Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық) 3-бөлім
Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық)  3-бөлім
15.12.2017 16:59
3086
0

Жаңа қажылық кезеңі келген еді. Мəдиналық мұсылмандар да қажылық сапарға аттануға дайындық үстінде болатын. Пайғамбарымыздың екі райхан гүлі Хасан мен Хүсейін жəне олардың жақын досы əрі немере ағасы Абдулла ибн Жағфар да қажылыққа əзірленіп жатқан. Көбінесе қажылыққа үшеуі бірге аттанатын. Бұл жылы да сол сапар өзгермеді. Бұл үшеуінің басқалардан тағы бір ерекшелігі сол, басқалар түйемен жол жүрсе , бұлар жаяу барғанды дұрыс көретін. Осыған дейін жиырма рет барған болса, соның барлығында жаяулап жеткен болатын. 

Хасан, Хүсейін жəне Абдулланың жол əзірліктері тамамдалады. Хазірет Хүсейін ағасы Хасан мен немере ағасы Абдуллаға:

- Сіздер ештеңе дайындамай-ақ қойыңыздар. Жолға керекті азық, сусындарымызды мен дайындап жатырмын. Оларды сіздерге өз қолыммен ұсынғым келеді, - деді. 

Ағалары бұл ұсынысты қабыл көреді.

Пайғамбар тəрбиесін көрген үш жолаушы өте жомарт адамдар еді. Сүйікті Пайғамбарымыздан алған тəрбиенің талабымен бір-біріне жəне басқа да мұсылмандарға көмек пен жəрдемін өз қолдарымен ұсынатын.
Бұл үш жолаушы жолға басқалардан ертерек шығуды жоспарлады, себебі жол өте ұзақ. Оның үстіне жаяу жүретіндіктен жылдамдатып, Құрбан айт басталып кетпей тұрып, Меккеге жетуді көздеп еді.
Өйткені, қажылық - құрбан айтта өткізілетін ғибадат.

Əне-міне дегенше жолға шығатын күн келіп те қалды. Таң ата бəрі хазірет Хасанның үйінде бас қосты. Ауа аптап ыстық болғандықтан, күн тас төбеге көтерілмей тұрып біраз жолды бағындыруды жоспарлап, қажетті заттарын арқалап үйден асығыс шықты. 

Мəдина мен Мекке арасында шамамен 500 шақырымдай жол жатыр. Ат не түйенің өзі бұл жолды бірнеше күнде жүріп өтсе, жаяу жүргіншілер араға одан да көп күн салып қана қасиетті Қағбаға жетіп, сағыныштарын баспақ. 
Үш дос күннің салқын кездерін жол жүруге, ал ыстық кездерін демалуға арнағанды жөн көрді. Мəдинадан шыққалы екі күн өтті. Түнде біраз ұйықтап демалды да, ертеңгісін таңмен жарысып оянып, таң намазын оқып қайтадан жолға шықты. Күн тас төбеге көтерілгенге дейін дамылсыз жүріп келеді. Күн қатты ысыған уақытта шаршағандарын басып, жол шетіндегі бір көлеңкеге барып сəл аялдағанды мақұл көрді. Таңертеңнен бері біраз жолсоқты боп, қарындары ашып, қатты шөлдеген екен.

Хүсейін дастархан жайып, Хасан мен Абдуллаға ұсынды. Өзі де судан ішіп біраз шөл қандырды. Уақыты кіргендіктен бесін намазын оқыды. Жол əлі ұзақ, сондықтан уақыт жоғалтпастан қайтадан жолға шықты. Əжептеуір жол жүргеннен кейін, екінті намазы үшін тоқтады. Осы кезде Хасан Хүсейінге қарап:

- Бауырым, тамағым құрғап кетті, бір жұтым су берші, - деді.
Хазірет Хүсейін арқасына қолын жүгіртіп еді, о тоба, өз көзіне өзі сенбей аңтарылды. Біреу ұрлады ма, əлде түсіп қалды ма, азық пен сусын салынған дорбаны таппай, Хүсейін ағасына таңғала қарап:

- Мəссаған, дорба жоқ! - деді шошынып.

Барлығы жалма-жан заттарын ақтарып қарай бастады.Өкінішке қарай, азық салынған дорба ешкімде жоқ болып шықты. 

Абдулла өз күдігін жасырмай:

- Мен білсем, соңғы аялдаған жерімізде қалып қойған секілді, - деді. Достары да бұған бас изесті. 

Хазірет Хүсейін мен Абдулла Хасаннан: 

- Енді не істейміз? - деп сұрады.

Өйткені, араларындағы үлкені хазірет Хасан болатын. Жол бойы оны өздері басшы деп есептеп келген-ді, себебі, жолаушылыққа шыққанда міндетті түрде араларынан біреуді басшы етуді сүйікті Пайғамбарымыз үйреткен болатын. 

Хазірет Хасан бауыры Хүсейін мен Абдуллаға қарап:

- Алда əлі ұзақ жол бар. Күн болса шыжып барады. Азықсыз жүру қиын, сондықтан, меніңше, тоқтаған жерімізге қайта барып, дорбамызды тауып алғанымыз дұрыс. Содан соң сапарымызды қайта жалғастырамыз, - деді.
Бұл ұсынысты қалған екеуі де қолдап, бəрі бірге кейін қайтты. Бірнеше сағат жүріп діттеген жерге де жетті. Хазірет Хүсейін екеуіне қарап:

- Мен тез барып дорбаны əкелейін, - деп жүгіріп кетті. Алайда ары-бері қарап ештеңе таба алмай құр қол қайтып келді. Ағаларының жанына келіп:

- Аға, дорба ұшты-күйлі жоқ, - деді.

