АЛЛАНЫҢ АЙРЫҚША ПЕНДЕСІ Хазіреті шейх Ибраһим бин Әдһәм(р.а)
АЛЛАНЫҢ АЙРЫҚША ПЕНДЕСІ  Хазіреті шейх Ибраһим бин Әдһәм(р.а)
08.07.2021 09:52
1844
0

 Біздер осы тақырыбымызда Алланың адамға берген бір үлкен нығметі жайында болмақ. Алланың пенделерге берген нығметтері өте көп. Тіпті оларды есепке алатын болсақ санына жете алмаймыз . Оны Алла Тағаланың Өзі де Құранда былай деп баяндаған: « وَإِنتَعُدُّوانِعْمَتَاللَّهِلَاتُحْصُوهَا» [1] «Егер Алланың нығметін есептесеңдер санына жете алмайсыңдар».

Жаратушы Алла адамзатқа аса талантты, өнерлі, қасиетті, кемеңгер адамдарды мол берген. Сол адамдардың бірі Алла Тағаланың нығметіне бөленген Хазіреті шейх Ибраһим бин Әдһәм (р.а), әлемнің тақуасы, дәуірдің дүлділі болды. Ол хазіреті Имам Ағзаммен (Әбу Ханифа) сұхбаттас болған. Ол туралы Жунайд (Бағдади): «Ибраһим – ілімдердің кілті», деп жоғары баға берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«مَنْيُرِدْاللَّهُبِهِخَيْرًايُفَقِّهْهُفِيالدِّين» [6] , «Кімге Алла  жақсылыққаласа, оған діндегі түсінік (фиқһ) береді» -деген.

Ибраһим ибн Әдһам  (р.а) Балха мекенінде дүниеге келген. 161 ж. хиджре-778 ж. дүниеден өтті деген мәліметтер бар. Имандылыққа жол ашқан, өз кезінде Балха қаласының әміршісі болған. Осы асылзада кезінде қалқандары алтынмен өрнектелген 40 жауынгер жасақ алдында және қалқандары алтынмен өрнектелген 40 жауынгер жасақ соңында сән-салтанатпен жүретін. Бір күні кешқұрым Ибраһим Әдһәм өзінің салтанатты сарайында аяқ-қолын созып демалып жатқанында шатырдағы аяқ тықырына құлағын түреді. Ол құс жастықтан басын көтеріп алып:

– Әй! Төбеде тасыраңдап, бассыздық жасап жүрген бұл кім! – деп ақырады қаһарланып.

– Жоқ қарап жүрмін, түйем бошалап кетіп еді, – деген анық естілген жауап алады.

– Әй! Шатырдан түйе іздеген неғылған есуассың! – дейді ашудан қалшылдап.

– Ей, ғапыл! Аллаһ жолында жүрмін дейсің, несіне ашуланасың. Аллаһты адам жұп-жұмсақ атлас көрпеге бүркеніп іздей ме екен?! – деген таңданысы мен сұрағы көп жауап алады.

Бұл сөзден кейін астындағы мамық төсегі жамбасына қиыршық тастай батып, дөңбекшумен болады. “Аһ” дегенде аузынан жалын атып, таңды көзімен атырады.

Таңертең сарайдағы тағына отырғанында түнгі оқиғаның әсерінен әлі арыла алмаған еді. Уәзірлері мен қызметшілері қол қусырып үнсіз тізіліп тұрады. Осы сәт сарайға арсыл-гүрсіл жүрісімен шыбынның ызыңы ғана естілетін тыныштықты бұзып, сапты ысырып айбатты біреу кіріп келеді де, төрдегі тақтан бір-ақ шығады. Оған тіл қатпақ түгілі жүзіне қарауға ешкімнің батылы бармайды. Ибраһим:

– Әй! Сен неғылған есуассың! Мұнда сені кім шақырды! Қай күзетші қара басып өткізді сені! Жоғал, көзіме көрінбей! Бұл сарай тақта отырған мына менікі! – дейді ашулана. Ол:

– Бұл керуен сарайы бұрын кімдікі еді? – дейді айылын жимай.

– Әкемдікі. Оған дейін мұнда бабаларым билік құрған.

– Олар қазір қайда?

– Бәрі де бақилық болған.

– Иә, менің айтқанымдай бірі келіп, бірі кетіп жатқан керуен сарайы екен ғой,сонда сенде кетпек, қалайша менікі дейсін – дейді масаттанып.

