ДҮНИЕСІ АЗ САХАБАНЫҢ БЕРГЕН САДАҚАСЫ
ДҮНИЕСІ АЗ САХАБАНЫҢ БЕРГЕН САДАҚАСЫ
26.08.2021 11:24
499
0

 Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Садақа жетпіс түрлі жамандық есігін жабады». (Табарани, «әл-Мұғжәм ул-Кәбир»)

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Садақаның ең абзалы малы аз, көңілі бай адамның берген садақасы...» деп айтқан.

Бұл жерде садақаның абзалдығына ишара бар. Малы көп адамның садақа беруі кедейге қарағанда жеңіл. Ал кедейдің садақа беруі үлкен пидалық. Сондықтан сауабы да мол болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні адамдарды садақа беруге ынталандырды. Сол кезде Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) төрт мың дирһам алып келіп:

«Сегіз мың дирһам бар еді. Төрт мыңын Раббыма қарыз бердім. Төрт мыңын отбасыма қалдырдым» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Алла Тағала бергеніңді де алып қалғаныңды да өзің үшін мүбәрак қылсын» деп дұға жасады. Расында Абдуррахман (р.а.) үлкен берекетке ие болғаны соншалық дүние салғанда төртінші әйелінің өзіне сексен мың дирһам қалған еді.

Асым ибн Ади (р.а.) жүз «уисқ» (яғни жиырма тонна) құрма садақа берген болатын. Әбу Уқайл Ансари (р.а.) болса бір «сағ» (3,5 кг шамасында) құрма алып келіп:

 «Бүгін түнде бір кісінің құрма бақшасын жұмыс істеп, ақысына 2 «сағ» құрма алдым. Жартысын отбасыма қалдырдым, жартысын Раббыма қарыз бердім» деген еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған бұл құрмаларды садақа ретінде келген құрмаларға қосуын бұйырған еді. Мұнафықтар: «Абдуррахман мен Асым садақаларын рия, мақтаныш үшін алып келді. Алла мен Расулінің Әбу Уқайлдың бір сағ құрмасына мұқтаж емес. Бірақ ол да «садақа беріп жатыр деп айтсын» деп алып келді» дегендей бейәдеп сөздер айта бастады. 

Осы кезде Тәубе сүресінің 79 аяты түсті (мағынасы): «Сондай мүміндерден садақаларда, ынталы болушыларды айыптағандар, тағы тырысып тапқанын ғана бергендерді, тәлкектегендерді, Алла мазаққа ұшыратады. Әрі олар үшін жан түршігерлік қинау бар»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір