Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық) 2-бөлім
Хазірет Хасан мен Хүсейн رضي الله عنه (Сахабалар өмірімен танысайық)  2-бөлім
15.12.2017 16:58
2270
0

Хасан мен Хүсейін бала кездері көбіне әз Пайғамбардың жанынан шықпайтын. Аталарының әр ісінен үлгі алып, әрбір сөзін құмарта тыңдайтын. Түсіне алмаған мәселелер кезіксе, тікелей өзінен сұрайтын. Пайғамбарымыз да олардың сұрақтарын жауапсыз қалдырмайтын. Осы себепті немерелері аталарынан көптеген өмірлік сабақтар алды. 
Дәрет алу, намаз оқу, басқа да ғибадаттар мен жақсылық атаулының барлығын тікелей Пайғамбарымыздан үйренді. Біршама ес кіргенде мешіт пен медресеге өздері де баратын болды. 
Бір күні аналарынан рұқсат алып үйден шықты. Намаз оқу үшін мешітке беттеді.
Сол күні ауа райы тамаша еді. Көктем келіп айнала хош иіске бөленген кез. 

Хасан мен Хүсейін екеуара әңгіме құрып мешітке аяңдады. Екеуін жұрттың көбі танитын. Олар ұшырасқан кісілермен амандасып, ізет көрсетіп келе жатты. 

Мешітке жақындау жерде дәрет алуға ыңғайлы су ағып тұратын. Сол жерде бір қарт кісі дәрет алып жатыр екен. Хасан әлгі кісінің дәретті дұрыс алмағанын байқап қалады. Сірә, дәреттің толық қалай алынатынын жақсы білмейтін секілді. Бұған анық көз жеткізгеннен кейін Хасан бауыр Хүсейінге қарап: 

- Хүсейін, ана кісі дәретті дұрыс алып жатқан жоқ, - деді ақырын. 
Екеуі бірақ әлгі кісіге байқатпай сыбырласып сөйлесті, себебі, абайсызда ренжітіп алудан қорықты. 

Хасан бауырының құлағына сыбырлап: 

- Мына кісіге дәретті қалай алу керек екенін үйреткеніміз жөн болар еді, бірақ көңіліне келмейтіндей етіп айтуымыз керек,-деді. 

- Иә, аға, айтқан жөн. Бір ретін табайық. Бастысы, үлкен кісінің ренішін тудырып алмайық, - деп інісі де мақұлдады. 
Сәл тұрып ойланғаннан кейін Хасан өз-өзінен қуанып: 

- Таптым, таптым, - деді. 

- Иә, құлағым сенде, - деді бауыры. 

Хасан ойындағысын бауырының құлағына сыбырлады. Сола-ақ екен, Хүсейін де бұл ұсынысты құп алды. Екеуі бірге қарт кісінің қасына баруды ұйғарды. Бірақ бұл кезде қария дәрет алып болып, енді тұрып кетуге ыңғайланған болатын. Алдын-ала бәрін ойластырған Хасан мен Хүсейін дереу жанына барып жарыса сәлем берді. Қария кісі күлімсіреп олардың сәлемін алды. Сол мезет хазірет Хасан: 

- Ата, сізден бір нәрсе сұрайын деп едік? – деп сұрады. 
Қария кісі екеуіне таңғалып қарап: 

- Қолымнан келсе, кәнеки, айта қойыңдар, қарақтарым?-деді. 

- Біз бауырымыз екеуміз мына судан дәрет алайық. Сіз біздің дұрыс алып-алмағанымызды қарап тұрсаңыз. 

Қарт кісі екі баланың тілегін қабылдап, суға жақын келіп қарап тұрды. 
Хазірет Хасан мен Хүсейін дәрет алу үшін алдымен жеңдерін түрді. Бісмілләні айтты да, қолдарын жуып дәрет ала бастады. Ерекше ұқыптылық танытып, бәрін өз кезегімен жасауда. Іле үш рет ауызды, содан кейін үш рет мұрынды шайды.
Кейіннен бетті, одан кейін білекті жуып, басқа мәсіх тартты. 
Қария кісі екі балақайдың дәрет алғанын байыппен бақылап-ақ тұр. Қарап тұрып, бір жағы, бағана өзінің қалай дәрет алғанын еске түсірді. Өз-өзіне: 
«Мен шамасы дәретті дұрыс алмаған сияқтымын, өйткені негізі осылай алу керек, мына балалардікі дұп-дұрыс», - деп ойланып қалды. 
Хасан мен Хүсейін құлақтарын жуып болғаннан кейін, аяқтарын жуып барып дәреттерін аяқтады. Қария кісі болса, істің мәнісін түсініп қойған секілді. Өзіне қараған екі балақайға күлімсіреп қарап: 

- Шырақтарым менің, - деді мейірлене, - екеуіңнің де дәрет алуыңнан кінәрат таба алмадым. Айна-қатесіз үйреніпсіңдер. Негізі, қате дәрет алған мен екенмін. Мен де сендер сияқты үйренген едім, бірақ та ұмытып қалған екенмін. Енді есіме түсті. 

Қария кісі Хасанның басынан сипап, сөзін жалғастырды: 

- Мен осынша жасыма қарамастан дұрыс дәрет алуды қаршадай сендерден үйрендім. Сол үшін сендерге алғысымды білдіремін, - деп, маңдайынан сүйді. Сөйтті де, қайтадан дәрет алуға дайындала бастады. 
Хазірет Хасан мен Хүсейін өздерінше жол тауып қария кісіге дәретті дұрыс алуды үйреткендеріне мәз болысып мешітке жүгіре басып кете барды. Сүйікті аталарынан үйренгендері арқылы қария кісіні ренжітпей ғана қатесін түзегендері шынымен де ақылдың ісі еді.

 

(Жалғасы бар..)

0 пікір