БҮЛІК КЕЗІНДЕГІ САХАБАЛАР САЯСАТЫ
БҮЛІК КЕЗІНДЕГІ САХАБАЛАР САЯСАТЫ
17.01.2022 11:13
131
0

Халифа Осман заманында ислам әлемі үлкен бүліктің құрбанына айналады. Мамыражай дәуірде фитнашылар ел арасында түрлі ылаң жаяды. Нәтижеде қызба қанды жастар мен қауесетке ерген кісілер алдын ала шебер жоспарланған бүліктің қолындағы шоқпар боп шыға келеді. Осы кезеңді еске ала отырып табиғин Мұхаммед бин Сирин (р.а.): «Бүлік өршіген тұста сахабалар он мыңға тарта кісі еді. Олардың ішінен тек отызға жуығы ғана араласты» дейді. Отызға жуық сахаба жұртты тәртіпке шақыру және адамдардың бүлік жетегінде кетпеулері үшін араласуға мәжбүр еді.

Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) жүрек жұтқан батыр сахаба еді. Әрі жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның мергендігін мақтан тұтып: «Міне, бұл менің нағашым. Сендер өз нағашыларыңды көрсетіңдерші» деп айтқаны бар. Бүлік орын алған уақытта батыр сахаба Мадина қаласын тастап, мал-жайына кетіп қалады. Бүлікшілер сахабаның іздеп барып өз қатарларына қосылып, қолдау білдіруін өтінеді. Сонда, хазрет Сағд (р.а.) «Бір шартпен ғана қосыламын. Менің қолыма екі көзі бар мынау кәпір, ал мына мұсылман деп сөйлей алатын қылыш берсеңдер ғана қосыламын»,-деп бүлікке үзілді-кесілді қатыспайтындығын жеткізеді. Сонымен бірге, бүлік туралы мынадай өнегелі сөз айтады. Біз бағытымыз айқын, жолымыз ашық жүріп келе жаттық. Кенет дауыл тұрып, айнала астаң-кестең болып кетті. Жолдан адастық. Осы кезде бір топ кісі жол оң жақта деп жүріп кетті де адасты. Екінші топ солға қарай жүру керек деп олар да адасты. Ал, үшінші топ дауылға дейін бағытымыз айқын еді. Дауыл басылғанша күтейік деп түйелерін шөктірді. Дауыл тоқтаған кезде бағыт айқындалды» дейді. Демек, бүлік – дауыл сияқты. Дауыл кезінде жолды табу былай тұрсын, бағытты айқындау мүмкін емес. Үшінші топ – сахабалар тобы. Бүлік кезіндегі сахабалар саясаты – араласпау, оқшаулану.

Сахабалар сара жолын ұстанған табиғиндер де осы бағытты ұстанды. Табиғиндер Куфа қаласында бүлік орын алғанда жұртты тынышталдыратын өнеге-насихат кітап жазады. Хасан бин Хурр (р.а.) дастарқан жайып, қаланың түгел қариларын жинайды. Осы мәжіліске хадисші ғалым, табиғин Ағмаш (р.а.) та шақырылады. Бүлікке қарсы тұру үшін арнайы мәлімдеме дайындаған ғалымдарға: «Тіліне ие болған, қолын жамандықтан тиған және өз ішіндегі жамандықпен күрескен адамды Алла мейіріміне бөлесін» деп үш ауыз сөз айтып мәжілісті тарқатады. Осылайша Ағмаш (р.а.) осы әрекетімен бүлікке неғұрлым араласпаса, соғұрлым аман қалатынын түсіндіргендей еді.

Себебі, Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ араларыңдағы өз-өзіне қиянат жасаған азғындардың ғана басына келмейтін (кесірі бүкіл елге тиетін) алапат лаңнан сақтаныңдар…» деген. Бұл аятта бүліктің табиғаты суреттелуде. Бүлік ауаға тараған вирус сияқты. Оның кесірін шашқан адаммен қатар маңайындағы бейкүнә жандар да көретіндігі айтылуда. Сондықтан, хадисте: «Болашақта бүліктер орын алады. Сол шақта отырған кісі аяғында тік тұрғаннан қайырлы, ал аяғында тік тұрған жүріп бара жатқаннан қайырлы, жүріп бара жатқан жүгІрушіден қайырлы. Кімде-кім бүлікке мойын созып қараса, бүлік өзіне тартып алып кетеді. Кімде-кім одан құтылатын пана тапса, сол жерге барсын»,-деген. Мұндайда түрлі ұрандар жетегінде кетпей, асқан парасаттылық таныту қажет.

«Қалқаман-2» мештінің бас имамы,
дінтанушы Руслан Қамбар

 

0 пікір