Бұл шақырусыз қонақ Қызыр (ғ.с.) болатын.

Мұндай жағдайдан кейін әмірші Ибраһимнің дерті түндегіден күшейе түседі, жанын қоярға жер таппайды. Шарасыздықтан қызметшілеріне:

– Сәйгүліктерді сайлаңдар! Сейілдеп саят құрып қайтамыз! – деп әмір етеді.

Сайын далаға шыққанымен еш нәрсеге зауқы соқпайды, көңілін торлаған қалың мұң тарқамайды. Әміршілерінің көңілсіз кейпін көріп нөкерлері мазаламайды.

Топтан жырылып, оңашаланып бара жатқанында «Інтибәһ» (Абайла, оян!) деген дауыс құлағына шалынады. Алды-артына қарамай жүре беріп еді, «Інтибәһ» деген дауыс дәл құлағының астынан естіледі. Атын тақымдап, желдіре түсіп еді, «Інтибәһ» деген дауыс манағыдан да жақын естілді. Артынша: «Інтибәһ», қобла ән тәнтәбәһ!» (Өлгенге дейін оян!) деген дауыстан жан дүниесі астаң-кестең болды.

Атына қамшы басып, қаттырақ желдіріп бара жатқанында мүйіздері күнге шағылысқан жолақ бауыр бір киіктің алдынан орқояндай орғып өткенін көзі шалып қалады. Еңсесін басқан мұңнан айығып, көңілі түз тағысына ауып, қорамсаққа қол салады. Қарақат көздері мөлдіреген киік жалт қарап, адамша сөйлеп қоя береді: «Ей, Ибраһим! Хақ тағала сені саят[7] құрып, бейкүнә жануарға оқ кезену үшін жаратып па еді? Қанжығаңды қандағаннан басқа ісің жоқ па сенің!» – дейді.

Осы сөздерді есітуі мұң екен, ғайыптан: «Әй, Ибраһим! Сен аң аулау үшін жаратылмадың!» - деген дауыс құлағына жетті. Төбесінен мұздай су құйғандай сергіткен дауыс оның иманын күшейте түсті. Іле-шала көзіне періштелер көріне бастады.

Мұндай халдің сырын ұқпаған ол ер үстінде еңіреп жылап жіберді. Бір мезет есін жиып, өзіне-өзі келсе үстіндегі мол пішілген киімі сығып аларлықтай малмандай болыпты. Осыншама көз жасын төккенінен шошынып, жалма-жан «тәубаи насух» [8] қылады.

Сол кеткеннен жырақтап шығып, өзінің қойларын жайып жүрген құлдарының біріне жолығады. Шопанның иығындағы шекпенін, басындағы бөркін өзінің үстіндегі киімдеріне ауыстырып киеді. Жайылып жүрген отарды оған сыйға тартады. Өмір мәнін ойланғаны сонша, дүние, тоқтықты, билікті тастап Алланы тану жолына, білім ізденуге жол шыққан. Өз заманындағы ғалымдардын арасынан Ибраһим ибн Әдһам сөз шешендігімен, ақыл-парасаттылығымен өзгешеленіп тұрған еді. Ғалым, діндар Суфян Ас-Сафри ондан өсиет тындап, білім алуға келгендердін ішінен Ибраһим ибн Адһамды көргенінде бірден насихатын Ибраһимнін білімділігі, тақуалық, діндардылығын құрметтеп сөзін тоқтатуға асығатын. Суфиян Ас-Сафри сияқты Фудейл ибн Иядпен тығыз қарым-қатынаста болған[9] .

Тақуалықты үлгілікке алған дана Қазағымыз Құран-Кәрімді жатқа білген адамдар мен ғалымдарды «Тақуа екен» деп, халық сөзін зейін қоя тыңдаған. Ал, бақсы-балгер мен дәруіштерді: «Кезбе екен» деп, сөзіне салқын ниет білдірген. 

