АЛЫП ШЫНАРДЫҢ БҰТАҚТАРЫ
АЛЫП ШЫНАРДЫҢ БҰТАҚТАРЫ
15.03.2021 09:33
219
0

Аз сөйлеп арманымды тауыспасам,

Бойымнан тарқамайды қайғы санам.

Әкем менен ағамды ұстап кетті,

Мен, шіркін, соны ойлап қайғыланам. 

Қайырымсыз пәни жалған, шіркін, дүние,

Барады желдей есіп мына заман.

Бұл өмір өлгенімше естен кетпес,

Зар еңіреп жылап қалды қатын- балаң.

Жанас Шаһхайымұлы

Ислам дінінің Қобда бетіндегі діңгегі болған алып шынардай саялы ақсақал Шаһхайым Амбы өз ұлы Кәбілтаймен бірге  нақақ жаланың құрбаны болады. Жер дүниені бүлдірген қызыл  саясаттың  кесапатты дауылы алып дарақты  құлатып, бұтақтарын қиғанымен, балапан тамыры өртеңге өскен құрақтай жайқалып, бүгінгі күнге жеткенінеАллаға сан мәрте шүкір. Шаһхайым Амбының ұрпақтары қазір тәуелсіз Қазақстан Республикасына  қоныс аударып, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды өңірінде шаңырақ көтеріп, азат еліне үлесін қосып, ұрпақ өрбітіп, отанына адал еңбегін арнап келеді.

         Әкесі ұсталғанда 11-12 жас шамасында артында жетім қалған Анас, Жанас, Қабылтай әулеті Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Алтанцөгц сұмынында өмір сүрсе, тағдырдың жазуымен  іште қалған Тұяқ Кәбілтайұлы Шаһхайымов ҚХР Шыңжанда қоныс аударып, тіршілік етеді.Күйтін университетінде профессор болып математикадан сабақ береді.

         «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген аталы сөз бар. Өз басым көзім көрген, ағамның досы,құрдасы, қазір Алматы облысы Талғарда қабірі ағаммен іргелес жатқан Жанас атаның біздің ауыл үшін орыны ерекше. Жанас атамыз, Оқай әжеміз қашанда көрсеңіз ақ пейіл, дастарханы жомарт, ағайынға қолы ашық, үлкен-кішімен үнемі қалжыңдап, жүзінен шуағын шашып жүретін нұрлы жандар еді. Бұл кісілерде адамды ала көру, бөліп-жару деген ұғым мүлде болмайтын, барлық жанға тең қарайтын. Жаз шыға Жанас атамыз мұзарт шыңы аспан тіреген  мұзды тау Цамбагаравтың  салқын сабатты баурайын жайлап, сайына бие байлап, жүйрік атын жаратып, ауыл-аймақтың үлкендері Оқай апаның қолынан сары қымызды ішіп, әңгіме-дүкен құрып отыратын. Менің ағам құрдасы болғандықтан Жанас атамен үнемі әзілдесіп жатады. Қисық қалжыңдарды айтып жатқанын естіп әжем Нұриман «Тәйт, балам олай деме. Бұл кісі қасиетті Амбы атаңның, Хазіреттің ұрпағы» деп ескерту жасайтын, тарих керуенінен сыр шерткендей Атаң ауылы туралы неше қилы әңгімені айтып беруші еді.Ал Жанас атаның ұлы Махаббаттың жөні– біз үшін бөлек. Өйткені оның кіндігін  өле-өлгенше бес уақ намазын оқып кеткен әжем Нұриман кескендіктен біз кіндік бауырымыз деп ырымдаушы едік. Бір күні жазда оянып есік алдына шықсам апам жоқ, сұрастырсам көрші Жанас атаның үйіне кетіпті. Артынан жылап жүгіріп бардым.Сөйтсем Оқай апаны олар босандырыпты. Мені жұбату үшін Жәкең «Бөпе туды, қолын қара,саған қарайды» деді, мені алдарқатып. Мен жұбандым. Сөйтсем әйелдер босандырып, апам бөпенің кіндігін кескен екен. Бұл Махаббат туғанда менің інім Мәдениет төрт аяқтап еңбектеп жүрген болатын. Махаббат ініміз сабақты үздік оқып Ресейден Свердловск университетінде білім алған зиялы, іскер, ұйымдастырғыш, ағайындарға қамқор тұлға болды.  Өзімен қатарластардан маңдайы жарқырап тұлпардай озып алға кеткен азамат болғандықтан ауылдастар мақтан ететін. Сол кезде біз «Оның сырын білесің бе, себебі Махаббат бауырымның кіндігін әжем кескендіктен солай мықты болды» деп масаттанып қалатынбыз. Бұл ініміз 1991 жылы атажұртқа көш легін бастап, Алматыға, Талғарға қоныс аударып, кәсіпкерлікпен шұғылданып, көпшілікке жол ашып, үлгі көрсетті. Қазір Алматы облысы Талғар, Есікке Алтанцөгц сұмынының біраз халқы орналасып мекен етеді. Осы ағайындардың көбіне нарықтың қыспағында жоқшылық заманда қол ұшын берген, еңбекке,кәсіпке баулыған,  жаңа Қазақстан еліндегі  ортаға бейімдеуге ақыл-кеңесін беріп, тілекші болған азамат Махаббатқа, бауырым Марқа ініме ауылдастар риза болып, алғыс айтып келеді. Махаббат інімнің Астанаға қоныс аударып, елордамыздың гүлденуіне де қосқан үлесі, төккен тері, ағайындарға көрсеткен үлгі өнегесі бір төбе.

