ДІНИ САЯСАТТЫҢ САЛҒЫРТТЫҒЫ НЕМЕСЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ ДІНШІЛДІКТІҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ МА?
ДІНИ САЯСАТТЫҢ САЛҒЫРТТЫҒЫ НЕМЕСЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ ДІНШІЛДІКТІҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ МА?
15.12.2016 11:30
638
0

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміз зайырлылық ұстанымын заң жүзінде бекітті. Дегенмен, бүгінде Қазақстанда  қалыптасқан діни ахуал көпшіліктің алаңдатуда. Көкейді мазалаған сұрақтардың бірқатарын белгілі ғалымдарға, қоғам белсенділеріне, теологтарға қойып едік.

1. Қазақ ұлтының руханиятындағы Ислам дәнімен көктеген діни танымдық қабаттарды, ұлттық дүниетанымды сауықтыру мақсатында аз іс-шара жасалмады. Бірақ  жат пиғылды діни ағымдарға қарсы «иммунитетті» күшейту бағытында, әсіресе, отбасы институтын нығайтуда қандай қам-қарекет назардан тыс қалып жатыр? Бұл мәселеге қоғамның, соның ішінде тұрғындардың әлі де бей-жай қарап отырғаны рас па?

2. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері қоғамда мешіт имамдарының беделін көтеру қажеттігін айтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәртебесін заң жүзінде көтеру жөнінде бүгінге дейін ұсыныс-пікірлер аз айтылмағаны мәлім.

3. Сәләфизм ағымына түбегейлі тыйым салу мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Жат идеологияны тоқтату мақсатында Үкімет тарапынан қандай шешім қабылданғаны тиімді? Теологтар христиандық бағытта деструктивтік элементтері бар діни ағымдардың заңды түрде тіркеуге алынғанын ашық айтады. Мұндай ұйымдардың қатарына тартылып жатқан қазақтың тағдыры қоғамды қаншалықты толғандырады?

Досай КЕНЖЕТАЕВЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия және теология ғылымдарының докторы:

1. Рас, қазақтың мұсылмандық танымы мен діни тәжірибесінде, санасы мен салтында ең басты орталық саналатын ислам феномені реалды ақиқатынан айырыла жаздады. Біз – қазір дәстүрін де, дінін де қайта қалпына келтіруге мәжбүр болып отырған елміз. Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасы «Дін мен дәстүр» жылын жариялады. Соның аясында дін істері агенттігі де көптеген іс-шаралар, конференциялар ұйымдастырды,  кітаптар шығарды. Бұл құбылыстар билік пен мүфтиаттың мәселені білу сатысында екендігін көрсетеді. Бірақ мәселенің мәні тереңде. Қазіргі кезең – ғылым, білім ғасыры. Білімсіз, ғылымсыз жасалған кез келген іс оң болғанымен, дұрыс бағытты көрсете алмайды. Мәселенің байыбына талдау жасалынбаса, сені қоршап тұрған дос-дұшпаның оңай олжа қылады. Дәстүр – мәдениеттің бір қабаты ғана. Мәдениеттің ең басты бірінші қабаты – тіл, ең соңғы қабаты – сана. Осы екі ортада қаншама мәдениет қабаттары жатыр. Сана дегеніміз – бүгін тіршілігі мен ақиқатын көрсетіп отырған қазақ болмысы. Сол сананы танымдық, тәжірибелік және сенім тұрғысынан қайта азықтандыру үшін кешенді идеологиялық, жоспарлы да тұғырлы саясат қажет. Ұлттық болмыс алдындағы қазақтың жауапсыздығы дертке айналып отыр. Қажет еткен кезде ғана құндылық – тірі. Ал сенің құндылығың өзіңнен басқа кімге керек? Егер өз құндылығыңа қамқор болып, қадірлеп, отбасы, бала-шағаңа аманаттап бере алмасаң, күрделі күрмеу осында. Сондықтан қазақ болмысын қайта жаңғырту жолында дін, мемлекет, қоғамдық институт және әрбір қазақ арасында қоян-қолтық ымыра болмаса, іс-әрекет, еңбек еш кетеді. Ең бастыcы, дұрыс бағдар – тарихпен үндесу. Қазақ жаңа ғана мұсылман болған ел емес. Оны біз «діни тәжірибе» дейміз. Билік те, ҚМДБ да сол тарихты, діни тәжірибені тапсын, жандандырсын. Бұл бағытта қолға алынатын шараларды Иасауи ілімі мен мәдениетімен ұштастыруды ұсынар ем.

