Фатиха сүресінің атаулары
Фатиха сүресінің атаулары
03.06.2019 12:08
243
0

Біз бұл мақаламызда классикалық тәпсірлерде орын алған, Фатиха сүресінің басқа да есімдерін атап өтпекшіміз. Бұл сүренің бірнеше атауы бар. Атауларының көп болуы, аты аталғанның мәртебесінің жоғары екеніне ишарат етеді.

1- ші атауы: «Фатихатул- китаб»  Құран Кәрім, намазда қырағаат бұл сүремен бастау алғаны үшін « Фатихатул- китап» ( Кітаптың басы, кіріспесі) деп аталған. Немесе һамд (мадақтау) әр сөздің басы болғаны үшін осы есім берілген. Кейбір муфассилер (тәпсірші) көктен толық түрде түскен алғашқы сүре болғаны үшін осылай аталған деген.

2- ші атауы: «Һамд сүресі» , сүренің  басында «һамд» сөзінің келуіне байланысты « Һамд сүресі» делінген.

3- ші атауы: «Уммул Құран» ( Құранның анасы, негізі), бұл есімнің берілуінің бірнеше себебі бар:

Біріншісі: Бір нәрсенің анасы, ол нәрсенің негізі деген мағынаны білдіреді. Құранның ең негізгі мақсаты төрт нәрседен тұрады яғни илахият ( Алла Тағаланың заты және сипаттары), меад ( Ахирет жайлы ), нубууат (пайғамбарлық жайлы), қаза және тағдырдың Алла Тағалаға тән екенін білдіру. Осыған орай « Барлық мақтау әлемдердің Раббы Аллаға тән. Өте рахымды, ерекше мейірімді» аяты илахиятқа; «Дін күнінің иесі» аяты меадқа; «Саған ғана құлшылық етеміз, және сенен ғана жәрдем тілейміз» аяты қаза және тағдырдың Алла Тағалаға тән екендігінің дәлеліне; « Бізді тура жолға бастай гөр! Қаһарыңа тап болғандар мен адасқандардың жолына емес, өзің игілікке кенелткендеріңнің жолына!» аяты болса һәм қаза және тағдырдың бар екендігіне һәм нубууатқа ишарат етеді. Құранның масқаты осы төрт мақсат болғандықтан Фатиха сүресі де осы төрт мақсатты толық қамтығаны үшін, «Уммул- Құран» деп аталған.

Екіншісі: Илаһи кітаптардың барлығы үш мақсатқа бағытталған: Тілмен Алла Тағаланы мадақтау, Алла Тағала қызмет және ғибадат жасау немесе мукашафа және мушаһаданы талап ету ( қалб көзінің ашылуы, тамашалау, перденің ашылуы, қызықтау). Осы тұрғыда « Барлық мақтау әлемдердің Раббы Аллаға тән. Өте рахымды, ерекше мейірімді» аяттары Алла Тағаланы тілмен мадақтауды; «Саған ғана құлшылық етеміз, және сенен ғана жәрдем тілейміз» аяты Хақ Тағалаға қызмет ету және ғибадат жасауды; Бірақ та Алла Тағала, алдымен «Саған ғана құлшылық етеміз» сөзімен бастаған, бұл ең алдымен құлдың ғибадат жасауда ыжтыһат ету керектігіне нұсқайды, одан кейін « Және сенен ғана жәрдем тілейміз» деп бұйырған, бұл да құлдың қаншалықты ғибадат жасаса да өзінің әлсіздігін,барлық жағдайда Алла Тағалаға бет бұруын мойындауына алып барады. «Бізді тура жолға бастай гөр!» аятына келсек, бұл да, мукашафа, мушаһада және тура жолды талап етуді баяндайды.

