ХАЗІРЕТ АТА МҰХАММЕД МҮҺМИННІҢ ӘУЛИЕЛІГІ
ХАЗІРЕТ АТА МҰХАММЕД МҮҺМИННІҢ ӘУЛИЕЛІГІ
11.03.2021 12:05
919
0

Хазірет ата Мұхаммед Мүһминнің пір, ишан, қазы болумен бірге елінің бақыты үшін Аллаға жалынып, дұға қылып, алдына медет сұрап келген мұсылманныңқырсығын арылтып,  жолын ашатын батагөй әулие болғаны ел арасында күні бүгінге дейін аңыз-әпсана болып айтылып келеді. Бұл туралы әсіресе шәкірті Ақыт қажы ақын тамаша жырлар қалдырған. Әуелі Ақыт ақынның дін жолына келуіне де түсінде Хазірет ата аян беріп, пендешілік тірліктен тыйылуға шақырғанымен байланысты болады:

Бір күні түске кірді Хазірет  атаң:

«Күнаһар асып кетті қылған қатаң.

Тәуба қыл, жамандықтан, әй, бишара,

Берейін қабыл көрсең енші батам!

 

Жүзіқара ойланып бақ, ісің қиын,

Ұял, алда –  ораза, махшар ұлы жиын!»

Ұйқыдан оянып ап бұл қалай деп,

Көңілге құп көріп түсті түйін...

 

Ықыласпен пірге кірдім іздеп барып,

Қайғырып қалған шығар шайтан налып.

Кінәсі көп жазған деп күнәламай,

Пірім де қабыл көрді қолымды алып[1].

Жазғы ыстықта Хазір ата бір топ нөкерлерімен  Қашқарияға сапарға шығады.Олар келе жатып шөлде, бір қағыр жерде қоналқаға келгенде су таба алмай, адамдары мен малдары қаталап қиын жағдайда душар болады. Олар қатты абыржып, шулап, не істері білмей дал болып, шарасыз халге тап болады. Сол кезде Хазірет ата Аллаға жалынып, дуа жасап, нөкерлері қазған жерден су шығып, олар сусындайды:

Құдайдан көп тіленіп қылды дұға,

Жаранлар, әр қажетті хақтан сұра.

Ғазиздің мінажаты қабыл болып,

Шұқыған қағыр жерден шықты тұма.

 

Хазірет ата Меккеге қажы сапарына алтыншы барған жолда Арафаға шығарда әуе айналған шіліңгір ыстық аптап болады. Қиындыққа тап болған мұсылмандар дұға қылып, жалбарынып, күйзеліп кетеді.Бір топ мүмин кәрі ишаннан бата алуды жөн көріп, оның алдына келеді.

Алладан көп тіленіп дұға қылды,

Әумин деп келген жұрттар тілеп тұрды.

Сол кезде көк жүзінде бұлт шығып,

Салқын боп жер жүзіне жаңбыр құйды.

 

Бұлт шығып Ғарафаға болды салқын,

Халайық шат болдылар көңілі жарқын.

Дұғасы керей ишан қабыл болдып,

Сақтады Тәңірім солай хажы халқын[2].

Бала кезімізде әжемізден  «Жанас атамыздың  бабасын елдер неге  «Хазірет ата» деп айтады? Ол кісінің қандай қасиеті болған?» деуші едік. Сонда әжеміз «Бұл Жанас баламның қасиеті зор, оның  әкесі Амбы үлкен молда боп, ақыры ұсталып атылып кеткен, ал бабасы әулие болған.

Бірде Хазірет  ата қарағай дөңбектерді қидырып даярлап, мешіт салдырыпты. Мешіттің төбесін жабарда шеберлер мәтшаға арнаған дөңбекті бір қарыс кем кесіп, содан төбені жаба алмай, әуре-сарсаңға түседі. Ақыры мұны Хазірет атаға айтады. Сонда Хазірет атаң жігіттерді демалдырып, өзі бір ұзақ дұға оқып, бетін сыйпайды. Содан «Кәне, балалар келіп, енді бір көтеріп көріңдер» дейді. Құрылысшылар келіп көтерсе, дөңбек межелі жерге артығымен жетіп, төбе толық жабылған екен» деп әңгіме айтқанда біз көзімізді ашып-жұмып,таң-тамаша болушы едік. 