2. Ата Заңымыз бар, құқықтық, демократиялық, зайырлы елміз. Жалпы біздің мемлекет үшін зайырлылық ұстаным ол – тірі қалудың, болашағымыздың баянды болуының, діни дамудың, ұлттық жанданудың, тұрақтылық пен тыныштықтың ең басты инструменті. Дейтұрғанмен, осыдан бес жыл бұрын, заңымызда ханафи мазһабы мен православиенің тарихи жолына құрмет көрсететіндігімізді жазып қойдық. Неге? Себебі сол кездегі Батыс өңірінен (Ақтөбе, Ақтаудан) басталып, сонау Оңтүстікке (Тараз) созылған терактілердің дүмпуіне қарсы жасаған амалымыз еді. Олар да сәлафизмнің жанкештілері болатын. Бұл зайырлылыққа симайтын болса да, биліктің мәдениетті, ұлттық болмысты сақтаудағы қамқорлығы деуге саяды. Себебі, Конституция деген жай ғана кітап немесе диссертация емес, басты құжат ретінде кіріспе, «преамбула» бөлімінен, қорытындыдан тұрады... Заң дегеніміз нормалар жинағы. Сондықтан онсыз да ҚМДБ-ның ұстанымы мен бағдары үшін ханафи мазхабының артықшылығы мен тарихилығы туралы норма бар деген сөз. Мәселе – сол нормативтік мүмкіндікті қолдана алмай отырған өзімізде... Мен айтар едім салафизмге, терроризмге қарсы заң негіздері Конституциямызда жеткілікті. Тек соны көретін көзге, танитын маманға, жүзеге асырар биліктің белсенділігіне зәруміз...

3. Бұл мәселе шешіледі. Ертелі-кеш болса да... Себебі басқа жол жоқ. Ал айтылған уәждер тек биліктің бұл істе дайын еместігін ғана көрсетеді. Мемлекет қазақ болмысының мәніне жете көңіл бөле алмай келеді. Орта жол таппай қойды немес әдейі кешеуілдетіп отыр. Оның астары бізге беймәлім себептері болуы ықтимал. Дін саясатын қайта қарау керек. Ал ҚМДБ діни саясатын қайта сараптауы тиіс. Егер билік пен муфтиат та «діни саясатын» өзара ұштастырса, онда қазақ болмысына қарай бет алар еді. Дінді, ең алдымен, реалды құбылыс ретінде тануымыз тиіс. Билік әлі дінді сыртқы формасымен, қабығымен ғана тануға машықтанып алған. Бұл дұрыс бағыт емес. Бұл туралы Елбасымыз «Терроризммен күресеміз деп жүріп, Исламмен күресіп кетпеңдер» деп ескерткен болатын. Енді жаңа министрлік құрылды, содан үміт етеміз...

Дос Көшім, қоғам қайраткері:

1. Біріншіден, қазақ – қауіптің төніп тұрғанын білсе де, немқұрайлы қарайтын халық. Бұл жайбасарлық па, әлде, өзімізге, ұлттық рухымызға деген сенімділік пе, білмеймін. Шынында да, жерімізден де айырылып қала жаздадық, тілімізді де құртып ала жаздадық, бірақ сан ғасыр бойы домбырамызды жоғалтқан жоқпыз, бесігімізден айырылған жоқпыз. Ә лі де үйге келген қонаққа ет асамыз, дастарханға бата жасаймыз. Біз – ұлттық өзегімізді жоғалпайтын жұртпыз.Бейжайлықтың тамыры да осында сияқты. Екіншіден, діни ағымдардың ұлттық құндылықтарды тәрк етіп отырғанын барлығымыз көріп, біліп, түсіне алмаған сияқтымыз. Қазақтың діліндегі дәстүрлі Ислам шеңберіне сыймайтын, табиғи қажеттіліктен, әдет-ғұрыптан туған бірқатар ерекшеліктерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ дәстүр мен діннің кірігіп кеткен тұсын ажырату немесе сол қалпында сақтап қалу – қоғамның, елдің шешімі болуы шарт. Оны түсіну үшін, анықтау үшін қазақ халқының жартысынан көбі Исламның негізін бір адамдай меңгеруі керек. Демек қазақтардың бір бөлігінің жаңа ағымдарға еріп кетуі – діни сауатсыздықтың салдары. Халықтың басым бөлігі жат діни ағымдардың пиғылын енді түсіне бастаған сияқты. Ал халық араласпайынша, бұл мәселені мемлекеттің жалғыз өзі шеше алады деп айта алмаймын. 

