұл қорғау бірін бірі толықтырып, пысықтап тұратын үш жақты жүйе екенін байқауға болады.   Құран Кәрімнің осылай сенімді жолдармен қорғалуы Алла Тағаланың өзінің Құранды қорғауға қатысты серті мен уәдесін жүзеге асырудағы себептер деген сөз. Олай болатыны, Құран өзіне дейінгі көктен түскен кітаптар тап болған өзгерту, қосу, алып тастау тәрізді бұрмалаушылықтарға ұшырамаған. Өйткені Ұлы Алла оларды қорғауға қатысты серт бермеген, керісінше қорғау ісін адамдарға жүктеген (Maида, 5/44). Күмәнсіз, бұл бөле-жарудың астарындағы сыр Құраннан басқа көктен түскен кітаптарды мәңгілік жарамды қылу үшін емес, белгілі бір кезеңде пайдалану мақсатында жіберілген кітап болуында (Драз, Нәбә , 13-14). Осы жерге дейін қысқаша айтып ескерткіміз келген кей мәселелер Құран мен Құран тарихына қатысты атқарылар жұмыстарда ұмытпау керек бірқатар маңызды шындықтар болып табылады. Бұдан әрі хазірет Осман (р.а.) кезеңінде Құранның истинсахы, көбейтіліп басылуы деп аталатын журнал мақаласының шеңберіндегі аз ғана зерттеуімізге өтуге болады. Бұған қоса, әуелі хазірет Пайғамбар мен хазірет Осман арасындағы кезеңге де тақырыпқа орай қысқаша шолу жасап өткен пайдалы.  

