БАЛУАНДЫҒЫМЕН ТАНЫЛҒАН ӘУЛИЕ-ИШАНДАР
БАЛУАНДЫҒЫМЕН ТАНЫЛҒАН ӘУЛИЕ-ИШАНДАР
07.10.2022 05:13
74
0

«Әулие» дегеннің өзі қазақ танымында – рухани балуан. Яғни әулиелікке жету жолында көптеген сыртқы және ішкі кедергілерді жеңе білген күрескер. Ал қазақ тарихнамасы мен ел аузындағы әңгімелерге, аңыздарға қарағанда, кие, діндар-тақуалықпен, Әліппе-Әптиек-Құласар-Көкілташ оқыған ілім-білімімен «әулие-ишан, қасиетті» атанумен қатар, білек пен жүректе, күш-қайратта да ешкімге дес бермей, тікелей «палуан» атағын алған әзіз жандар да аз болмапты.

Көбінің мұндай тосын қыры 2021 жылы Алматыда жарық көрген «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» екі томдық кітабында алғаш рет көрініс тапты. Олардың барлығын бірдей қамти алмасақ та, үлгі ретінде бірнешеуінен образ өрнек бере кетелік. Әлқисса, бүгінде Қызылордадағы Үш жүзге пір болған Марал ишан кесенесінің басында оның ұлдары мен жолын жалғастырушы дін өкілдерінен бөлек, мұқым Алаш азаматтары да қатар жатыр.

Солардың ішінде баба басына жақын жатқан атақты Бейсенбай әулие екен. «Жүз жасаған» деп келетін титімдейі болмаса, әулие туралы дерек аз. Бірақ палуандығы анық. Шырақшыларға сілтей отырып, сырлық Ержан Қожасовтың жеткізуінше, осы кісіге қатысты мынадай қызық әңгіме бар көрінеді: «Түріктің бір палуанымен шығар қазақ болмапты. Жауырыны қақпақтай батыр талайдың мойнын үзген екен. Бір күні Бейсенбай әулие Марал бабадан бата сұрай келіпті. Үш күн қатарынан келген оған бабамыз үшінші күні бата берген екен. Ертеңіне үлкен тойда әлгі палуанды өзінен асыра лақтырған Бейсенбай оның мойнын үзіп, мерт қылса, өзі белден айырылып, еңбектеп қалыпты.

Сонда Марал баба шығып:

 «Енді маған келген қай-қайсың болмасын, берген сыйларыңның жартысын Бейсенбайға беріңдер. Алдымен Бейсенбай әулиеге барып, содан соң маған жол тартыңдар. Ал біз өмірден өткен соң, менің есімімнен соң Бейсенбай әулиенің есімін қалдырмай атаңдар» деген екен» («Сыр бойы» Қызылорда облыстық қоғамдық-саяси газет). Тағы бір дерек версиясы бұл жағдайды былай баяндайды:

«Қазақ даласына түрік балуаны келеді ғой. Ешкімді шыдатпайды. Алдынан келгендердің жауырынын жер иіскетеді. Бір күні Бейсенбай әулие Марал бабадан бата сұрай келіпті. Ишан қайтарып жібереді. Екінші күн тағы келеді. Ишан тағы үнсіз шығарып салады. Үшінші күні келгенде қолын жайдырып, батасын беріпті. Уақыты жетіп, бір аста Бейсенбай әулие мен түрік балуаны белдескен екен. Сонда әулие түрікті әуелете көтеріп, лақтырғанда жатжерліктің мойны үзіліп өліпті де, Бейсенбай әулие белден қалыпты. Халық шулап қоя бергенде ортаға Марал ишан шығып: «Өңірде қазақтың намысын ойлаған жалғыз Бейсенбай болды. Енді маған келгендерің әуелі Бейсенбайға соғыңдар, берерлеріңнің бір бөлігін соған тастаңдар. Ал біз өмірден өткен соң, әуелі менің есімімді, содан соң Бейсенбайдың атын атаңдар» деген екен (Д.Садық). Бейсенбай атадай ер сүйдеп ұстаз-пірінің де, жұртының да разылығын алыпты. Есімін де тарих тасына өшпестей етіп бедерлепті. Мұны «бір» деп түртіп қоялық. Қытайдың «Тай-Шань тауында отырып әулие болу оңай. Бәрінен де базарда отырып әулие болып қалу қиын» деген тәмсілі бар. Сол айтпақшы, сондай қым-қиғаш, қым-қуыт заманаларда жасап, Алла аманаты мен руханият шырағын сөндірмей, елдің ар-абыройын да құлатпай өткен абзал атпалдарға таң қалмасқа шара жоқ.

