ХАБАШСТАН ПАТШАСЫ НӘЖӘШИДІҢ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.А.У.) ХАТЫ
ХАБАШСТАН ПАТШАСЫ НӘЖӘШИДІҢ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.А.У.) ХАТЫ
15.09.2021 10:53
120
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Алла Тағала құлына жақсылық қаласа оған бір іс береді». «Уа, Алланың Расулы! Ол қандай іс?» - дегенде, «Оған ажал келмей тұрып, ізгі амалдар жасатқызады» - деді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Исламға шақыру хатын алып мұсылман болған Нәжәши (р.а.) жауап хат жазады:

«Бисмилләһ ир-рахман ир-рахим. Алланың Расулы Мұхаммедке (с.а.у.) Нәжәши Асхамадан:

Уа, Алланың Нәбиі! Саған Алланың сәлемі, рақымы мен берекеті жаусын! Алладан басқа құлшылық ететін құдай жоқ, Ол жалғыз. 

Уа, Расулаллаһ! Иса пайғамбар жайлы жазылған хатың маған жетті. Жер мен көктің Раббына ант етейін, Иса да өзі жайында осы айтылған нәрселерден артық ешнәрсе айтпаған. Оның жеткізгендері сенікімен бірдей. Бізге жолдаған Ислам негіздерін үйрендік.

Немере бауырың (Жағфар ибн Әбу Тәліп) және өлкеңнен һижрет жасаған сахабалармен таныстық. Сен Алланың Расулы  екеніңе куәлік етемін. Сөздерің рас, өткен пайғамбарларды (аләйхим ус-сәләм) мойындайсың. Уа, Расулаллаһ! Пайғамбарлығыңды қабылдадым. Әлемдердің Раббы Алла Тағалаға иман етіп, мұсылман болдым.

Уа, Расулаллаһ! Саған ұлым Эриханы жібердім. Қаласаң өзім де келемін. Айтқандарыңның шындығына куәлік етемін. Уа, Алланың Нәбиі! Саған Алланың сәлемі, рақымы мен берекеті жаусын!».

Нәжәши қайтыс болғанда Пайғамбарымызға (с.а.у.) білдіріледі. Ол сахабаларына: «Хабашстанның Нәжәшиі дүниеден озды» - деп хабар беріп, Мәдина Мүнаууарада жаназа намазын оқытады. Кейіннен Хабашстаннан хабар келгенде, Пайғамбарымыз айтқан күні дүние салғаны белгілі болды. 

 

 

 

 

0 пікір