Әйгілі ақын, сөз зергері, шежіреші Шынай Рахметұлы да өз әулетінің, шаңырағының бақытқа кенелуін Хазірет атамен байланыстырады екен. Қаламгер ағамыз былай деп жазыпты:

«Хазірет атаң медресе ашып, ұстаздық етеді, дау-шарға діни шариғат жолымен үкім айтатын әділ қазыға айналады. Ол кісінің және мұрагер ұрпақтарының бет-бедел, қадір-қасиеті дәрежесі ең асқақ төрелерден – Көгадай ұрпағынан кем түспейді, екінші жағынан оған сүйенген төрелердің орны бекемдене түседі. Тіпті төрт би мен төренің алдында бітім таппаған даулы мәселені Мұхаммед Мүһмин Хазірет шешетін болған. Сондай жоғары ардаққа ие болған Мүһминді халық «Хазірет ата» деп қадірлеп, ол кісінің әулетінің атын атаудан да қаймығып «Хазірет атаң ауылы» деп атайды.Біздің керей елі  Хазіретті әулие тұтып, Абақ апа, Ер Жәнібек, Байтайлақ батырдан дәрежесін түсірмей құрметтеген. Оның атын да атамай: «Хазірет атаң», «Атаң ауылы» дейтін. Аллаға шүкір, мен өз жанұямдағы бармақтай бақытты да осы ауылдың қасиетінен бөлек санамаймын. Өйткені алғаш отау болғанымда сол Хазірет атаң немересі жоқ қарап жүрген Қабылтай ақсақал әкеме жолыға кетіпті де, әкем оның асығыс екеніне қарамай, қоярда қоймай «Сіз Хазіреттің, әрі айтсақ, Алланың арыстаны Қалидың ұрпағысыз, жалғыз ауыз ықылас айтып беріңіз»,– деп ақсарбас қойға бата істеткен еді. Бас иемін, ей, Алла Тағала, оларға да иман бер, бәрімізді жарылқай гөр», – деп жазады.

Хазірет ата тоқсан үш жасында қайтыс болғанда Ақыт қажы жоқтау шығарып, өткен жылы жүзін көріп дидарласқанын, биыл сәлемдескелі келе жатып қазаны жолда естігеніне, қолдан сусын бере алмағанына  қапаланып өкінеді:

Он екі керей абақты,

Түзу жолға көндіріп.

Үйреткен үлгі сабақты.

Керейдің ішін түзетіп,

Жыртығын құрап жамапты.

Меккеге бастап хақ жолға,

Аямай жанын ақ жолға,

Мағлұм қылған дін жолға,

Құрып дүкен санатты... 

Ақыт қажы өзіне ұстаз болған ишанның ислам діні жолында халқына адал еткен қызметтеріне тоқталып, оның ұлағаты жалғаса беретініне сенім білдіреді. Болжамсыз қайғы қабырғасын қайыстырғандықтан «Тиянақ пірі кеткен соң, керейдің күні тар шығар» деп те налыйды. Алайда ғұлама ақын ұлы ұстазының таңғажайып қызметтерді жемісті атқарып,  елдің жүрегінде өшпес орын алғанын, мұратының мұнарасы асқақ екенін көңіліне медеу етіп, халыққа басу айтып, Хазірет атаның сайрап жатқан іздері ұрпақтарға әрдайым сауап пен имандылық шұғыласын шаша беретінін мадақтап, мақтан етіп, көңілін жұбатып, қайраттанады:

Мой-мубарак шығартып,

Сұлтанның тиген қайраны.

Мешіт салып, дін ашып,

Тигізген жұртқа пайданы.

Керей түгіл қол берген,

Бала болып үш жүздің,

Арғын, үйсін, найманы.

Шариғат жолын күзетіп,

Тарихат жолын түзетіп,

Халқын бастап хақ жолға,

Қойдай күтіп жайғаны[3].