Өз кезегінде, қазақта «Қырық молданың ілімі бір мақсұмда болады» деген де сөз барын айта кету керек. Қырық мақсұмның білімі бір ахунға тең көрінеді. Ал қырық ахунның ілімі бір ишанда болады дейді. Сонда ең жоғары лауазым ишан болып келеді. Одан көтеріліп өз руына пір болып, одан өзінің жүзіне пір, одан әрмен ілім-қасиеттілігіне сәйкес тұтас Үш жүзге пір болады. Ендігі әңгіме Бұқар әмірінің бас балуанын жеңген ишан туралы. Дәуренінде атағы Алты Алашты жапқан Сайыпназар ахунның үш ұлының ішіндегі тұңғышы – Әбдісадық ишан қақында ел арасында естелік көп десек, артық айтқандық емес. Айталық, қызылордалық зерттеуші Гүлнұр Реймберген «Өзбекстандағы «Көкілташ» медрессесін бітірген, Меккеге қажылыққа үш рет барған, араб, парсы, шағатай, өзбек, неміс тілдерін жетік меңгерген Әбдісадық ишан – Сайыпназар ахунның үлкен ұлы» деп «Аманкелді ауылы» жазбасында бұл мағұлыматты шегелей түседі. Балуан тас пен ашық дереккөздеріне қарағанда, ол қазіргі Сырдария ауданындағы Амангелді ауылында 1848 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болған. Ишанға қатысты көп сілтемелер беріліп жүрген «Әбдісадық ишан» мақаласында бұл туралы: «Көкілташ медресесін бітіргені жайлы шатырхаты осы кезге дейін сақтаулы. Бұл кісі жастай әкесінің  қолында оқып,  кейін қайын атасы Бұқар әмірінің жанындағы игі жақсыларының бірі Әбубәкір Тоқсабаның тәрбиесінде болған. Бұқар әмірінің балаларымен бірге тәлім-тәрбие алып өзбек, парсы, араб, шағатай тілдерін жақсы білген. Меккеге қажылыққа үш рет барған. Қажылыққа  үшінші рет барып  келе жатқанда  өзбек жерінде обадан қайтыс болған. Ол кісінің қабіріне ашық кесене салынып, оны күтетін  арнаулы шырақшысы бар» деп кеңінен толғанылады. Бұдан бөлек онда:

«Меккеге қажылыққа барғанда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ең соңғы екі тал  қасиетті сақалын «мәймүбаракты» және алтын  дәспідей қасиетті заттарға  (тағы бір деректе Пайғамбардың (с.ғ.с.) патшалық қазынада сақталған ең соңғы екі тал қасиетті сақалын, «Мой муббаракты», алтын тәспіні және қасиетті жайнамазды) Мекке халифасына төрт жүз адам арыз беріп сұрағанда, Әбдісадық ишанның арызы дәлелді болып шығыпты. «Мәймүбәрәкті» көрген адам Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың  жүзін көрген болып есептеледі екен.  Елге қайтып келе жатып «Мәймүбәрәкті» ұрлатып алып, оның жоғалғаны туралы жиырма бес мемлекетке хабар берген екен. Ишан өте ірі денелі, ерен күш иесі, қайратты болыпты. Бұқарада оқып жүргенде күресте әмірдің бас палуанын жыққан. Әкесі Сайыпназар ахун сияқты ақын да болған. Әкесі Сайыпназар өлген соң мешітке өзі имам болып, медресе басқарған» делінеді. Расымен де, Әбдісадық ишан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың  соңғы патшалық қазынасындағы қасиетті заттарын алуына байланысты мұсылман әлемінде тарихи орны бар ірі тұлғалардың бірі саналады (Г.Реймберген). Алайда оның Бұқарада қалай балуандыққа жаттығып, қалай әмірдің әйгілісімен күрес салғаны және оны бұл өнерге кімнің баулығаны туралы тырс еткен сыбыс жоқ. Бір айта кетерлік жайт, ишанның немересі Әбдіқайым да атасы сияқты бірқатар тілдерді, атап айтқанда араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгерген.

1917-26 жылдары Ақмешітте төңкерістік үкіметтің Жаңақорған-Шалқар арасындағы билерінің үстінен қарайтын аға биі болып сайланғаны да бар екен. Сонымен қатар ол Мұстафа Шоқай басқаратын республикалық «Шорай Исламның» облыстық бөлімінің төрағасы да болыпты. Үшіншіден, Сәметтің Әйімбет ата ұрпақтарының бірі – Саурықты да күш-қайраты мол, әрі көріпкел әулие болған деседі. Ол 1930 жылы жасы сексеннен асып барып қайтыс болған. Оның қыстауы Хан тауының шығысқа қарай созылған жотасының Далақайнар қаласының тұсындағы Көкшоқы түбінде жалғыз үй отырады екен де, жазға қарай жайлауға Еспе өзенінің бойын жайлаған дейді білетіндер.