Бұл сүренің  « Уммул- китаб» деп аталуының үшінші себебі: Барлық ілімдердің мақсаты Рубубияттың іззетіні( ұлы, ардақты) немесе  убудиеттің зіллетін (қорлық) танып білу. Осы орайда «Барлық мақтау әлемдердің Раббы Аллаға тән. Өте рахымды, ерекше мейірімді. Дін күнінің иесі» аяттары Алла Тағаланың дүние және ахиреттегі барлық жағдайлардың иесі болған жалғыз илаһ екендігін білдіреді. «Саған ғана құлшылық етеміз» ден, сүренің ақырына дейінгі аяттарда құлдықтық зіллетіне ишарат етеді. Бұл аяттар құлды захири және батыни амалдарының текқана Алла Тағаланың жәрдемі және тура жолға салумен кемелділікке жететіндігін баяндайды.

Төртіншісі: Адамдардың ілімдері, Алла Тағаланың затыны, сипаттарыны білу, бұл ілім усул ( негіздер) ілімі; Алла Тағаланың үкімдерін, құлдарын жүктеген міндеттерін білу, бұл да фрууғ ілімі; немесе адамның жан дүниесін тазартатын,қалб көзін ашушы, рухани азықты қамтитын ілім болып үш түрлі болып келеді. Фатиха сүресі ілімнің үш түрлісінде толық қамтыған. Сондай-ақ, «Барлық мақтау әлемдердің Раббы Аллаға тән. Өте рахымды, ерекше мейірімді. Дін күнінің иесі» аяттары усул іліміне ишарат етеді. «Саған ғана құлшылық етеміз, және сенен ғана жәрдем тілейміз» аяттары болса фрууғ іліміне ішарат етеді. « Бізді тура жолға бастай гөр! Қаһарыңа тап болғандар мен адасқандардың жолына емес, өзің игілікке кенелткендеріңнің жолына!» аяттары болса мукашафа іліміне ишарат етеді.

Бесіншісі: Араптардың тілінде « әл- Умм» сөзі, жауынгердің тіккен туы мағынасын береді. Бұл мағынаға сүйене отырып, Фатиха сүресі, «Уммул- Құран» деп аталған, өйткені, ту жауынгердің қалай қорған болса, иман еткендердің  қорғаны да Фатиха сүресі болып келеді. Араптар топраққа да «әл-Умм» дейді. Өйткені жаратылыс, дүниеге келген кейін де дүниеден қайтқаннан кейін де торыраққа оралады.

4- ші атауы: «әл- Уәәфияту» Суфян бин Уйайне, Фатиха сүресіні соылай атаған. Сағлаби бұл жайында былай деп айтқан: « Уәфияның мағынасы, бөлініуді қабылдамау, Фатихаға бұл есімнің берілу себебі; Құранның барлық сүрелерінің жартысын бір ракағатта, қалған жартысын екінші ракағатта оқысаң болады, бірақ та Фатиха сүресін дәл сол секілді екіге бөліп оқуға болмайды.

5- ші атауы: « әл- Кәәфияту» Фатиха сүресі соы атпен де аталған. Өйткені бұл сүре, басқа сүрелердің орнын толықтыра алады, бірақ басқа сүрелер Фатиханың орнын толықтыра алмайыды. Махуд бин Реби, Убаде бин Самит  (Алла оған разы болсын) тан Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі және игілігі болсын) дың былай дегенін риуят еткен: «Уммул- Құран, басқа сүрелердің орнын толықтыра алады, бірақ қалған сүрелер онын орнын толықтыра алмайды.».

 

 Совет Есімбек

(«Омар әл фаруқ» мешітінің бас имамы)

 

Пайдаланған әдибеттер

1) Фахриддин Рази, Мәфәтихул- Ғайып, Ыстанбұл «Хузур» баспасы,

2) Жәлеледдин Сюути, Жәлеледдин Махалли, Тәфсирул- Жәләләйін, Димашқ 2013.

3) Мұхаммед бин Жәририт- Табари, Тәфсирут- Табари, «Дару Ибн Хазм» Бәйрут, Лубнан 2013.

4) Имам Сабуни, Сафутит- Тафасир.

5) Халифа Алтай, Құран Кәрім Қазақша Мағына және Түсінігі,Мәдинә Мунаууара, 1991.

0 пікір