         Мұның бәрі – бұрынғы аруақты Хазірет  атаның шапағат киесі, Жанас пен Оқай апамыздың дұрыс тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Жанас атамыз жүйрік ат баптайтын атбегі, сыншы, той-мерекеде әзіл-қалжыңмен той бастап, ауыл үйдің сәнін келтіретін білікті жан болды. Әсіресе атаның бәйгенің алдын бермейтін Сары аты аңызға айналған. Осы аттың бәйгеден озып келуін біреу атаның бапкерлігінен десе, біреу киелі Хазірет  атаның рухынан, ал біреулер құйрығына тағып қойған қасиетті аят жазылған тұмардан деуші еді.  Бәлкім осы үш болжам да дұрыс болар.

         Жанас атаны ел «Жанас молда» деуші еді. Коммунистік қоғамда мешіт құлатылып,  құран жойылып, молда-қожа атаулы қуғындалып, тіпті намаз оқылмақ түгіл адамдарды арулап жаназа шығармай жерлейтін  әдет қалыптасып, жетпіс жыл бойы атеистік тәрбие жүргізілгені – кешегі күннің біз көзбен көрген шындығы. Ол туралы Жанас ата «Мұңлы жыр» толғауында былай дейді:

 

Патшаға жаламенен сұралды ғой,

Мал-мүлкі дәулеті де «құралды»  ғой.

Істеген мойынында қылмысы жоқ,

Өтірік шағымменен бұралды ғой.

 

Байларды, моллаларды тұтқынға алып,

Ұрпағын артындағы тентіретті.

Бұлардың ұрпағына сенбеңдер деп,

Төменгі бастығына бұйрық етті.

Алмады шаруа менен сабаққа да,

Қарайды жай жүрсең де қабаққа да.

Қорқамыз сол уақытта көлеңкеден,

Қорықпайтын біз байқұста шара бар ма?!

Осындай мұсылманның басына ауыр апат болған қызыл коммунистік жабық қоғамда Жанас атамыз  ат жалын тартып мініп, азамат болған соң тайсалмай, қызылдар қанша тыйым салса да, кейде ашық, кейде жасырын, талай марқұмдардың жаназасын шығарып, кебіндеп,  о дүниеге жөнелтіп жүрді. Міне, қаншама сауапты да жанкешті күрес десеңізші?!Ақыры дінмен алысқан сол қоғам өзі құлап, азаттық таңы атып, ислам діні оралды.Сол кезде біздің ауылда жұма  намазын өткізіп,елді қайтадан дінге жыққан, исламды уағыздап,жастарға сауат ашу сабағын жүргізіп баулыған тағы да Жанас ата болды.

