«ҒУЛАТ» ДЕП КІМДЕРДІ АЙТАМЫЗ?
«ҒУЛАТ» ДЕП КІМДЕРДІ АЙТАМЫЗ?
03.10.2022 11:36
286
0

Мәзһабтану ілімінде «ғулат» деп шиғаның ішіндегі шектен шыққан асыра сілтеуші діни топтар айтылады. Ғулат тобына жататын діни ағымдар діннің шегінен шығып, ақылға қонымсыз пікірлер айтып, осы жолда белсенділік танытты. Олардың басты күпірлігі – әзіреті Әли мен оның ұрпақтарынан шыққан имамдарға тәңірлік сипат беруі еді. Христиандар секілді Әлиге тәңірі қонған (хулул) және өлген имамның әруағы өзінен кейін болатын имамға өтеді (тәнасух) деп сенеді. Бұлар Ислам билігіне қарсы өш алу саясатын жүргізіп, шиға атын жамылып, дінді және әһлу бәйтті өз мақсаттарына қолданды. Олардың сенімі бойынша, Алланың Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) емес, Әли болуы керек. Жәбірейіл періште уахи әкелгенде жаңылысып, елшілік міндетті Мұхаммедке (с.а.у.) әкелген деп сандырақтайды.

Ғулат тобына жататын ағым өкілдері ислам негіздеріне мүлде қарама-қайшы келетін «хулул» – Алла рухының адам бойына енуі, «тәнәсух» – біреудің жанының келесі бір адамның бойына кіруі, «бәдә» –  Алланың қалауының өзгеруі, яғни, бір нәрсенің болуын Алла қалап, артынан тыйым салуы, «тәшбиһ» – Алланы  жаратылған пендеге немесе пендені Аллаға ұқсатуы, «имамат» – өздері ұлықтаған адамды Пайғамбардан да (с.а.у) жоғары қоюы, «батыни тәуил» – Құран аяттарының астарлы мағынасы болады деп, одан басқа мағыналар шығаруы секілді теріс көзқарастарға ие.

Мәзһабтанушы ғалымдар Ғулат тобына шиғаның ішіндегі Батыния, Сәбайя, Исмайлия, Қайсания, Ғурабия, Имамия секілді діни топтарды жатқызады. Аталған діни ағымдар исламға дейінгі христиан, яһуди, мәжуси, буддизм, индуизм және т.б. діни сенімдердің кейбір жұрнақтарын өздерінің ақидасына айналдырған.

Олар ислам тарихының әр кезеңдерінде мұсылман қауымының ауызбіршілігіне сына қағып, мемлекетке қарсы көптеген бұлғақтарды ұйымдастырды. Зерттеушілер ислам тарихындағы ғулат тобына жататын діни ағымдардың қозғалысын регресстік сипатқа ие деп бағалайды.

 

 

 Мұхан ИСАХАН


 

0 пікір