Хазірет Пайғамбардан (с.а.у.) хазірет Османға (р.а.) дейін

Умми пайғамбар болған Расулалла (с.а.у.) жаңа түскен Құран аяттарын сол сәтте жаттауға, уахидің қандай да бір жерін ұмытып қалмауға тырысып әрекеттенетін. Тіпті уахи түсуінің ауырлығымен қиналса да оны есте сақтауға барын салып, тілін қимылдататын. Бұл осылайша жалғаса берген соң, Алла Тағала Құранды өзі көкірегінде жинап (жаттататынын), дыбысталып оқылуын, мағынасын түсінуді және түсіндіруді жеңілдететінін, оны ұмыттырмайтынына ашық уәде беріп, (Таха, 20/114; Қиямет, 75/16-18; Алә, 87/6) хазірет Пайғамбарды (с.а.у.) тынышталдырды. Сондықтан Құранды алғаш жаттаған әрі хафыздардың көшбасшысы хазірет Пайғамбар болғаны секілді Құранға қатысты бар мәселеде де мұсылмандардың барып жүгінгендері Пайғамбарымыз өзі болғаны күмәнсіз. Ол Алланың бұйырғанындай күні-түні құлшылықтарында және әр мүмкін болған кезде ақырын-ақырын Құранды тәртилмен* оқып (Исра, 17/106), сахабаларына да оқып беретін, оқытатын және үйрететін (Жұма, 62/2). Жыл сайын Рамазан айында болса, хазірет Расулалла сол күнге дейін түскен аяттарды Жәбірейілге (а.с.) оқып, арз* ететін. Қайтыс боларының алдындағы Рамазан айында Пайғамбар (с.а.у.) Жәбірейілге (а.с.) Құранды екі мәрте оқыды, тіпті, Арза-и ахира деп аталған бұл оқуда екеуі өзара кезектесе оқыған (Зәрқани, 1:234).     Сахаба атаулының да өз өмірінде баса мән берген нәрселердің басында әлбетте Алланың кітабы Құран тұрғаны күмәнсіз. Құранды жаттау, үйрену және түсіну мәселесіне келгенде, олар құдды бір-бірімен жарысатын, жаттаған бөлігін біріне бірі айтатын. Үйлерінде балалары мен жұбайларына да үйрететін. Үйленгенде сахабаның мәһірге Құраннан бір сүре үйретуі болашақ жарын үлкен қуанышқа кенелтетін (Зәрқани, 1:234).   Құранды оқу, үйрену және үйрету жұмыстары сондай маңызды әрі аса ынтамен атқарылар шаруа болғаны соншалық, қараңғылық тұмшалаған түннің бір уағында да сахабаның үйі жанынан өткен адам араның ызыңы секілді Құран дыбысын еститін. Құран оқылатындықтан Пайғамбар мешітінен де үздіксіз ызың естіліп тұратын, хазірет Пайғамбар (с.а.у.) шатастырып қате оқымау үшін сахабаға даусын бәсеңдетуді бұйырған. Расулалла алыс аймақтарда тұратындарға да Құран оқытып, Құран үйрететін адамдарды міндетті түрде жіберетін. Құран оқу, жаттау, үйрену және үйрету қызметі өте тығыз байқалатын Расулалланың өмірінде сөз жоқ Құранды толық немесе мүмкіндігіне қарай бір бөлігін жаттағандардың саны айтарлықтай көп еді. Расулалланың көзі тірісінде Құранды толық жаттау мүмкіндігі болмаған көптеген сахаба ол өмірден өткен соң жаттауларын толықтырған (Зәрқани, 1:234).    Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) өмір сүрген кезеңде жазу білетіндер санының  аздығы, әсіресе әдемі жаза алатындардың тіпті де аз болуы және жазу құралдарының табылмауы секілді шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан хазірет Пайғамбар (с.а.у.) мен таңдаулы сахабалары Құранды жаттаумен қатар хатқа түсіруге де барынша мән беретін. Тарихтан белгілі, Расулалла (с.а.