Тақуалық  кенеттен болатын нәрсе емес. Раббымыздың тақуалар үшін сыйы ерекше екендігін әр пенде түсіне білсе ғана тақуалық сыйы Алладан екеніні Құранда. « لَـٰكِنِ الَّذِينَ اتَّقَوْا رَبَّهُمْ لَهُمْ جَنَّاتٌ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا نُزُلًا مِّنْ عِندِ اللَّهِ ۗ وَمَا عِندَ اللَّهِ خَيْرٌ لِّلْأَبْرَارِ» [12] «Раббымның жазасынан сақтанғандар, Алла қабыл алғандай, астынан өзен ағатын бақтарда мәңгілікке қалады. Алланың жақсылығының бәрі тақуалар үшін»-деп және де  « إِنَّ الْأَبْرَارَ لَفِي نَعِيمٍ»[13]«Әрине тақуалар, берекеге кенеледі!»- делінген.

Сондай тақуалық дәрежесіне жеткен Ибраһим бин Әдһәм  бір күні Әбу Ханифаға жолығуға келгеніде оның шуақты келбетінен шәкірттері көз айыра алмай бір сәтке тұрып қалады. Бұл көрніске көңілі толған Әбу Ханифа шәкірттеріне:

– Ибраһим – біздің мырзамыз! – дейді салтанатты дауыспен. Шәкірттері:

– Тақсыр! Бұл ғазиз жан мырзалық дәрежеге қалайша жеткен? – деп бір ауыздан сұрақ қояды.

Хақ тағаламен шұғылдану арқылы жетті, – деп жауап береді ұлы ұстаз.

 Ибраһим ибн Адһам (р.а) «Зауқын қадағалаған иманын қадағалай алады»-деген.  Иманын сеніммен түйістіре үнемі Исми Ағзамды [16] мүдірместен айтудан жалықпайтын.

         Көп ұзамай қасиетті Меккеге келіп, Қағбаны зиярат етті. Біраз уақыт сол жерде мүсәпір болып тұруға тура келді. Балташылық кәсібімен шұғылданып күн кешті. Қағбаға келіп, ғибадат етіп жүріп. «Ей, Раббым! Маған пәктік бере гөр», - деп дұға қылатын.  Ибраһим  айыбты болып сезіне: «Ей, барлық құпия ашкар нәрселерді білуші Жаратқан Ием! Менің айыбым мен кемшіліктеріме қарама! Менімен қоса барша пенделеріңді рахмет-мағфиратыңа бөлей гөр, мені жамағаттан ажырата көрме! Сені білмегендердің халы не болмақ! Бәрін де кеше гөр!» -  деп жалынып-жалбарып қайта-қайта дұға жасаумен болатын. Мұсылман көп сипаттарының бірі – бауырмалдық.   Бауырмалдық – бұл адамдар арасындағы шынайы қасиет. Әсіресе, мұсылман бауырың үшін барыңды салып қолдау көрсету – қайырлы істің абзалы.

 Адамдар Ибраһим бин Адһамнан «Алла Тағала: Дұға етіңдер, жауап берем» деген. Расында біз дұға етеміз. Алайда, дұғамыз қабыл етілмейді,– деп сұрақ қояды. Бұған тақуа Ибраһим бин Адһам әрі ғұлама (р.а.): «Сендердің жүректерің он түрлі амал салдарынан өлген. Ол амалдар:

-Расында, сендер Алланы таныдыңдар, бірақ Оның хақын өтемедіңдер.

 -Сендер Алланың кітабын оқисыңдар, бірақ оған амал етпейсіңдер.

-Ібіліске дұшпанмын деп жар саласыңдар, бірақ онымен достық мәміле жасайсыңдар.

-Алла елшісін жақсы көремін деп айғай саласыңдар, алайда оның амалдары мен сүннетін тәрк еттіңдер.

-Жәннатты жақсы көремін деп айтасыңдар, бірақ жәннат үшін әрекет етпейсіңдер.

-Тозақтан қорқамын дейсіңдер, бірақ күнәдан тыйылмайсыңдар.

-Өлім хақ деп айтасыңдар, бірақ дайындық көрмейсіңдер.

-Өзгелердің айыбын ашумен әлексіңдер, өз айып-қателіктеріңді білмейсіңдер.

-Алланың ризық-несібесін жейсіңдер, бірақ шүкіршілік етпейсіңдер.

-Араларыңнан қайтқан кісіні жерлейсіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар» [19] , – деп жауап берген екен.

