Әли Құсшыны танисың ба?
Әли Құсшыны танисың ба?
09.11.2015 17:42
1688
0

Ұлықбек мектебінің Жәмшид пен Қази-зададан кейінгі ірі қайраткері Әли Құсшы болған. Ол Самарқандта, орта азиялық түркі отбасында туған, үнемі түркіше киініп жүрген. Ұлықбек медресесінде оқып, білім алған, кейін, сонда математика мен астрономиядан сабақ берген. Араб және парсы тілдерінде ғылыми кітаптар жазған. Кәши мен Руми өлгеннен кейін обсерваторияны басқарған. Ұлықбектің аң аулап, құс салуды әдет еткені мәлім. Әлидің әкесі Ұлықбектің құсбегі болған, сондықтан құсшы аталған. Кейін, бұл лақап ат Әлиге көшкен.

Әлидің ғылым жолына түсуіне Кәши мен Руми, әсіресе Ұлықбек себеп болған. Көптеген мәселелерді ол Ұлықбектің өзінен үйренген. Әли Ұлықбектің сүйікті шәкірті, сенімді серігі, жасы кіші досы болған, Ұлықбек оны «балам» деп мәпелеген, одан сыр жасырмаған. Ұлықбектің тапсырмалары бойынша елші ретінде Әли Түркия мен Әзірбайжанға барып қайтқан. Ұлықбек өлгеннен кейін Әлидің күні қараң болып, қуғынға ұшыраған, біраз уақыт Самарқанд маңындағы қыстақтарда бой тасалап жүрген.

Орта Азияда күн көріп, жер басуға мүлде мүмкіншілік болмай қалған кезде Әли Құсшы «қажыға кетемін» деп сытылып шығып, Түркияға барып орналасады. Ол Стамбул қаласындағы Айя-София медресесіне қызметке алынады. Бұл ретте, ол елші болып барған кездегі ескі таныстарынан көмек алады. Екінші жағынан, үлкен ғалымды пайдалануға түрік сұлтандары да мүдделі болады. Әли Түркияға Ұлықбектің, Кәшидің, Румидың біраз кітаптарын (өзі көтергенше) ала кетеді, Стамбулда оларды ретке келтіреді. Кейбіреулерін көшіреді, кейбіреулерін толықтырады, тәжікше (парсыша) жазылғандарын араб тіліне аударып шығады. Стамбулда ол алдымен Ұлықбектің таблицаларын жүйеге келтіріп, толықтырып, редакциялап шығады. Ағылшындардың алғаш алып аударғаны осы Стамбулдағы, Әлидің қолынан шыққан данасы болатын. Әли жеке кітап етіп Ұлықбек таблицаларына түсіндірмелер жазады.  Бұлар арқылы Ұлықбектің аты Батыс пен Шығыс елдеріне жайылады. Әли болмаса Самарқанд ғалымдарының ғылыми еңбектері мүлде жойылып кететін еді.

Әли Құсшы өзінің арифметика мен алгебраға арналған бір көлемді еңбегін Стамбулда тұруға, қызмет істеуге, ғылыммен айналысуға мүмкіндік берген Түркия сұлтан Екінші Мұхаммедке тарту етеді. Сондықтан, бұл кітабын «Мұхаммедия» деп атаған (араб тілінде). «Мұхаммедияда» теңдеулермен қабат оң сандар мен теріс сандар айтылған. Әли оң сандарды «мүсбәт», теріс сандарды «мәнфи» деп атаған. Осы күнгі Әлидің 21 еңбегінің қолжазбасы белгілі. Олардың ішінде өте-мөте құндылары мыналар: 1) Арифметика кітабы, үш бөлімнен құралған (Самарқандта және Лейденде), 2) Астрономия кітабы, сол кездегі астрономияның толық курсы (Ташкентте және Стамбулда), 3) Айшық тәрізді фигура жөніндегі кітап, геометрияға арналған (Парижде), 4) Мұхаммедия (Әлидің өз қолымен жазылған данасы Стамбулда, кітап түрінде де басылып шыққан), 5) Фәтхия, астрономияға арналған (Парижде және Стамбулда), 6) Ұлықбек таблицаларына түсіндірмелер (Ташкентте).

Құсшының философиядан, тіл-әдебиеттен, медицина мен заң ғылымынан жазған еңбектері де бар. Әли Құсшы 1474 жылы Стамбулда қайтыс болып, сонда жерленген.

0 пікір