2. Мен осыдан төрт-бес жыл бұрын «Діни сенім мен діни бірлестіктер туралы» жаңа заңды талқылау үстінде «мемлекеттік дін» немесе «мемлекеттегі негізгі дін» туралы мәселе көтерген болатынмын. Көптеген елдерде, оның ішінде, зайырлы мемлекеттерде «мемлекеттік дін» деген термин бар. Сол елдің халқының көпшілігі ұстанатын, тарихи түрде қалыптасқан дін  мемлекеттік діннің дәрежесіне көтеріледі және ол сол елдің ата заңында бекітіледі. Мысалы, Италияның мемлекеттік діні – католицизм. Грузия мемлекетінің Конституцясында да сол елдін негізгі діні нақты аталып, статус берілген. Қазақ елінде ислам дініне осындай айрықша статус берілу керек деп ойлаймын. Әңгіме біздің елдегі тұрғындардың 70 пайыздан астамы Ислам дінін ұстануында емес, қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған дінінің – Ислам болуында. Сонда ғана дәстүрлі дініміздің қайта өрлеуін көре аламыз.

3. Өзіміз «дін – мемлекеттен бөлек» дейміз де, үкімет қандай шаралар қолдану керек деп жалтақтаймыз. Өз басым, билік тарапынан жат пиғылды діни ағымдарға толықтай заң арқылы тиым салуды тиімді тәсіл деп айта алмаймын. Біріншіден, діни ағымдарға енген азаматтардың қолында «салафилік» дейтіндей нақты құжат жоқ, демек оларды анықтаудың өзі үлкен мәселе тудырады. Екіншіден, тиым салған сайын олардың қатары көбейе түсе ме деген қаупім де бар. Бір сөзбен айтқанда, діни сенім бостандығы мен тиым салу мәселесі бір жерде өмір сүре алмайды деп ойлаймын. Ал христиандық бағыттағы діни секталарға қазақтардың кіріп жатқандығы туралы мәселе 90-жылдары өте көп әңгіме болған. Қазір оның қаупінен Исламда жікке бөлінген жат ағымдардың қаупі асып кеткен сияқты. Ең басты мәселелердің бірі – жат пиғылдағы ағымдардан ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалу деп түсінемін.Осыны түсінген кез келген қазақ жат ағымдарға ермейді.

Құдияр БІЛӘЛ, ҚР Мәдениет қайраткері:

1. Діни салада қалыптасқан келеңсіздіктер дінді дәстүрден бөле қарастырудан туындады. Болмаса, бізде дәстүр мен дін бір ұғымға айналып кеткен. Ал сырттан келген дін, ол қанша жерден дәріптелсе де, ұлттық болмыспен үндеспейді. Біз кейбіреулер насиxаттап жүрген сәлафилік, уаxабилік ағымдардың тигізер зардабын билік жете түсінбей отыр. Егер ол ағымдар басымдыққа ие болса, онда біздің ұлттық мінезіміз де өзгереді. Демек біз сол жат ағым әсерінен қазақылықтан алшақтай бастаймыз. Олар біздің дәстүрлі дініміз арқылы               қалыптасқан ұлттық ерекшеліктерімізді жойып жібереді. Сондықтан бізге өскелең ұрпақты діншіл болуға емес, қазақ болуға тәрбиелеген жөн. Біз дінді түсіну үшін әуелі қазақ болуымыз керек.

2. ҚР Діни сенім және азаматтық қоғам министрлігінің құрылғанын құптауға болады. Себебі дін ешқашан мемлекеттен тысқары болған емес. Алайда имамдар мәртебесін біз қолдан көтере алмаймыз. Ол үшін дін мен xалық тұтасуы керек. ҚМДБ өз ұстанымдарын ашық жариялап, ата-бабаларымыз сынды «әруақ» ұғымын дінмен ұштастыра алуы қажет. Онсыз имамдар мен сәлафилер арасында айта қаларлықтай айырмашылық бола қоймайды. Ал xалық оны біліп отыр.