Ақыт ақын 1906-жылымұсылмандық парызын өтеу үшін Меккеге сапар шегеді.Бір топ қажы қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Делүүн деген жерінен ақ сапарын бастайды. Ақыт ақын  Жайсаң, Семей, Омбы, Пенза, Одесса, Измир, Бейрут,  Шам, Мекке,  Мәдине, Иерусалим қалаларында  болып, Ресей, Түркия, Сирия, Сауда Арабиясы елдерінің хал-ахуалын көзімен көріп,1908-жылыауылына қайта оралады. Ақыт қажы бұл сапары жайын «Қажыбаян» дастанында толық баяндайды.

Ол күні Сақсай қондық содан барып,

Қажылар мені жүр деп ауызға алып.

Сол жерде «жүремін» айтып салдым,

Не мерей табамын деп жолдан қалып...

Қош деп барып айтуға уақыт тар,

Ғарафаға жете алмас қаупіміз бар.

Алыста атам қалды, өлім жақын,

Мен пақырға бір алла бола гөр жар.

Бұл арада Ақыт ақын құдай жолында сапарға аттанушыларға ілесіп Сағсайға барып, сол жерде қажыға барушылар  қолқа салған соң, қажылыққа төтеден қосылғаны анық болып отыр. Сонымен бірге тұтқиылдан шешім шығуына байланысты туыс-туған, отбасы, бала-шағаларымен қоштаса алмағаны тағы да мәлім. «Бала-шағам тапсырдым, патша құдай, кетіп ем бір сипамай маңдайынан» деп қиналған ақынның айтып отырған атасы, ұлық ұстаз, пірі – Мұхаммед Мүһмин хазірет атаның әзиз аруағы.

Барамыз ұзақ сапар, алыс жерге,

Құдайым кез қылмасын қайғы-шерге,

Атамыздан біз үшін рұқсат сұрап,

Күдері аға бара гөр біздің елге.

Молла Сыдық, Күдері оған барсын,

Балаңа дұға қыл деп хабар салсын...

Осылайша ел-жұртыменқоштаса алмай сапарға аттанған Ақыт ақын ерген бір топ мұсылмандар Өскеменге жетпей жолда Тесіктас, Көкқой деген жерде Ертістен өтетін кеме күтіп, оншақты күн орыстың пәтерінде қамалады. Сонда пір атасының рухынан бата алмай аттанғанына налыған ақын былай деп Хазірет атаны еске алып, жалбарынады:

Сол жерде түске кірді қалған шалым,

Ұйықтасам көз алдымда елдің бәрі.

Япырмай, ризалықты берсе екен деп,

Неше күн болып жүрді көңілім жарым.

Атамнан кеттім ауыз рұқсат алмай,

Мұны ойласам кетеді сабырым қалмай.

Байтолла, Расул- алла, екі Харам,

Пақырың шыдамады соған бармай.

 

Жаранлар, он екі абақ, керей елі,

Алтай, Сауыр, Боғдада тұрған жері.

Сол елдің баршасына тағылым жайған,

Мұхаммед Мүһмин ишан – діннің кені.

 

Керейде Хазірет атам, ұлық пірім,

Мұхаммед Мүһмин ишан жарықтығым.

Керейге дұғаң тиген қорған едің,

Қабіріңе бара алмастан –кеткен мінім[4].

Ақыт ақын – өз ұстазы әрі пірі Мұхаммед Мүһмин хазіреттің өнеге өсиетін өміріне ұстаным етіп, мешіт салып, медресе ашып, хақ жолынан таймаған ғұлама ақын. Ол Хазірет атаның дарынды шәкірті, әрі жолын қуған нағыз күрескер діни қайраткер бола білді. Ақынның қиын сапарда ұстазының есімін аузына жиі алып, аруағына сыйынуы Ақыттың парасатты қызметі ишанның мұратымен біте қайнасып, Хазіретатамен рухтас болып кеткендігінің анық белгісі деуге болады.

 

 


[1] Ақыт Үлімжіұлы. Жыр, толғау, хиссалар.Өлгий 1994.153-154-б

[2]Ақыт Үлімжіұлы. Жыр, толғау, хиссалар.Өлгий 1994.151-б

[3] Ақыт Үлімжіұлы. Жыр, толғау, хиссалар.Өлгий 1994.171-б

[4]Ақыт Үлімжіұлы. Хажыбаян. Өлгий, 1991.16-б

0 пікір