Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық) 4-бөлім
Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық)  4-бөлім
15.12.2017 17:01
4163
0

Қонақтарға көлеңкелік жерді нұсқап:

- Келіңдер, үйдің көлеңкесінде отырып тынығыңдар,-деді.
Бəрі көлеңкеге барып отырды. Кейуана жөн сұрасып:

- Жол болсын? - деді.

- Қажылыққа бет алып барамыз, - деп хазірет Хасан жауап берді. 
Əйел олардың сүйікті Пайғамбарымыздың екі немересі Хасан мен Хүсейін екенін білмейтін. Аштықтан бұратылып отырса да, əдеп сақтаған қонақтар "ə" дегеннен ашпыз демеді.
Бірақ қинала сөйлегендерінен аш екенін ол кісі сезе қойды. Сөйтті де:

- Қарындарың аш па? - деп сұрады.

- Иə, қатты əлсіреп қалдық, - деді жүргіншілер.

Үй иелері жұпыны ғана өмір сүреді екен. Ауладан ұзатпай баққан бір қойдан басқа күнкөріс көзі жоқ еді. Қол ұзындау болғанда барын қонақтардың аузына тоспас па едім деп мұңайған əйел оларға қарап:

- Шынын айтқанда, анау жайылып жүрген қойдан басқа ештеңеміз жоқ. Егер қаласаңдар сол қойды сауып, сүтін ішіңдер, -деді жаны ашып.
Қонақтар:

 - Жарайды! - деп қуанып кетті. Іле қой сауылды. Алайда тойып жайылмаған қойдан жарытып сүт шықпады. Бір-екі-ақ жұтым сүт ешкімнің аштығын басуға жетпеді. Қонақтарға жаны ашыған кейуана қайткенде де көмек жасауға бекінді. Сөйтті де еш кідірместен:

- Ауыр жолдан шаршап-шалдығып келеді екенсіңдер. Мен сендерді ас-сусыз жібере алмаймын.

Сендер мына қойды сойыңдар, мен тамақ пісірейін, - деді.

Үш жолаушы күтпеген бұл ұсынысқа таңырқап, айтылғанды орындар-орындамасын білмей алғашында іркіліп тұрып қалды. Алайда, əйел өзі айтқанынан қайтпады, құдайы қонаққа берер басқа ештеңе жоқ еді. Соңында қой сойылып, еті қазанға түсті. Ас даяр болғанда бəрі мəз-мейрам болып жақсылап тойынды. Екі күндік аштық пен шөлден ақыр аяғында осылай аман қалды. Меккеге беттеген үшеу жолға шықпақ болды. Əйел ас-суларын да қамтамасыз етті. Қонақтар əйелге алғысын жаудырды. Аттанып бара жатып:

- Біз құрайыш руынанбыз. Қазір қажылыққа аттанып барамыз. Егер де қажылықтан аман-есен оралсақ, Мəдинаға келіп бізді тауып алыңыз!-деп кетті.

Əйел уəдесін беріп жолға шығарып салды. Біршама уақыттан кейін тезек жинауға кеткен күйеуі оралды. Келе сала тамақ сұрағанда əйелі алдына табақпен ет тартты. Күйеуі бұған таңғалып:

- Мына ет қайдан келген?-деп сұрады.

Əйелі:

- Өз малымыздың еті,-деп бүгінгі болған оқиғаны айтып береді.
Күйеуі мұны естігенде əйеліне қатты ашуланды. 

- Жан бақтырып отырған жалғыз қойды қонақтарға сойып бергенің не?!-деді түтігіп.

- Қонақтар Құрайыш руынан екен. Қажылықтан қайтқанда міндетті түрде Мəдинаға кел деп шақырды,-дегенде, күйеуі одан бетер ызаланып:

- Құрайыштың құрамында тайпа көп. Арасынан оларды қалай таппақшысың?!-деді.
Арада бір айдай уақыт өтті. Хазірет Хасан, Хүсейін жəне Абдулла қажылықтарын тамамдап Мəдинаға оралды. Қажылықта өздеріне жəрдем еткен əйелге де дұға етісті.

Ол мəрт мінезді əйелдің жақсылығы еш ұмытылмастай еді. Ертесі Мəдинаға жақын өңірлерден халық ағылып келіп сауда жасайтын күн болатын. Үш дос "ертең барып сол əйелді тауып алып жəрдем етейік" деп шешім қабылдады.

Ертеңгі күн де келіп жетті. Хасан, Хүсейін жəне Абдулла - үшеуі жолдың жағасына жайғасып отырып күткен еді. Дəл осы мезетте кісі таңғаларлық оқиға орын алды. Өздерін аштықтан аман алып қалған əйел тап қастарынан өтіп бара жатыр еді. Ол кісі бұлардың қасына келгенде, хазірет Хасан: 

- Мені таныдыңыз ба?-деп сұрады.

- Жоқ,-деп жауап берді əйел.

Кейуана расымен де Пайғамбарымыздың немересі хазірет Хасанды танымаған еді. Хасан ол кісінің өздеріне жасаған жақсылығын есіне түсіріп:

- Мен сол күні сіз қонақ қып күткен үш кісінің бірімін. Есімім Хасан ибн Али болады,-деді.

Əйел алғашында абдырап қалды, өйткені Мəдина қаласында жүріп ол кісілерді көріп қалармын-ау деп мүлдем күтпеген еді. Оның үстіне бұл құтты қонақ Пайғамбар немересі екен. Хазірет Хасан мен жары дереу əйелді ішке кіргізіп, төріне шығарып күтті.Астан кейін хазірет Хасан бұл жомарт əйелге мың қой мен мың алтын сыйлады. Сосын қызметшісіне бұл əйелді Хүсейінге, кейін Абдуллаға жолықтыруын тапсырды.Хазірет Хүсейнге барғанда ол да ағасы іспетті мың қой мен мың алтын атап, сыйға сый деген мырзалықты танытты. Соңынан Абдуллаға алып барғанда, оның жағдайы сүйікті Пайғамбарымыздың немерелеріне қарағанда бақуатты еді, ол əйелге екі мың қой мен екі мың алтын ұсынып, өздерін шөлдегі аштық пен азаптан құтқаруға көмектескеніне алғыс жаудырды. 

Кейуана бір кезде жасаған жақсылығын саудаламайтынын айтып əдептілікпен, сый-сияпатты алғысы келмей тартынды. Алайда Хасан мен Хүсейін разы кейіп танытып, қабыл алуын өтінді.

Əлгі əйелдің күйеуі 4 000 алтын мен бір отар қойды көргенде талып қала жаздады. Мұншама байлықты кім бергенін білгенде, одан бетер қуанды. Адамзаттың ең жомарты, ең сүйікті Пайғамбарымыздың ұрпағынан осындай ізеттілік көру олардың қуанышына қуаныш қосқандай еді. Соңында бір отар қойды алдарына салып, үйлеріне қарай айдап кете барды.

(Соңы...)

0 пікір