3. Рас, өзге дінге бет бұрып жатқан бауырларымыз аз емес. Алайда билік оларды аңғармағандай пейіл танытып отыр. Оған қоғамдық ұйымдар да жете мән беріп отырған жоқ. Себебі бұл – адамдардың өз таңдауы. Әзірге ұлттық тұтастыққа тигізер пәлендей залалы жоқ. Біз қауіпті өз ішіміздегі діни ағымдардан сезіп отырмыз. Бірақ солай екен деп оларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Екі жағдайда да негізгі кілтипан әлеуметтік мәселелерге келіп тірелетіндігін де ескерген жөн. Дін – қазір қаржыға тәуелді. Дін, бір жағынан, бизнес. Жат пиғылдылардың сойылын соғып жүргендердің дені діндарлар емес, өз қаржыларын айналымға салғандар. Олардың құрығына ілінгендердің, жасыратыны жоқ, ақыл-есі жадыланған.

Әлімхан ТҰРЛЫБЕКОВ, Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы:

1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымымен соңғы жылдары «Дін және тарих», «Дін және дәстүр» жобалары аясында діни әдебиеттер мен зерттеу еңбектері жарық көрді. Исламда құқық саласына қатысты күрделі мәселелерді шешу үшін Құран, сүннет, иджма (ғалымдардың ауызбірлігі), қияс (салыстыру) секілді бірнеше дереккөзіне сүйенумен  қатар, әр халықтың әдет-ғұрпы, ділі, тарихи болмысы арнайы зерттеледі. Қоғамдағы кикілжің, түрлі ағымға бөліну, оған жастардың еліктеуі ұлттық салт-дәстүрді терең байыптап ескермеуден, дәлел ретінде негізгі алмаудан туындап отыр. Діни оқу орындарында шәкірттер бірнеше жыл Ислам негіздері бойынша терең білім алған соң барып, бұл бағытта күрделі пән - «усул» ілімін, әдіснамасын игереді.

Қазіргі кезде дініміздің асыл қазығы болуы тиіс ақсақалдар мешітке өте сирек келеді, тіпті жоқтың қасы. Көпшілігі аруаққа Құран бағыштау үшін ғана бас сұғатынын жасыра алмаймын. Олардың арасында бес уақыт намазын оқып, жастардың бағыт-бағдарын түзеп, ақыл айтатын аузы дуалы қариялар аз. Сондықтан жастар тәрбиесіне қатысты мәселелермен көбіне имамның өзі бетпе-бет қалады. Отбасының беріктігіне, ізгі ұрпақ өсіруге жауапкершілікпен қарап, қадағалап отыратын ақсақалдар институтын жойған кеңестік сана зардабынан сауығу үшін алдағы уақытта ондаған жылдар керек шығар. Мәселен, Ислам дінінің қаймағы бұзылмаған, халқының түгелге жуығы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын Түркияда жат ағымдар мәселесі болғанымен, оған жергілікті тұрғындардың бой алдыра қоймағанын, тек басқа елден қоныс аударғандар арасында ғана алауыздық қылаң беретінін білеміз. Бауырлас елдің бабалары қалыптастырған «иммунитеттің» мықтылығы сондай, кез келген ақсақал діни мәселеде арнайы мамандардың өзін жолда қалдырады, салиқалы уағыз айтады.

2. Біздің мемлекет зайырлы болып есептеледі және әлемге ашық қоғам қағидатын ұстанатынын ескеру қажетпіз. ҚМДБ-ға айрықша статус берсе, басқа діни ұйымдар да теңдік ұстанымын алға тартуы мүмкін. Дегенмен, қоғамда имамдарға айрықша құрмет көрсетуге, жат ағымнан құтылудың жолын бірлесе іздеуге бәрі бірдей оң қабақ танытады деп айта алмаймын. Былтыр ҚМДБ «Имамның тұлғалық келбеті» атты құжат бекітті. Онда діни қызметкер бойынан табылуы тиіс қасиеттер жинақталып берілген. Яғни, көркем мінезді толықтыру, әдепке бойыұсыну, шешендікпен көпті ұйыту арқылы қоғамға үлгі бола білген жөн екені айтылған. Еліміздегі «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру институтында ұйымдастырылатын курстарға, семинарларға мешіт қызметкерлері тұрақты қатысады. Қала берді, имамдарымыздың зайырлы білім деңгейін жетілдіру көздерін де қарастырып отырамыз.