у.) өзі умми болып, түскен уахиді жазу, жаттаумен қатар Құранды хатқа түсіру үшін сауаты бар кей сахабаларға уахи хатшысы міндетін жүктеген. Хатқа түсіргеннен кейін де жазылуы мен оқылуында кетуі мүмкін қателерді түзету мақсатында уахи хатшысына жаздырған аяттарды оқытатын. Сахабалар мейлі осы жазылған алғашқы үлгі нұсқалардан, мейлі тіке хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) алдында өздері үшін де аяттарды жазып, оларды сақтап қоятын. Қысқасы, Құран Кәрім түскен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірі бақытты ғасырда Құран аяттарының хатқа басылып беки түскені, жатталып, есту арқылы да қолдау тауып, жаңсақ оқуға, жазуға және жаттауға жол берілмегені жөнінде бүгін сансыз бұлтартпас дәлелдер, риуаяттар бар*.   Расулалла (с.а.у.) қайтыс болған соң халифа Әбу Бәкір (р.а.) кезеңінде орын алған ридда* соғыстарының ең сұрапылы Йәмама соғысынан кейін хазірет Омардың (р.а.) ұсынысымен жеке бөліктер түрінде жазылып, сахабалардың жадында сақталған Құран аяттарын ашып жүгінуге оңай кітап (мұсхаф) күйінде жинақтау жүзеге асырылған. Бұл жұмыс бүгінгі ғылыми зерттеу тәсілдерінен бір де кем емес әдіспен атқарылған және әділ шығыстанушылардың бәрі Зәйдтің (р.а.) бұл мұқияттылығын мақұлдаған.   Сэр Уиллям Муир (Sir William Muir) бұған қатысты мынаны мойындаған: «Мойындамасқа болмайтын бір ақиқат – әлемде түпнұсқасынан еш айнымай, өте ұқыппен сақталған мәтін ретінде 14 ғасырдан бүгінге жете алған Құраннан басқа кітап жоқ» (Mәхран, 1:31). Тағы сол Муирдың «Әр ғасырда, әр кезеңде бүкіл Ислам мәзһабтары үшін жалғыз Құраннан басқа Құран болмаған» дегені бар (Драз, Құранның түсіндірілуі... 36-37). Лебло мен Т. Нөлдектің де (Leblois, T. Nöldeke) бұл мәселеге қатысты шындыққа бас иген осыған ұқсас пікірлері бар. Алайда айта кететін тағы бір нәрсе – хазірет Әбу Бәкір кезеңінде Зәйд ибн Сабит (р.а.) жетекшілігімен жазылған Имам мұсхафы араб тілінің басқа диалектілерінде сөйлейтіндерге жеңіл болсын деп рұқсат етілген жеті әріп (диалекті) үлгісінде жазылған. Табиғатынан барлығы емес, белгілі кей сөздер Құран мәтінінің жазылу (хатт) үлгісімен  бірдей болумен қатар, әр диалектінің ерекшелігіне сай түрліше оқуға да ашық болған. Ғалымдардың ойынша, мүтауатир қырағаттың қабылдануы тек кем не артық жері болмастан сол қырағаттың (Құрайыш хатты бойынша) жазбаша Құран мәтініне сәйкес болған жағдайда ғана мүмкін жайт. Бұл қағида қырағаттардың барлығына да тән (Әбу Зәхра, 34).    Міне, мейлінше өте мықты тәсіл және мұқият атқарылған жұмыспен Зәйд ибн Сабиттың басшылығымен хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) барында белгіленген тәртіппен жинақталып, кітап күйіне келтірілген ресми Имам мұсхафы дүниеден өткенше хазірет Әбу Бәкір (р.а.) қолында болған. Кейін хазірет Омардың (р.а.) қолына өтеді, ал ол қайтыс боларының аз алдында бұл нұсқаны өзінің қызы, бір жағынан хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) жұбайы хазірет Хафсаға (р.анһа) табыстаған (Бұхари, Фадаилул-Құран 3/1; Китабул-масафиһ, 8 б.; әл-Бұрхан, 1: 234; әл-Итқан, 1: 76; Мәнаһил, 1: 246).  