Хазіреті Ибраһим шейх Әдһәмнан мынадай ғибратты сөздер мен өнегелер қалған:

 l мүмін кісінің белгілері мынадай болады: үнсіз тұрғанының өзінде – мән бар, қараған көзқарасының өзінде – өнеге бар, жүрген жүрісінің өзінде – ғибадат бар;

l қай адам болмасын үш пердені түріп тастамайынша оған дәулет есігі ашылмайды. Атап айтқанда: біріншісі, оған бұл дүниенің бар байлығы берілсе де немқұрайды қараса, екіншісі, бар дүниені қолына беріп, кейіннен қайтып алып қойғанда мұндай жағдайға мән бермесе, үшіншісі, мақтағанға – қуанбаса, даттағанға қапаланбаса дәулеттің даңыл жолы ашылады;

l Кімде-кім уәлилік дәрежеге жеткісі келсе, дүние мен Ақыретті ойламасын, тек Алла Тағалаға ғана көңіл қойсын, адал ас ішсін;

l «Не себептен дұғаларымыз қабыл болмайды?» - деп сұрағандарға Хазіреті Ибраһим: «Хақты танып, әмірлеріне құлдық ұрмасаңыздар, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеттерін орындамасаңыздар, Құранды оқып, амал етпесеңіздер, Жаратқанның нығметтерін тұтынып, шүкір қылмасаңыздар, Жаннатты біле тұрып, еш әрекет жасамасаңыздар, Жаһаннамнан қорықпасаңыздар, Алланың үкімімен өлім бар екеніне дайындық көрмесеңіздер, ата-аналарыңызды өз қолдарыңызбен қойғанмен үлгі алмасаңыздар, бүйткен надандықтан дұғаларыңыз қайтіп қабыл болсын!» – деп жауап беріпті;

l Бір күні мас адамның құсқанын, аузының былғанғанын көріп, оны сумен жуып-шаяды. Мастығы тарқағанда ол: «Менің құсығымды, лас аузымды Ибраһимнің өзі тазалады ғой!»  – деп табан астында тәубе етеді (осы сәт Ибраһимге де ғайыптан: «Әй, Ибраһим! Сен менің ризалығым үшін бір ауызды пәктедің! Біз де сен үшін бір көңілді пәктедік!» - деген дауыс естілді);

l О дүниеге аттанар мәңгілік сапары жақындағанында ғайыптан: «Жер бетінің имамы дүниеден өтті!» - деген дауыс шығады. Дауысты естігендер аң-таң болысып, бір-біріне қарасады. Халық артынша Хазіреті Ибраһим Әдһәмның дүниеден озғанынан құлағдар болады.

Алла баршамыздың дінімізге, Отанымызға, отбасымызға және діндес бауырларымызға арнап жасаған дұғамызды қабыл болуға жазсын.

 

 МАТАЕВ Дулат Қабиденұлы 

 (Екібастұз мешітінің бас имамы)

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

[1] « Ибраһим» сүресі, 14/34.

[2] Мүбаһ – жасалуы мен жасалмауында діни жағынан ешқандай тосқауыл болмаған, яғни жауапкердің еркіндегі іс-әрекеттер. Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау, т.б.
[3]«Бақара» сүресі, 2/29.


[4] «Жасия» сүресі, 45/13.

[5] «Бақара» сүресі, 2/168.

[6]  (Бухари 71, Муслим 1037).

[7]  (Аң аулау)

[8]  (Күнәға қайта бармайтындай қасам ішіп, шын көңілден тәубе ету).

[9]  (Аз-Зирикли Х. Аль-ағлям.Камус тараджим:  8 т. : аль-‘Ильм лиль-маляин,      Т. 1. Б. 31; аль-Кушайри А. Ар-рисаля аль-кушайрия. Б. 54-56.Қараңыз).

[10]    «Тарқ» сүресі, 13/86

[11]    «Имран» сүресі, 3/3

[12]  «Имран» сүресі, 3/198

[13]  «Инфитар» сүресі, 82/13

[14]    «Тин» сүресі, 95/4.

[15]   (Байхақи, Шуьабул-иман).

[16]   (Аллаһтың көркем есімдері)

[17]    (Әбу Дәуіт риуаяты)

[18]  Мухаммад ибн Исмайл Әбу Абдуллаһ әл-Бухари әл-Жуғфи, 1989. (№ 1144 хадис).   І т. – 391 б

[19]   (Мунаббихат).

әліметтер “Тазкират ул-әулия” (“Әулиелер зікірі”) кітабынан алынды.)

 

 

 

0 пікір