Атамыз Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған соң  өзінің байырғы атамекеніне оралып, азаттықтың алғашқы кезеңінде Талғарға қоныс аударып, атажұрттағы ағайындарға да дін исламды уағыздап, бостан елінің ислам дініне оралуына қал-хадерінше үлес қосып, ұрпаққа терең ғибрат қалдырды.

«Арпа ішінде бір бидай» дегендей Жанас атамыздың үлкен қызы Билаш біздің ауыл үшін аяулы да ардақты, қазақтың ерке қызы.Мен оны  сіңілімдей көріп, тонның ішкі бауындай араласатын,сырласатын жанмын, бірімізді-біріміз  сағынып жүреміз. Билаш сіңілім – ата-анасындай ашық-жарқын, ақ көңіл, әр кез ағайындарға, бауырларға қамқорлығын аямайтын бекзат ару. Тіпті осы сіңілім Хазірет ата ғибраты жайында «Шаһхайымның абақтыда жазған жыры»  атты шежірелік жинақты 2004 жылы Өлгийде бастырып жариялауы – нағыз қазақтың қызына тән парасатты да туысшыл, зерделі, асылдың сынығы екендігінің нақ белгісі. Билаштың жары Солтанхан Қыдырханұлы ағамыз Моңғолияда үлкен лауазымды  қызметтер атқарған ірі тұлға, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, Совет Одағынан жоғары білім алған энергетик инженер.Солтанхан  құдамыз нарықтың қиын жылдарында Өлгий қалалық Жылу станциясын іскерлікпен басқарып, халықты түнде шырақсыз қалдырмай, қыстың сары аязында қаланы жылумен қамтамасыз ете алған шебер де күрескер азамат, білікті басшы.Ол ағамыздың атбегілігі, серілігі мен қайсар бөрілігі, намысқойлығы, қарақан басының қамын емес, халқының қамын жеген дегдар жан екендігін халқы мақтан етеді.Солтанхан ағаның жұмыс кабинетінің төрінде басқа емес, ұлы  Абылайханның портреті ілулі тұрғанын көргенде ұлтжанды кесек болмысты азаматтың тарлан табиғатын тағы бір таный түскендей боласың.  Солтанхан мен Билаш шаңырағынан  екі отау бөлініп,  көгендері өрбіп, олар гүлденіп отырғанына тілектеспіз.

Менің құрдасым Кәмер Әнесқызы мен оның жары Сейфулмүлік те Хазірет  атаның  үлгілі ұрпақтары, мақтан тұтатын жерлес, сыйлас  досымыз.Жанас атаның кенже қызы, аяулы қарындасымыз Сұлушаш та «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай  жүреді» дегендей үлкен апайларының жолын қуып, ақ әжесінен бата алған өнегелі қыз. Күйеу бала Әуесханұлы Еркінмен  бірге  тәуелсіз Қазақстанның жас отауының отын лаулатып, перзенттерін жақсы тәрбиелеп өсіріп келеді.

Мархамет бауырым мен Бақша келінім екеуі астанаға қоныс аударып, Оқай апаны бағып-қағып, батасын алды, ағайындарға жайылып жастық, иіліп төсек болып, Нұр-Сұлтан қаласының төрінде еңкейіп еңбек етіп, кәсіпкерлікпен шұғылданып келеді.