3. Жаңа министрлік құрылғанға дейін де көптеген ғалымдар, теологтар, қоғам белсенділері сәләфизмге түбегейлі тыйым салу мәселесіне қатысты нақты тұжырымға беку қажеттігін айтқан еді... Оның қасында басқа да діни ұйымдарға тартылып жатқан қазақтар жетерлік. Мұның бәрі әр азаматтың жеке тұлға боп қалыптасуында, дінге деген көзқарасын толықтыруда, өмірлік тәжірибені ескеруде ата-баба мирасына немқұрайлы қараудан туындап отыр. Қазіргі уақытта мешіт жамағатының саны артуда. Бірақ шариғаттағы күрделі ілімдерді түсіндіруге халықтың санасы, діни білім деңгейі әлі даяр емес. Пайғамбарымыз Ислам дінін насихаттағанда он үш жыл тілді кәлимаға келтірудің – таухидтің (Алланы ұлықтау, пәктеу) маңызын түсіндірді. Содан кейін басқа парыздарды (намаз, ораза, т.б.) орындауға шақырды. Исламдағы құқықтық жүйені біртіндеп орнықтырғасын ғана артынан ерген халқы шариғат ілімін тереңірек түсіндіруді, ақ пен қараның жігін ажыратып беруді талап ете бастады. Сол секілді біздің қоғам қазір осындай өтпелі кезеңде тұр. Түбінде, қазақ ұлты негізгі діңгегіне бет бұратынына сенемін.

Зарина ҚҰДАЙБЕРДИЕВАБҚО дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы:

1. Отбасында әр ата-ана діни салаға қатысты мағлұматты кеңінен білулері тиіс. Себебі жасөспірім өзін мазалаған сұрақтың жауабын ғаламтордағы сенімсіз дерекөздерінен емес, отбасынан табуы тиіс. Өкінішке қарай, отбасы мүшелері қарапайым діни мәселелердің байыбына ой жүгірте бермейді, шын мәнінде, ізденуге де ықылассыз. Сондықтан оқушылардың танымын кеңейту үшін орта білім беру жүйесіне дінтану пәнін енгізудің маңызы зор. Қазіргі уақытта арнайы даярланған мамандар да тапшы. Біздің облыста мектеп түлектері дінтанушы мамандығы бар екенін де біле бермейді.

2. Өз басым, ҚМДБ-ға заң жүзінде арнайы мәртебе беруді құптаймын. Мектептерде жүргізілетін профилактикалық шараларда имамдарды да қатыстырамыз. Оған кейде  мұғалімдер наразылық білдіріп жатады. Имамдар кездесуге уағыз айту үшін бармайды. Оқушылардың көпшілігі Ислам дініне қатысты өте терең сауалдарды қозғайды. Ондай кезде білікті имам ғана жауап бере алады. Сондықтан дін саласында нәзік мәселелердің болатынын педагог қауым да ескеріп, түсіністікпен қараса, имам беделін көтеру содан басталады. Ал дінтанушылардың шариғат үкіміне қатысты пәтуаларды егжей-тегжейлі айтуына құқы жоқ.

3. Еліміздің Батыс өңіріне сәләфизм ағымы тереңірек жайылғаны алаңдатады. Мемлекетіміз араб елдерімен саяси, экономикалық тұрғыда тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сондықтан сәләфилік идеологияға жуырда тиым салынады деп айта алмаймын. Ресми тіркеуге алынған діни ұйымдар қазіргі кезде бақылауға алынған, мемлекеттік сараптамадан өткізілген діни әдебиеттерін белгіленген орындарда ғана тарата алады әрі сатыққа қояды. Өзге ағымдар қатарына қазақтар да өтіп жатыр. Алайда діни бірлестік мүшелері мемлекет заңын, рәмізін, зайырлылық ұстанымын қадірлесе, қарама-қайшы көзқарасын ашық білдірмесе, олардың сенім бостандығын ешкім шектей алмайды.

Діни мәселелерге қатысты сауалдарға қайтарылған бірқатар жауаптар мен ұсыныс-пікірлер бірін-бірі толықтырып тұрғанын аңғардық. Ұлттық құндылықтарымыздың маңызы айрықша аталды. Қоғамда қалыптасқан селқос көзқарастың абырой әкелмейтіні де айқын. Бір сөзбен айтқанда, сан алуан дерттің пісіп-жетілуіне мүдделі беймәлім күштерді ерте әшкерелегініміз абзал. 

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

Орал қаласы

Дереккөз: Ұлт порталы

0 пікір