- Жоқ, тоқтаған жеріміз бұл емес шығар? - деп өзгелері əрі-сəрі күй кешті.

- Хүсейін дəл осы жерде жайғасқан, - деді бауыры. 

- Қара, мен мына жерде отырған едім. Осы жер анық есімде, - деп, тынығуға тоқтаған жерлері осы екеніне бəрі анық көз жеткізді. 
Алайда, дорба сол күйі табылар емес. Сол жерден өтіп бара жатқан жолаушы алуы ықтимал. 

Абдулла Хасанға қарап:

- Енді не істейміз? - деп сұрады. 

- Шамамен жолға шыққанымызға үш күндей уақыт өтті. Мəдинадан алыстап кеткенімізге де біраз болды. Енді артқа қайта алмасымыз анық, сондықтан, не де болса жолымызды жалғастырайық. Алла өзі бір сəтін салар, - деді.

Қалған екеуі де хазірет Хасанның айтқанын дұрыс көріп, кері бұрылып, бəрі Меккенің жолына қайта түсті. Дорбаны таба алмай сабылып бекер келгені одан ары шаршатты. Бір жағы шөл қысып, бір жағы кәдімгідей ашыға бастады.
Көп өтпей күн ұясына батып, айнала тас қараңғыға айналды. Қараңғыда жол жүру қиын болғандықтан, əрі тынығу, əрі түнді өткізу мақсатымен жол шетіне аялдауға ұйғарды. Бірақ, шөл қатты қысқандықтан, біраз уақыт дөңбекшіп ұйықтай алмай жатты.

Таң алакеуімде оянып, намаздарын оқып болғаннан кейін, қайтадан жолға шықты. Бірақ жүрістері баяу еді, себебі, кеше түстен бері ешқайсысы нəр татпаған. Тоқтамай жүріп отырып, түске таяу Хасанның ұсынысы бойынша тағы да дамылдауды жөн көрісті. Ендігі аяқ алыстары ауырлай бастады. Бірте -бірте алға адым аттаудың өзі қиындай берді, бірақ тоқтағанмен одан жол өнбесі анық. Осылай шөл далада қиналып келе жатқанда, хазірет Хүсейін кенет:

- Үй! - деп айқайлап жіберді.

Хазірет Хасан мен Абдулла алғашқыда күнге көздері шағылысып ештеңе көре алмады. Сəлден кейін барып хазірет Хүсейін нұсқаған жаққа қарағанда, біраз ілгеріде тұрған үйді көріп, қуанысып қалды. Ол үйде тұрып жатқан біреу-міреу болса, шөл қандырып əрі қарын тойдырармыз деп үміттенді.
Үйді көргенде талған аяқтарына жан біткендей, өздерін жеңілдеу сезінді. Тез-тез адымдап жүгіре жөнелді. 

Сөйтті де біреудің бар-жоғын білмекке əрі рұқсат сұрау үшін:

- Ассаламуғалəйкум! - деп дауыстап көрді. 

Үйдің артқы жағында қой бағып отырған бір қарт кейуана бар еді. Дауысты естігенде қапелімде селк ете түсті. Орнынан тұрып жатып: "Елсіз мекенде жүрген кімдер болды екен? Күйеуім келетіндей уақыт болған жоқ",-деп күбірледі, себебі күйеуінің тезек жинауға үйден кеткеніне көп болмаған еді. Сол тезектерді сатып күн көретін. 

Үйдің алдыңғы жағына келгенде ғана бойынан қорқыныш сейілейін деді, өйткені хазірет Хасан мен достары жарыса сəлем берді. 
Кейуана "Уағалəйкүмассалəм уа рахматуллаһ деп сəлемді қабыл алды.
Сəлемді əдеппен алғанына қарағанда, ол кісінің мұсылман екені байқалды. Əйел де іштей үрейін басып "жақсы адамдар секілді, сірə, бұлардан зиян келмес" деп ойлады.

Қонақтарға көлеңкелік жерді нұсқан:

- Келіңдер, үйдің көлеңкесінде отырып тынығыңдар,-деді.
Бəрі көлеңкеге барып отырды. Кейуана жөн сұрасып:

- Жол болсын? - деді.

- Қажылыққа бет алып барамыз, - деп хазірет Хасан жауап берді. 
Əйел олардың сүйікті Пайғамбарымыздың екі немересі Хасан мен Хүсейін екенін білмейтін. Аштықтан бұратылып отырса да, əдеп сақтаған қонақтар "ə" дегеннен ашпыз демеді.
Бірақ қинала сөйлегендерінен аш екенін ол кісі сезе қойды. Сөйтті де:

- Қарындарың аш па? - деп сұрады.

- Иə, қатты əлсіреп қалдық, - деді жүргіншілер.
Үй иелері жұпыны ғана өмір сүреді екен. Ауладан ұзатпай баққан бір қойдан басқа күнкөріс көзі жоқ еді. Қол ұзындау болғанда барын қонақтардың аузына тоспас па едім деп мұңайған əйел оларға қарап:
- Шынын айтқанда, анау жайылып жүрген қойдан басқа ештеңеміз жоқ. Егер қаласаңдар сол қойды сауып, сүтін ішіңдер,-деді жаны ашып.
Қонақтар: - Жарайды! - деп қуанып кетті. Іле қой сауылды. Алайда тойып жайылмаған қойдан жарытып сүт шықпады.Бір-екі-ақ жұтым сүт ешкімнің аштығын басуға жетпеді.

 

(Жалғасы бар..)

0 пікір