АЛТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ДІНТҰТҚАСЫ – МҰХАММЕД МҮҺМИН ШАХМАНСУРҰЛЫ
АЛТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ  ДІНТҰТҚАСЫ – МҰХАММЕД МҮҺМИН ШАХМАНСУРҰЛЫ
03.03.2021 10:13
575
0

Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы(1807 - 1902)– арғы тегі Қоқан қожаларынан шыққан, Бұқара қаласындағы әйгілі  Бахауаддин Нақышбанди әулиенің шәкірттерінен дәріс алған ірі діни қайраткер. Ол ҚХР СУАР Алтайдағы және Моңғолиядағы қазақтардың  мұсылмандық жолына  бетбұрыс жасаған көшбасшы тұлға. Оның  діни ғибадат қызметі сан тарапта, жүйелі, ислам ілімінің шариғатына сай тиянақты да бірегей, жоспарлы, заманға сай озық тәсілдермен, терең парасатпен, табанды күреспен, жергілікті халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-салтымен үйлесімділік тауып көрегендікпен жүзеге асқаны аңдалады. Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің ислам дінін таратып орнықтырудағы еңбектері топшылап айтқанда негізінен төмендегі салаларда көрініс табады:

-Алғаш рет аталмыш өлкеде Ақмешіт, Сармешіт деген мешіттерді  соғып, шәкірт оқытып, медресе ашуы;

-Жайлау қыстау,күзеуде жүрген көшпелі елдің басын қасиетті жұма, діни түрлі мейрамдарда тұрақты қосып, әлімкөже істеп тегін таратып, сап түзетіп, намазға ұйытуы, осылайша ислам дінінің басты шарттарын орындауға жағдай туғызуы;

-Алтай қазақтарын алғаш рет Меккеге қажылыққа өзі бастап апарып,қасиетті сапарға жол салуы. Сол сапарда Меккеге келген  қазақтарға  арнап мүсәпірхана салдырды деген әңгіме де бар;

-Осман империясының Сұлтанына кездесіп, мұсылмандардың бас Хазіретінен бата алып алқанып, ислам әлемінің ең шығысындағы шеп-қорған іспетті Алтай қазақтарына Мұхаммед пайғамбардың  (Ол кісіге Алланың салауаты ен сәлемі болсын) мүбәрәк мұрты «муй-мүбаракты» арнайы сандығымен тәбаракка әкеліп, «Муй-мүбарак» үйін соқтырып, шығыстағы қазақтарды табындыруы;

-Беделі дәуірлеген ол «Қазы» дәрежесіне жетіп, қазақ арасындағы сот ісіне төрелік етіп, шариғат үкімін бітімге  енгізіп, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен мұсылманға  сыйлы болуы;

-Мұсылмандардың достық байланысын бекітіп, Бұқара, Қоқан, Қашқар, Стамбул, Мекке, Мединемен байланысты жалғап, өзінің және шәкірттерінің, ұрпағының білімін жетілдіре түсуге жол салуы;

-Жергілікті халықтың салты, шаруашылық болмысын дөп басып, қажеттілігін өтеу үшін дінмен бірге сауда кәсібімен де шұғылданып, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігін арттыруға да күш салуы;

-Ұрпағы мен шәкірттеріне рухани жолын жалғастыруға жетерлік білім бере білуі және олардың ата жолын адал жалғастырып, көбінің 1928-1937 жылдары Шыңшисай, Сталин,Чойбалсан нәубатында шәйіт болуы; 

Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлының ерлікке папарпар осынау қызметіне риза болған халық құрметтеп оның атын атамай «Хазірет атаң», «Керей ишан» деп  күні бүгінге дейін ұлықтайды. 

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда жиырма жастағы  Мұхаммед Мүһмин  әкесі Шахмансурмен бірге 1827-1830 жылдары Қоқан, Бұхара тараптан сауда-саттық жасап Алтайдағы қазақтарға келіп-кетіп жүрген, олар жергілікті халықтың сұранысын барлап, бұл өлкеде дін таратуды қарқынды әрі шұғыл жүргіздің қажеттігін  терең ұғынады. Сол себептен де ел ағаларының қалауымен ұлы Мұхаммед Мүһминды керейлердің ортасына қалдырады. Мұхаммед Мүһминкелгеннен соңғы абақ керей халін Ақыт қажы былай деп толғайды.

...Көп шықты би-төрелер ақылы мол,

Дұшпанмен жағаласты оң менен сол.

Баяғы бәрі надан, ескі заңы,

Білмейді шариғатты бір «Қара жол»...

Қоймады жайсыз тамақ, ескі заңды,

Көргендер шариғатты өліп қалды.

Сонан соң бір асылды құдай беріп,

Бар құдай Керей елге тауфиық салды.

Шаһардан сонда келді жалғыз бала,

Өзі жалғыз, пақырға құдай пана.

 Қараңғы сәулесі жоқ надан елге,

 Тауфиық бермек үшін Хақ Тағала...