Жазға салым Көкшоқы өзенін бойлап, жоңышқа егіп, екі рет шауып, қыста малына беріпті. Жас кезінде ел ішінде болатын той-жиындарда күреске түсіп, қарсыластарын шақ келтімей жығып, палуан атанған кездері өте көп-ті. Оның өнері Шу өңірінің жұртшылығына кең жайылғандықтан ұры-қарылар одан сескенген екен. Бұл және басқа да мәліметтер турасында зерттеуші Әли Асатұлының «Саурық баба аңызында» кеңінен айтылады. Оның «Қазақ батырлары» басылымына шыққан еңбегінде мынадай бір қызық деректер шоғыры келтірілген: «Бірде күзге салым Саурықтың өрісте жайылып жүрген бес-алты түйесін төрт атты ұрылар қуып айдап бара жатады. Көріп қалған ол асыққандықтан атының аяғындағы кісенін бұрап сындырып ашып, жайдақ міне сала қуып жетіп, екеуін сойылмен ұрып түсіреді, екеуі ұзап қашып кетіпті. Сұрастыра келе бұлар бұл өңірдің адамдары емес екен де, алыстан Іле өзені бойынан мал ұрлап қайту үшін келген жалайыр елінен болып шығады. Ол екеуін екі күн ұстапты да, бұдан бұлай бұл жаққа аяқтарын баспайтындай етіп, уәдесін алып, босатып жібереді».

Ал екінші оқиға мынау екен:

 Тағы бірде ауылына ел ішіне жаңадан палуан атанып, аты шығып жүрген немере інісі Тоқсанның баласы Рәсілбай келеді. Өз балалары Жанбай мен Жәнеттер де ауылда екен. Балаларының күштерін сынамақ болып, Кеңшоқы өзеніне көпір етіп, өзі әкеп салған ұзындығы биік бойлы адамның бойындай жалпақ тасты көтеріп сынамақшы болады. Ол өз балаларына:

 – Менен туған бала болсаңдар, мына тасты көтеріп, жылжытып былай қойыңдаршы, – дейді. Олар қанша әуреленгенімен шамалары келмейді. Сонан соң Рәсілбекке қарап:

 – Сен де қосылып, үшеуің көтеріп қойыңдар, – дейді. Алайда олар қанша әрекеттенгенімен тасты орнынан қозғалта алмапты. Сонда Рәсілбек тұрып:

 – Аға, бұл тасты көтергеніңіз, сізді әрқашан жебеп, көмектесіп жүретін әруағыңыз бар, соның арқасы ғой, – деп өздерінше ақталыпты (Балуан тас). Рәсілбай  палуан да оңай адам емес, аса зор денелі, ауыр салмақты адам болыпты. Ал той-жиындарда сайысқа түскенде, басқалары көтере алмағасын сиқым елінің Бөрібай дегенінің үлкен мықты қара атын мінеді екен. Ол ат болса ондай сайысқа әбден үйренген, өзі ыңғайлана беретін әдісқой жылқы көрінеді. Жерлестерінің сөзінше, Саурықтың зор қайраттылығымен қатар, әруақ қонған тәуіпшілдігі де болған. Ол әр аптаның жұма күндері қоңыр қобызымен зікір тартып, оны жайлап бастап, соңына қарай даусын созып, аңыратып жылағандай үн шығарып, әруақтарының аттарын қосып айтып отыратын әдеті болған. Атаның тәуіптік-әулиелік қасиетінің шарапаты елінің қажетіне мол тиіпті. Кейде екіқабат әйелдер босана алмай қиналатын мартубасты дерті кездерінде Саурықты көмекке шақырып, жәрдемін алып отырған. Баруға мүмкіндігі болмаған жағдайда шақыра келген адамнан жөн-жобасын айтып, өзінің қамшысын беріп жібереді екен (Саурық баба аңызы. Ә.Асатұлы. «Қазақ батырлары» газеті. Алматы, 2000. №3).