 Хазірет Осман (р.а.) кезеңінде Құран Кәрімнің истинсахы, көбейтіліп басылуы

Хазірет Осман Зиннурайн кезеңінде (24-35/644-656) Ислам тараған аймақ кеңейіп, байлық, материалдық береке артты. Мұсылмандар әр түрлі қалаларға, аудандарға, әлемнің түрлі елдеріне тарап жатты. Әрине, бұл жаңа жерлер мен жаңа талаптарда Құран үйрету қажеттілігі өткір мәселе болды. Табиғи түрде күн өткен сайын адамдар хазірет Пайғамбар (с.a.у.)  кезеңіндегі уахи жайлаған күйден алыстай берді. Бұл өзгерген жаңа аймақтардағы әр қилы Ислам аймақтарында қоныстанған мұсылмандар өз аудандарында танымал болған сахабаның қирағатымен Құранды үйреніп, оқыды. Мәселен, сириялықтар Үбәй ибн Қағыбтың қирағатымен, куфалықтар Абдуллаһ ибн Масғудтың, басралықтар Әбу Мұса әл-Әшғаридың, тағы бір басқа аймақ Миқдат ибн Амрдың (Әсуад)  қирағатымен Құран оқитын. Бұл жайт әр қала мен басқа аймақтарда тұратын мұсылмандар арасында Құранның оқылуында қайшылыққа, талас-тартыс тууына себеп болды (Зәрқани, 1: 248). Өйткені, жаңа Ислам аймақтарында енді мұсылман болғандар өзге диалектіде сөйлейтіндерге жеңіл болу мақсатында Алла рұқсат еткен жеті әріп  (диалект) арқылы оқу шындығын білмей тұрып, сахабалар арасында осы оқу үлгісінің (қирағат) өзгешелігі жайында күмәнданған. Тіпті осы кезеңде өмір сүргендер арасында пікір сұрап жүгініп, үкіміне бас иетін хазірет Пайғамбардың (с.a.у) болмауы және оның заманынан белгілі бір мөлшерде алыстағандықтары аталған бөлектенуді күшейтіп, осы бөлектену бара-бара мұсылмандар арасында бүлікке, үлкен хаосқа ұласатындай дәрежеге жетіп, осы бүлік ошағы уақыт өте келе жалғыз бір жерде емес, басқа өңірлерге де тарау мүмкіндігін байқатты (Зәрқани, 1: 248).  Міне, пайғамбарлықтың алғашқы жылдары мейлі Құранның әр түрлі араб тайпаларына қарасты мұсылмандар тарапынан, олар Құрайыш диалектісіне үйреніскенге дейінгі өтпелі кезеңде жеті әріп (диалект) арқылы оқылуынан бастау алған, мейлі кеңейген жаңа Ислам аймақтарындағы араб емес ұлт өкілдеріне жататын мұсылмандардың Құранды дұрыстап оқу қиыншылығынан туындаған таластар хазірет Османның халифалығының алғашқы жылдарында барынша айқын көрініс берді. Тіпті, Құран үйретушінің бірі бір кісінің, екінші біреуі басқа бір кісінің қирағатын үйрететін. Құран оқуды үйреніп жүрген балалар жиылғанда араларында дау шығатын, бұл жайт ұстаздарына әсер етіп, ұстаздар бірін-бірі кінәлайтын. Ақыры, Әзербайжан мен Армения соғысына қатысқан ирактық және сириялық сарбаздар арасында шыққан кикілжің мәселені одан әрі ушықтырып, Пайғамбарымыздың (с.a.у.) көзі тірі бақытты ғасырда жазылып, жатталып, сақталған тәртіп бойынша хазірет Әбу Бәкір (р.a.) кезеңінде жинақталып, екі мұқаба арасына біріктіріліп кітап етілген Имам мұсхафының көбейтіліп, әр түрлі оқылуына жол бермейтіндей үлгіде басты-басты Ислам өңірлеріне таратудың уақыты әлдеқашан келген болатын. Бұхаридың Әнас ибн Мәлик жолымен баян еткен хадисі бойынша, Әзербайжан мен Армения соғысына қатысқан әскердің қолбасшысы Хузайфа ибн Йәман сириялық және ирактық сарбаздар арасында қирағат алауыздығын көріп, қатты уайымдайды. Соғыстан оралғасын үйіне соқпай бірден Халифа хазірет Османға (р.a.) барып былай деді: «Уа, Мұсылмандардың әміршісі! Кітаптарына байланысты еврейлер мен христиандар секілді алауыздыққа түспей тұрып, мына үмбетке көмектеспесең болмайды!» деді. Содан хазірет Осман (р.a.) дереу хазірет Хафсаға (р.a) «Өзіңдегі парақтарды бізге жібер, содан көбейтіп, қайтадан өзіңе қайтарамыз» деп хабар жолдады. Хазірет Хафса қолындағы жинақты хазірет Османға берді. Тәртіпке келтіріп, жинақтап, көбейту жұмысын Зәйд ибн Сабит (р.a.) жетекшілігімен Абдуллаһ ибн Зүбәйір, Саид ибн әл-Ас және Абдуррахман ибн Харис ибн Хишамға жүктеді. Оларға «Егер сендер Құранға қатысты бір мәселеде Зәйд ибн Сабитпен келіспесеңдер, онда міндетті түрде Құрайыш диалектісі бойынша жазыңдар. Өйткені, Құран Құрайыш диалектісі бойынша түсті» деп нұсқау берді. Бұл кезде хазірет Осман  (р.a.) Ибн Әби Дәуіттің «Китаб-ул-Масаһифінде» Әбу Қилаба жолымен риуаят етуі бойынша, Мәдинәның өзінде Құран оқылуына қатысты талас шыққанын естіп, елге «Сендер менің қасымда дауласып жатырсыңдар. Бұл – менен алыс қалаларда тұратындардың Құранның оқылуына, тіліне қатысты алауыздықтары тіпті күшті деген сөз. Уа, Мұхаммедтің (с.a.у.) сахабалары! Жиналыңдар, жұртқа (дауды шешу мақсатында) имам болар Құранды анықтаңдар!» деп жалпыға ортақ үндеу тастады (21 б.). Олар осы Имам мұсхафын көбейтті. Хазірет Осман тағайындаған кісілер оның бұйрығы мен нұсқауларына сай Құран нұсқаларын көбейтті. Хазірет Осман (р.a.) Имам мұсхафын Хафса анамызға қайтарды. Көбейтілген нұсқаларды әр түрлі Ислам өңірлеріне жіберді. Бұлардан бөлек жазылған Құран парақтары мен жекелеген жинақтарды өртеуді бұйырды (Бұхари, Фадаилул-Құран, 3/2; Заркаши, 1: 236; Зәрқани, 1: 252-253).   Басқа бір риуаятта истинсах алқасында аты аталған кісілерден бөлек Үбәй ибн Қабтың да қатысқаны, жалпы саны он екі кісі болғаны айтылады. Бұлай болуы қалыпты-ақ. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, хазірет Осман мешітте жалпыға қарата нұсқау берген. Нұсқауды орындау үшін негізгі алқа кеңесі құралумен қатар, басқалардың да санаулы нұсқаларды жазу үшін қажет кезінде көмектескенін түсінеміз (Зәрқани, 1: 250; Зинжани, 66).   Бізге жеткен бір риуаятта Құран нұсқаларын көбейткенде, Бақара сүресі 248 аятындағы әт-Табут = اَلتَّابُوت  сөзінің жазылуында Ансар тайпасынан Зәйд пен басқа құрайыштық үш сахаба арасында сөздің ашық «тә» (ت)-мен жазылуы керек пе, әлде «һе» (ه)-мен жазылуы керек пе деген мәселеде пікірталас туындайды. Осыған орай, хазірет Османға жүгініп, халифа Османның (р.a.) бұл сөзді Құрайыш тілінің ерекшелігіне сай ашық «тә» (ت)-мен жазуын айтуымен солай жазған (Әбу Зәхра, 38; Meхран, 1: 33-34).   