Марханың бір мықтылығы – Амбы ата арқылы ұрпаққа жалғасқан, Меккеден Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата киіп келген киелі шапан ол кісінің тағы бір ұрпағы Әкей Исаұлы қажы атамыз үйінде сақталған екен, сол қасиетті мұраны  атамен кездесу жасап, ақыл-кеңес ала отырып, соңынан өз үйінің төріне әкелуі. Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата бұл шапанды Меккеге қажылыққа барғанда киіп келген, шапанды Шаһхайым Амбы ата содан Қобда бетіне қоныстананып имам болғанда киіп жүреді де «эсэргүү» болып жаламен ұсталғанда ұрпақтарының қолында қалған. Шапанды ұқыпты,  зерделі ата Әкей Исаұлы сақтаған екен.

Осы орайда Жанас Амбыұлы туралы ұстазымыз, өлкетанушы, шежіреші Өжеке Мамытолданың естелігін де бере кеткім келеді:

«Амбыұлы Жанас 1921 жылы Қытай халық республикасының Алтай аймағының Үрімжі жерінде дүниеге келген, руы- Қожа. Сәби, балалық шағында ата-анасының тәрбиесінде болып, пысық ширақ елгезек баланы ерте молданың алдын көріп, арапша сауатын ашып, әліпби, әптиек, құранның қарасын оқып танып, жас бала молда атанады. Сол кездері Дунған соғысы, Хожанияз айдаған көтеріліс қатарлы ел ішіндегі аумалы-төкпелі заманнан болып, бейбіт көршілес жатқан Монголия жеріне ата-ана, ағайын-туыс, іні-қарындастарымен қоныс аударып, Баян- Өлгей аймағының Улаанхус сұмынының Ақбалшық деген жеріне қоныстанады. Жәкеңмен көп жыл   дәмдес, жұмыстас болып, әмбе әкеммен құрдас дос-жаран адам болғандықтан, сыйлап, қадірлеп жүретінмін.

Әңгімешіл, шежіре діндар қария, екі сөзінің бірінде Атаң аулы, Хазірет туралы көп сыр шертіп, айтып отырушы еді. Өз аузынан естіп түйгенім, Хазірет атаң ұрқы алтынның сынығы құтымыз деп, қадірлеп, атын атамай Амбы атаң, Амбы ауылы дейтұғын дейтін.

Жәкең діни оқу жақсы оқығандықтан, жаңа заманғы ауруханадан шипа таба алмағандар келіп, қандай бір дауасыз дертке дұға оқытып, дұға жаздыртып алып емделетін. Жәкең дұғасынан емделіп, жазылған адамдар қаншама. Әкеден жас қалған менің шашымды ұстарамен алып беріп, үлкен апама және өз шешеме басын қасиетсіз адамдарға сыйпатпаңдар да  ұстатпаңдар, жас болса да ауылдың басы болайын деген бала екен деп, айтқанын естіп едім. Үлкен ұлым Қайратбек 8-сынып оқыған жылы біржақ құлағына бетімен қосыла жара түсіп ( экзамен) дәрігерлер емдеген сайын өршіп, суланып, тіпті мектеп бітірер кезінде мектепке барудан қалған еді. Дәрігерлер емдей-емдей ешбір нәтиже бермеген соң, Жәкеңді шақырып көрсетіп, дұға оқып, үшкіріп, дұға жазып, сол дұғаны үш күн бетімен құлағына жапсырғанда, әлгі жазылмай тұрған ауру құлан таза жазылып кетіп еді. Міне, Алланың қуаты, діни оқудың артықшылығы. Жәкеңнің қасиетін біздің әулет сыйлап, құдайындай көруші еді. Жәкең ақ көңіл, қалбырақтаған, қолында барын кісіге беретін, көппен тез тіл табыса білетін, тіпті өзімен бірге құлын тайдай ойнап  күліп жүрген уранхай құрдас, дос замандастары; Төрөөхөө, Баяжих Цээрэн, Урт Балжин, Хөх Очир, Равжир, Чагнаа, Намад, Басан, Тарган, Баастлар аузынан тастамай Жәкең-Жәкең деп сыйлап, қадірлеп жүруші еді. Отбасылы, Оқаймен отасып, ұл қыздарын өсіріп, тәрбиелеп оқытқан асқар таудай әке. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере шөбере сүйген діндар ақылша ата. Жәкең атқұмар атбегі адам еді. Сары жүйрігі сұмын тойында алғашқы бестіктен қалмай жүгіріп, отбасы, ағайын туыс, ауылдастарының көңіл қуанышы болып тұратын. Алтынцөгцелік қариялардың ішінен Базыкей, Самдан, Жанас, Гүнгээ,Кәмелер қандай бір дүбірлі тойларда жүйрік сәйгүліктерді сынап, дабырласып, әңгіме дүкен құрғанын көп естігенім, Жәкең ат сыншысы еді».