 Бұл аталып өткен кісілердің дерегі анығырақ әрі уақыт жағынан жақын болса, ал (4) Шаймерден әулиеге қатысты әңгімелер тіптен ұшқары ертегі-әфсана болып кеткен-дүр. «Оңтүстік Қазақстан топонимикасы» бойынша Шаймерден әулиенің күнбатыс жағында бірнеше төбелер бар. Солардың бірін ел «Тақия төбе» деп атайды. Тақия төбенің күн шығысында қатар орналасқан екі төбені «Жалғыз төбе» деп атайды. Аңызға қарағанда Тақия төбенің астында бір кездері елдің қазынасы – жақұт, маржан, алтыны сақталған болса керек. Елге, малға тиіскен алып айдаһар ордалы жыланмен келіп осы қазынаны басып алған. Қазына иесі қартты айдаһар шағып өлтірген. Емшек төбе қарттың кемпірі екен. Жалғыз төбе қызы дейді-міс. Қазынаны басқан ордалы жыланның бірі қыздың анасын, енді бірі қызды шағады. Қыздың емшегі жылан уының захарынан ағып түседі. Шаймерден ата палуан, батыр кісі екен.

Ол келіп бір уыс тас-топырақты алып Тақия төбедегі қазынадағы жыландарға лақтырады. Екінші уыс топырақты қыздың анасына тиіскен жыландардың үстіне тастаса, үшінші рет топырақты Жалғыз төбеге – қыздың үстіне тастайды. Содан жыландар мерт болады. Шаймерден ата мешітінің төріндегі қуыс жол (үңгір) осы қазынаға тартылған жол екен (Ш.Исахова). Сонымен, бұл мәліметтер ертеректе ізгілік, адамгершіліктің де залымдарға алдырмастай мығым бұлшық еті мен өткір азуы болғанын көрсетеді. Бірақ шынтуайтына келсек, ілім, қасиет иелерінің оған тікелей мұқтаждығы да жоқ болса керек. Яғни физикадан бұрын рухани болмысын шынықтырып, жүрегін нұр, қуатқа толтыратын ол проба-санаттың адамдары транцедентті онтологиялық өлшеммен өлшеуге ғана лайық.

Қаласа биологиялық-физикалық мүмкіндіктерінсіз де небір көз көріп, құлақ естімеген кереметті іс-қимылдарға бара алары анық. Ондайда тек кірпіш тәні мен тау тұлғасына иек артқан Таусоғарың не, Геракл-Геркулестерің жолда қалар еді. Әйткенімен бәрін Жаратқаннан рұқсат етілген шеңберде ғана іске асырғаны тағы да шын. Қысқасы, бұл да бір бітпейтін сыр әңгіме. Болмаса қайда барса алдында көр болып, өлімнен қашқан Қорқыт ата да Сырдарияның иінінде Әзірейілге тұтылғанда, өзін тылсыммен көбейтіп, қырық Қорқыт етіп көрсеткенін қалай түсіндіруге болады? Олардың қайсысы Қорқыт екенін айыра алмай сасқан жаналғышқа сол кезде Құдірет пәрмен етіп:

 «Қырқының қайсысы бұрын кірпігін қақса, соның жанын ал!» демеуші ме еді? Сөйтіп шын Қорқыт кірпігін қаққан кезде ғана жаны алынған. Иә, қазақтың әулие, дін асылдары басқа халықтардағы «әріптестеріне» қарағанда ел ісіне көп араласқан. Басқаша мүмкін де емес еді. Көшпенділер тарихы – ұдайы жар жиегінде жүру мен бітпес дағдарыстар тарихы. Жоғарыдағы Марал ишанның өзі туған бөлесі Кенесары азаттық үшін Ресейдей күші басым жаумен арпалысып жатқанда бес уақыт намазын өтеп, тәспісін тартып, құдай деп қарап отыра алмаған.

Жәрдем етіп, шайқастарға бір батырдай-ақ атсалысып, көп қарекет қылған. Өйткені құдайдың назарына әулиелердің көз жасынан бұрын қаһармандардың төгілген қанының көбірек шалынатынын аңдағандайын. Философтарша айтсақ, бүйтетіндей көз жасы – түссіз, ал қан – қып-қызыл. Әсілінде, осынау күрес пен палуандық тақырыптары баурағандар бұлардан да басқа рухани тұлғалардың күштік қыр-жырын «Балуан тас» кітаптарынан таба алатынын кезекті рет атап өткен жөн. Осы жолдардың авторының ізденісімен дүниеге келген ол еңбекте қаншама әулие-әнбие, ишан, қожа-молданың балуанға түсіп, белдесудің көкесін танытқанының дерегі де Шаһризада сарайындағы інжу-маржандай шашылып жатыр. Тек теріп ал да, алтын қобдишаңа тізіп сала бер!

– Сөз бе?

 – Сөз!

 

 

Мәдениеттанушы-философ, PHD докторант

 Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ


 

0 пікір