 

   * Улуһият: Ұлуһиятқа Жаратушы иенің қаһары, ал сол қаһарлылықтың зау биігінде сұлулығы тән. Неге десеңіз, ұлухият аясы бүкіл кәміл сипаттар мен субхан есімдерінің бірден бір бастауы. Осы себепті онда әрі ірілік (азама) әрі ұдайы ұлылық (жәлал) әрі түгесілмейтін игілік пен сұлулық (жамал) бар екенін айтуға болады. Бүкіл тәжәллилер (Алланың сипат пен есімдерінің жаратылыста көрінуі) мен барлық шағылыстар үнемі сол бастаудан туындауда.  

 * Үмми сөзі «үмм» түбірінен тарайды. Қандайда да бір сауат ашпаған, шешесінен туылғандай пәк әрі жаратылыс негізін сақтап қалған адам дегенді білдіреді. Пайғамбарлық ғимаратының маңызды негізі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаратылыс негізіне сай таза қалпын сақтаған. Сол себепті санасы Құран ақиқатын түсінуіне кедергі келтіретін ешқандай бөтен жайттармен былғанбаған. «Пайғамбарымыз үмми еді, өзге философия мен мәдениеттердің ықпалында қалмаған. Санасы кіршіксіз таза еді. Алланың қолдауы әрі хикметімен жаратылыс негізіне сай тап-таза күйінде сақталған» (Ф.Гүлен, Үмит буржу, 168). «Бұл иләһи бұйрықтардың жорамалында санада сақталған жайттар мен өзге мағлұматтардың тұнық мәселені былғамауы, өзге түс пен формаға ауытқып кетпеуі үшін Алланың әуелде тіке өз бұйрықтарын, екіншіден елшісінің жаратылыс қасиеттерін сыртқы ықпал мен идеялардан қорғауы деген сөз» (Ф.Гүлен. Кенди дүниямыза доғру, 159. 

 * Иғжаз: сөз тұрғысынан мағынасы шаманың жетпеуі, өзгелердің әлсіздігін көрсету, ұқсасын жасай алмау әрі өзгелер жасауға, айтуға шамасы жетпейтін ғажап мазмұн мен тамаша сөз дегенді білдіреді. Ижаз болса әлдебір мазмұн мен мағынаны өте аз сөзбен түйіндеп айту, басқаша айтқанда, аз сөзге көп мағына сыйғызу, аз сөзбен айтпағын кең түрде жеткізе білу деген мағыналарға келеді. (ауд.) 

 * Тәртил: Діни термин ретінде Құранды асықпай, мағынасына ой жіберіп, әріптердің дыбысталуына және тәжуид қағидаларына көңіл бөліп, әр сөздің білдіретін мәніне қарай дауысын көтеріп, бәсеңдетіп, баппен оқу деген мәнді білдіреді (ауд). 

 * Арз: Бірі дауыстап оқып, екіншісі соны бірге қадағалап оқу түрі (ауд). * Ридда соғысы: әділетті халифаға бағынбай әрі діннен шыққандармен болған соғыстар (ауд.)   Танымал мақалалар Намазды уақытында орындау Уақыт – Алла Тағаланың адам баласына бұл дүниеде сыйға тартқан ең маңызды капитал. Дүниедегі сынақтан өту осы капиталды дұрыс қолдануға байланысты.... Сахабалар қоғамы – Құранның мұғжизасы Сахабалардың көктен түскен уахиға деген ықылас-пейілдерін, жан дүниесімен беріле бойұсынушылығын адамзат тарихында басқа еш бір қоғамнан кездестіру мүмкін емес. ...

 

 

 

0 пікір