МҰХАММЕД МҮҺМИН ХАЗІРЕТ АТА ШАПАНЫ

 

1943 жылы туған Әкей қажы Исаұлы атамыз Қобда аймағы Буянт сұмынында тұрады, кіндігінен он перзент өрбіген әулет.Атаның ұлы шешесі  Шолтай апа руы Ыстабан, о кісіні  ел «Құттықыз, Құтты апа» деп атайтын болған. Әкей ата былай дейді: «1951 жылы біз баламыз,апа  ылғи «Иә, пірім, Хазірет атам»  дейтін. «Мен Мұхаммед Мүһмин атаның көмекшісі болғам, ол кісінің үйінде өсіп  бойжеткен қызы едім, ал мынау шапанды сол  қажы ата маған берген еді» дейтін.

«Осы шапанды ұрпаққа жалғастыр, қасиетті атаның мирасында береке-құт бар» деп сол апа маған аманат еткен еді. Сонда кемінде бұл шапанға 200 жыл болған деп ойлаймын. Түйенің жүнін ішіне салып, сырты сырылған шапан. Ал ұлы шешеміз 13-14 жасында атаның басына су құйып, сақалын тарап, баптап отыратын болған.Ал Иса атамыз Шаһхайымның азаншысы болған деседі.Құт апа осы Иса атаның шешесі еді»

Марха бауырым  осы мұраны биыл арнайы сапармен ниет етіп барып әкеліп, Әкей атаның ақ батасы мен аманатын алды. Осылайша ата баба мұрасы түгенденген соң, өзі де биыл умра қажылыққа барып келіп, Хазірет атаның мирасын тәуелсіз Қазақ елінде қайта жаңғыртып, ислам діні жолында ақ пейілмен  ғибратты қадамдар жасады.

Бұл туралы хабарды «Моңғол заман» (Р.Асылбек. Ғасырдан асқан шапан//Моңғол заман. 2019.12.15. N24) газетінің бас редакторы, белгілі журналист бауырымыз Асылбек Рахатұлы оқырманға жария етіп былай деп жазды: «Жанастың ұлы Мархамет жуықта Қобда аймағында И.Әкей қажының қолындағы Хазірет атадан қалған тәбарак – Мұхаммед Мүһминнің шапанын алып Қазақстанға қайтар жолында кездестік. И.Әкейдің анасы Құттықыздың қолында болған шапан 1951 жылы қайтыс болғанда келіні Биғайшаның қолында қалған көрінеді. Шамасы 150 жылға жуықтаған шапан кезінде сапалы материалмен тігілгені  көзге көрініп тұрды. Сарғыш қоңыр бұлдың жиегі толықтай қызыл тысты болып, шапан денелі, зор адамдікі екендігі байқалады. Шапанның ғасырдан асқандығы қолға ұсталғанда байқалып, үлбіреп, қатты ұстау, мыжғылау сияқты әрекеттерді көтермесі белгілі...Осылайша дін ұстаған «Хазірет атаңның  шапаны» атамекен Қазақстанға жол тартты».

Сонымен, ғасырлар асуынан асып ұрпағы кие тұтып сақтаған Хазірет атадан қалған асыл мұра туралы осынау хабар елге сүйінші болып таралды.

 

Күнішай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

Моңғолияға Еңбек сіңірген ұстаз қайраткер,

филология ғылымының магистрі

 

        

 

 

0 пікір