Жасапты сонда бала жиырма жас,

 Еш адам көрсетпеді осыған қас.

 Атасы келді дағы қайтып кетті,

 Керейде тұрып қалды бір жалғыз бас.

...Мұңын айтып піріне қылады зар,

 Пірінде құдай берген көп қуат бар.

 Мүсіркеп сонда пірі жауап берді:

 «Өзіңе болсын – деді   – Тәңірім жар».

 «Тапсырдым бір құдайға сені, балам,

  Қазаққа саттым сені, бар ма шарам?!»

 Беріпті қол көтеріп кәміл дұға,

 «Оңғарсын әр ісіңді Хақ Тағалам!»

 Керейді орын қылды қайтып келіп,

 Ықыласты пірден алды, Құдай серік.

 Надан Керей тапты дін тобыменен,

 Шариғат әмірін ұғып, дінге кіріп...

...Жасаған биылғы жыл тоқсан үш жас,

Ел болды бірқыдыру – бір жалғыз бас.

Бір мың үш жүз жиырма бір жыл жазылды,

Тарих Хижарат деп білгін мұны айнымас[1].

Осылайша ислам дінінің өрлеуіне шексіз үлес қосқан Мұхаммед Мүһмин халыққа сыйлы болып  «Хазірет атаң»  деген мәртебелі атаққа ие болады. Мұхаммед Мүһминннің бірнеше буын ұрпақтары Алтайдағы, Қобдададағы қазақтар арасында  діннің алтын діңгегіне айналады. Мұхаммед Мүһмин Қоқаннан 1827 жылы (кейбір деректерді есептегенде 1830 жылы)  Өр Алтайға келіп, 93  жасап, 8 рет қажылыққа барып, 73 жыл бойы дін таратады. Халықтың айтуынша,  ол Алтайдың күн бетінде екі мешіт (Ақмешіт, Сармешіт),  Алтайдың теріскей  Моңғолия тараптағы Қобда бетінде  Ұзын Күйтін деген жерде  Күйтін мешітін салып, зор сауапқа бөленеді.

         Міне, осылайша білімдарлығымен, әулие парасаттылығымен танылып, кейіннен «Керей Ишан», «Хазірет Атаң» аталып бүкіл халықтың алқауына кенелген Мұхаммед Мүһмин Алтай тауы қазақтары ортасында жетпістен астам жыл өмір кешкен шағында исламның хақтығын, ұлылығын, тазалығы мен құдіреттілігін ел санасына терең сіңірумен қатар ауқатты, беделді адамдарды алғаш рет Меккеге өзі бастап барып, қажылық сапарға жол ашқан. Ол туралы Ақыт қажы былайша жырлайды:

Меккеге талап қылды халқын бастап,

Әуелі жеке барды елін тастап.

Хақ жолға қара жаным болсын фида,

Дұрыс па уайым қып жолдан қашпақ?!

 Екі-үш жол аман барып, аман келді,

Келгенін аман-есен халқы көрді.

Еліне әмір қылып жүр деген соң,

Ақырда әрбіреуі қасына ерді.

Хади боп Хадиатқа дін таптырып,

Бастады Байтоллаға тамам елді.

         Өр Алтай өлкесіндегі алғашқы мешіт-медіреселерді орнатып, халық арасына дін тарататын білімдар шәкірттер әзірлеп, оларға рұқсат  беретін алғашқы діни алқа құрады.

         Абақ-Керейлер орын тепкен өлкенің әр жерінде бой  көтерген  мешіттердің арасында  «Хазірет Атаңның Сары мешіті» аталған орталық мешіт сол шығыстағы қазақтардың ең бір қасиетті орнына айналады. Мұхаммед МүҺмин қазірет тек Өр Алтаймен ғана шектелмей күллі Шығыс Түркістан  қазақтары арасындағы дін өрісін ұлғайтуда ұлағатты істер тындырады, арнайы Қашқарияға сапармен барып мұсылманның ауызбіршілігін арттыруға да үлкен үлес қосады. Моңғолия тарапта Қобда бетіне  қоныстанған қазақтар арасына да мешіт салдырып, өзінен дәріс алып арнайы тағайындалған имамдары арқылы дін уағыздау аясын кеңейте түседі. Оған бір дәлел, қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл сұмынының Күйтін өлкесінде салынған «Күйтін» мешіті еді. Бұл мешіттің іргесі  1903 жылдары (Кейбір деректерде 1870-жылдар) шамасында қаланады.

Хазірет Атаң сонымен қатар   исламдағы отбасы, неке, әйел мәселелеріне байланысты  діни жосын, шариғат үкімдерін қазақтың салт-санасына сай өзгертіп, азаматық  дау-жанжалдарды шариғат жолымен шешуге үлкен үлес қосып, үнемі әділ билік айтып, ханға да, қараға да тартпайтын туралығымен асқан беделге ие болады.

 

Мархамет Жанасұлы Шаһхайымтегі

 

 

 



[1] Хижраның 1321 жылы,  григорианша  1903 жылға тең келеді

 

0 пікір